Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Кэрол Дуэк 16 страница




Осыдан соң Мақұлбек қана емес, асқан жыртық ауыз Құлжан да шикі сұрау қоймай, тек күнделікті хабарларды жеткізіп қана қайтып жүрді. Бұлардан автономиялы райондық парткомдағы күрестің аса қатал жүргізіліп жатқанын естідім: «активтер бужаңдарын тұрғызып қойып бүріп, бұрышқа қамап алып ұрып, назырлармен мекеме бастықтарын алқымдап буып, жығып алып тепкілейді екен. Сөйтіп, ол иттер өздері артқан мәселелерінің нүктесіне дейін мойындатпай террорлықтарын тоқтатпайды екен!» деп екеуі де өңдерін бұза кіжініп баяндады.

Шынжаңдағы жоғары мәртебелі коммунистердің барлығы қатынасқан бұл жиында мұншалық террорлық жүргізіліп жатқанына сенбеп едім. (Бұл қос сайқал мен қорқытып, жүрегімді алу үшін де осылай жеткізуі мүмкін ғой). Бірақ, шындық та сұмдық бір хабар сенбесіме қоймады: 58-ші жылдың февралына келгенде «Іле қазақ автономиялы облысының» орынбасар бастығы Әбдірейім Айса атты бір мықты өзін-өзі бауыздап өлтіріпті. Былтыр жазда Шыңдауда сайраған Ұйғырыстаншылардың бірі екен. Парткомда күреске тартылып, жатқан мейманханасына қайтарылған бір кеште есігін куршоктап алып бауыздалыпты...

Осындай шындық хабарды бірінші болып жасырын жеткізгендіктерімен белгілі дәрежеде сенімге ие болып қалған Мақұлбек пен Құлжан бір жексембі күні бірлесіп, күндіз келді маған.

Бұл күні үйде Мақпалдың қыз-келіншек достры және маған кейіннен таныс болған жас әнші-күйшілер бар еді. Күреске түсіп шыққанымнан соң әр күні келетін болған Әлияда бар. Мен үшін қайғырғансып жылай алатын бұл сайқалдың үстіне қос сайқал келгеніне іш жия қоймадым. «Ағаратынымды білген соң ашыққа шыққандары шығар» дегенге ұйғардым.

Ән мен күй қайнап жатқанда екі комсомол бастап, Жақан мен Ақбай кіріп келді. Егер менен «кері төңкерісші блок» іздесе, алдыңғы қатардағы «мүритім» осы екеуі болып табылар еді. Өткен жаздағы маған көп келіп, Оңтүстікке кетуден құтқаруға көмек сұрағандардың да, күздегі күреске тартылудан мені ақтағандардың да алдыңғы қатарында осы екеуі бар болатын. Бұлар содан кейін түгелімен күреске тартылғанын естігенмін. Құмар мен Қапас тіпті әлі де қатты режимде. Ақия, Қапияларына әліге дейін көрістірмейтінін кеше ғана Мақпал айтқан. Бүгін Жақан мен Ақбайдың белсенді комсомолдармен бірге келуін тағы да жақсылыққа ұйғара салдым.

Бірақ, қонақтарымның көбі бір-біріне жалтақтай қарасты. Аңшы көп таудағы қырғын көрген киік лақтарынша өздерінің жүрек дүрсілінен де үркіп, ыта жөнелуге ыңғайланғандай сезілді. Көзіме жүрекшайлы сол панасыз аңдар елестеп, қабырғамды қайыстырды. Көңілім босағанын әрең жасырып сөйледім.

– Жайланып асықпай отырыңдар бауырлар! Осы қыста үйіме қонақ келгенін көргенім осы. Көбіңнің мен үй болып түтін түтеткелі кіргендерің де осы шығар!– дедім әдейі, тыныстарын кеңітіп, көңілдерін орнықтыру үшін. – Тамақ дайындалып жатыр, жексенбі ғой, асықпай шай іше отырыңдар! – Осы сөзбен Мақпалға ымдағанымда дағдысынша Әлия алдымен ұмтылды. Шай үстіне сәй әкеліп, өзі көріп жүрген орнынан түрлі-түрлі бөтелкелерді суырды.

Соңғы меймандар келгенде іргеге шегінген домбыра мен скрипка дастарқанға қайта келіп, қолдан-қолға өте келе Жақанға тұрақтады. Сезім пернемді білетін Жақан «Саржайлаудың»[27] самалын бәсең ғана лүпітіп, шерте бастады. Тыңдай қалдым. Көз астымен бір қарап қойып, ескектете жөнелді. Ақыл шабытындай жайлы самал жанымды тебіренте тербетті. Жүзім қызып, көзім бұлдырап, еріксіз жасаурап бара жатқанын сездім. Бұл құбылысымды көпшілік өзімнен де бұрын байқапты. Жым-жырт бола қалды. Көз шанақтары жасқа толып алыпты. Үнсіз жыласып отырғандаймыз. Аңдушы сұм көздер сұқтана қарап, сыбдырсыз жүгіріп, сыдырта тінтіп-тімтіне қалыпты. Өзімді дереу тежеп, ширай қойдым.

– Қане бауырлар, алып жіберелік!– рюмкамды Мақұлбектен бастап, сұқтардың бәріне қағыстырғандай ишарамен жағалата ұсынып көтердім....

Екі рюмкадан соң-ақ қиыннан қиысқан ширақ өлеңдей ұйқаса қиуласа кеттік. Менің ең сүйікті достарымнан «Саржайлау», «Сарарқа», «Ақсақ киік» орнын – отанын – сенімді ұясын енді тапқандай, басқалардың талабымен еркін шалқып, екі реттен қайталанды. Мен жақсы көретін әндер де домбырамен, скрипкамен қанаттанып қалқып шырқай берді сонсоң. Енді бір аңсағаным, Күлән мен Ақияның Мақпалға қосылып тамылжытатын бал ариялары еді. Ол екеуі күн ашылмай келе алмайды. Нұрияшыма қарап тамсанып қана қойдым...

Осы саяси науқан кезеңнің Бижіндегі арнаулы курсын өткен күзде бітіріп келген бір шоғырлы топ бар еді. Олар түгелімен партия комитеттеріне осы науқанға іс жүргізуші (гансы) болып тағайындалған екен. Әбілемет – Әбдрейім блогы үстіндегі күрестерде күш көрсетіп, аса өктем тиген осылар болыпты. Бұлардың жеңістері жазға салым естілді маған. Қыс бойы қуған қашаған жауларын тұралатып, мойындатып басуға айналыпты. Ең таңдаулы қырандарының бірі болып Жаубасар атты қазақ жігіттің есімі жиы естілді. Жиы естіле жүріп, мәдениет назаратына жиы көрінетін болып қалды. Сұңғақ бойлы жіңішке ғана жылтыр сұр кексе жігіт, біз аула тазалап жүргенімізде қақпадан кіріп келе жатып, қарсы ұшырасқан Мақұлбекті құшақтай алды. Денесіне сәйкес үні де жіңішке екен. Қасымдағы «құйын соққанға» жалт қарадым:

– Үй мынауың Мақұлбекпен қашан достаса қалған?

– Қыс бойы аптасына екі кеш осында болып жүрмей ме. Актив тәрбиелеп жүр. Әр келгенде жеке сөйлесіп, екеуінің «жүрегін алып» қайтады екен.

– Астағыпыр-Алла,– деп қалыппын. – Мынаған тапсырылған жүрек, тазыға айналды деші!...

– Бұған жүрегін алдымен тапсырған осы Мақұлбегің екенін естимін! – «Құйын соққан» бұға күбірледі.

«Мақұлбек жүрегін маған сұрамай-ақ неше рет тапсырып еді ғой!»– дей жаздап, ірке қойдым да ішімнен мөлшерледім: «Жаубасардың мына құшақтауы, алдымен алған жүрегінен пайда тапқандығының белгісі болар!...»

Ертеңіне Құлжанмен де осылай етене амандасқаны көрінді.

Кешікпей «жүрек тапсыру» жиыны зор жүректі залда салтанатпен қайта басталды. Бұл «жауларға» қарсы күрестің қылышын қайрау іспетті дайындығы еді. Активтер қатарындағы көпшілік төмен қызметкерлермен мекеме жұмысшылары түгел қатынасты. Негізгі, басшы қызметкерлердің көбі өзді-өз бөлмелерінде мүлгіді де, күреске бір-бір түсіп шыққан біз, сібірткі, күрек көтере ілбідік. Мүлгігендерге де, ілбігендерге де бұл жиынның сөзін тыңдатпайтын сияқты, жиын залының есік–терезесін мықтап бекітіп алды. Әйтеуір Жаубасардың жарып шыққан ащы дауысын анда–мұнда естіп қалып жүрдік.

Жер сыпыруға соның екінші күні келгенімде ол залдан бірлі-жарым адамның дауысы емес, әдейгідей күрестің ала-тарғыл айқайы естіліп қалды.

– Жүрегін толық тапсырмағандарының үстінен күрес ашып жатыр!– деді «Құйын соққан», мен таңырқай сұрадым:

– Жүректі де күреске салып тартып алушы ма еді?

– «Жүрек тапсыру» дегені, жүректегі қылмыстың қырындысын да қалдырмай, белсенділікпен тапсыру емес пе. Бұл, осы сыннан өте алмағандарын қорқыту жолымен зорлап активтендіріп жатқаны. «Жау боламысың, дос боламысың, жау болсаң, шық былай. Дос болсаң, өзіңді де басқаны да аяма!» дейді екен. – «Құйын соққан» осыны жер сыпыра жүріп күбірледі де. Бір маңызды хабар жеткізетін шыраймен маған жақындап тұра қалып сыбырлады. – Сіздің Есқали осылай қорқыту күресіне ертең, иә, бүрсікүні түседі. Нұралы да бар!

Аңыра қарап қойсам да күлкіге айландырдым.

– Сіз бақсы емес, үлкен сақшы екенсіз. Тыңшы ең зорынан тартқаныңызды біліп қойдым! – Екеуіміз қатар күлдік те, сол айыбымыз үшін айрылысып, екі жаққа кеттік. Аңдитын қожамыз жиында болса да бұлай жасқануымыз, өзімізді де қорқақтық билеп келе жатқаны екен. Бізге қарап тұрған ешкім көрінбеді.

Ертеңіне таңертең қақпа жақты ертерек келіп сыпырғыштадым. Жиынға қатынасатындардың көбі маған көз қиығымен қарап күліп өтті де, кейі қабағын бүріп өтті. Есқали мен Нұралы түксие өтті де, Мақұлбек пен Құлжан тұмсықтарымен қарағандай кеңкие өтті. Қалық атты мәдениет мекемесінің орынбасар бастығы ғана маған бұрынғы жақын ағалық қалпын сақтап, амандаса өтті. Күрсіне барып өз кабинетіне кірді. Күреске әлі тартыла қоймағандығымен бізге де қосылмай, айдар тағылғандығымен жиынға да қатынастырылмай мүлгігендердің бірі осы болатын.

Жиын шаңқылы естілісімен «Құйын соққан» екеуміз басқа кәсіптестерден бөліне сыпырып, сол залға жақындадық. Болжампазымның айтқаны келді: жүрек астында отырған Есқали көрінді төргі терезеден. Сырт айлана бердім. Мақұлбектің дауысы естілді. Өткен жаз басындағы «жекеге табыну» жөнінен айтысқандарын әшкерелеп тұр екен. Оған қосанжар сөйлеген Құлжанның да үні шықты. Жақындай түсіп тыңдағым келді. Солай қарай артыммен шегіне сыпырдым. Ол айтыстардағы Маужушидың табындырушылығын әшкерелеп озған, тағы да осы екеуінің өздері еді ғой, бұл жөнінде Есқалиды қалай қаралағандықтарын білгім келіп еді. Көтеншектей сыпырып екі терезе аралығындағы дауалға тақағанымда «Сторж әпәнді» шыға келді.

– Ана жақты сыпырыңдар!– деп маған бір қарап қойды да «Құйын соққанға» қарап өктем бұйырды: – Жиын тарағанша бұл жаққа келмеңдер!

Сол бұйрықпен жерді «келмеске» қарай сыпырып кете бердік. «Келместі» бітірген соң үйге қайттық.

Содан төрт-бес күн өткенде белсенділерін жасырын нығытып шыңдап қайрау жиындары біткенде сол залға біз де шақырылдық. Ендігісі сол қайралған қылыштарын «жауларына» жұмсайтын нақтылы күрес жиыны екендігін біле келдік.

Зор жүрек сызылған қаратақтаны алып, сол жақ қабырғаға сүйеп қойыпты. Жапсырма ұрандар бұрынғысынан көбейген екен.

«Атақты ұлтшыл, Алашорданың қалдығы, Совет Одағына қарсы, социализмге қарсы банды Қалық Қасқырбай шықсын алдыға!»– деп Жаубасар шаңқылдағанда менің құлағым біте қалды да Қалық алдыға өте қалды. Қалың актив оны не сөзбен қарсы алып жатқанын ести алмай, әйтеуір, ауыздарын кере ашып, жұдырық көтерулерінен ғана, ұрандап жатқандықтарын ұқтым. Біраздан соң Қасқырбаевтың аузы да ашылды. Оның не жауап айтып тұрғаны тағы да естілмеді. Сөйтсе де ықшам ғана қойылған қайратты қалың бурыл шашты жуан басы мен келіскен кең кеуденің иілмегені сүйіндіргендей. Сұлу қараторы толық жүзінің қаны мен күлімдей қарайтын дөңгелек қара көзінің оты да өз қалпын сақтап тұрғанынан қас жауынгерлік көргендей едім. Құлағым ашыла келе тыңдасам, «мізбақпаған» сол бейнесімен барын мойындап, тіпті, дәлелдей мойындап тұр екен: «атақты ұлтшылдығын», бесіктен өзімен бірге шыққан ұлтшылдық екенін, ес білгеннен алашордашыл болғанын, Совет Одағынан социализмге қарсы болғандығы себепті қашқандығын, қашқандығының өзі бандылық екенін мені де сендіргендей сөйледі. (Бірақ, өзі семьясымен Совет Одағының паспортты гражданы болатын).

Жаңа «қылмыстарына» түстен кейін әрең оралды. Өткен жазда «ұлтшылдық идеяның күмандандығымен ғана сайрағандығын», мақсаты, Іле автономиялы облысын мәдениет жағынан өсіріп, «үш аймақты дербес қазақ мемлекеті етіп құрып шықпақ» екендігін сөйлегенде мұрным жирылып кетті. Тез құтылу үшін өзін-өзі түгел өтірік қаралап тұр екен. Тағы-тағысын сұрақ қойылған сайын сыдырта берді. Сол күнді түгел өтірік мойындаумен өткізді.

Ертеңіне таңертең келсек, күрес залының іші-сыртқы қабырғалары қарашұбар «дазыбау»[28] мен қаптала қалыпты. Барлығы Қасқырбаевтің «қылмыс факттері», «Шынжаңдағы алашордашыл ұйым», «кері төңкерісшіл блок», «қазақ империясы», «Маужуши мен Жұңго компартиясын аудармақ»... Бұл нажағайлар Қалық Қасқырбаевтің қара басына ғана емес, Шынжаңдағы барлық қазақ оқығандарына төніпті. Бірқанша дазыбау мен «уәзір» атап күркіреп тұр. «Қасқырбаевтің Биғабілмен байланысы» жөніндегі факттер көп газетті былғапты.

Жауапкер орнына Қалықты бүгін тіпті қатты шақылдап шығарды. Жаубасардың дауысы, байынан нахақ таяқ жеген тозақы қатынның бажылынан да жайсыздау шарқылдады. Құлағыма мақта тығып келсем де қояр емес. Басқалардың құлағы не күн көретінін қайдан білейін, әйтеуір, жанқалтамдағы запас мақтамен қабаттап тығындадым. Сонда да қазан қырғандай естілді. «Зорлап тапсырғаннан өздігінен тапсырған жақсы» деп басталатын нұсқауларын сол дауысымен түгел оқыды.

Қалық дазыбауда қойылған мәселелерге жауап бергенде жайтартқыш болып, бәрін де өз басына тарта берді. Ал, менімен байланысына келгенде мықтылығын тіпті айқын көрсетті: «мен, Биғабілді аса қызыл жүректі жігіт деп біліп келдім. Ол марксизм мен коммунизмді ғана біледі. Өз идеясына жақпайтын пікірге келгенде кескін қарсы тұрып, дереу қағып тастайтын азамат. Сондықтан оған өз мақсатым жөнінен сөз ашқан емеспін. Нанбасаңыздар өзі айтсын!» –дегенінде бірнешеу жұлқына түрегелді орындарынан:

– «Биғабілдің жүрегі қызыл ма!», «дәлелде, төңкеріске қарсы сөз сөйлемейтіндігін!», «қара өзінің қанды ауыз ұяласын ақтап тұрғанын, үй айтшы қане, сол Биғабілің қате сөйледің деп кімнің аузынан қағыпты?»

– Көпшілік, мен өзімді аямай әшкерелеп тұрғанымда басқа ешкімді де аямақ емеспін!– деді Қалық, баяу ғана. – Барды-бар, жоқты-жоқ деймін! Биғабілдің ондай мінезіне, әр күні оның үйінен шықпайтын Мақұлбек пен Құлжан да куә! Биғабілдің зейілдігін ең көп көріп, ең көп сындалатын осы екеуі болатын!...

– Тоқтат ақтауыңды! – Жаубасар шаңқ ете түсті. – Ақтап кете алғаныңды әлі көреміз!... Жолдастар, күресіміз қазір Қалықтың үстінде. Өз мәселесін тапсырсын, көрелік, сабыр етіңіздер!... Сөйле, өз ұйымыңның мәселесін!

Қалық, енді тіпті кеңи сөйледі:

– Менің өз мақсатыма көмегі тиетін жоғары құқығы бар Жағда, Әбілемет, Әбдрейім, Шаймардан қатарлы кісілер мен байланысым көп. Мәселен, автономиялы облыстар мен осы автоном районды құру қызметінде көп сырластықтарымыз болған! –деп бастады да өзінен жоғары қызметкерлермен сол кезеңде сөйлескен ұзақ сонар әңгімесін сөйлей жөнелді. (Бұдан мен, автоном райондық парткомның саяси – заң бужаңы Жағда мен Іле облыстық сот бастығы Шаймарданның да ұшынғанын ұқтым.) Қасқырбаев ондағы «мәселелерінің» парткомдағы күресте әшкереленіп болғанын сезіп, енді өздігінен әшкерелеген болып көрінбек сияқты. Жиын тарайтын уақыт жақындай бергенде тұжырды сөзін. – Көпшілік, менде мәселе әлі көп, байланысқан адамдарым да көп. Сондықтан ауызша сөйлегенде бәрі есіме түсе бермейді. Енді қалғанын жазып тапсырайын!– деп өтінді.

Жаубасар сағатына қарап алып шаңқылдады: Биғабілмен болған байланысын толық жазып әшкерелеуді ерекше нықтап бұйырып Қалықты отырғызды да жол-жорықтарын сықыртып-сықыртып жіберді. Кері төңкерісшілер қаншалық жасырынғандарымен құтыла алмайтындықтарын, мәселелерін жасырған сайын шырмалатындықтарын жарты сағат сөйлеп таратты жиынды. Сол жарты сағатта шатырлатып, нажағайлы нөсердің жарым күндік қаһарын төгіп үлгерді.

Ертеңіне таңертең Жаубасар Мақұлбек сынды активтерін іріктеп алып, басқасын қызметтеріне қайтарды да бізді Самсақ строждың алдына салып берді. Қайта шақырылған Самсақтың айқұлақтана шығуынан дәрежесі қаншалық өскенін мөлшерлей алмай қалып едік. Жантаңдап барып, Қалықты үйінен айдап келді. Біздің соңымызға тіркеп қойып, табан бір сағат «тәрбие бергеннен» ғана түсіндік, мекемесінің орынбасар бастығын «Биғабілмен сөйлескенін көрсе» соттайтын құқық алып шығыпты. «Жазып тапсыратын мәселеңді түнде жазасың. Күндіз, неше жылдан бергі жеген тамағыңды адалдау үшін еңбек істейсің!» деп зекіді Қалыққа. Тозып біткен тұқыл сібірткіні ұстата салып сұрады өзінен,– «ұқтың ба?»

– Ей,– дей шақырды Қалық, – мынауыңмен жеген тамағымды қайтып адалдай аламын?... Сібірткіге түнеукүні біз шығарған ақша қайда? – Жауап бере алмай қалған сторжға оның дәл өзінше зекірді. – Бар, сібірткі әкел!

«Сторж әпәнді» көшеге жантаңдай жөнелді де, күнәкәрлар тобы күлісіп алып, тап-таза жерді тырналай берді сібірткі тұқылдарымен. Осы оңашалықтан пайдаланып, «сөйлессек сотталатын» кісіден зор қалпақ киюге құмартқан жайын сұрай қойдым:

– Сіз соншалық неліктен қараладыңыз өзіңізді?

– Түбінде қараланбай қоймайтын болған соң олардың қара бояулары жұқпасын деп алдын ала боялғаным ғой,– деп күрсінді Қалық. – Жүрек ауруым бар, көп айқай мен ашуды көтере алмаймын!... Ал, мына Жаубасардың тегі кім екенін білемісің? – Қалық менің Жаубасарды танымайтындығымды білген соң өзі таныстыра сөйлеп кетті. – Әкесі бай еді. Гомендаң дәуірінде баужаңдық[29] мәнсап алу үшін бар малын параға шашып, тақыр жерге отырып қалған. Ал, ағасы үш аймақ төңкерісінде соғысқа, иә, қызметке қатыспай-ақ әркімнің знагын ұрлап, жетпегенін қаңылтыр мен қалайдан өзі жасап, «шенге» шапанның екі үгірін толтырып алған. Сонысымен сахара халқын шақылдап қорқытып, тапауат тауып күн көрген. Сол ұрпақтың мына Жаубасары шын мәнсаптың мынадай орайы келгенде кімді оңдырар дейсің!... Дауысы да сол ағасына дәл ұқсапты. Бұл дауысқа менің әлжуаз жүрегім төтеп бере алар ма!... Кейінірек бір жөнімен құтылармын. Ал, өзің сақ бол! Соңыңда тыңшы көп, маңыңда болғандардың бәрі де тергеуге түсті. Сенен қолға тұрарлық мәселе табыла алмай сандалып жүр. Мықты ұста өзіңді!... Халқымыз үшін сен өте қажетсің!

Қалық жерді аттата сыпырып, менен тез алыстады. «Туған ел мұқтажы үшін еңіреп өткен есіл ағаларым-ай!» деген ащы ойымнан көз жасы өніп келе жатқанын байқап, басымды шайқап қалдым да жерді мен де тырналай жөнелдім.

Алып қалған активтеріне сағат онға дейін шаңқылдаған Жаубасар, мәдениет мекемесінің жалғыз «Жипіне» отырып, шоферын иығынан қағып қалды да зырылдата жөнелді. Оның бүгінгі ашуы, кешегі көпшілік алдында байқамай, Қалыққа мені ақтатып, Мақұлбек пен Құлжанды қаралатып алуынан екенін тұспалдадым. «Енді жоғары жағына барып, табысы мен осы сәтсіздігін баяндайды да жаңа нұсқау алып қайтады...»

Жаубасар сол күннің іңірінде мәдениет мекемесінің бастық кабинетіне мені шақыртты. Қарсы алдындағы орындыққа отырғызып, баяу ғана тастады сұрағын:

– Қазір маңайыңда не болып жатқанын білемісің?

– Айқай-сүрен күрес болып жатыр!

– Әп, бәле, дәл солай. Ал, социализмге қарсы өз блогыңда не жаңалық болып жатыр?

– «Бар нәрсе жоқ болмайды, жоқ нәрсе бар бомайды». Жоқ блокта ескілік те, жаңалық та болмақ емес!

– Онан да білмеймін деші. Ендеше тыңда!... Қазір ұйымдастарыңның бірнешеуіне берген тәрбиеміз сіңді, беттері бізге қарады. Өздеріне де, сені де, блоктарыңды да әшкерелеуге кірісті. Сен өзің де жассың Биғабіл. Обалды болып кетпе!... Алдымен өзіңнің өздігіңнен әшкерелеуіңе орай тудырып берейін. Барлық мәселені өзің ашып тастаған болып шық та барып орныңа отыра бер! Қателігіңді танып мойындап, жолдастар қатарына қосыла алсаң, сенен біраз жеміс күтуге болатын интелегентсің!... Өзіңе–өзің қас қылмай, бері бұрыл!

– Өмірімде менің артқа, иә, оңға бұрылған бір минутым да болған емес, Жауке. Бетім үнемі социализмге қараулы. Жақыннан бері сіздердің маған осылай қарап қалуларыңызға таңданамын. Осы қоғамда беті «бері қарап тұрған» қызыл интеллигент жоқ деп ойлайсыздар ма?... Осыны өздеріңіз бір ойлап талқылап көріңіздерші, пролетарияттың қай көсемінде осындай түсінік болған? Олардың өздері қандай ортадан шыққан? Ашып айтайын, бұл сыңар жақты көзқарас! Бәрінен де күмәнданумен бәрін де теріске шығарудың не екендігін, оның қайда апарып тірейтіндігін білсеңіздер керек!... Сіз, толық қызылға айналып келген» ең жаңа кадрымызсіз», осы пікірімді жоғары жаққа жеткізіп беріңізші!

Өзін ойлатып, жұмсатар деген үмітпен айтқан бұл өтінішімді тұмсықтан қойып жіберді Жаубасар, столды шарт еткізіп, шаңқылдай жөнелді.

– Сен, кедейден шыққан интеллигент, өзіңе таңырқа! Компартия күмәнмен іс қылмайды, көреді. Кімнің сойылын соғып сайрап, кім үшін ұйым құрып жүргенге таңырқа! Сайрағаның тұла бойымен «ұлттық мәдениет», буржуазиялық ұлтшылдық! Құрғаның сол мәдениетшілдік желеуімен төңкеріске Маузыдұң идеясына, марксизм–ленинизмге, социализм–коммунизмге қарсы ұйым!... Дәл қазіргі бізге кінә қып жауып отырғаның, жала!... Осындай «қызыл интеллигент» бола ма! Енді не істемексің бұдан артық!...




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 302; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.055 сек.