Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

КІРІСПЕ 3 страница. Демокрит (б.з.д. 460 - 370 жж.) - ежелгі грек материалист - философы, Левкипптің шәкірті




Демокрит (б.з.д. 460 - 370 жж.) - ежелгі грек материалист - философы, Левкипптің шәкірті, гректердің тұңғыш энциклопедист ойшылы. Демокрит - атомдық көзқарастың негізін салушылардың бірі. Ол дүниенің бастамасы ретінде екі негізді-атом мен бос кеңістікті алға қояды.

Атомдар бос кеңістікте бір жерден екінші жерге ауысып, үздіксіз қозғалып отырады. Осы қозғалыс процесінде олар бір - бірімен қосылып, тұтас материяны құрайды: отты, суды, жерді тудырады. Атомдар - болмыс, ал бос кеңістік - болмыс емес.

Демокрит танымның материалистік теориясын дамыта келіп, адамның санасы - обьективті түрде атомдардың сезім мүшелеріне жасайтын әсерінің нәтижесі деп есептеді. Дүниені танып - білудің екі түрін көрсетеді:

1. Сезім арқылы танып – білу.

2. Ақылмен танып - білу.

Демокрит біздің сезім мүшелеріміз - көру, есту, иіс сезу, дәм білу, тән сезімдеріміз - заттар мен қозғалыстардың бәрін бірдей қабылдай алмайды, дүниеде шексіз ұсақ нәрселер бар, адам оларды ақыл - ойы арқылы ғана тани алады.

Демокриттің атомдық теориясы көптеген ғасырлар бойы ғылымға жол көрсеткен ілім болды. Оның материялық атомдардың объективті өмір сүретіндігі туралы жалпы философиялық көзқарасы ғылым мен филосогфияның тарихында орасан зор маңызға ие. Демокриттің көзқарастарын Эпикур мен Лукреций Кар әрі қарай дамытты.

Софистер (гр. Sophists - өнерпаз, дана) - «даналықтың», «шешендіктің» кәсіби ұстаздары ретінде саналған ежелгі грек философтарын осылай атаған. Олардың халықты риторикаға, философияға үйретудегі атқарған еңбектері зор. Діннен бас тарту, табиғат құбылыстарын ұтымды түсіндіру, этикалық және әлеуметтік релятивизм - олардың ортақ көзқарасы болып табылады. Софистер екі топқа бөлінді: «Аға софистер» - табиғатты материалистік тұрғыда түсіндірді. Бұл топтың өкілдері - Протагор, Гиппий, Продик, Антифондар - алғашқы ағартушылар. Екінші тобы - «Кіші софистер» (ақсүйектер тобы) – Филолай, Гипподам, Критий - философиялық идеализмге ден қойғандар. Софистер дау кезіндегі кейіпке байланысты пайда болған «Софистика» деген әдісті қолданды. Софистика – дауласу немесе дәлелдеу кезінде қисынсыз пікірлерді, софизмдерді, яғни сырттай ғана дұрыс болып көрінетін айлаларды саналы түрде қолдану. Сондықтан да Аристотель оларды «жалған даналық» ұстаздары деп атады.

Антикалық философияның екінші - классикалық кезеңі - ерте грек философиясының кемелденген, гүлденген кезі болды. Себебі, Платон мен Аристотель өздеріне дейінгі философияны біртұтас ғылымға айналдырып, жүйелендіре түсті.

Сократ (шамамен б.з.д. 469 - 339 жж.) – ежелгі грек философы, оның ілімі материалистік натурализмнен идеализмге ауысу кезеңін бейнелейді. Афиныда ғұмыр кешіп, одан Платон, Евклид, Антисфен, Аристипп секілді ұлы адамдар дәріс алады. Сократ ілімін тек Платон мен Аристотельдің айтуы бойынша ғана білеміз. Сократ әлем құрылымдарын, заттардың физикалық табиғатын танып білу мүмкін емес, біз өзімізді ғана танып білуіміз мүмкін дейді. Танымның мұндай түсінігін Сократ «Өзіңді танып – біл» формуласы түрінде өрнектейді. Білімнің ең жоғары міндеті теорияда емес, тәжірибеде, яғни өмір сүре білетіндігінде. Сократ этикалық ұғымдарды (әділеттілік) анықтау мен жалпыландырудың үлгісін жасады. Ұғымды анықтаудан бұрын әңгімеге жол берілуі керек, соның барысында бірнеше сұрақтардың көмегімен әңгімелеушінің сөзіндегі қайшылықтар анықталмақ. Бұл орайда Сократ майевтика (сөйлесу өнері) әдісін ұсынады. Сократтың этикасы рационалды: жаңсақ әрекеттер білместіктен жасалады, ешкімде өз еркімен зұлым болмайды. Адам өзіне үңілген сайын, өзінің білімсіздігін аңғармақ. Сократқа жүгінсек «Менің білетінім ештеңе білмейтіндігім» қағидасының мәні ашыла түспек.

Платон (б.з.д. 428/427 – 348/347жж.) - ежелгі грек философы, Сократтың шәкірті, объективті идеализмнің негізін қалаушы, диалогтар ретінде жазылған 30 - дан астам философиялық еңбектердің авторы. («Парменид», «Теэтет», «Мемлекет», т.б.) Дүниеге идеалистік көзқараспен қараған Платон сол заманның материалистік ілімдеріне қарсы белсенді күресті.

Платон объективті идеализмнің жүйесін жасады. Сезім арқылы қабылданатын «заттар дүниесіне» «идеялар дүниесін» қарама - қарсы қойды. Идеялар объективті түрде табиғат пен қоғамға тәуелсіз өмір сүреді. Нақтылы «заттар дүниесін» Платон көлеңкелер дүниесі деп атады, өйткені заттар дегеніміз идеялардың көшірмелері, көлеңкелері ғана деді. Идеялар дегеніміз заттардың мәңгілік бейнелері, оларды ойша «сезілетін заттар» ғана көреді.

Адамның жаны, рухы тәнге тәуелсіз о дүниеге идеяларда өмір сүреді. Ол материялық емес, мәңгілік нәрсе. Адам бойына уақытша ғана қонақтап, кейін тәннен ажырап, өзінің мәңгілік әлеміне қайта оралады. Платон философиясында «идеялар дүниесі» – «Эйдос» деп аталады.

Сезімдік дүние «идеялар» мен «материяның» туындысы, арасында, екеуінің ортасында тұрады. «Идеялар» мәңгілік, аспаннан да биік, олар туылмайды, пайда болмайды, өлмейді, салыстырмалы емес, кеңістік пен уақытқа тәуелді емес. Платон ілімі философияның кейінгі уақытта өркендеп, дамуына көрнекті роль атқарды.

Аристотель (б.з.д. 384-322 жж.) – ежелгі грек философы, логика және басқада көптеген ілімдердің негізін қалаған энциклопедист - ғалым. Әлем бойынша бірінші ұстаз атағына ие. Франциядағы Стагирда туған, Афиныдағы Платон мектебінде тәрбиеленді. Платонның денесіз форма жөніндегі («идеялар дүниесі» пікірін) теориясын сынаса да «идеализм мен материализм» арасында екі ұдай күйге түсіп платондық идеяны толықтай жоққа шығара алған жоқ. Аристотельдің айтуы бойынша рух тәннен бөлінбейді, тән өлгенде жан да жоғалады. 335 ж. Афиныда өз мектебін (Ликей деп аталады) ашты. Аристотель философияны үш салада бөліп қарастырды: 1) теориялық бөлімі – болмыстың кезеңдері, себептері мен түп негізі турасындағы ілім; 2) практикалық бөлім – адамдардың іс-әрекеті жөнінде; 3) поэтикалық бөлім – (творчество) шығармашылық жөнінде. Ал ғылымның зерттейтін объектісі – адамның ақыл - ой өрісі жететін дүние.

Аристотель табиғатты «материяның» «формаға», «форманың» «материяға» біртіндеп ауысуы түрінде қарастырды. Алайда материядағы қозғалыс бастамасының баяулығын байқап, түбінде қозғалыстың түп төркіні мен мақсатқа келіп тірелетін форманың белсенділігіне баса назар аударды. Қозғалыс атаулының түп төркіні – «өзі қозғалмайтын, қозғалтуға түрткі болатын» - Құдай деген тұжырым жасады.

Адамның ақыл - парасатының қабілетін этикадағы ең жоғарғы қозғаушы күш деп тапты. Аристотельдің моральдық үлгісі – Құдай, яғни «өзін ойлайтын ой» - нағыз кемелденген философ.

Антикалық философияның үшінші кезеңі Римдік – эллиндік кезең (б.з.д. 3ғ – б.з. 6ғ.). Платон мен Аристотельдің философияға енгізген орасан зор еңбектері мен жаңалықтарынан кейін философия айтарлықтай беделге ие болып, дәрежесі өсе бастады. Бұл жағдай «Эллиндік дәуірдің» өркендеп, гректік ойлау ерекшелігінің Жерорта теңізінің барлық территориясына таралуына септігін тигізген еді. Мұнымен қоса, Александр Македонскийдің бірнеше елді мекендерді жаулап, сол жерлерде жаңа мәдениетті жасауы болды.

Бір жағынан грек ойшылдарының философиясы жан - жақты таралып, қанат жая өркендеп өсуі - сол замандағы адамдардың өз өмірлерін жақсартуға деген құлшыныстарына да тікелей байланысты болды, өйткені, олар «қалай өмір сүру керектігін» білу үшін, «данагөй» болуға тырысты. Соған орай философия жүйеленіп, догматикалық сипатқа ие бола бастады. Қалаған мектебінен, ұстазынан білім алатын жағдайға жетті, себебі әр түрлі философиялық мектептер қалыптаса бастады. Ерекше сипатқа ие болған философиялық мектептер қатарына стоиктер, эпикуршылар және скептиктерді жатқызуға болады. Мүмкін, Сіз, философияның барлық бағыттарын меңгеріп, олар туралы білетін шығарсыз, бірақ қайсысын таңдар едіңіз, әрине, күнделікті өміріңізде қолданатын болғандықтан. Адам өмірінің жандануы мен құлдырауы жөніндегі мәселе сол кездегі негізгі философиялық сұраққа айналды. Бұл сұрақ ақиқатқа жетудің жолын емес, бәрінен бұрын қалай жақсы өмір сүруге болады деген мәселенің шешімін іздеді. Міне, осы сұрақ төңірегінде өрбіген стоик, эпикуршыл және скептиктер секілді ағымдар өздігінше жауап беруге тырысты.

Сіздің басыңыздан мынадай жағдай өтті ме: жақсы не жаман сәттер, оқиғалар болуы мүмкін, бірақ сіз осы жағдайларға салқынқандылықпен қарап, тіпті назар аудармайсыз, егер солай болса, онда сіз Стоиксіз. Сіз стоик ретінде болып жатқан барлық құбылыстармен оқиғаларға билік етіп, оларды қалағаныңызша өзгерте алмайтындығыңызды түсінесіз. Ал, қаншалықты билігіңіз жүрмегендіктенде, болған істі өзгертуге тырысудың қажеті жоқ.

Стоиктер («стоя») мектебі. Аталған мектептің негізін салған Китиондық Зенон. Өкілдері Сенека, Эпиктет, Марк Аврелий. Стоиктердің басты идеясы – сыртқы дүниенің түрлі әсерлерінен құтылу болды. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін философтар табиғатпен бірлікте болуға шақырып, байлықты, әсемдікті жақтады. Жағымсыз әлде қуанышты сәттер болсын, салқын қандылық таныту керек, жағымсыз, жан дүние - өтпелі, сондықтанда одан құтылуға асығудың қажеті жоқ.

Сенека (б.з.д. 4 ж.ш. - б.з. 65ж.) - римдік стоицизмнің өкілі. Император Неронның тәрбиешісі және соның үкімі бойынша өзін - өзі өлтірген. Грек стоиктерінің пантеизмін сақтап, дүниені математикалық бірлікте және зерделі тұтастықта қарастыра отырып, Сенека негізінен этикалық-ғибраттық мәселелермен айналысады. Егер этикалық - ғибраттық мәселенің шешімдері дұрыс табылса, рухтың тыныштығы мен тұнықтығына қол жеткізе аламыз деп тұжырымдады. Ол өзінің жеке адамдық этикасын қоғам және мемлекет міндеттерімен байланыстаруға тырысты. Сенеканың этикасы христиандық идеологиясының дүниеге келуіне үлкен ықпал етті.

Марк Аврелий (121 - 180жж.ш.) - философ, стоик, Рим императоры (161 - 180жж.). Өзінің философиялық көзқарастарын «өзіме арнаймын» деген жалғыз шығармасында афоризмдер түрінде баяндаған. Оның түсіндіруі бойынша стоицизм діни - мистикалық сипатта көрінеді. Құдай - тіршілік атаулының түп атасы. Ол-тәні өлгеннен кейін, тіпті пайда болсада жеке сана-сезімнің өзіне ұласып кететін дүниежүзілік ақыл - парасат. Өзіне - өзі терең үңілуге, құндылық тұрғысынан жетілу мен тазаруға шақырады. Марк Аврелий философиясы христиан дініне үлкен ықпал етті, бірақ императордың өзі христиандарды аяусыз қудалаған болатын.

Эпикуршылдар мектебі – негізін салған Эпикур. Ірі өкілі Лукреций Кар. Мектепті эпикур бақшасы деп те атайды. Ол Эпикур үйінің артында орналасқан бақшамен байланысты. Осы бақшада шәкірттер білім алып, сол жерде өмір сүрген. «Атараксия» (гр. «ataraxia» – сабырлылық, жан тыныштығы, оған дана адамдар ғана қол жеткізе алады). күйіне жету үшін шәкірттерді бақшадан тысқары шығармаған. Эпикур өмірден өткеннен кейін, мектепті шәкірті Гермарх басқарады.

«Өмірдің мәні – бақытты болуда» дейді Эпикур. Өмір сүрудегі ең негізгі мақсаты – жан тыныштығына жету. Эпикуршылдар – жан тыныштығына жетудің, саналы түрде қайғы – қасіреттен арылудың жолын іздестірушілер.

Танымның мақсаты - адамды надандық пен жоққа сенушіліктен, құдай мен ажалдан қорқудан арылту, ал мұнсыз бақытты болу мүмкін емес. Эпикурдың ойынша, Құдай адам өміріне араласпайды, сондықтан, ол туралы ойлап, бас қатырудың қажеті жоқ, себебі жоғары жаратушы күшке сену – азаптанудың көзі. Эпикур құдайға сенбегендіктен, Жаратушы күш адамдардың өміріне, іс-әрекеттеріне араласпаса, онда адамзат баласын не үшін жаратты деген ойға келеді. Әлем, адамзат баласы қалай және не үшін жаратты деген сұраққа жауап іздеу барысында «Дүние – атомнан құралған» деп тұжырымдаушы Демокритпен танысады.

Эпикур – Демокриттің атомдық көзқарасын жалғастырып, толықтырулар енгізеді. Эпикурдың ойынша бос кеңістікте бірдей шапшаңдықпен қозғалатын атомдардың соқтығысуы мүмкіндігін түсіндіру үшін ол атомның тура бағыттан спонтанды (іштей шартты) «ауытқу» ұғымын көрсетті. Таным теориясы бойынша Эпикур – сенсуалист. Түйсік әрқашан өзінен - өзі ақиқат, өйткені ол объективті нақтылықтан туады; ол қателіктер түйсікті түсіндіруден туады. Түйсіктің пайда болуын Эпикур материалистік тұрғыда былай деп түсіндірді: дененің бойымен өте майда бөлшектердің үздіксіз ағысы жүріп, олар сезім мүшелеріне енеді және заттардың бейнелерін туғызады.

Эллинизм кезеңінің үшінші мектебі – скептиктер болды. Скептицизм (гр. Skeptikos - сынаушы) – объективті шындықты танып - білудің мүмкіндігіне шүбә келтіретін философиялық концепция. Скептицизмнің соңы – агностицизмге әкелді. Алғашқы скептик Пиррон (б.з.д.360- 270 жж.ш.) – ежелгі грек философы, антикалық скептицизмнің негізін қалаушы. Оның айтуынша ешнәрсеге сенімді болмау керек деп үйретті. Ол бақытқа жетудің жолын іздестіреді. Бақыт – сабырлылық, жан тыныштығы және азаптың жоқтығы. Біз заттар туралы ештеңе біле алмаймыз, сондықтан олар туралы қандай да болмасын пікірлерден бойымызды аулақ ұстағанымыз жөн: мұндай қадамға бару – жан - дүниенің тыныштығына қол жеткізеді. Соған орай скептиктер мынадай жағдайларға байланысты пайда болды деп айтуға болады: адамның (догмасы) ақиқат деп жүрген ой - тұжырымы шындығында қателік, жалған болып шығуы мүмкін (Догма – ақиқат, шын деп есептелетін идея немесе идеялар жүйесі). Өкілі Секст Эмпирик.

Ежелгі грек жерінде пайда болған философиялық мектептердің әлемдік дәрежеде алар маңызы мен мәні ерекше.

 

БАТЫС ЕУРОПАЛЫҚ ЖӘНЕ АРАБ – МҰСЫЛМАНДЫҚ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ФИЛОСОФИЯ

 

Ортағасырлық философиясы (батыс Еуропа елдерінде) – Рим империясының күйреуімен байланысты (5ғ.) капиталдық қоғамның алғашқы формалары пайда болғанға дейін (14 - 15ғ.) өмір сүрді. Ортағасырлық философия дінмен байланысты дамыды. Тіпті философияны – діннің қызметшісіне айналдырып жіберді. Философия діннің шырмауынан шыға алмады.

Ортағасыр кезеңінде креационизм және эсхатология идеялары айқын байқалады. Креационизм (лат. Creatio - жарату, жасау) - әлемді бір күш жаратты, ол – біреу, жалғыз деп тұжырымдайтын пікір.

Эсхатология (гр. Eschatos - соңғы және logos - ілім, сөз) - әлем және адамзат тағдырының ақыры, соңы туралы, ақырзаман бар деп пайымдайтын ілім. Эсхатологияның ұғымына табиғатта жасырын әрекет жасайтын күштің бар екені, қайырымдылық пен зұлымдықтың күресі туралы, о дүниеде күнәһарлардың жазаланатыны және діндарлардың рахатқа бөленетіні жөніндегі ежелгі түсінік енгізілген. Кеңейтілген формасында эсхатология христиан, мұсылман діндеріне тән.

Батыс Еуропа елдерінде христиан дінінің кең тарауына байланысты “Шіркеу әкейлері” мен путқа табынушылармен философиясының арасындағы күрестің өрлеуіне байланысты Ортағасырлық философиясы негізгі үш кезеңге бөлінеді:

1. б.з. II ғасырда Апологетика деп аталатын діни философиялық

ілім пайда болды.

2. III - VI ғғ. Патристикалық ілімнің белең алған кезеңі.

3. Схоластикалық кезең.

Апологетика (гр. Apologetikos – қорғаушы) – теологиялық сала. Апологетиканың мақсаты – ақыл - парасатқа жүгінген дәлелдердің көмегімен дін ілімін қорғап, сақтау. Апологетиканың құрамына мыналар енеді: құдай болмысының дәлелдемелері, жанның мәнгілігі, құдайдың сыр беруінің белгілері туралы (оның ішінде ғажайыптар мен сәуегейліктер туралы) ілім, дінге және оның жекелеген догматтарына қарсы бағытталған наразылықтарға, сондай-ақ басқа діндерге талдау. Апологетика - әлдебір нәрсені әділетсіздіктен қорғау, соны мадақтау ұғымына сәйкес. Өкілдері – Юстин Мученик, Тециан, Тертуллиан Квинт Септилий Флоренц.

Патристика (лат. Pater-әке) – 2 - 8 ғасырлардағы христиан дін ілімі. Пұтқа табынушылыққа қарсы христиан дінінің догматтарын қорғайтын, діни нанымның ежелгі философиямен үйлеспейді дейтін «шіркеу әкелерін» мадақтау, қостау. Өкілдері – Тертуллиан, Климент Александрский, Ориген, Августин.

Схоластика (гр. Scholosticos- мектептік) – орта ғасырлық «мектептік философия», оның өкілдері – схоластар христиандық дін ілімін рационалды (зерделі) түрде негіздеуге және жүйелеуге тырысты. Бұл үшін олар Платонның, Аристотельдің философиялық көзқарастарын пайдаланды. Ортағасырлық Схоластика универсалия төңірегіндегі дау-дамайлар үлкен орын алды. Өз тарихында Схоластика бірнеше кезеңге бөлінеді:

1. Алғашқы кезең Схоластикасында (9 - 13 ғғ.) неоплатонизмнің ықпалы басым болды. Өкілдері Эриугена, Ансельм Кентерберийский. Ғылыммен философия, теология бір - бірімен біте қайнасып, пікірталас негізінде ақыл- ойға діни сенімнің үстемдігін жүргізуді және сол үстемдіктің заңдылығын дәлелдеуді өзіне мақсат етіп қойған схоластикалық тәсіл белең алды.

2. 14 - 15 ғғ., яғни «Классикалық» Схоластикада «христиандық аристотелизм» үстемдік етті, яғни, кемеліне жеткен схоластика ғылым мен философиялық теологиядан бөлініп, философиялық, теологиялық ілімдердің қалыптасып, етек жайған кезеңі. Өкілдері: Ұлы Альберт пен Фома Аквинский.

3. Құлдырау кезеңі (XIV - XV ғғ.) – шынайы ғылыми және философиялық ойлардың тез қарқынды түрде дамуының салдарынан теологияның мистикалық ілімге айналуына байланысты схоластика мүлдем нәтижесіз ілім кейпіне енді. Тақуалар мен неосхоластардың арасындағы дау - дамай ушыға келіп, шіркеудің Реформацияға қарсы күресіне ұлысты. Өкілдері – Уильям Оккам, Жан Буридин және т.б.

Ортағасыр философиясындағы негізгі бағыттар:

1. Реализм.

2. Номинализм.

Реализм - ортағасырлық схолистикада орын алған философиялық бағыт, ол ұғымдар (универсалиялар) реалды түрде өмір сүреді және жалқы заттардан бұрын өмір сүреді деген көзқарасты қалыптастырды. Ортағасырлық реализм іс жүзінде ұғым мен обьективтік дүниенің, жалпы мен жалқының арақатынасы туралы мәселенің шешіміне келгенде Платонның бағытын жалғастырды. Көрнекті өкілдері – Ансельм Кентерберийский және Шамполық Гильом, Фома Аквинский болды. Ортағасырлық реализмге қарсы номинализм өкілдері күрес жүргізді.

Номинализм (лат. nomen – есім, атау) – ұғымды тек жекелеген заттардың атауы ғана деп есептейтін ортағасырлық философиялық бағыт. Ортағасырлық реализмге қарсы номиналистер тек өздеріне тән қасиеттері бар заттар ғана өмірде бар деп тұжырымдады. Заттар туралы біздің жалпы түсінігіміз олардан тысқары бола алмайды, тіпті заттардың шынайы күйі мен қасиеттерін елестете алмайды. Номиналистер заттардың бастапқы, ал ұғымның соңғылығын мойындай отырып, материалистік тенденциялармен байланысты көзқараста болды. Көрнекті өкілдері: Росцелин, Дунс, Скотт, Оккам.

Августин Аврелий Әулие (354 - 430 жж.) – христиан дінбасы және неоплатонизмге жақын философ – мистик, патристиканың ықпалды өкілі. Оның дүниетанымы фиденстік сипатта, яғни «нанымсыз білім де, ақиқатта жоқ» деген қағидаға бағынады. «Құдайдың қаласы» (426 ж.) атты шығармасында Августин тарихты, адам тағдырын фаталистік (теологиялық фатализм тарихтағы оқиғалар мен адам өмірі - құдайдың құдіретімен анықталатын негізге алу) тұрғыдан түсіндіретін христиандық концепциясын ұсынды. «Жердегі қалаға», «Күнәһар» зиялы мемлекетке ол «Құдайдың қаласын», яғни шіркеудің бүкіл дүниежүзілік үстемдігін қарама - қарсы қойды. Августиннің христиан теологиясының әрмен қарай дамуына жасаған ықпалы орасан зор.

Ортағасырлық философияның белді өкілдерінің бірі Фома Аквинский (1225-1274 жж.) орта ғасырлық котолик дінінің теологі, доминикандық – монах, ортадоксалдық схоластиканы жүйеге келтіруші. Париж және Кельн университеттерінде білім алады. Ұлы Альберттің шәкірті. Негізгі еңбегі – «Теология суммасы» (жиынтығы). Ф.Аквинскийдің обьективтік идеалистік философиясы Аристотель ілімін теологиялық тұрғыдан түсіндіру, аристотелизмді христиан дініне сай ықшамдау нәтижесінде пайда болды. Аристотель философиясынан Ф.Аквинский материалистік идеяларын алып тастап, идеалистік элементтерін (жаратқан иенің қозғалыссыздығы жайындағы ілімін) күшейту бағытында әрекет етті. Ф.Аквинский бойынша универсалиялардың үш түрі бар:

1. Жеке заттарға дейінгі (құдайдың құдіреті).

2. Заттардың өздеріндегі (жекедегі жалпылық).

3. Заттардың кейінгі түрі (адам санасында танылатын).

Философияның негізгі принципі – сеніммен сананың үйлесімділігі. Оның пайымдауынша, ақыл Құдайдың болмысын саналы түрде дәләлдеп, сенімнің ақиқаттығына қарсы пікірді қабылдамайды, барлық өмір сүретін заттар құдайдың құдіретті бойынша қалыптасады. Ф.Аквинский Құдайдың болмысына 5 дәлел келтірді:

1. Қозғалыс: барлығы қозғалыста, яғни оларды қозғалысқа келтіретін

күш бар. Алғашқы күш – Құдай.

2. Себеп: барлық тіршілік атаулы себепті, соған орай себепкер– Құдай.

3. Мақсат: дүниедегінің бәрі мақсатқа байланысты жаратылған,

мақсатқа бағыттап отыратын – Құдай.

4. Кездейсоқтық пен қажеттілік: кездейсоқтық қажеттіліктен

туындайды, ал алғашқы қажеттілік – Құдай.

5. Сапаның сатылары: тіршілік ететіннің барлығы әртүрлі сапаға ие, ал ең жоғарғы сапаға ие – Құдай.

Уильям Оккам (1285-1349 жж.) – ортағасырлық ағылшын теологы, философ - схоласт, номинализмнің ірі өкілі. Оксфорд университетінде сабақ берген, дінсіз деп айыпталып, түрмеден Баварияға қашып барады. Шіркеудің дүниежүзілік үстемдігін орнатуға тырысқан папаға қарсы күрескен феодалдардың идеологы.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2014-12-08; Просмотров: 1893; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.011 сек.