КАТЕГОРИИ: Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748) |
Кэрол Дуэк 2 страница
– Міне, міне дәл айттыңыз, ой айналайын Биғаным-ай!– деп Құлжан алдыма түсіп, жорғақтай жөнелді. – Дәл өлшем, дарулы қортынды болды! Ал енді партияға арналған осы құрметімізді шегінен асырып, табынушылыққа айналдырып отырған кім, соны ұқтырыңызшы! – Шегінен асырған сен. Және сендейлер шығар!– деп жымия қарағанымда, ду күлді көпшілік. Күлкі тоқтаған соң күрсіне жалғастырдым сөзімді. – Жаңа ғана көз ашып отырған пәк сәби мешеу халықтың арасына тасаланып алып, адам аулайтын арамза аз ба! Құлжан шамданайын деп оқталды да әлдене ойға келгендей, қосыла күліп алды. – Мен енді шыныма келмесем болмады,– деді сонан соң. – Алдымен бір мәселені айқындап алайын, табынушыларды түгел арамза дедіңіз бе? – Жоқ, бәрі арамза емес, қашан да мақсатсыз аңқау, пәк мешеу ерушілер көп болады ғой. Мәселен сен атамасаң, мен қашан «ғалым» аталып едім? Ал, институт бітірген Құлжан молла «ғалымымыз» деп жалбарақтағанда сені оқымысты санайтындар маған рас ғұлама екен -деп табынбай ма!... Ғалым екенмін деп менің де кеселдене түспесіме кім кепіл!... Шапағат тигізерлік ешқандай лауазымы жоқ мені өтіріктен өтірік осылай қауқитып ұшыратқаныңда үкімет басшыларын, партия көсемдерін не оңдырмақсыңдар!... – Аллай, Аллай, жазықсыз бүрдіңіз-ау!... Енді шынымды айтып құтылайын, шынын айтқанға сот жоқ шығар. Мен өзім ғой, сізді ғалым деп танитыным рас. Оған шығарып отырған кітаптарыңыз – оқулықтарыңыз куә! Бұл, сізден бір шапағат-мәнпағат іздеп, жалған жағымпазданғаным емес! – Шын табынғаным десеңші онан да! – Қалжыңды қоя тұршы Рақа, сөйлеп болайын!... Ал, жағымпаздар аз емес дегеніңіз ып-рас, бостандықтан кейін тіпті көбейді. Қазір Маузыдұң жушиға, компартияға жағынғысы келмейтін ешкім жоқ. «Компартия дегеніміз Маужуши, Маужуши дегеніміз – компартия» деп оқымадық па! Партия қатарына өтуді талап етушілерге қойылатын шарт біреу ғана. Төңкерісші болу ғой. Ал, төңкерісші болудың белгісі – партия жақта тұру. Яғни Маужуши жақта, әр дәрежелі шужилер жақта болу ғана. Демек, партияға кірудің шарты, сайып келгенде соларға жалбарақтау, соларға табыну екен. «Ақиқатты амалияттан іздейміз» дегендегі іздеп таңдайтын амалияты бастан өткізген тұрмыс-тарихымыз емес, табымыз емес, санамыз емес, тек нақ майданда қолма-қол табыну ғана болып қалды. Олардың көпшілігін көтермей, жағынбай-табынбай партия қатарына өту қайда? Қане, жекеге табыну біздің елде жоқ деушілер енді дәлелдеп көріңіздерші! Және жекеге әркім өздігінен табынғысы келіп табынып отыр ма, жоқ, коммунизмге бастаушының өзі табынуымызды шарт етіп табындырып отыр ма? Бұл сөзге келгенде Рақымқанның қақшиып отырған басы сылқ түсті де мен жасыра күрсініп алдым. Ынтықбай мен Асылқан тұқыра түсті. Құлжан сиқырдың бұл сөзінде белгілі мөлшерде шындық бар еді. Ал, мұның көмескі қолдаушысы Мақұлбек төмен қарап ыржыңдай берді. Есқалидың көзі жүзінше қызарып, шекшірейе қалды да тұтығып-түтеп шығарды сөзін: – Жа-жа-жаппа жалаңды, п-п-партия қатарына солай табынып алдайтын орайшылдар ғана өтіп жатыр ма? – Көргенді к...деп жеңуге болмайды ғой,– Құлжан мүләйімсінген бәсең үнмен жыпылықтата сөйлеп кетті. – «Кім төңкерісшілер жақтан көрінсе сол төңкерісші. Кім жиянгерлік, феодализм, бюрократ капитализм жақтан көрінсе, сол кері төңкерісші»[2] емес пе, тек өздерің мендей шынын сөйлеушіні арамза қатарына қоса көрмеңіздер! Осы отырған достардың өзімен-ақ дәлелдеп берейін мысалын: пролетарияттың осы партиясына Ауыл пролетарынан шыққан ғалым төңкерісші Биғабіл қабылданды ма? Кедей шаруа баласы, төңкеріс сабында өскен Рақаң қабылданды ма? Пролетар баласы мына мен қабылдандым ба? Мына ақ жүрек Тоқбай қабылданды ма? Қаршадайынан жетім қалып, төңкерістің жасырын қызметінде өскен Күлән жеңгем қабылданды ма? Ынтекең ғой, төңкеріс армиясының саяси қызметінде жүріп, жазатайымда өтіп қалыпты. Менің Мақпал жеңгем мал иесі зәңгінің қызы болса да феодализмнің теперішін қатты көргендіктен партия мектебіндегі ханзу «шешесінің» көмегімен өтіпті. Ал Асекеңнің гомендан сақшы мектебінен оқыған жазығы бар болсын. Мына Мақұлбек дәу атақты алпауыттың баласы, бұл да асықпай тұра тұрсын, өту алдында ғой. Ал осындай достардан компартия мен комсомолға өткендер кімдер екеніне қараңдаршы: панатик молланың мына Есқали мырзасы комсомолға қалай өте қойған? Идеясыз, жалтақойлығы үшін бе? – Бұл сөзге келгенде Есқали түтігіп, тістене түсті. Мен ишаралап басу айттым. Әріптесінен кегін осылай алып жіберген Құлжан, сөзін бейғам жалғастыра берді. – Мына Әлия ханым партияға не істеп беріп өткен? Компрадордың қызы болғандығы үшін бе? Капиталистің ұлы алтын тіс ағай не қасиетімен өткен? – Құлжан аға, бізді де күндедіңіз бе енді?– деп Әлия қызарақтап шыға жөнелді. – Құлжан өзіңнің еркектен шыққан нұсқаласың ғой, сені күндей қоймас! – Ынтықбай сүзе қарап күлді де, бұл мысқылды Тоқбай толықтады: – Тірі болса Құлжан ағаң да партияның бір тесігін тауып кіріп ала қояр әлі! Құлжан олардың қағытпасын естімегенсіп, жалғастыра берді сөзін: – Дабырламаңдар ағайындар, сөзімді бітіріп алайын!.. Осындай шебер жағымпаз жаулардан партия қатарын толтыра қойғандар аз ба! Мәселен Ақыметқан бай, Асқар ұры, Мәметжан көпес, Дәуіт молла, Далжын келең, Тұрды шаңя, Тоқты шаңзұң... – Болды, болды!– деді Ясынәмәт қызыныңқырап. – Шешесінің батегінен тақсы[3] құшақтай туған ондай тақсыпаздарды санап тауыса алмайсың! Компартияға мұндайлар қалай-қалай өтіп алды дейсің, қане, соныңды айтшы онан да! – Айтқамын ғой жаңа! – Екі жағына көзін ойнақтата қараған Құлжан енді бір түрлі артистік кейіпке кіре қалды. – По-по-по, партия үстінен ғайбат айтқаныма қыптарың қанып-ақ қалған екен-ау!... Қайтер екен деп қалжыңдасам... Құлжан осы құбылысымен орындық арқалығына сылық түсіп қарқылдай күлді. Сұм шарғының жылп етіп енді былай шыға қалуына мен жирене қарадым да өзі тұрғылас бірнешеу түлкі көрген көп тазша ұтылап қуа жөнелердей төніп еді. Есік жақтан бастап екі-үш жігіт түрегелгенде жалт қарасам, Күлән кірген екен. Орын кеңітіп, өзінің «ынтасының» қасына отырғыздым. Мақпал "әпкесінің" сырт киімін шештіріп апарып, киім ілгішке ілді. Іші шығыңқырап қалған Күлән, екіқабат болғалы толықсып, тіпті ажарлана түсіп еді. Зымыстан қыста да, жайдары жазда да бір қалыпты, ащыға да, тұщыға да ортақ, бірге өсіп-біте қайнасқан, өмірдегі ең жақын сырлас досыма күлімсірей қарадым. – Танымай қалдың ба, Биғаш?– деп ол да күлімсірей сұрады да жауап күтпей-ақ көпшілікке жағалата қарап, бірнешеуіне ауыз жыбырлатып амандасты. – Әңгімелеріңізді бөліп қойдым ба, жалғастыра беріңіздер! Осында отырғандар түгел құрметтейтіндігі мен қыран қаршығадай іліп түсетін ашық тілділігінен жасқанатындықтары қосылып, Күлән кірген соң жым-жырт болып қалып еді. Оның әйелдер ұйымындағы қызметіне байланыстыра қалжыңдап Рақымқан жол ашты: – Көбі бойдақ қулар ғой, сенің алдыңда сыпайылық сақтап сырбазсымаса «шүйке бас» ала алмайтындықтарын да біледі! – Орынсыз сыпайыси қалатын жігіттерге біздің қыздардың жер сипатып кететінін де білетін шығар! – деп Күлән күлгенде бойдақтардың бәрі күлді. Мұндайда күлкі үшін өзін де қосақтап көсіп жіберетін қу тілді Нұралы әдеттегі тәуекеліне басып қалды: – Жеңешетай, әйтеуір бас жібін қолымызға бір ұстатыңызшы, айрылсақ обалымыз өзімізге! – Ондай бас жіпті-ноқталыларды лайық көрсеңіздер, оның жөні басқа ғой! – Япырай, көзсіз әңгі неме-ай, қалай домалап кеткеніңді өзің де сезбей қалдың-ау!– деп Асылқан Нұралыға қарап күңіренгенде күлкі тіпті үдеп, кең үйді көтере жөнелгендей сезілді. – Асеке, менен қам жемеңіз!– деді Нұралы күңгірлеп. Қысыңқы көзі күлкімен жұмыла түсті. Бұйра қоңыр шашын уқалап жіберіп жалғастырды сөзін. – Мені енді бойдақ қатарына қосып домалатпайтын бір құшынаш үйімде отырғанын өзіңіз де білесіз ғой. Күләш жеңешеме бұл өтінішті мына кәрі бойдақ Құлжан айтқызып, домалап жатыр! – Ей, өзің түскен орға бізді де ала түспекпісің, қашан айт деппін саған,– деп Құлжан қызарақтағанда Нұралы үстемелеп соқты: – Басқаларды ала жығылу өзіңмен кетсін, сенің халың айтқызды дедім ғой, бетіңдегі ұятты шешек жеп кеткен бейшара-ау, ұялған не теңің сенің! Сондай басы жіпті, төрт аяқты «сұлулар» болмаса, екі аяқтылары жуыр ма саған!... – Әлгіндегі егесті айтыста қызынып, шатақтасып қалмасын деген сақтанумен ішімдік шығартпай отыр едім. Мынадай таза қалжың тебіренісіне келгенде шыдай алмадым, ым қақтым Мақпалға. Ол ымның не сұраған ым екенін есік жақта тұрып Әлия қағып әкетті: қуырып қойған көк азықтарын тәрелке-тәрелкесімен кіргізіп, дастарқанға тізе қойды. Әйелдер жаққа сыра, шарап, ерлер жаққа мөлдіреп ақ арақ келгенде Құлжан жайнаңдап сала берді де, бірер жұтып алған соң тағы да сайрай жөнелді: – Ағалар, достар, күлкі үшін әртүрлі сөз болады ғой, артық-ауыс кеткенін кешіріселік! Өзара кешіріспесек, бізді қай жан кешірмек!... Өзімсініп сөйлейміз, еркіндеп бір отырыста бір жасап қалғымыз келеді. Жасасын қалжың-күлкі! Жоғалсын ашу-ыза! Жасасын ұйытқымыз, жас та болса бас болып, жас отауын біз үшін қара шаңыраққа айналдырып отырған Биған аға!... – Ей, енді шұп-шұбар құйрығыңды бұлғаңдата бермей қысыңқырап отырсаң қайтер еді!– еп Есқали күбірлей түйілгенде Құлжан қарқ-қарқ күлді. – Өзім де ескеріп отырмын бауырым, бағанағы бір сөзім ауырырақ тиді саған, бір-екі жас кішілігің бар ғой, кешір! «Жаны күйген тәңірін қарғайды», сенен басқамызда жекеге табынушылық жоқ деп тышатанған соң қайтейін енді, тамырларыңды түгел қазып шықпасыма болмады! Ал, мен өзім осы дүниеде Биғаннан басқа ешкімге де табынған емеспін. Айттым ғой, оным қате емес, талантқа кім табынбайды! Дарынға табынуымыз қате емес, табыну қажет болса, осыған ғана табыналық!... Ішімдікке қосылмай, жәй әңгімемен шәй ішіп отырған Күлән жатырқай қарады Құлжанға. Менің де көзіме иектеген албастыдай көрініп, түйіліп қалып едім, қолым дір қаққандай болды. – Сабыр ет Биғаш!– деп күбірледі Күлән. – Сен тиіссең үйінен қуды дер! – Құлжан-ей!– деп Асылқан да, Рақымқан да, Ынтықбай да оған қой дегендей бас шайқап тоқтата алмады. Өршелене түсті Құлжан: –...Бірақ қазірше ешкімге де зорлық өтпейді ғой,– дей түрегелді де рюмкасын көтере айланып мен жаққа беттеді. – Әркімнің сенетін өз тәңірі өзінде. Мен өзім толық сенетін Биғаныммен ғана бір рюмка қағыстырайыншы! – Қағыстыр, қағыстыра сал, нең кетеді!– деп төр жағымнан Күлән күбірледі де мен Құлжанның рюмкасын алып, столға қоя сала түрегелдім: – Сен осында арақ ішіп келгенбісің?... Маспысың, жағың сенер емес қой? – Жо-жо-жоқ, ішкенім жаңа ғана! – Олай болса, бері келші! – Жетектей жөнелдім сыртқа қарай. Жаутаң қағып Нұрияшым, жымси күліп Әлия ере шықты. – Жә, партия мүшелері сенің неңді алды?... «Өзіне табынғанды ғана таңдайды» деп бүтіндей қаралайтындай партия басшылары неңді алды?.. Уыңды бүркіп-бүркіп алып, қалжыңым дей салатындай кімді ақымақ көресің сонша! – Пәле, сіз де... сіз де осындай... қалжыңды сіздің де шын көргеніңіз бе? – Қалжыңдайтындай партия сенің құрдасың ба еді, иә, мұншалық ажуалайтын жауың ба еді?... Партияға табынбай осы үйге бас сұғушы болма мұнан соң! Бұл үй партияның үйі, мен – компартияның құлы, мені құтқарған, өсірген коммунистік партия ғана!... Бар, қайт! – Сіз де... Сіз де сондай ма едіңіз! – Құлжан нық-нық басып жүріп кетті де, мен Әлияның көзінше Нұрияшымды құшақтап құшырлана сүйдім. – «Үмматымды» қуып жібердім!– деп қонақтарымды күлдіре кірдім үйге. Рюмка көтере сөйледім. – Жолдастар, біз, жекеге табынуға қарсы тұрсақ та партияға табынуымыз ақаусыз сақталуға тиісті. Себебі, бұл, пролетарияттың, жалпы еңбекшілердің партиясы. Дүниені жаратқан еңбек. Бізді адам қатарына қосып, еңбегімізді жандырған осы партия. Біреуге паразитша жабысып-сүйеніп өсуді ғана мақсат етіп кәукелектейтін екі жүзді ең улы шіріткіш-жағымпаздық бактериясы жоғалсын! Қонақтарым қопарыла түрегеліп, пікірімді құптап-қуаттай көтерді ыдыстарын. Бар жайымды білетін Күлән, көз жасын ыршытып жіберіп күлді. – Жеңешетай, Құлжанға енді ұрғашы көрсете көрмеңіз,– деп ду күлдірді Нұралы. Асылқан ептей қосымшалап, Құлжанға одан да дөрекірек «қастық» сайлады: – Қисынын тауып, өзіндей көк бетке қосқан жөн шығар!... Мұнымыз талап емес, пікір ғой, өзіңіз біліңіз! Біздікі тек әйтеуір екеуі теңдікпен тілдессін деген ғана халыстық қой... – Көк бет еркі-алдына қояр ма бұл қортықты!–Нұралының бұл күңкілі де естіліп қалды. – Жә, қойыңдар енді!– деп сақылдап күлді Күлән. Әзілді-жарасымды отырыс қалпына келе қалды... Біздің үйден Құлжан қуылған сол отырыстан кейінгі бір күні газеттерге Совет компартиясының бас секретары Хрущевтің бір съезде сөйлеген сөзі шықты. Онда Жұңго компартиясы арнаулы мысал ретінде аталып мадақталыпты: «Социализм жаулары марксизм дағдарысқа тап болды, тоқырады деседі. Егер марксизмнің өміршеңдігі болмаса, дамымаса, Маузыдұң басшылығындағы қытай компартиясының қазіргі жетістіктерін, дүниені дүр сілкіндіріп жатқан жаңалық табыстарын қайда жасырмақ!» деген сөзі менің көзімді жарық еткізді. Бадырая түсті сол абзац. Құлжанның көзін (егер сол көркөкірек дұрыс түсіне алса) тіпті бадырайтып, шығарып жібере жаздаған шығар деген оймен жымидым. Іле-шала көсеміміздің бүкіл әлемнің көзін бадырайтуға кіріскені байқалды. Жаңа демократизмнен социализмге өтудің «сара жолын» белгілепті: «Дүниені дүр сілкіндіретін зор күшпен көп, тез, жақсы және үнемшілдікпен істеп социализм құрайық!» деген бір ғана ұранмен тұлғаланыпты бұл «бас жол». Кедей де мешеу бір елде капитализмнен аттап өтіп, социализмді осындай тез іске асыра қоюдың кепілдігі ретінде «зор секіріп ілгерілеу» мен «Халық коммунасының» жобасын да жариялады. Өнеркәсіпте «зор секіріп ілгерілеу» арқылы капитализмнің ең озбыр мыстаны аталған Англияны «он-ақ жылда басып озамыз» да, ауылшаруашылығындағы «Халық коммуналары» арқылы шаруашылық және тұрмыстық салт-сана жағынан басқа социалистік елдерден де оза заулатып коммунизмнің табалдырығында бір-ақ тынықпақ екенбіз. Олай болатыны, біздің ауылшаруашылық коллективінің атының өзі де «Коммуна» емес пе. Бір-бір район халқын бір-бір ғана тайқазаннан тамақтандырып, кербақпа жекешілдікке кіретін қуыс қалдырмаған соң, көкірегімізге коммунизм идеялогиясынан басқа не орнамақ! Партияның орталық комитеті жағынан «үш қызыл ту» аталған осы «бас жол», «зор секіріп ілгерілеу», «Халық коммунасы» туралы жобаларды үлкенді-кішілі әр-бір орындар талқылап үйренуге кірісті. Талқыға салып пікір сұрау емес, миымызға қайткенде де сіңіріп, санамызға орнату ғана талап етілгендей нысай бар. Көпшілік қызметкерлер қатарында да, өздігімнен де шұқшиып оқып, тауекелге секіруден басқа қисын іздеумен болдым. Қадалған көзімнен кер үтір, нүктелерінің бірде-бірі қағыс қалмады. Бірақ, тергеушім кешіре көр, сол шақта «үш қызыл тудың» миыма кірген-кірмегенін қазірге дейін сезе алғаным жоқ. Санамда тек бір ғана, бір болса да бірегей, тоқ қызыл-зор қызыл ту бар еді. Ол: «Шынайы коммунизмші партия нендей тақырыпта нұсқау шығарса да өзінің бағыныстыларына зиянды оймен шығармайды» деген сенім. Осы ту – қазірге дейін менің бірден-бір үкімшім. Санамның ең биік шоқысында әлі де өз салтанатымен желбіреп тұр. Бұл үкімшім сол шақта бір ескертуін минут сайын қайталап айтып тұрғандай сезілген: «Миыңа сіңбесе де ұғып ал, коммунистік партия – зәулығалам жаңсақ нұсқап жаңыла қалса да өз қателігін өзі түзетіп алатын партия. Өзін-өзі ашық сындап түзететін партия шын ниетті коммунизмшілдіктің мүкіссіз таразысы да осы қасиеті»,– деп тұрғанын анық ұғып отырғаны әлі де есімде. Ендігі жүрер жолымыз – істер қызметіміз жөніндегі зор кезеңдік мәні бар бұл үйренісіміз талқысыз-талассыз жоба мақалаларды қайталап-қайталап сыдыртып оқумен ғана өте берді, сөйтіп. «Не түсіндің, қате ме, дұрыс па, сізше қалай, қандай пікірің бар? Бұған қызметіңді қалай байланыстырмақсың?» деп сұраған да ешкім болмады. «Үш қызыл туды» көкейге қондырып, санаға көтеретін қуаттаушы пікір емес, қудалап қыжыртатын қитұрқы пікірлер шыға бастады: «көсеміміздің мақтанпаздыққа қаншалық жат екенін», «жекеге табынуға қаншалық қарсы екенін» осынысының өзі-ақ көрсетер-ау әлі, Хрущевті мадақ лебізімен аспанға бір-ақ ыршымады ма! – деген дұспандық күлкі естілді. Мұның кімнен шыққанын біле алмай жүргенімде «өзі жүйрік, өзі жорға, өзі шаршамайтын, дем алмайтын, су ішіп, шөп жемейтін көлік болсын деген бұйрық таратылыпты, мұндай ат қайда бар!... Машина болса да бензин ішпей ме!»– дейтін шенеме сөз шығыпты. «Бас жолға» қаратылған сын екені белгілі болса да, мұның да қайдан шыққанын білмедік. (Партия орталығында бұл жобаға қарсы пікірлер туылып, ондай пікірдегілерге «Оңшыл оппортунизм» деген қалпақ жасалып жатқанын ол шақта естімегенбіз). Тек, «Тап жауларының былжырағы шығар» дей салды достарым. Бірақ, «Тап жауларының былжырағына» қарсы қолданатын соққылы жауаптарын бұл сынға ешқайсысы қолдана алмады. Өйтетіні, мұнда социализмді сүйетін идея, халыққа жаны ашитын жүрек, аз да болса маркстік ғылыми қисын, логика бары байқалады. Бұған мен де тиісе алмай, «мұндай қарсы пікірлерді қазірше таратушы болмайық. Партияның өзі бірдеме дер!» деп қана қойдым. Бір күні кешкі қонаққа шақырған Асылқанның үйіне Құлжан өз әдетінше бізден бұрын жетіп, шақырылмаса да төрлетіп отыра қалыпты. Мен кіргенде далбыр қағып тұра жүгіріп шляпам мен пальтомды ілді. Сүйемелдеп апарып төрге отырғызды да қолтығыма кіре түсті. Жолбасшымызбен «Бас жолға» қарсы әлгі қағытпа сындарды маған жаңа хабар ретінде әңгімелеп, «шағына» тілдеді: –... Қанша тәрбиелесек те қорс етерін қоймаған бұл доңыз жау бас жолымызды былай қойып, Маужуши мен партияны әлдеқалай бір мақтаншақ-ұшқалақ, ақымақ етіп масқаралағанына қалай шыдармыз!... Дәл осы өсектеріне қарсы бір үлкен мақала жазуға дайындалып жатырмын!– дегенінде бізбен бірге келіп отырған Ақия оған бір түрлі жиренішпен қарап, мырс ете түсті. Құлжан оған нығыздана, асқақтай қарап қойып жалғастырды сөзін. – Езуші таптарды түп-тұқиянымен құрытпай бұл иттер партияның балағынан алуын қоймайды екен!... Ойлаңызшы Биға, партия Жұңго халқын бастап, социализм мен коммунизмге тез жеткізетін осындай айқын жол жасай алғанда соған лайық көлік жасай алмай ма!.. Феодализмнің құдайлары жаратты делінетін жүйрік тұлпарлардан капитализмнің өнермендері жаратқан аэропландары қаншалық жүйрік болса, одан әлде қайда жүйрік жер серігін социялистік Совет Одағы ұшырағанын сол кертартпа топ соқырлары көрмеді ме!... Ал, солардың бәрін таңдандырып отырған ұлы Маужуши басшылығындағы біздің коммунизмші партиямыз олардың бәрінен жүйрік көлік жарата алатындығына көзі жетпей ме!... Жетеді, бірақ көргісі келмейді. Тек жаулығымен көре алмастығымен ғана шығарып отыр бұл өсектерді! Халықтың партияға сенген ыстық ықыласын суыту үшін шығарып отыр! Олардың осыншалық қара жүректерін, өсіп кеткен арам бездерімен қосып жұлып тастамай партияға қарсы мұндай өсек тоқтамайды!... Әнеу күні ғана компартияның «балағынан алғандығы» үшін үйімнен қуылған Құлжанның өкпесі бұл жолы мені ыразы ету үшін ғана қабынып отырғанын сезіп, жымия түстім. «Партияға табынғандығымды осындай екпінмен жеткізбесем, бұл сұм сене қоймас» деген долбармен кереңге сөйлегендей, соқырдың көзіне түрткендей, тайыншаның мұрнын жұдырықпен тескендей жасаған мына «лекциясына» қарқылдап күлдім соңында. Сұлу мұрнын тыжыра тыңдаған Ақия, Құмарға бұған не дерсің дегендей бір қарап алып, Құлжанды кекесінді үнмен мысқылдады: – «Тап жауларының» сенбейтіні «шөп жемейтін, су ішпейтін ат» екен. Мұны жасау жөніндегі ғылымыңды да көрсетсеңші!– деп сыңқ ете түскен күлкісін тия жалғастырды сөзін. – Қазіргі жаратылып жатқан жүйріктердің бір ішкенде қанша тонна май ішіп, қаншалық уран жейтіндігін білетін шығарсың, ғылыми сынға ғылымиырақ жауап қайтарсаңшы, ерікті ауызбен бөрікті бас жұта беремін демей! – Ақияның соңғы сөзі тыңдаушыларын сүйіндіре түскендей жымыңдатты. Көп адам айта алмайтын болған тым алғыр ерліктің сөзі еді бұл.
Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 340; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы! Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет |