КАТЕГОРИИ: Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748) |
КІРІСПЕ 5 страница
Гоббс философия мен теологияны бөліп қарастырады, Бэконның «екі ақиқат» теориясын тереңдете түсіп, философияны жоғары қояды. «Философия – тануға тырысқан ақыл - ойдың рационалдық іс - әрекетінің жүйесі. Ол бір жағынан, белгілі себептерден әрекеттер мен құбылыстарға қарай, екінші жағынан, құбылыстардан оларды тудыратын негіздерге қарай жүреді. Яғни, ақиқат дегеніміз ғылыммен тең түсетін философия», - дейді. Теологияны жоққа шығармағанымен, оны философияның құрамдас бөлігі деп қарастырмайды. Гоббс үшін теология рационалдық анализді қажет етпейтін құдайы білім, оны сол күйінде қарастыру керек, ал философия тек адам туралы ілім деген көзқарасты ұсынады. Философтың пікірінше, адам әуелі табиғи денелердің бірі және табиғат адамдарды қай жағынан болмасын тең етіп жаратады. Бірақ, әрбір адамға тән өзімшілдіктен кейін адам өзгеріске ұшырайды. Адам өзін ғана ойлайтын, өзінің сезімдеріне қарсы келмейтін мақұлық деп санайды. «Адам - адамға қасқыр», адамдар күш пен ақыл жағынан тең болғанымен, әркім өзін басқалардан күштірекпін деп ойлайды. Осы жағдайлардан кейін адамдар арасында бір-біріне деген сенімсіздік туындайды. Табиғи теңдік үміт теңдігін туғызады да, екі адам бір мақсатқа ұмтылады, мақсатқа жету барысында бірі басқасын құрбан етуге немесе бағындыруға тырысады, сол себепті адамдар бірімен - бірі үнемі соғыста болады дейді. Барух Cпиноза (1632-1677жж.) - Амстердамда еврей отбасында дүниеге келіп, әуелі сауда - саттықпен айналысқанымен, кейінірек философияға біржола бет бұрады. Оның ілімінде алғашқы кезде жаратылыстану мәселелері көбірек қарастырылғанымен, бірті - бірте этикалық доктрина қалыптастыру, адам мәселесін тереңдеп зерттеу ісіне баса назар аударады. Негізгі еңбегі: «Этика». Өзінің философиясында Спиноза пантеистік бағытты ұстанады. Табиғаттың өзі - Құдай, табиғат - мәңгі, шексіз, ал сана оның қасиеті. Спиноза адам табиғаттың ажырамас бөлігі екенін қолдайды. Табиғатта механикалық заңдар үстемдік құрса, адам қызметінде оған ойлау қосылады. Спиноза адамгершілік қағидаларының табиғи сипатын ерекше атап көрсетеді. Бірақ, оның философиясында Құдай - табиғаттың өзі. Ол - субстанция, құдайы табиғатта кездейсоқ ешнәрсе жоқ, адамдардың Құдай деп жүргендері өздері түсінбеген табиғаты. Спиноза адамгершілік ережелерінің Құдайдан туындайтындығын теріске шығарғанымен, оның философиясынан жеке эгоизм идеясын кездестірмейміз. Табиғат қана шын өмір сүреді деген тұжырым жасайды. Джон Локк (1632-1704жж.) - Оксфорд университетінің түлегі, осы оқу орынында грек тілі мен риторикасынан дәріс береді. Адам ауруларын тереңірек зерттеу мақсатымен медицинамен, кейінірек саясатпен айналысады, үкіметтің басқарушы қызметтеріне де араласады. Негізгі еңбектері: «Адамның ақыл - ойы туралы тәжірибе» және «Ақыл - ойды басқару туралы». Локк эмпиризмді, яғни білім, таным тек тәжірибеден ғана туындайды деген көзқарасты ұстанады. Оның білім концепциясы сенсуализмге негізделген, ақыл - ойда әуелі сезімде болған нәрселерден басқа ештеңе болуы мүмкін емес деп көрсетеді. Ойшылдың пайымдауынша, адамгершілік секілді ұғымдар адамға туа біткен қасиеттер емес, оны Локк моральдық түсініктердің әр халықта әр түрлі, тіпті бір халықтың өзінде тарихи дамудың әр түрлі кезеңдерінде моральдық ережелердің бір - біріне ұқсамайтындығы арқылы жақсы дәлелдейді. Адамда априорлы мораль болуы мүмкін емес. Адам баласы өмірге келгенде оның ішкі жан дүниесі таза тақта сияқты, тәрбие мен еңбектің арқасында адам өзіне білім жинақтайды, білім сол тақтаға жазылмақ дейді. Қоғамға діни шыдамдылық қажет, атеизмге жол жоқ, өйткені дінсіз қоғам болмақ емес, діни қағидалар болмаса қоғам азып кетеді деген ойды алға тартады. Джордж Беркли (1685-1753жж.) - ағылшын философы, субъективті идеализмнің негізін салушы ретінде танымал ойшыл. Материяны терістеп, дінді мойындайды. Негізгі еңбегі: «Адамдық біліктің бастамасы жайлы трактат». Оның ойынша, біз дүниені сезім арқылы қабылдаймыз, сондықтан сапалардың объективтілігін, біздің санамыздан тыс тұратынын біле алмаймыз. Берклидің пікірінше, қабылдау субъектінің жағдай - күйіне тікелей байланысты. Ол бұл түсінікті абсолютті дәрежеге дейін жеткізеді, материяның болмысы қабылдануға тәуелді деген пікірді дәлелдемек болады. Мәңгілік қабылдаушы субъект Құдай деп тұжырымдайды. Давид Юм (1711–1776 жж.) - ағылшын философы, Локк пен Берклидің философиясын дамытушы. Оның ойынша, субъективтік себептілік бар, ол сезімдік әсерлердің идеяларын тудырады. Мысалы, адамдар күннің күн сайын шығатынына сенімді. Бұл сенімнің негізі - осы құбылыстың үздіксіз күнделікті қайталанатындығында. Яғни, адамдардың практикалық сенімінің бастауы теория емес, қалыптасқан дағды - сенім. Осылайша Юмның біржақты эмпиризмі және оны рационализмнен бөліп қарастыруы дүниені танып - білуге болмайды деген агностикалық тұжырымға алып келді. Адамның ақылы сезім мүшелері беретін білімнен басқа білім бере алмайды, өзінің рухани тәжірибесінен басқаны қорыта алмайды. Неміс классикалық философиясы. Капиталистік даму үрдісі біртіндеп еніп,елдегі әлеуметтік жіктелуді күшейте бастағандықтан, Францияға жаңадан көптеген саяси ілімдер, көзқарастар туды. Соның негізінде революциялық идеялар белең алып, мұның соңы саяси төңкерістерге алып келеді. Ал, осы кездегі Германия үшін капиталистік қарым - қатынастың кеңінен дамуы болашақтың ісі сияқты еді. Өйткені неміс жерінде бытыраңқы ұсақ (үш жүзге жуық) мемлекеттер пайда болып, олардың арасындағы шиеленіскен соғыстар жүріп жатқандықтан, жалпы елдің экономикасы мен саяси дамуы кенжелеп қалды. Алайда, Германияда осы кезде ғылым мен мәдениет, әдебиет пен өнер ерекше дамып, осы салаларда дүние жүзін таң қалдырар ұлы жаңалықтар ашылды. Сондықтан да неміс ойшылдары батыс Еуропадағы осы тарихи дамуды кешіріп, ағылшындар мен француздардың мәдени, рухани дамуының бар байлығын бойына сіңіре отырып, жаңа классикалық философиясының озық үлгілерін берді. Классикалық неміс философиясы бүкіл философия тарихындағы мұраны меңгеріп, алдыңқы қатарлы мәдениет пен ғылымға сүйеніп, сол кездегі қоғамдық дамуда терең талдай отырып, жаңа диалектикалық әдістің, логикалық таным теориясының шығуына түрткі болды. Классикалық неміс философиясы ойлау мен болмыстың диалектикалық байланысын аша отырып, танымдағы субъектінің рөлін айқындайды. Сондай-ақ ойлаудың болмысқа қатынасы арқылы таным теориясындағы объект мен субъектінің диалектикалық ара қатынасын аша отырып, теориялық ойлау формасын жаңа сатыға көтеріп, философиялық категориялардың атқаратын рөлін көрсетті. Таным теориясындағы пайым мен зерденің бір - бірінен алшақ кеткендігін, ендігі жерде олардың ымыраға келмейтіндігін айқын көріп, бұл мәселеге баса назар аударған, классикалық неміс философиясының негізін салушы Кант Иммануил (1724-1804 жж.) - неміс философы, ғұлама ғалым. Трансцендентальды идеализмнің негізін салушы. Негізгі еңбектері: «Таза ақылға сын», «Тәжірибелік ақылға сын» және «Пайымдау қабілетіне сын». Кант шығармашылығы екі кезеңге бөлінеді: 1) сынға дейінгі кезең, 2) сыни кезең. Бірінші кезеңде Кант жаратылыстану ғылымдарымен шұғылданса, екінші кезеңде нақты философиялық мәселелерді қарастырумен айналысады. Күн жүйесінің пайда болуымен жойылуы туралы тұманды болжамның жариялануы мен даму проблемаларын алға тартып, бүкіл жаратылыстанудың жай - жапсарын қайта қарауға меңзейді. Физикада Кант өзінің қозғалыс пен тыныштықтың салыстырмалылығы туралы ілім жасайды. Сол кездің өзінде - ақ хайуанаттардың шығу тегіне байланысты оларды топтарға бөлу идеясы биологияға ене бастады. Бұл тұрғыда ол диалектикалық гносеологияда адам білімдері жиынтығының категорияларының ара-жігін ажыратып берген ең соңғы аса көрнекті метафизик болып табылады. Дүниенің физикалық-астраномиялық теориясын ұсынады. Сонымен бірге жердің өз осін айналуы, физикалық тұрғыда жердің тозуы, жер сілкінісі туралы еңбектер жазды. Кант шығармасындағы гносеологиялық мәселелерге келетін болсақ, дүние екіге бөлінеді: біздік зат және өзіндік зат. Біздік заттар дүниесін адам зердесі тани алады. Ол туралы зерттеп, тәжірибе жүзінде тексеруге, білуге болады. Ал, «өзіндік заттар» әлемі тек өзіне ғана мәлім, адам баласы ешқашан зерттеп, танып - біле алмайтын заттың ішкі мәні. Кант танымның трансцендентті нәрсенің (о дүниелік) қарама - қарсылығын сезінуден басталуға тиіс екенін көрсете келіп, жалпы алғанда философияның қарама - қайшылықтарын ашып берді. Трансцендентті нәрселерге құдайлар мен адамның трансцендентті ойларын жатқызды. Трансцендентальдық апперцепция - өзінің формалары мен заңдары туындайтын құбылыстар дүниесі бірлігінің шарты болып табылатын априорлықты, яғни барлық тәжірибені бұрыннан өмір сүретін, алғашқы, таза әрі өзгермейтін сананы көрсететін Кант термині. Кант бойынша трансцендентальдық апперцепцияның бірлігі - адамның елестету қабілетінің, еске сақтауының және қайта еске түсіру арасындағы өзара байланыс шарты. Бұл бірліктің негізі ретінде Кант оның «менімен» барабарлығын, яғни әрбір елестетуде «мен ойлаймын» деген қағиданың бар екендігінен деп жорыды. Кантшылдықтың осы көзқарасына сүйене отырып Фихте өзінің субъективтік идеализм жүйесін жасады. Таным процесінде адам баласы бірі - бірін теріске шығаратын, бірақ әрқайсысы ақиқат ретінде саналатын, дәлелденген тұжырымдарға жолығады. Оларды «антиномиялар» деп аталады. Өзінің таным қызметінде адам шешілмес қайшылықтарға кезікпей қоймайды. Олардан шығудың бірден - бір жолы - парыз этикасы болып табылады. Өйткені адам өзінің эмпирикалық тіршілігінде табиғат заңдарынан төмен тұр, себебі, сыртқы дүниенің ықпалына бағынышты. Алайда практикалық парасаты, мораль заңдарын, атап айтқанда, үзілді – кесілді императивті басшылыққа ала отырып, адам ғибратқа ие болады. Парыз рационалды ойлай алатын тіршілік етушілердің бәріне тән қасиет. Адамның өзінің алдындағы парызы - өзін адамгершілікті тіршілік етушінің жетістіктерінен айыруға тиым салуда, яғни өзін ішкі еркіндіктен айыруға, затқа айналдырудан сақтауда. Осыдан келіп Канттың «Категориялды императив» этикалық қағидасы шығады: «Сенің жігеріңді билеуші ереже-дүниежүзілік заңдылық негізіне айналатындай қызмет ет» немесе «Сенің ісің, тәлім - тәртібің жалпыға жол көрсетер заң болсын». Фихте Иоганн Готлиб (1762-1814жж.) - Канттан кейінгі классикалық неміс идеализмінің өкілі. Дін мен философияны Иена мен Лейпцигте зерттеді. Иена мен Берлин университеттерінің профессоры Фихте сословиелік артықшылықты сынады, феодализмдегі бытыраңқылықты жойып, Германияның бірігуін аңсады. Ол «практикалық» философияның - мораль мен мемлекеттік құқылық құрылысты негіздеу мәселелерінің мәнін атап өтті, бірақ «практиканы» тек моральдық сананның әрекеті деп санады. Ғылыми жолдармен жасалған теориялық жүйені, яғни ғылым туралы ғылымды «практикалық» философияның алғышарты деп есептеді. Фихтенің (1794ж.) «Ғылым туралы ілімінің» негізінде субъективтік идеализм теориясы жатыр. Фихте «өзіндік заттар» жөніндегі Канттың тұжырымдамасын ескермей, танымның алуан түрлі формаларын субъективтік - идеалистік бір бастамадан шығармақшы болды. Оның пікірінше ол бастама: дүниені жаратушы әрекет иесі қандай да бір абсолютті субъект болып табылады. Фихтенің «Мені» жеке адамның «мені» емес, Спиноза субстанциясына ұқсайтын субстанция емес, адамзат санасының шексіз моральдық белсенді әрекеті. Осы «мен» деген мистикалық бастамада Фихте жеке «Менді» жасап шығарады. Жеке «мен» деп ол абсолютті емес, шектелген субъект мен жеке адамды немеес эмпирикалық «Менді» оған қарсы тұрған эмпирикалық табиғатты түсінеді. Фихте ақиқатты тікелей пайымдау арқылы қабылдайтын ақылды, яғни «интеллектуалды интуицияны» саналы таным органы деп мойындады. Фихте үшін басты мәселе - бостандық мәселесі. Ол еркіндікті себепсіз акт емес, қажеттілікті түсінуден туған әрекет деп түсіндірді. Гегель Георг Вильгельм Фридрих (1770-1831жж.) - идеалистік диалектика жүйесін жасаған классикалық неміс философиясының аса көрнекті өкілі. Гейдельберг және Берлин университеттерінде профессорлық, ректорлық қызмет атқарады. Гегельдің философиялық жүйесі үш бөлімге бөлінеді: 1) логика; 2) табиғат философиясы; 3) рух философиясы. Логика - құдай зердесімен бара - бар сәйкес келетін «таза зерденің» жүйесі. Өзіне дейінгі бүкіл философияның тәжірибесін талдай келіп, ол болмыстың шекті негіздерін мазмұнды логика категорияларымен белгіледі. Өз мақсатына жету үшін даму идеяларын қатаң ұстанады. Оны санада көрініс тапқан қоршаған шындық өмірдің барлық саласында жүзеге асырады. Сана әмбебап сипатта әсер ететін заңдарға бағынатын біртұтас процесс ретінде суреттеледі, бірақ жүйеде атқаратын ролі тұрғысынан әрқилы. Гегельдің теориясында әрбір құбылыстың өздерін бөліп тұрған қайшылықтарды үшінші сатыда шешетін қарама - қайшылықтар бірлігі ретінде қарастыруға болатындығы форма мен мазмұнның терең табиғи бірлігінде көрсетіледі. Сонда бастапқы тезисті антитезис теріске шығарады, ал олардың бірлігі болмыстың осының алдындағы екі сатысын теріске шығарады, бірақ олардың маңызды сәттерін сақтап қалуға болатын тұстарды теріске шығаратын синтез байқалатын болып шығады. Бұл орайда нәтиже дамудың жүріп өткен сатыларының жай ғана жиынтығы емес. Өзінің бастапқы қалпынан оның мынадай өзгешелігі бар: оның мазмұны неғұрлым нақты сипатта болады, өйткені ол осының алдындағы екі сатысында болған алуан түрлі дамудың бірлігі болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда даму-ойлау жүйесіндегі абстрактылықтан нақтылыққа өту болып есептелмек. Гегель теориясының жалпы мазмұны ең алдымен «Рух феноменологиясында» берілген. Еңбектің атауы мен мазмұнына зерттеу объектісі, атап айтқанда сезім шындығынан бастап ақыл ақиқатына дейінгі алдымен жеке адамның санасы ауқымында қарастырылатын сана құбылысы алынған. Сананың белгілі бір тарихи дәуірлерінің рухы ретінде сипатталуы себепті нәтижелерді теріске шығарады. Адам – табиғаттың бөлігі. Бірақ, адам табиғаттың емес, абсолютті идеяның жемісі. Тіпті, табиғаттың өзі рух арқылы пайда болған. Рух-табиғаттың алғышарты, ақиқат, абсолютті алғашқы. Өзінің дамуында рух үш сатыдан өткен. Біріншісі – «субъективті рух» - антропология, феноменология және психологиялық түрге бөлінетін жеке адамның санасы. Екінші сатысы – «объективті рух» - адамдар қоғамы және ол үш негізгі формаға бөлінбек: құқық, мемлекет және дағдылылық. Соңғы сатысы – «абсолютті рух» - өнер, философия және дін. Теориялық ойлау жүйесінде және ерік-жігер бостандығында өзінің ішкі әлеміндегі өзін-өзі анықтаушыға қол жеткізген рух өзінің субъективтілігінен артық, асқақ тұрады. Ол шынайы зат рухына айналады. Бұл рухтың алғашқы объективті көрінісі. Объективті рухтың ең жоғарғы көрінісі адамзат өмірінен байқалады. Азат санадағы прогресс дегеніміз, Гегель бойынша тарихтың субстанциялық мазмұны. Адам ерік - жігерінің барлық көріністері: мораль, хұқық, парыз, меншік, ар-ұждан, жанұя және т.б. Бұл арада жалпы, абстрактылы формада өмір сүреді. Жеке адам жалпыға ортақ нәрселердің бөлшектеніп кетуіне негіз болатын себеп қана болып табылады. Даму сатысы бола тұра әрбір категория ғарыштың бейнесін көрсетеді. Таным абстрактылы тепе-теңдіктен басталады, ол өзінің қалыптасу кезінде сапалық және сандық қатынастарға және олардың нақты бірлігіне тіреледі. Мән-мағына мен құбылыс өздерінің шынайылығын ақиқат өмірге, ал одан «Логиканың» үшінші бөлігіне, ұғым - түсінік туралы ілімге көшу кезеңін әзірлейді. Ұғым түсінікте идеялармен нақты тепе - теңдікке қол жеткізеді. Абсолютті идеяны ұғынып түсіну осымен аяқталмақ. Шеллинг Фридрих Вильгельм Иозеф (1775-1854жж.) - неміс философы, неміс классикалық идеализмінің көрнекті өкілі. Иенада, Эрлангенде және Берлинде профессор, Мюнхен ғылыми академиясының мүшесі, табиғат философиясы мәселесі жөнінде еңбектер сериясын жазады. Канттың идеясы мен Лейбництің тірі монадалар мен табиғаттың дұрыс күштері туралы ілімін саралай отырып, табиғатты түсінуге қайшылықтар арқылы тану идеясын енгізді. «Трансцендентальдық идеализм жүйесінде» (1800ж.) Фихтенің субъективті идеализмін өз жүйесінің объективті идеализмімен ұштастыруға тырысты. Шеллинг бойынша философия санасыз - рухани табиғаттың дамуы қалайша сананың пайда болуына жеткізеді және тек субъект қана болып табылатын сана қалайша объектіге айналады деген екі сұраққа жауап беруге тырысты. Бірінші сұраққа «табиғат философиясы», ал екіншісіне –«трансцендентальдық идеализм» ілімі бойынша жауап берді. Шеллинг Фихтенің субъективті идеализмінен өз жүйесінің айырмашылығын мынада деп білді: Фихтелік субъектінің алғашқылығына ол өзінің табиғат философиясында объективті нәрсе бірінші болып табылатын зерттеулерін қарсы қойды. Бұл орайда Шеллинг жекелеген адамның санасын емес, қайта заттың өзін парасаттың тікелей пайымдауын немесе «интеллектуалдық интуицияны» субъект деп түсінеді. Фихтеден айырмашылығы Шеллинг «интеллектуалдық интуицияны сананың өз қызметі жөніндегі оның ойлау сатыларының бәріне таратты. Еркіндік туралы Шеллинг ілімі «Адам еркіндігінің мәні туралы және осыған байланысты заттар туралы филосоифялық зерттеулерінде» (1809ж.) одан әрі дамытылды. Еркіндік құбылысы жекелеген адамның ерлігі емес, қоғамның жетістігі деп білді. Алайда осы көзқараспен қайшы келіп, Шеллингте еркіндік мәселесі мистификацияланады, дүниедегі зұлымдық мәселесімен байланыстырылады, таза, жеке негіз еркіндіктің соңғы түп тамыры, ал ол негіздің көзі басқа жақтағы «оймен ғана жететін» дүние деп жарияланады. Шеллинг ықпалы ең алдымен Гегельде және көптеген жаратылыстанушыларда айқын байқалады, сондай - ақ ол натурфилософтар - Велланский, Павлов және т.б. словяншылдар арқылы орыс философиясына ықпал жасады. Фейербах Людвиг (1804-1872жж.) - неміс материалист философы және атеисті. Атеистік көзқарастары үшін 1830ж. Фейербах Эрланген университетінің оқытушылық қызметінен босатылған. Өмірінің соңғы жылдарын деревняда өткізген. 1870 жылдан бастап Германияның социал-демократиялық партиясының мүшесі, бірақ марксизмді қабылдамайды. Негізгі шығармалары: «Гегель философиясына сын» (1839ж.), «Христиандықтың мәні» (1841ж.), «Болашақ философиясының негіздері» (1843ж.). Дінге қарсы күрес процесінде Фейербах көзқарастары жас гегельшілдер идеяларынан материализмге дейін өрістеді. Материализмді жариялау және оның сол үшін күресі замандастарына зор ықпал жасады. Фейербах материализмнің ерекшелігі - антропологизм. Мұндай материализм революция қарсаңында Германияның тарихи жағдайларына және революциялық буржуазиялық демократияның идеяларына байланысты пайда болды. Фейербахтың философиялық эволюциясы Гегельдің адамның мән-мағынасына, оның өзіндік санасы арқылы түсіндіруіне сын айтудан басталады. Гегельдің философиясына жасаған бұл сын Фейербахтың жалпы идеализмнен бас тартқандығын көрсетеді. Фейербах идеализмнің дінмен етене байланысты екенін түсінген. Гегель диалектикасының идеалистік сипатын көрсете отырып, Фейербах оны қатты сынға алады. Негізінде, Гегельдің философиясын сынау, оның рационалдық жақтарын пайдалануға мүмкіндік туғызады және бұл жерде марксизмнің қалыптасуына жол ашты. Фейербах философиясының негізгі мазмұны мен мәні - материализмді жақтау. Фейербах антропологизмі бірінші кезекте адам мәселесін, оның мағынасын көтереді. Антропологизм бойынша, адам философияның ең басты пәні, ең жоғарғы өлшемі. Адам-жай ғана биологиялық тіршілік етуші. Таным теориясында эмпиризм мен сенсуализмді жақтап, агностицизмге қарсы шығады. Фейербах антропологизмі адамды табиғаттың қарапайым бөлігі ретінде қарастырды. Оның шеңбері табиғатпен шектелген, яғни төменгі жағынан немесе табиғаттың материалистік, жоғарғы жағынан қоғамның идеалистік түсінігін берді. Себебі, Фейербах тарихты идеалистік тұрғыда түсінді. Фейербахтың идеализмі дін мен моральды зерттеуде айқын көрініп тұр. Фейербахтың түсінігінше, дін - адамның қасиетіне жат нәрсе. Дегенмен, адам екіге бөлінгендей болып, өзінің мағынасын құдай арқылы сезінеді. Сонымен, дін адамдағы «санасыз өзіндік сана» деген ұғыммен сипатталады. Адамның екіге бөлінуі оның табиғаттың дүлей күштеріне және өзін қоршаған жағдайларға тәуелді деген сезіміне байланысты. Ерекше ден қоятын мәселе-діннің әлеуметтік және тарихи тамырлары туралы пікірлері. Дінмен күресу жөніндегі айтқан басты ұсынысы-санасыздықты саналылықпен ауыстыру, яғни ескі классикалық дінді ағартушылыққа негізделген жаңа дінмен ауыстыру болды. Фейербахтың түсіндіруінше, жаңа дін дегеніміз-адамға адамның сүйіспеншілігіне негізделген қатынасы, адамның табиғатынан шығатын бақытқа деген ұмтылыс. Фейербах моральдық қағидаларды тек қана адамның табиғатына байланысты деп түсінген. Мұндай мораль, қоғамдық, материалдық өмірге байланыссыз болғандықтан, философияда жасанды, абстрактылы, тарихтан тыс қалған мораль ретінде қарастырылады. Бірақ, осы кемшіліктерге қарамастан Фейербах философиясының әрі дамуына зор ықпалын тигізді. Қазіргі идеалистер Фейербахтың антропологиялық идеяларын бұрмалап, оған идеалистік тұрғыдан түсінік беруде.
Дата добавления: 2014-12-08; Просмотров: 922; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы! Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет |