Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Кэрол Дуэк 27 страница




Біз, бірге келген жиырма қалпақты алғашында руда қазуға бөлініп, әр бірімізге күніне екі куб метрден өндіру міндеті жүктеліп еді. Көрінген көгілдір сұр тастың барлығы 10-15 проценттік руда болып анықталған соң, қырат жоталарынан домалатып түсіріп, арқалап таси беруімізге рұқсат етілді. Жүз неше «тас шоқушы қыздың» шақпақ қант мөлшерінде ұсақталған рудаларын көмірге толған тандырдың үстіне зәмбілмен тасып үюші де біз болдық.

Міндетімізді бұлай көбейткен, полк штабының бұйрығы екен: «оңшыл–ұлтшылдарды» демалдырмай, күндіз-түні істетуге бұйырыпты. Әсіресе маған қатты төнді бұл бұйрық. Мені кезектесіп қинауға тағы да төрт белсенді іріктеліп бөлінді. Түн қараңғы, түтін қою болса да ол төртеуі көз жазбай айдады мені. Мақсат тағы да белгілі, зорықтырып жығып, «еңбекке жат», «Даяужыңға қарсы» деген сылтаумен осы зор полк бойынша күреске тарту, басқа ерікті «жалқауларға» сол арқылы «тәрбие беріп», бәрін қорқытып алу екендігі тағы да мәлім болды.

Үш тәулікті ұйқысыз, ілбіп жүріп әрең өткізіп едім. Жетпіс екі сағаттан соң екі сағат қана ұйықтатып алып, тағы салды жұмысқа. Бірақ, мұндай заңсыздықты көрген соң, кезектесіп істейтін төрт зәмбілдесім босаңси қалды. Жанашырлық көрсетіп, жасырын демалысымды көбейтті. Өз қолымен жұмыс істемейтін бастықтар қанша шақылдаса да сөйтіп, ұйқы жөнінен ұтылмайтын болдым.

Тіміскілеп жүрген кесір сонда да тапты бір күні: басқа «реакциондар» дың бірнешеуі қарлы борандағы жұмыста тұмауратып, қатар жығылыпты да оңшыл-ұлтшылдардың «зор секіріп ілгерілеуге нағыз қарсы жау» екендігін «дәлелдетіп» қойыпты. Зор күрес жиынын автоном райондық үкіметтен шыққан полковниктың өзі түн ортасында келіп, электр жарығымен, үлкен айбармен басқарды. Ауырған «қылмыстылардың» қатарына мені де тұрғызып қойып ұрандады ол. «Шешендерін» түгел сөйлетіп, жүз деген жұдырықты көзімізге төндіріп-төндіріп жіберіп жауап алды. Тұмауратып жатып қалғандардың негізгі көпшілігі, тіпті алдымен жығылғандары активтер болса да бар күнәні қалпақты күркілдеушілерге мойындатты. Бұл қылмысқа менің дайындап тұрған жауабым шипалы еді. Тұмау тигізбегендігімнен бе екен, көзім жұдырық төнсе де сұрақ төнбей, аттап өтті.

Танауларын бырылдатып, тамақтарын қырылдата тұрып, «енді тұмау тигізбеуге», «ауырмай секіруге» ант беріп құтылған «қылмыстылардың» тәубасына үлкен тон киген бір әйел қатты күліп жіберіп еді. Бастықтар төне түсті соған. Енді таныдым, баяғы қолға алынып «жойылған» Сәйда екен. Зейіл бұйрықтар бойынша бұл күлкісі үшін жауап беруге шыққанында ақсай басуынан көрдім. Аяғы ісініп таңылып шықса да «жойыла» қоймапты. Сыңар аяғымен болса да «секіртуге» жіберіп, тас соққызып қойыпты. Күлген себебі, мазақтау емес, лажысыз ыза екендігін екі-ақ сөзбен түсіндірді ол:

–...Бірінші, мұндай жұқпалы тұмаумен ауру мәселесі, жекенің өз мәселесі емес. Жұмыс үстінде ауырғандықтары үшін де күреске тартылғандықтарына, оның үстіне «ауырмай секіремін» деп берген анттарына күлдім. Өлсем де секіріп түрегелемін дегізуге жетіп қалыпсыздар, ха–ха–һа–...а.. екінші, бұлар ауырғандықтары үшін күреске түссе, ауырмай-ақ үш тәулікте екі-ақ сағат демалып істеп жүрген Биғабіл Жаппардың күреске түсетін жазығы не?... Ауырмағандығы үшін бе, бұл күлдірмей ме?...

Сәйданың бұл сөзіне қарсы баяғысынша тағы да ақырып қоя берген активтерін полковник «тұра тұрсын бұл жалап» деген күбірмен елеусіз тоқтата салды. Маған бір қарап қойып, «екеуінің байланысын табыңдар» дегендей болды біреуге. Сонан соң көпшілікті шола қарап, тамағын қырынды.

«Маузыдұң идеясының тоқ қызыл туын биік көтеріп, реакциондарға өлтіре соққы беріп, Англияны басып озу үшін алға!»– деді бар дауысымен. Бұл серінің, сөз соңын әрқашан осындай екпінді ұранмен тұжыратын әдеті бойынша жиынды таратқаны екен деп, суықтан сірескен денемізді қымырлата бастап едік, мұнысы тағы бір жиынның бастамасы болып шықты: «біздің ұлы мақсатымызды мына төрт-бес тонналық домналардың қанағаттандыра алмайды. Ең кішісі он бес тонналық болып қазылсын! Шынжаңымызда көмірмен руда көп!.. Алған мәліметтерімізге қарағанда бұл сайдан ондай зор домна қазу мүмкін емес, су шығып кетеді екен. Енді мына жотаның үстінен қазыңыздар!» деп бастап, мұрат пен таптық күрес жөнінен тағы да екі сағат сөйлеп тоқтады. Аппақ саусақтарын иісмай аңқыған шаңқандай орамалымен сүрте түрегеліп, «қошна» сұлуларын ерте жөнелді сонсоң.

Ұлықтың каракөл жағалы драп пальтосының етегін айтулы артискаларымыздың біреуі қағып-сүртіп бара жатқанына намыстана қарап тұрып қалыппын. «Есіл марксизм ішімнен-ақ осы орайшыл мырзаларға жем болып кетер ме екен?» деген пікір миымды құрсаулай түсті. – «Үлкен қошаметшілер кіші қошаметшілерін қолтықтап қолдап өсіріп-өрбітіп, осы қоғамның төңкерісші – жетекшісіне айнала қалыпты. «Түлкіден төре сайланса, қауырсын жүн көп болады, құс біткен жоқ болады» деуші еді. Социализм осылардың қалқаны болып кетсе, не оңбақ!...»

– Енді біз де аяңдап тұралық!– деп айдаушы төртеуімнің бірі зәмбілдің бір сирағынан сүйрей жетіп келді. Басымды сілкіп тастап, жердегі сирағынан мен көтердім.

Қою мұнарлы таң көтеріле келіп, күңгірт күнін шығара қойған екен. Сонау шығыс теңізден бергі өртенген көмір түтінінен жұмылған күн көзі былшықтанып әрең көрінді. Тамақ қоңырауы соғылды.

Тамақ дегеніміз, момы мен тұзсыз күріш суы еді. Қалпақтылар ара сөйлесу құқығы болмағандықтан асханада олармен бірге отыруды қойғанмын. Ал, Сәйдамен амандасуда кері төңкеріс болатындығын білген соң ол шатырға кіруім де қатерге айналғаны ғой. Сорбұлақтан бір күрешке тұзды су әкеліп, ұйқыдан құтылу үшін қара шайды мол салдым да «құрыш қайнап жатқан» жер тандырдың кенересіне қоя салдым. Бақылаушыма тапсыруым бойынша екі момы мен қант салған сумкамның өзі келді.

Тәулігіне үш рет көретін рахатым осы болатын. Басып қалған қармен оның аязының «домна» екеумізде несі бар. Астынан лаулаған бес тонна кесек көмір малдас құрып отыратын жерімді де жылытып қойған. Жершарының өзін үйітісіп пісіріп жүрген мықты неден тайынбақ, мұз болып қатқан момыны да шала-шарпы үйітіп алып, терлеп-тепшіп отырып соқтым.

Бұл «домна» түтін морлатқанын қойып, ішіндегі жанып болған көмірдің орнына үстіндегі ұсақталған темір тасты тартып, қарнына түсіріп алған. Енді мықтап қыса құшақтайды да құлағына, кем болғанда екі тәулік «сыбырлайды». Ол сыбырының сыпыра реакциондық екенін мен ғана түсінемін: «әйелдердің балғасынан қорқып осыншалық телім-телім болғандары неткен берекесіздік! Сол осалдықтарыңды байқап, көмір "марқұмнан" әдейі күйдірмей қымқырып қалған дәрілерім бар. Содан тартып қана жабысыңдаршы бір-біріңе, өкпе-бауыр, ішек-қарындарың да қосылып, сіресе қаласыңдар. Балғасы түгіл базған-батпанын да жуырманда тыңдамайтын күшке ие боласыңдар. Завоттың домнасы мен Мартен атты уәлилүн тұзақтарынан сендерді осындай мығым ынтымақ күші ғана құтқарады!»– деп сыбырлайды оңбаған тандыр.

Ал, ол сыбырды біздің дүлей бастықтар темірдің еріп, астына төгіліп жатқан сыбдыры деп түсінеді. Осы үмітпен түгел төгіліп болсын деп екі-үш тәулік «сыбырластырады» да бізді түсіріп қаздырып алмақ болады. Бірақ біз «реакцион» болсақ та тас емес, маймыз ғой, қалған қызуынан көмірден де тез өртенетіндігіміз анық. Сондықтан су құямыз. Су құймасақ бес тонна көмірдің бүкіл аумаққа тараған қызуы бір жылсыз бәсейер ме? Біреуіне қаншалық су кеткендігін сонда көр, шелектеп құйған судың қарға адым аттай алмай, быж етіп, аспанға бір–ақ ыршиды!...

Осы оймен мүлгіп отырып, қалғып бара жатқанымда бір айдаушым жетіп келді қасыма.

– Біздің мазалауымыздан енді құтылатын болдыңыз!– деді күбірлеп. – Кеште көрпеңізге кіріп ұйықтай аласыз!

– Қалай?

– Таудың жотасынан қазылатын он бес «домнаның» біреуін Әбілез екеуіңізге жүктеді.

– Бағанағы жиында айтылған зор тандырлар ғой?

– Бес-алты метр тереңдікте қазылса да сол тыныш сіздерге. Кезектесіп қана қыбырлайсыздар. Және тереңдеген сайын жылы болады екен!... Мұны сіздерге ең ауыр міндет деп артып отыр...

Зор сауда капиталынан туып, оңшы қалпағын киген Әблез саудагермен сөйтіп қосақтала қалып, керке, кетпен, күрек алдық та тұсымыздағы биік керіш жотаға өрледік. Бір-біріне амандастырмайтын «оңшыл ұлтшылдарды» бұлай еркін жамыратудағы сырды іздедім мен. Мына саудагерді маған тайнилікке салған шығар деген күдік пайда болды.

– Анаңны...лер істерін енді тіпті бұзды!– деп күбірледі Әблез. –Нәпсісі өрлеп, араны ашылған сайын алжыды! Бұл шоқыға көмірмен руданы әсіресе суды қалай шығармақ?

– Одан қам жемеңіз, еңбек күші көп, бәрін өзіміз істейміз!– дей салып едім, өршелене түсті.

– Еңбек күші көп дейсіз бе Биғабіл әфәнді?... Көп болса, оқуға жаңа ғана түскен кішкене балаларымыздың қолындағы әліпбесін жұлып алып, қыс ішінде тас арқалатқаны не? Егінді диқандардан айырып қуратып, дән алдырмай семдіргені несі?... Халыққа мына дашқалын[49] жегізбек пе?... Атом бомбы жегізбек пе?

Күліп жібердім. Бұл пікір, таптық жаулықтың пікірі емес, ып-рас. «Бірақ, капиталистерде әсіресе оның саудагерлерінде опа болушы ма еді!».

«Құрыш – маршал» жетіліп шықса, бәрі табылады!– дей салдым әдейі. Бұл, оның шабына от тастағандай жауап болды. Менің жүзіме қарағанда қушық сарғыш жүзі күреңітіп, сұрғылт көзі ұшқын атты.

– Сол маршалыңыздың не беретіндігін, өзіңіз ашаршылықтан шиқылдағаныңызда көресіз!... Мына Үрімжідегі склаттың халықтан былтырғы жиған «момысы» бітуге қанша уақыт қалғанын білесіз бе?

– Әбе, онда біздің ісіміз болмасын, жұмысымыз міне!– деп күле көрсеттім жұмыс орнымызды. «Техниктер» сызып кеткен жер тандырдың кеңдік – тереңдігі мен ауыз кеңдігін қағазға жазып ала кірістім іске. «Мынау не оқыған неме?» дегендей адырая бір қарап қойған Әбілез, сызылған жерді керкемен шапқылай жөнелді. Сырт бейнесі талдырмаштау көрінгенімен қарулы шықты өзі. Жұмысқа тақыстық–саудагерлік көрсетпеді. Мінезіміз сөзде келісе алмай қалғанымен жұмыста тең қимылымен табыса кеттік. Ол, тас пен керішті керкелеп босатады да сыртқа күрекпен мен лақтырамын.

Алғашқы сөзін қарсы алмағандығымнан Әбілез ол жөнінен ауыз ашпай қойып еді. Жер қабатына тереңдеп кіріп алуымызды күтіп жүр екен. Тандыр қарынын үңігіп кеңіте қазып, үш күнде үш метір тереңдікке жетіп алған соң сайрай жөнелді.

– «Темір–болат жетіссе, бәріне жетісеміз» дедіңіз бе Биғабіл әфәнді? – Отыра қалып қайта бастады дауын. –Үкіметтің үгіті осы ғой!... Темір деген неме соншалық қымбат па?... Сіз енді тыңдап көріңіз, мен есептеп берейін!.. Жұңгоның басқа өлкелерінде өртеніп жатқан көмірмен ысрап болған мағданды[50] былай қойып, бір Шынжаңның өзінен өртенген көмірге ғана басқа мемлекеттерден қанша миллион тонна темір–болат келетіндігін білесіз бе?...

Бәрінің халықара бағасын біліп алған саудагер, тандыр қарнына сызып есептей сөйлеп келіп, біздің өндіріп жатқан мына дашқалымыздың әр тоннасының құнын басқа елдің төрт жарым тонна сап темірінің құнына теңеді.

– Ал, біздің мына дашқалымыздан не шығады? –деп тағы төне түсті маған. – Бұл біздің жиған табиғи мағданымызша біркелкі паршаланбайды. Сондықтан завот домнасы қабылдамайды, көресіз әлі!... Демек, темір мағданымыз түгіл қанша миллион тонналап өртенген көміріміз, біздің бүкіл халықтың еңбегі, өмірі, балаларымыздың оқу жасы бір тиын құнсыз сырап болмадыма осы дашқал үшін!... Осы маңдағы бұрын жекелер қазған көмір құдығынан көмір шығаруға барып түскен азаматтарымыздан қаншасын тас басып өлтірді, білемісіз?... Осы дашқал үшін «секіріп» жүріп, биыл астықсыз қалдық. Келер жылдарда болмай қоймайтын ашаршылықтан қаншамыз қырыламыз, білемісіз?..

Бұл саудагердің маған тыңшы болып қосылмағандығын, дірілдеген жүзінен, құтырған көзінен түсініп, күліп жібердім.

– Ал енді осы сұрауларыңызды менің көзіме ұрғанда не шықпақшы, соныңызды айтыңызшы?

Әбілездің өзі де күліп жіберіп, басын шайқап-шайқап қалды.

– Інім, менің басыма осы істердің ешқайсысы симай, нервный болып барамын, кешір!– деп күрсінді. – Әлгі батпиған бұрқандарына айтатын дауымды, өзімнен бетер сорланып жүрген саған айтыппын ғой! Бүйтіп бүкіл ел халқын бекер қинағанша, жер байлығын бір тиын пайдасыз құртқанша қазірше қажетті темірін, осы бекер өртеніп жатқан көмірге ғана айырбастап басқа елден ала тұрса, иә, мына досымыз Совет Одағынан сатып ала тұрса болмас па еді! Заманауй өндіру техникасын план бойынша өркендете жатпай ма!

– Құрыш–темір өндіру жөнінен осылай жанпидалықпен «секірмесек», басқа державалардан қалай озбақпыз? Олардың державалық құдіретіне қалай таласа алмақпыз? –Бұл сұраулы жауабымды аңыра тыңдаған Әблез бір шақта басын изеп-изеп қалды да жымия қарады маған.

– Ұқтым, дәмесі жиянгерлік бәсекесінде екен де!... Сіздерде «түк таппаған буаз итін жүгіртеді» деген мақал бар емес пе еді, ха–ха–ха–һа...а.. өркендеген өнеркәсіпті державалардың заманауи домналарын кәдімгі жер ошағымызбен-ақ басып түсіп, бәрінен зор держава болмақ екенбіз де!

– Сіздерде «өзіңде қанат болмаса ұшуың мүшкіл» дейтін мақал да бар,– деп түзету айттым. – Сауда табысын ғана ойлай бергенше әредікте осындай саяси пайдасын да ойлап қойсақ, нервіміздің ушықпауына пайдасы тиеді!

– Тесіп өтеміз деп алдыға сап тұмсығымызды бұзғаны бізге саяси пайда болмақ па?

– Бізге саяси пайдасы болмаса да саясында бірер түн тыныш ұйықтатар ма екен дейміз дағы!

Екеуіміз қатар күлдік те қатар күрсіндік. Ұйқы жағынан тартып жүрген қиыншылығымыз қатарлас қой...

Жылы құдықтан кешке жақын бір-ақ шығып едік. Сырттағы «пешкалар» жаппай сарпалтаң жүгірісте екен. Көмір тасыған машина-тракторлар үлкен тандырлар қазылып жатқан осы жотаның етегіне әрең жетті. Түсірген көмірді бір рота «пешка» зәмбілмен мықшыңдап жоғары тасып жүр. Біздің әр жотадан тасыған темір тасымызды енді осы жотаға арқалап тасып тағы бір сорлы рота шұбырыпты. Полковник–комбаттар жақын бір жотаға шығып қарап тұрғандықтан рота бастықтары өзді-өз роталарын қузап жүгіртіп жүр екен... Олардың қожа алдындағы қаншық жағымпаздықтарына қарсы сұм «пешкалар» қасақана тайғанап жығылып, арқаларындағы тасты етекке қайта қашырады да, соңынан қуып, етекке қайта түседі. Рота бастықтары сол қашқан тастардан қаша жүріп, тағы ақырады «пешкаларға»...

– Өздерінің тандырды жотадан қаздыруының қаншалық ақымақтық екенін енді де түсінбес пе екен!– деп күбірлеп едім, Әбілез қызынып даурыға кетті.

– Шелекпен су тасып сөндіре алмағанда болмаса, бұл қателіктерін көре қоятын көз бар ма оларда!

– Ақырын сөйлеңіз!– дей сала тандыр аузындағы топырақты кетпенімен тарта бердім. Кешкі тамақ қоңырауы соғылысымен таудан бізде домалап түстік. Көп адамның таптауымен жота қапталындағы қар расында да көк тайғақ мұзға айналыпты. Түрегеп жүріп түсуден көрі домалауымыз өнімдірек болды.

Бұлақ бойындағы әлі де жалындап «сыбырласып» жатқан тандырдың біріне келіп тамақтанып отырғанымда «жиылыңдар!» деп айқайлаған бұйрық шықты. «Қош хабар – қош хабар!» деп қосанжарлады бір бастық. Үйімізге қайтаратын хабар келді ме екен деген үмітпен тамақтарын тастай жүгірді көпшілік, келе тізіліп қатып тұра қалысты. Бастық қуанышын құрсағына сиғыза алмағандай, алқына сөйлеп жеткізді қош хабарын: Маужуши партия орталық комитетін дербес басқаруға шығыпты да, қосымша істеп жүрген үкімет төрағасындық қызметін Люшаушиға өткізіпті. «Үкіметтің көп қызметінен ажырамасам, марксизм-ленинизмді зерттеуге уақытым жетпей қалды» деген өз талабы бойынша ауысыпты.

– Маужушидің бұл данышпандық талабы марксизм-ленинизмді сөзсіз дамытады. Бұл, біздің ең ұлы жеңіс!... Жасасын ұлы Маужуши!... Социализмді зор табыспен іске асырып, коммунизмге секіріп өтеміз! Жасасын теңдессіз данышпан көсем Маужуши!..

Комбатымыздың шектерінде құжынаған қошамет құрттары осындай ұраннан жеті-сегізін қабаттап айқайлағанда әрең тынышталғандай, тамағымызға қайта қайтарды. Бұрын Маузыдұңмен қатар ұрандалып келген Люшяушидің аты үкіметтің бірінші жушилығына тағайындалған күнгі бұл ұранынан мақұрым қалуынан, қалпақ астындағы көздер алара түскені байқалды. «Бұл кісіге бір қалпақ даярланып қалғаны ма?» дейтін күбірлер де бар. Марксизмнің Жұңгодағы ашық көзді ғалымның партия орталық комитетіндегі басшылық қызметінен шеттетілуі мені де алаңдатты. Қараңғы жатағыма үнсіз кіріп шешініп жаттым. Көрпелеріне кіріп ап күбірлескендер ол туралы «Пыңдыхуайды қолдаған» дегендей жорамал айтып жатыр екен. «Онда» үкімет бастығы деген қуыршақ атақ беріп сақтай тұрмақ болғаны» деп қалғандай болды біреуі.

Әсіресе солшылдардың бұл жеңісі бізге бұдан да зор апат төндіретіндігін ойлап қынжылсам да, осында келгелі көрпеме шешініп кіргенім осы болғандықтан тұяқ серппей қатыппын. Бастықтардың таңға жақын қораздан бұрын шыңғырғаны бір-ақ оятты. Қайталап істететін жұмыстары бүргеше талап, ұйықтатпай қойған көрінеді.

Таң белгі беруден әлдеқайда бұрын қараңғы құдығымызға қарай жүгіріп едік, сыртта істейтін көп «пешкамен» бірге бізге де теміртас арқалатып жөнелтті. Кешегі тайғанап домалап түскен тік қапталға қайта өрлегенімізде қатердің зорына тап болдық. Алдыңғы жағымыздан тайғанап жығылғандардың көтерген тасы арттағыларға ажал боп төнді. Адам бейшара құлаған жеріне төрт аяқтап жабыса қалса да үстіндегі тас ылдиға қарай сақылдап жолбарысша атылады. Ажал қалай беттегенін түтінді түннен көре алмай, бәріміз шулаймыз. Екі жақ бүйірімізде көмір тасыған зәмбілшілер де осылай шуласып жүр.

Ұйқылары қаншалық керең болса да шуылымыздан полковник–комбаттар шошып оянған-ақ шығар. Бірақ, айқайлап, иә, біреуді жіберіп болса да қараңғыдағы бұл жұмысты тоқтата тұруға бұйырған ешкімі болмады. Жерге жарық түскенде екі «қолбасшы» қатар мамырлап етектегі тандыр жаққа келді. Тас соғып сұлатқандарды санап автомобильге тиеткенін көрдік. Сонда да «құрышты» тау басында «қайнату» бұйрықтарын тоқтатар емес. Тек жотаға тасу жұмысын ғана күндіз жарықта істеуді тапсырып қайтыпты.

Басқа көрдегілер не десіп жатқанын кім білсін, Әбілез екеуіміз кегімізді жұмыстан ғана алдық. Қазған жер тереңдеген сайын күрең сабын да ұзарта түсу қажет екен. Құрықтай күрекке өзім де машықтанып, өлшеммен ілген топырақтан үстімізге түйір түсірмей лақтыратын шеберге айналдым.

Люшаушидің осы ауыстырылуы мен осы даяужыңның арқа көрінісі жөнінде екеуіміз кейде келісіп, кейде керісіп жүріп, тандырымызды алты метір тереңдікке жеткіздік. Техник келіп көріп, жиырма тонна көмір сиятындығын айтты. Енді етек жағынан жыралап қазып әкеліп, тандырдың түбінен бір метір тереңдіктен желдеткіш тесіктер шығаруға кірістік. Бізден басқа «көр тышқандарда» сыртқа шығыпты. Бастары сол жотаны айлана қылтыңдап, тау үстіне тау болып үйілген топырақтарын бұрқылдатып жатты.

Төменгі тандырлардың әлі өшіп болмаған отын екі группа су төгіп өшіруге түскі тамақтан соң кірісіп еді. Айқайласып – даурығысып кетті кешке жақын.

– «Төрт жүз шелек су құйдық!», «бес жүз шелек су құйдық!», «әлі бұрынғысындай борылдайды, өшер емес!»– деседі.

– Суға өшпейтін от бола ма, құйыңдар, құя беріңдер!

– Үй, бұл тандырларға су жақын, қанша құй десеңдер де құя береміз. Ал, анау жотадағы жиырма тонналық тандырларды қайтпексіңдер? Соны ойламайсыңдар ма!

– Оны ойлайтын не бар, бастықтар ойламай қаздырама, жұмыстарың не онда!

– Оған да су құятын біз, неге ойламаймыз! Мына тандырдың салқындауы үшін мың шелек су қажет болғанда олардың әрқайсысына бес мың шелек су қажет! Соншалық суды сонау биікке немен жеткізбексіңдер!

– Ол жотаның қары да аяқпен тозып біткен. Машина шыға алмайды, оған су тартып шығаратын күшті насос та жасалмаған! Сондықтан мына ахуалға қарағанда өліп-өшіп шығарған жарым-жарты шелектерімізге ол тандырлар ендігі жылы да өшпейді! Бастарыңмен ойлап көрмейсіңдер ме!

– Ойламай партия бұйыра ма!

– Басым кетсе де айтайын, мына бастықтар өртетуді ғана біледі, өшірудің жөнін әлі ойлаған жоқ!

– Ей, саған да жұқтыма, күреске түскің кеп тұр ма?




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 307; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.043 сек.