Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Кэрол Дуэк 3 страница




– І...і...і... сұлуым, артың ашылып-ақ қалды-ау осы сөзіңнен!– деп қарқ-қарқ күлді Құлжан. Өзін менсінбей Құмарды сүйіп, қалыңдық болып кеткен бұрынғы сабақтасы Ақияны мықтап мұқатқандай, қасақана рахаттана күлді. – Жаудың жаулық өсегін «ғылыми» дедің бе ақырында!... Тап жауларына қаншалық ғылыми жауап қажет еді?

Тартысқа жиы қатынасып ашылып қалған мұғалім бойжеткен Құлжанның бұл жабайы қыжыртпасынан қысыла қояр емес, өзін бүре түсті:

– Өзің адам болсаң, жаудың бұл сынын жабайы көріп, жабайы жыртқышша қарсы атылмас едің! – дей салды. Көпшіліктің бұл жауапты да қуаттаған күлкісінен Құлжанның бетіндегі шұбары бөртіп-бөртіп шыға келгендей көрінді. Ашумен булыға тастады зілін:

– Кімнің жоғын жоқтап, сойылын соғып отырғаның белгілі болды ғой, көрерміз әлі!

– Көптен-ақ көрісіп жүрген жайың мәлім Құлжансың ғой, көріссек көрісерміз.

– Жауың жабайы, тағы аң болса да сол жабайылықты тек адамша ақыл-сана мәдениетімен ауласаң ғана толық жеңе аласың, Ақияның пікірі сол ғана ғой!– деп Күлән анықтады да, менің Нұрияшым мұның кері қатынасы арқылы тіпті айқындады:

– Жау тап адамдарын түгел жабайы аңға санап, істі сол «аңның» өздерінше жүргізсек, жер шарында арсыл мен күрсіл, ақыру мен бақыру ғана қалмай ма!

Үй толы адам дуылдай құптады бұл сөзді, «жөн-ақ-ау!» десіп күлді. Сөзі құпталса да жүзі қызара қалды Мақпалдың. Әйелдер столының төрінде отырған Күлән оған бас изей күлімсіреді де бір жағында отырған Ақия құшақтай күлді. Құлжан маған бір қарап алып, қосыла күлген болды да төмен қарап шұлғыды:

– Құрметті жеңгелерім де кірісіп кетті ғой, қойдым енді қойдым, жеңілдім!

– Сенің жеңілісің бұл сөзден ғана емес,– дедім мен, түсіндіре түскім келіп жалғастырдым сөзді. – Алғаш, «езуші таптарды тұқым-тұқиянымен құрту керек» дегеніңде-ақ жеңілгенсің де «Тап жауларына қаншалық ғылыми жауап керек» дегеніңде омақасқансың!... Төңкеріспен қотиындық үйлеспейді. Қотиындық бір мезет қанды соғыста істетілмесе, басқа істе бұзғыншылық-бүлдірушілік рөл атқарады. Төңкеріс қызметінде сана жағынан тәрбиелейтін ғылыми қызмет маңдай алды орында тұруы қажет. Ал, сенің ғылыми жауапты керексізге шығаруың, маркстік ғылыми социализмге мүлде жат, аса жабайы сөз.

– Мен сіздің пікіріңізге бұрыннан құлмын дегемін ғой Биға! – деп қолтығымның астынан ғана күбірлеген Құлжан, жеңілу жөніндегі екінші сөйлемін көтеріле, көпшілікке жариялай сөйледі. – Мен жеңілдім дегенде де әнеу сүзеген қатыннан... Астапыралла, сүзеген бойжеткеннен жеңілгенім емес, өзім қадірлейтін жеңгелерімнен жеңілгенімді ғана мойындаймын. Әйтпесе ғой...

Жаңылғансып «қатын» деген қастық сөзін қоса кеткеніне Ақия күреңіте қалды да, сүйгенін бұлай қорлағанына Құмар кектене қарады. Күлгендей жымиыса да күйгендей тыжырынды. Тоқпай мен Есқали қатар зекірді Құлжанға:

– Ей, жап дәретхана аузыңды.

– Кеше ғана аяғын құшып, табанын жалап жалынып жүр едің ғой, сайқал қортық!

– «Қолы жетпеген қорлаушы» болмай ма, Құлжанның жайын әлі білмейтін, өздерің шартықсыңдар ғой деймін!– деп Нұралы ду күлдірді де Мақұлбек Құлжанды құтқару үшін кінәні Ақияға да артуға тырысты:

– Ақияштың өзі де алдыңғы бір сөзінде қатал тиісіп қойды ғой, әйтпесе «самародный сары алтын» деп тамсанатын Құлжан, «қатын» дей салар ма, қойыңдар енді, бір жолға кешіріңдер!

– Аузымнан оқыс шығып кетті!– деп күмілжіді Құлжан. – Жаңылғанын «астапыралла» деп түзеткен күнәһәрді Құдай кешіреді дейді, кешіріңіздер!

– Ақияштың ол сөзі Құлжанның анайы танымына дәл тауып қайтарылған, ғылыми жауап болатын. – деді Қапас атты ұзын бойлы сида жігіт. – Құлжанның көкірегіндегі өзін тау деп көрсеткісі келетін тинамдай тас сол сөзден ғана домалап түскен болатын. Бірінші рет содан жеңілген. Жеңілгендігін Құлжан мойындаған ба! «Кімнің сойылын соғып отырсың» деп Ақияшқа саяси жұдырық түйген соң ғана кірісті жеңгелері. Ал, Құлжан ғой жұдырығын әлі түйіп отыр. «Қадірлі жеңгелерім кірісті ғой, әйтпесе...» дейді. «Әйтпесе» қайтпек екен, Ақияның сол сөзін қалай жеңбек екен, қане сонысын айтсыншы енді! Қасқыр болып тартып, аю болып жұлар ма едің? Көрсетші өнеріңді!

– Жеңілдім дедім ғой, жеңілдім, жаңылдым Қабеке! Сол сөзден-ақ жеңілгенмін, қойдым енді!

Бұл жалынышына көпшілік бір күліп алып, ол туралы сөз түгіл әзіл-қалжың әңгімені де саябырлатып еді. Қонақтар кешіргендей көрінгенімен көңілсіздік пайда болғанын қонақ иесі Асылқан байқап, тағы да көсемси бастаған Құлжанға қарағыштап қойып отырды. Өзінің ешқандай адам көңілін сындырғысы келмейтін көнімпаз мінезімен шыдайын деседе жайы болмай отырғанын байқадым. Құлжан қақ төрде нықырайып, мен жауапсыз-қақас қалдырған саяси сұрауларын бір жағындағы Ынтықбайға қоя шықылықтаған сайын Асылқанның кең жауырыны бүлік ете түсетінін, аяқ жақтағы Нұралы қуда байқап отырыпты:

– Асеке, жауырыңызға сауысқан қонғаннан сау ма?– деп монтаны үнмен күңгүр ете түсті.

– Одан да қиынырақ! – Күрсіне жымиған Асылқан, шердие теңселіп ауыз үйге шығып кетті. «Кемпіріне» шағым айтқалы шыққанын сезіп күлістік. Кешікпей Асылқан арақ бөтелкелерін көтере кірді де Қаныш «кемпір», тасылып жатқан қуырдақ тәрелкелерін столдарға бөліп орналастыру үшін кірді. Әйелдер жақтың дастарқанын жайғастыра сала біздің алдымызға келіп, ортамыздағы Құлжанға дүрсе қоя берді. Арықша ғана ақсұр Қаныш, шығыңқы үлкен көзін бізге күлімсірете келіп тасырайтты оған:

– Ей, шақырып келтірген сыйлы қонағым сенбе едің, бері шық былай!... Ынтықбай, жайланып жоғарырақ отыршы!

Көпшілік алдында өзін қара жерге қағып жіберген мына күрзіні Құлжан аэропланға айналдырып міне ұшқандай көтеріле күлді.

– Япыр-ау, рас!... Ха-ха-һа-һа... Байқамай араларына жалпиып отырып алыппын ғой!

– Байқамай емес, «жақсы ат өршіл, жаман адам төршіл», қай үйде де кәсібің осы!

Қаныш өз ісімен жүріп кетті де Құлжан біздің қарсымыздағы төменгі орындыққа шалқалай шіреніп алып құрды кісілігін:

– Осы жеңешем, үйреністі көнекөз болғандығынан ба екен, басқа жеңгелерімнің бәрінен жақын көрінеді көзіме. Қайындарына өзімсініп осылай зейіл тиісетіні қандай жарасымды!... Үрімжінің осы жоғарғы жарымы бір ғана коммуна болып коллективтескенде көремін әлі бұл кісіден, ха-ха-ха-һа-һа...а... қолыма түскен қалам ақымды коммунанікі деп қағып алып, қылар-ау әлі қылапатты!... Жә осы «зор секіріп ілгерілеу» ісі бұрын істеліп көрілмеген науқан ғой, Биға, қандай формамен жүргізілер екен?

Құлжанның сөзін де, бұл сұрауын да тыңдамағансып, Ынтықбаймен сөйлесіп отыр едім. Есқали қысқаша жауаппен тойтара салмақ болды оны:

– Секіріп ілгерілеуші тың науқан деп кім айтты саған, азаттықтың екінші жылынан бастап-ақ жүргізіліп келе жатпай ма!

– Мәселен?– бір қолын мықынына тірей сұрады Құлжан бұл сұрауын. Мықырдың саяси шалмасына тағы да оқыс ілініп қалғанын енді сезген Есқали опық жегендей, тұқырып алып қуырдаққа бас қойып еді, бұл сұрауды бүлк еткізіп Мақұлбек қайталады:

– Мәселен.. қай-қай әрекеттерде?

– Мәселен, жаңа демократизм өтпелі дәуір аталғанымен үш үлкен жауды жоя отырып, орнына мығым халық шаруашылығын құратын, мешеуліктен құтылып, әл-ауқатты көтеретін, машақаты көп те ең қажетті дәуір ғой. Осы тарихи зор міндетті жартылай феодал, жартылай отар болып келген елімізде бес-алты жылда ғана орындап шығу, оңай секіру ме!

– Осыны секіріп ілгерілеу деп кім айтты саған? – Құлжан тергеу сұрауын Есқалиға тағы да қойып қалғанда қонақтарына Асылқан ішімдіктің бастама сөзін сөйлеуге дайындалып, рюмкасын көтере түрегеліп еді.

– Құлжан сен... қоясың ба, жоқ па?– деп жіберді. – Бұл отырысымыз саяси кеңестің жиыны емес. Егер... қысып отыра алмайтын болсаң, шығып кет!

Өзіне бұл тектес ең зор зобалаңның тағы да төне қалғанын білген Құлжан қыса қойды да Асылқан қонақас сөзін сөйлеп болған соң, пияла ыдыстар шықылдасып, сықылдасып сүзісе жөнелді. Қонақ құрсақтарына құтырық суы құйылысымен Құлжанның әлгі сұрауы басқа бір ауыздан қайталанып шыға келді.

– Расында да осы дәуірде секіріп ілгерілеу болды ма?

– Секіріп ілгерілеу болмағанда өгіз аяң ба еді!– деп Тоқбай күле жауап қатты. – Осы бес-алты ғана жылда істелген істі, басқан жолымызды ойлап көрші өзің, ғасырлық жол емес пе!

– Әсіресе егінші жұртшылығының аяғы жерге тиді ме!– деп Қапас үстемелеп еді.

– Мәселен делік?– деп Мақұлбек тағы да бүлк ете түсті. Бұл сұрауды тағы да Мақұлбектің төлдеткенін Есқали байқамай жұтынып алып, күшене шұбыртты.

– Мәселен дейсіздер ме? Мәселен, жер майын азайту, өсімқорларға соққы беру сынды Шынжиаң тарихында болып көрілмеген науқан жүрілгеніне бірер жыл өтпей-ақ ұлы жер реформасы бастала жөнелді. Егіншілер бұл төңкеріс арқылы помещиктерден жер бөліп ала сала мойынсерікке ұйымдастырылды. Ол мойынсеріктері қалыптасып үлгермей – бастаушы коллектив тәртібіне егіншілерді дағдыланып болмай жатып, кооперацияға ұйымдастырылды. Жай кооперацияға дағдыланып, коллективтік тұрмыс салтын игеріп болғанша жоғары дәрежелі кооперацияға тарта жөнелдік. Бұл үлкен қонысқа да екі-үш жыл байыздатпай, міне, ұлы коммуна ережесін үйретуге кірісіп кеттік. Осы науқандармен құрылған коллектив басқыштарының әрқайсысы коллективизмнің салт-санасын қалыптастыратын үлкен-үлкен мектептер емес пе!... Қараңғылық-надандық жайлап келген егіншілерге осы бес-алты институтты бес-алты-ақ жылда бітіргізу, секіріп ілгерілеу емей атаңның басы ма еді! – деп Есқали Құлжанға қызара бөрте қызынып қарады. Жан-жағына жалтақтап, жыпылықтай танды Құлжан.

– Мен емес, мен емес қой бұл жолы сұрау қойған!

Көпшілік ду күлді де Мақұлбек «қасиетті» атасының басын аяғандай, Әлжанның шағын ғана арқасына жуан басын далдалай сылқылдады. Есқали дәлел қоя төнді Құлжанға.

– Партияның ұлы қызметтерін жоққа шығарып жүрген, сен емей кім еді?

– Астапыраллау, пәлеңді жаба бермесеңші маған, Асекең аға қой деген соң қойғамын ғой! Биғаннан сұрашы, осында келгеннен бері партия жөнінде жаман сөз сөйледім бе екен!

– Жә, осы саяси қалжыңды қойыңдар енді!– деп Асылқан, стаканын тағы көтере сөйлеп қалды да «Саяси сөзді қойыңдар» дегеннен қорқып, осы тақырыпты қайта дәріптей жөнелді өзі. – «Қиялдан тұрмыс озды» деп жазушыларымыз бекерге жазып жүрген жоқ қой! Дүниеде қиялдан озған жүйрік болып па еді. Ал, секіріп ілгерілемеген тұрмыс қиялдан оза алар ма! Тағы да секіріп, бұдан да зор секіріп ілгерілей беруіміз үшін осы бір стаканды көтеріп жіберелік!

Бұл тостқа келгенде көпшілік бірінен-бірі қалмауға тырысып, лезде көтерісіп тастады. Мақұлбектің денесіне қарай, өз талабы бойынша ыдысы да үлкеннен таңдалып, арақ екі еседен артығырақ құйылатын. Өңешіне салқ еткізіп бәрінен бұрын құя сала, қасындағы Құлжанға күрсіне күбірледі.

– Япыр-ай, енді зор секіріп ілгерілеу болғанда не күн көрер екенсің!... Менің ғой, әйтеуір, бұтым ұзын ғой, сенің шатың айрылып кетер ме екен!

– Мен ғой, жеңілмін. Социализмге ұшып барармын. Ал, зілдей ауыр сен бишара орта жолда былш ете түсіп, қасқырға жем боларсың!

– Мол ет тауып қасқырлар қалай қуанар екен!– деп бір бүйіріндегі Тоқбай қарқылдағанда естіп отырған бәріміз күлдік. Бір жағымда отырған Рақымқан Құлжан мен Мақұлбекке зекіп жіберді.

– Саяси жолға қаратқан осы сайқы мазақтарыңды қоясыңдар ма, жоқ па! Ішіп отырғанда саясат сөйлейтін ағайындар енді тоқтатыңдар!

– Саяси жолды кім ысқақтапты!– деп Мақұлбек күңк ете түсті де, Тоқбай күле анықтады.

– Қалай секірер екенбіз деп мына сайтан мен дию уайымдап отыр!

– Дию мен сайтанға секіру мен жылп етіп өте шығу қиын болып па!– деп Құмар қағытқанда Құлжан өзінің «Саяси шоқпарын» көтеріп кеп алды.

– Саяси жолымызды әңгімелеуден – үйренуден тиюдың өзі қандай тенденция?

– Тұрмысымызды саясаттан айыруға бола ма!– деп оны Мақұлбек сүйемелдей қойды.

Рақымқан ашуға міне зекірді екеуіне.

– Саяси талқыны ыңғай арақ ішіп алып жүргізу мазақ емей немене!

«Саясатшылар» енді бірдеме десе, қызыл шеке төбелестің шарты толып қалған сияқты. Саяси әңгімені тиюдан қорқып қалған қонақ иесі маған ым қағып шыға берді. Сен бір ебін тапшы деген екенін түсіндім.

– Қане жолдастар, ән салалық, алдымыздағы зор секіріп ілгерілеу үлгісімен қосылып шырқаталықшы, қане!

Мақпал мен Ақия бастай жөнелді. Көпшілік бірден қосыла шырқатқанда егесушілер бір-біріне сөздерін естірте алмай, елең қағып отырып қалды. Әлгі Рақымқан да әнге қосыла кетті де Құлжанның көзі Ақия мен Құмарға өрттей төнді.

– Албасты басты сені! – Мақұлбек көзінің қырымен қарап күбірледі Құлжанға. Ақияның әні де басыңнан секіре жөнелмеді ме!... Аңқиған аузыңа әнші қыз саңғи өтер, байқа!

– Басқалар секіргенде саясат секірмей қала ма, көрерміз әлі!– деп Құлжан күңкілдей тістенді Ақияға. Естіп қойды ма екен дегендей маған жалт қарағанында басымды шайқап қалдым. Әнге ол да қосылған болды. «Осы сөзің расқа шығар-ау!» – деп ойландым әндете отырып. – «Зор секіріп ілгерілеу таптық күрес саясатының секіруінен от алмай ма!... Бірақ, аман болсам, Ақия мен Құмарды жұлмалата қоймаспын саған!..»

Сауық кеші ән мен биге ауысқан соң Құмар мен Ақия Құлжанның сайқал сөзінен құтылса да құтырған көзінен құтыла алмады. Бірге әндетіп, бірге билеген сайын Құлжанның езуі қисайды да отырды. Сауық тарағанда сол көз бен сол езу, екеуінің артынан қисая ерді....

Бас жол мен зор секіріп ілгерілеу жөніндегі үйрену қимылы басшылық жағынан қайта қузалмай аяқсыз тоқтай қалды да біздің саясатшылар арасындағы мұндай тартыс та демін ішіне тарта қойды. Газетке ойламаған жерден бүтіндей басқа бір науқанның, ғажаптанарлығы сол, «Зор ұлтшылдыққа қарсы» науқанның мақалалары шыға келіп еді. Бәрі де сол ұлттан шыққан авторлардың, партияның нанымды басшы кадрларының мақалалары.

Құлжандардың аузынан енді сол ғажап мақалалардың үзінділері түспейтін болды. Қай жаққа болмасын әйтеуір домалай беру ғана қажет қой, бұл тақырыпта тіпті сыпсыңдады. Әр үйге барып арақ ішетін бет жүздігіне, қыдыратын жорға-жүйрік көлігіне айналды бұл сөздер: «Еліміздегі шағын санды ұлт халықтары ханзулардан тарих бойына езіліп-жәбірленіп келді», «Бұрынғы үкіметтер ханзуларды қайрап салып, жаныштатуды бірінен-бірі мұраға айналдырып қалдырып отырды», «Шағын санды ұлт халықтарындағы ханзуларға қарсы өшпенділік тарих бойы сол рақымсыз жанышталудан қалған зардап», «Жерлік ұлттар қожайын ұлт пен оның үкіметінің қоса қабат езгісі, қомсыну-қорлауы, зұлмат қараңғылықта ұстау саясаттары салдарынан артта қалған», «Сол дәуірлерден қалған ұлы ханзу зор ұлтшылдығы салт-дәстүр ретінде әлі сақталып келе жатыр. Оны пролетарлық интернационализм рухымен түп тамырына дейін жұлып тастамасақ, ұлттардың теңдік-ынтымағы дегеніміз құрғақ сөз болып қала береді», «Барлық ханзу кадрларына ұмтылмас сабақ ету үшін зор ханзушылдыққа қарсы әрекет жүргізу, шағын санды ұлт зиялыларының пікірін тыңдау, Шинжиаңдағы барлық қызметіміздің кілті...»

Жерлік ұлт зиялыларының көпшілігін «Ағынан жарылды, жаса партия» дегізіп дуылдатқан осы мақалалар газеттерден кеңінен орын ала келе «Зор ханзу ұлтшылдығына қарсы науқан» басталғандығы жарияланды. Бұл науқанға жерлік ұлт азаматтары қатынастырылмаса да көпшілігі көңілденіп, кеңінен тыныстады. Шын мәніндегі еркіндік-теңдікке енді жеткендей жеңілдей қалды.

Жергілікті ұлт халықтарының жүрегін ғасырлар бойы сірестіріп қатып жатқан мұзды ерітетіндей ақиқат тілінің бұл мақалалары Маужушидың өз қолы болмаса, партия газетінен негізгі орынды қалай алған? – Бұл, әлгі аяқсыз қалған негізгі науқаны жөнінен қараған маған үлкен жұмбақ еді. «Бұл да зор секіріп ілгерілеу, марксизм-ленинизмнің секіріп ілгерілеуі» десті көпшілік.

«Жекеге табынуға қарсы тұру» жөніндегі жұртшылық талқысы мен өзінің социализм құру жөніндегі «Сара жолы» бір аз күңгірттендіріп қойған көсем абыройы көкке қайта ұшты. Шинжиаң зиялылары «Ұлы көсем», «Күн көсем», «Данышпан көсем» дейтін аттарымен, «жасасынға» он мың қабат орап, қызыл-жасылмен әлемдеп-үкілеп тұрып ұшырды.

 

Әділетті тергеушім, ұлы көсемімізді бұлай ұшыруға бұл жолы мен таңырқай қойған жоқпын. Өйтетінім, өлгенге жан салатындай осы бір кезеңде емес, тіпті, сонау малшыларды сойқан науқанда да, «Тарих тапсыру», «Үшке, беске қарсы әрекет» сынды қасапшылық науқандарда да көсемді жазбай-жаңылмай көкке көтеріп дағдалған өзім болған соң, алтынша жарқырай қалған бұл кезеңде қалай таңырқай қояйын...

"Әй кеттім-ау тағы да, сіздің алдыңызда төңкерісші едім" дегендей, осы «Ақталмақ-әнзі[4] аудармақ болуымның»[5] өзі зор қылмыс емес пе!

 

 

«Зор ханзу ұлтшылдығына қарсы» науқан басталғанын естісек те оның қалай өрістегенінен, не бітіріп аяқтағаннан мүлде хабарсыз едік. Пәлен зор ұлтшыл деп күреске тартылған, иә, газетте сындалған бірде-бірін естімегенбіз. Ештеңеге сене қоймайтын Асылқан күдігін айта жетті бір күні:

– «Көктем күні ерте жайнап, ерте ысып, ағайындарымызды тым желпіндіріп барады. «От амалы» болып, отап кетер ме екен!– деді.

«Барлық гүл тегіс ашылсын, барлық тіл жарыса сайрасын» деген тақырыпта көлемді мақала жарияланыпты. Алдымен үлкен газеттердің бас мақаласы ретінде жарияланып, соңынан қостаушы мақалалар шыға берді. Бұл, саяси көзқарас жағынан тіпті шексіз кеңшіліктің жарнамасы еді: «Ашылсын» мағынасында «Қызыл гүл ғана емес, ақ гүл, сары гүл, көк гүл, қара, қошқыл, қоңыр гүл... бәрі де гүл, талғамаймыз, бірдей баптап, түгел ашыңдар!» деген мағына бар да, «Сайрасын» мағынасында, әрине, тіл де, үн мағынасы да бар ғой. «Бұлбұл ғана емес, қарға да, үкі, байғыз да, қораз, әңгі де... бәрін де талғамаймыз, түгел сайрасын» деген сөз екені айқын.

– Бұл мақұлықтар сайрай берсін-ау,– дедім мен. – Екі аяқты саяси мақұлықтардың социализмге тіс-тырнағымен жау помещиктер мен кертартпа буржуазия сынды жалпы кері төңкерісшілердің сайрауына да мұқтажбыз ба!... Олар ғасырлар бойы сайрап, құлақ түбімізді қажап-мұжып болмап па еді, олардың не сайрайтындығы мәлім еді ғой!... Таптық күреске бұл да жат нұсқау!– деп жібергенімде Асылқан аузымды баса қойды.

– Партия саясатына қарсы сөз болып шықпасын, Биға!...

– Мен қазір оңаша үйде, «От амалы болып отап кетер ме екен» деп жүрген саған ғана сөйлеп отырмын, түйені үстінде отырып, боқ-боқ демесеңші! – Бұл сөзіме Асылқан қарқылдап күлді.

– Сөйтсе де үйіңнің қабырғаларын жаңғырықтырып барасың!

– Есек пен доңызға да сайрау құқығы тиіп отырғанда, менің бұл сайрауым қате болмақ па!...

Бұл жауаппен Асылқанды жеңсем де кешкілік ойын-күлкіге жиналғандарға «Таптық күреске жат нұсқау» деген пікірімді жарияламауға бекіндім.

– Дүние тарихында мұндай шексіз демократия жүргізген үкімет болып па еді?– деп Ынтықбайдан сұрады бір-екеуі.

– Басқасын білмеймін, социализм лагеріндегі ешқай елде болған емес! – дей салды ол.

– Коммунизм әрекетінің бастамашысы, социализмнің орталығы ғой, бәлкім Совет одағында жүргізілген шығар?– деп Тоқбай маған қарады.

– Жоқ, естімеппін!

– Тап мәселесін тектемейтін капиталистік елдердің бірінде жүргізіліп көрілген шығар?– деп Құлжан әрқайсымызға бір қарады.

– Былжырамашы! – Рақымқан шорт тойтарыс айтты оған. – Социалистік елдерде жүргізілмеген мұндай кең халықшылдық, капиталистік елде болмақ па!

– Е....е... бейшара! – Есқали Құлжанға көзін мысқылмен сығырайта қарады. – Социалистік елдерден көрілмеген жақсылықты капитализмнен дәметеді екенсің ғой!




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 278; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.052 сек.