Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Туралы жырлар 7 страница




Бұл тақырыптағы мақалдарға қазақ халқының көшпелі өмірін суреттейтін, жайлау, қыстау, күзеу жайын сөз қылатын мақалдар тобы үндес, жақын келіп отырады. «Жаз сайға қонба, қыс қырға қонба», «Қашпақ, қумақ – ерге сын, көшпек, қонбақ – жерге сын» секілді мақалдарда көшпелі тұрмыстың көп жылдар бойындағы тәжірибесі қорытылған.

Қазақ халқы отырықшылыққа, егіншілікке бейімделіп, егін кәсібімен шұғылданған кезде егін, диқаншылыққа байланысты мақалдар туа бастады. Бұл кезде еңбекші халық егіс кәсібінен тәжірибе алып, үнемі мал ыңғайына қарай көшіп-қонудан гөрі егінмен шұғылданудың да кәсіп екенін көріп-біліп, енді егін, диқаншылықтан алған тәжірибесінен жаңа мақалдар шығарады. Егіншілік жайындағы мақалдарында халық: «Диқаншылық түбі – кеңіс, сауда түбі – борыш», «Ексең егін, ішерсің тегін», «Жердің сәні – егін, ердің сәні – білім», «Тамырың кетсе, тары ек, келер жылы тағы да ек», «Диқан болсаң, қос өгізің тең болсын, шаруа болсаң, қос етегің кең болсын», «Жер тоймай, ел тоймайды» деп, диқаншылық пен егіншіліктің де тұрмысқа өте қолайлы кәсіп екенін айтады. Бұл мақалдар күнкөріс тұрмысын түзеу жолында талмай ізденгіш еңбекші халық жерді жайылым, қонысқа пайдаланумен бірге, енді оның басқа да қасиетін тауып, қызығын көре бастағанын аңғартады.

Еңбек-кәсіп жөніндегі мақалдарда кейде бір кәсіппен екінші кәсіп салыстырылып отырады. Мысалы, «Балықшының үйіне барсаң, қарма жерсің, егіншінің үйіне барсаң, жарма жерсің», «Алпыс құлан ат болмас», «Егінші жылда арманда, балықшы күнде арманда», «Диқан жауында тынады, балықшы дауылда тынады», «Егін есесін алады, балық бағасын алады». Бұл мақалдарда әр кәсіп түрінің өз ерекшелігі, артықтығы мен олқылық жақтары көрсетіледі.

«Көкпар – тартқандікі, қоян – қаққандікі», «Ажалды киік адырға қашады», «Құстың алғанынан салғаны қызық», «Атқанның құсын жатқан байланар» деген мақалдар халықтың аң аулауды, құс салуды әрі кәсіп, әрі серуендеу, көңіл көтеру, қызықтау деп қарағандығын көрсетеді.

Қазақ даласында сауда-саттықтың дамуына, оның қанат жаюына байланысты ақша, базар, саудагершілікке арналған мақалдар молая түсті. Олар қазақ халқының экономикалық өмірінде сауданың мәні, ақшаның орны қандай болғанын айқындайды. «Базарға бар да, бағыңды сына», «Ат жақсысы арбада болар, жігіт жақсысы саудада болар», «Талтаңдасаң талтаңда, ақшаң болса қалтаңда» деген сияқты мақалдар қазақ қоғамының өмірінде сауданың рөлі күшейе бастағанына дәлел бола алады.

Еңбекші бұқара аяусыз қаналып отырған жағдайда сауда-саттықтың өрістеуі, әрине, халыққа жеңілдік әкелген жоқ, ол билеп-төстеуші топтың, бай-феодалдардың одан әрі баюына мүмкіншілік туғызды, сөйтіп, экономикалық теңсіздікті күшейте, арттыра түсті. Базар, ақша туралы мақалдардың бір тобы осы жайды айқын елестетеді. «Базар – ақшалыға базар, ақшасызға – назар», «Базар – бай, алушы – кедей», «Саудада достық жоқ», «Саудагерде иман жоқ, арын сатады, өтірікшіде иман жоқ, жанын сатады» сияқты мақалдардың көпшілігі Қазақстан Ресейге қосылғаннан кейінгі дәуірдегі экономикалық жағдайда, қазақ даласына капитализм элементтерінің кіре бастағанын бейнелейді.

Қолөнер мен әртүрлі шеберлер жайында да мақалдар мол-ақ. Бұлардан «Темір кессең, қысқа кес, ұзартуың оңай, ағаш кессең, ұзын кес, қысқартуың оңай», «Зер қадірін зергер білер», «Ұста пышаққа жарымас, етікші бізге жарымас» секілді мақалдарды атауға болады. Осы алуандас мақалдарда халық бұл кәсіп түрінің қоғам өмірінде үлкен мәні болғанын көрсетіп, ұста, темірші, балташы, зергер, етікші сияқты әр қилы өнер иелерін мадақтап, олардың елге, көпке қызмет ететінін баса айтады. «Өнерлінің өрісі ұзақ», «Шебердің қолы – ортақ, шешеннің тілі – ортақ», «Өнерлінің қолы – алтын, өлеңшінің сөзі – алтын», «Ұсталы ел түзеледі, қасапты ел бүлінеді» деген мақалдар оқу-білім жағы кеміс, өндіріс пен техникасы өсіп–дамымаған қазақ елінде жай ұсталықтың өзі өте жоғары бағаланып, зор өнер деп танылғанын аңғартады.

Өнерпаздықтың таңдаулысының бірі – өрісі кең, өресі биік өнер – шешендік, ақындық деп біледі халық. Мұны жоғарыда келтірген мақалдардан, олардағы «Өлеңшінің сөзі – алтын», «Шешеннің тілі – ортақ» деген сөздерден де «Өнер алды – қызыл тіл», «Сөз тапқанға қолқа жоқ», «Өлең – алтын, сөз – күміс» секілді сөз өнерінің, өлең-жырдың мәнін, маңызын айқындайтын мақалдардан да байқауға болады.

Қазақ мақалдарының бір мол тобы – әдет-ғұрып, салт-сана, мінез-құлық тақырыбындағылар. Мақал-мәтелдерде қазақтың құда түсу, қыз беріп, қыз алысу, айт пен той, ас беру сияқты көптеген әдет-ғұрыптары, салты кең суреттеледі. Бұл тақырыптарға арналған мақалдардан халықтың әр дәуірдегі ғұрып салтын, қоғамға, дінге көзқарасын, халықтың ой-санасының өсу жолын көруге болады. Халық мақалы қоғамның дамуына, дәуірге байланысты әдет-ғұрыптың да өзгеріп отыратынын аңғартып: «Тауына қарай аңы, заманына қарай заңы», «Заманы бірдің – амалы бір» дейді. Әр қоғамның, әр дәуірдің өз ғұрып, өз салты болады. Мақалдарда сол түрлі дәуірдің ғұрып-салтының, белгілі қоғамда өмір сүрген топтардың, жеке адамдар қарым-қатынасының ізі қалып отырған.

Бұқара халық, шаруа мақалынан еңбекші елдің мұң-мұқтажын, олардың көкейкесті арманын көреміз. Бар адамдық қасиет мал, байлықта деп ұққан адамдарға қарсы халық оған өз түсінігін білдіріп, «Байлық мұрат емес, жоқтық ұят емес» дейді. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген мақалдар еңбекші халықтың тұрмыс, бейнеттің қанша азабын тартса да, зор адамдық қасиетті шапағаты жоқ байлықтан, дәулеттен жоғары қойғанын танытады.

Көптеген мақалдардың негізгі арқауы халықтың қоғам өміріндегі іргелі, ұлы күш екенін сипаттау болып келеді. «Көппен көрген ұлы той», «Көп түкірсе – көл», «Халық айтса, қалп айтпайды», «Құдайға жазсаң да, көпке жазба» деген секілді мақалдар көпшілік, халық – қоғам өмірінің тірегі, ұйытқысы деген тұжырымды байқатады. Ырыс пен береке көпте, дәулетке, бақытты өмірге көппен бірге, елмен бірге ғана жетуге болады деп түйетін мақалдар жиі ұшырасады, мәселен, «Көп ісінде береке», «Көптен бақыт құтылмас», «Ел – ырыстың кілті, ер – ырыстың қорғаны». Халық әркімнің істеген ісі баянды болуы, өрге басуы, я өнбеуі, нәтижесіз болуы оның көппен бірлесіп, күш қоса білу-білмеуінен дейді. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас», «Көпті жамандаған көмусіз қалады» деген мақалдар осыған дәлел.

«Ер жігіт ел үшін туады, ел үшін өледі», «Ер жігіт бір күнде бір кісілік, бір күнде мың кісілік», «Батыр туса – ел ырысы, жаңбыр жауса – жер ырысы», «Мың қосшыға – бір басшы» секілді мақалдар халықтың ел үшін, көп үшін қызмет еткен адамды ардақты, аяулы санайтынына айғақ болғандай.

Халық «Өз елің – алтын бесік», «Өз елім – өлең төсегім» деп, Отанды өте қадірлеп, оған деген шексіз махаббатын білдіреді. Кімнің де болсын күш-қуатын, өнерін туған ел мен Отан игілігіне арналуы керектігін меңзеп, мақал «Өз елімнің басы болмасам да, сайының тасы болайын» дейді.

Отан сүю, оған деген махаббат жайындағы мақалдарда ел үшін, халық үшін қызмет ету, елдің бақыты үшін күресумен байланысты айтылады. «Ел ауырын ер көтерер» деп, елін, халқын сүю – оның қамын ойлап, халық басына қиын-қыстау күн туса, оны жеңілдету ердің ісі, азаматтық парызы деген ой мақалда жиі уағыздалады.

Қазақ мақалдарында ерлік, батырлық, азаматтық халық игілігі үшін еңбек ұғымымен жанаса айтылып отырады. Ел, ер туралы сөйлегенде халық бұл екі ұғымды бір-біріне тығыз қабыстыра айтады. Мақалдарда ердің ерлігі еліне, елдің елдігі ерлеріне байланысты келеді. Мысалы, «Ер сүрінбей, ел танымас, ат сүрінбей, жер танымас», «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар», т.б. Халық еліне, Отанына еңбегін сіңіріп, өмірін соның игілігіне арнап, ел сынына тола білген адам ғана ер бола алады деп, «Ердің сыншысы – елі» дейді. Халық мақалы еліне, Отанына опасыздық жасағандарды даттап, «Елінен безген ер оңбас, көлінен безген қаз оңбас» дейді.

Мақалда өмір құбылыстарына, айтылған жағдай, уақиғаға баға беріліп, шешім айтылуы оның идеялық күшін зорайтады. Мақалдың маңызы мен өмір танытқыш күші – онда жиі кездесетін, типтік жағдайлар суреттелуінде. Алуан түрлі уақиға, құбылыс топтастырылып, солардың бәріне тән қасиет, ерекшелік түйінделіп, қорытылады. Мысалы, «Аш құлақтан – тыныш құлақ», «Бас болмақ оңай, бастамақ – қиын», «Кісідегінің кілті – аспанда» деген сияқты мақалдарда осындай топшылау, қорытынды жасау бар болғандықтан, бұлар әрқилы жағдайларда, әр кезде орайын тауып, қолданыла береді. Бұл жағынан алғанда, мақал халық даналығының туындысы, оның бай өмір тәжірибесінің жиынтығы.

Мақалдың түпкі, тура мағынасы бар да, сонымен бірге көбінесе астарлы, ауыспалы мағынасы болады. Мақалда белгілі бір нақты құбылыс, нақты уақиға жеке, дара күйінде ғана суреттеліп қоймайды, түйіндеу, қорытынды жасау дәрежесіне көтеріле бейнеленеді. Сондықтан мақал, негізінде, бір нақты жағдайға, уақиғаға байланысты болғанымен, соған орай туғанмен, ол осы алуандас, соған ұқсас барлық жағдайда айтылады, яки мақал оны тудырған нақты уақиғадан тыс, талай құбылыстарды бейнелеуге де қолданылады. Бұл – топшылау, көрегендік, нақтылы бір уақиғадан осыған ұқсас өмір құбылысының сырын ашып, дұрыс, терең қорытынды жасай білудің нәтижесі. Осылай астарлы, ауыспа мағынада, әртүрлі жағдайда, әр қилы кезеңде қолдану мақалдың идеялық шеңберін кеңейтіп, оның өмір танытқыштық қасиетін арттыра, үстей түседі. Мақал көп жайды мағынасы терең, астарлы аз сөзбен түйіп айтуға мүмкіншілік береді. Мінеки, мақалдың мағынасының кеңдігі, оның үлгі-өнеге боларлық қасиеті, ғибраттылық мәні осыдан шығады. Мысалы, «Соқыр тауыққа бәрі бидай», «Шабан үйрек бұрын ұшар» деген сияқты мақалдарды сөз арасында қосқанда, айтушыға соқыр тауықтың талғампаз бола алмайтындығы немесе шабан үйректің ерте қимылдайтыны керек емес, келтірілген мақалдар адамға, адамның мінезіне жанастырылып айтылады және тыңдаушы да осындай мақалдарды астарлы, ауыспа мағынасында қабылдайды. Тегінде, малға, хайуанатқа және табиғат құбылыстарына байланысты мақалдардың көпшілігі осылай аллегориялық сипатқа ие болған. Олар көбінесе түпкі мағынасы емес, жаңа тұлғада, адам өміріне қабыса жалғастырып айтылады. Сонымен бірге үнемі астарлы, басқа мағынаға ие бола бермейді, өзінің түпкі мағынасында да қолданылады. Мысалы, «Өнер алды – қызыл тіл», «Ақыл – тозбас тон, білім – таусылмас кен» деген сияқты мақалдар. Бұдан мақалдың бірыңғай емес, бірнеше түрлі болып келетінін көреміз. Жоғарыда келтірілген мысалдардан мақалдың бірде ұқсас, өмірде жиі кездесетін уақиға, жайларды жалпылама түрде қорытып, түйіп айтатындығы («Аш құлақтан – тыныш құлақ», т.б.), екіншіде айтылатын ой жеке, дара уақиғаға байланысты беріліп, мақалдың ауыспа мағынада да қолданылатыны («Соқыр тауыққа бәрі бидай», т.б.), ал, үшінші түрлі мақалдар бір құбылысқа баға беру негізінде жасалып, өзінің сол тура мағынасында ғана айтылатыны («Өнер алды – қызыл тіл», т.б.) аңғарылады.

Мақалдар жасалу әдісіне қарай осындай түрлі-түрлі болғанымен, бұлардың бәріне тән қасиет бар – ол өмір құбылыстарының мәнін, сыр-сипатын ашып, қорытынды жасау, типтік дәрежеге көтере, көркем бейнелеу.

Мақалдың туу жолы да алуан түрлі. Белгілі бір жағдайға байланысты шебер қиыстырылып айтылған алғыр, ұтымды, келісті сөз ауыздан-ауызға көшіп, ел арасында кең тарап, мақалға айналып кете береді. Ондай сөздер әуелде халық аузында пәлен айтқандай, түген айтқандай деп, шешеннің атымен қосарлана жүреді де, кейін шығарушының аты ұмытылып, әлгі сөздер көптің сынынан өтіп, екшеліп, өңделіп, өткірленіп, халық мақалына айналып кетеді.

Кейбір мақалдың арғы тегі ертегі, жыр, мысалдармен де байланысты. Шамадан аспай, қарапайым, кішіпейілдікті керек еткенде, халық: «Аяз, әліңді біл, құмырсқа, жолыңды біл» дейді. Бұл сөздің «Аяз би» ертегісінен шығып, содан мақал болып кеткені мәлім.

Бір кезде қазақ арасында кең жайылған дау-шар, талас-тартысты біреуге төрелету арқылы шешу ісі де тапқырлықты, шешендікті керек еткені мәлім. Билік, төреліктің тұтқасы үстем тап қолында болғанымен, еңбекші халық үнемі би, төреге жүгіне бермей, өздері де жөн тауып, таластарын шеше берген. Міне, осындай жағдайда қарапайым халық өкілдерінің аузынан талай шебер, шешен сөздер туып, тараған.

Мақал-мәтелдер үнемі туып, өңделіп, ұстартылып отырады. Ұрпақтан ұрпаққа ауысып, халық жадында жылдар, ғасырлар бойы сақталып, шын өмір тезінен өтіп, сұрыпталып, сараланып, бірден бірге шыңдала береді. Өңделіп, жылдан жылға өткен сайын өткірлене түседі. Үнемі туып, толысып, молайып отырады.

Мақалдың тілі өте көркем және қарапайым, сөз құрамы бай; халық тілінің суреттеу, бейнелеу мүмкіншіліктері мақалда жан-жақты, мол көрінісін тапқан. Сөйлем құру, әсіресе, құрмалас сөйлем жүйесін үйлестіру, қисындыру жағынан алғанда мақалдан алуан түрлі үлгі-өрнек, әдемі сөз кестесі табылады. Сөйлем құрылысы жатық, жеңіл, әсерлі болады. Мақалдың сөйлем құрудағы бір ерекшелігі, онда бастауыш, баяндауыш түгел бола бермейді. Кейде мақалда баяндауыш түсіп қалады. Мысалы, «Еңбек түбі – береке, көптің түбі – мереке», «Бейнет, бейнет түбі – зейнет», «Еңбегі аздың – өнбегі аз» деген сөйлемдерде баяндауыш жоқ, ол тек ойша ғана ұғылатын «болады» деген сөз. Егер мақалды толық айтсақ, «Еңбек түбі береке болады, көптің түбі береке болады», «Еңбегі аздың өнбегі аз болады» дер едік, бірақ онда сөйлем ықшамдылығынан, келісті ырғағынан айырылар еді.

Мақалда сөзді мүсіндеп, сұлулау үшін сан алуан теңеу, метафора, метонимия сияқты бейнелеу тәсілдері жарасымды, шебер қолданылады. Мысалы, «Жақсы жігіт – жағадағы құндыз, жақсы қыз – көктегі жұлдыз» деген сияқты мақалдарда орынды, қисынды салыстыру, шендестіру арқылы екі нәрсе, екі құбылыс бірі-бірін толықтырып, бейнелі мүсін жасайды. Сол секілді әсірелеу, күшейте суреттеу әдісі де қолданылады, мысалы, «Айдағаны бес ешкі, ысқырғаны жер жарады».

Мақал-мәтелдердің өзіндік жасалу жолдары, сан қилы шеберлік әдістері бар. Мақал көбінесе бір-бірімен ұйқасы бар екі бөлімнен құралады. Сол екі бөлімнің бірінде айтылуға тиісті ойдың шарты айтылса, екіншісінде қорытынды түйін беріледі – «Жасыңда қылжақ болсаң, қартайған соң мылжың боласың», «Күлме досқа, келер басқа», «Ексең егін, ішерсің тегін».

Бірде мақал екі құбылысты, екі нәрсені салыстыра отырып айтса, бірде соларды қарама-қарсы қою арқылы ой білдіреді. «Жақсының басына іс түссе, ашынар да ашылар, жаманның басына іс түссе, бір тулар да басылар», «Жақсы атқа – бір қамшы, жаман атқа – мың қамшы». Кейде мақал бір-біріне ұқсас екі нәрсені қатар қою арқылы, сол екі нәрсеге параллель жасау арқылы құрылады, яғни мақалда параллелизм өте жиі кездеседі. Мысалы, «Қой көрмеген қой көрсе, қуалап жүріп өлтірер, ұл таппаған ұл тапса, уалап жүріп өлтірер», «Ыдысын көр де, асын іш, анасын көр де, қызын ал», т.б.

Уағыз, өнеге айту түрінде құрылатын мақал да жиі кездеседі. Мәселен, «Өткен іске өкінбе», «Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле», «Сыртын көріп, ішінен түңілме, қарасын көріп, күшінен түңілме» деп, адамға нақыл айтады.

Жалпы алғанда, мақал дидактикалық мақсатта қолданылып, бірнеше функция атқарады. Ең алдымен ол тәлімдік-тәрбиелік және танымдық қызмет атқаратынын айту керек. Содан соң мақал адамды бірдеңеден сақтандыру үшін айтылады, яғни бұл жерде ол тыйым түрінде болғандықтан белгілі дәрежеде магиямен байланысы бар екендігі байқалады. Сонымен бірге мақалда үгіттік-насихаттық сипат та болады, ол адамды бір нәрсеге бағыттап, оның мінез-құлқына, іс-қимылына әсер етуге тырысады, басқаша айтқанда, адам тіршілігін регламенттеу белгісі аңғарылады. Бұның бәрі, бір жағынан, мақалдың қолданбалық қасиетін көрсетеді, демек, мақал – көне жанрлардың бірі, бірақ ол болмыспен тығыз байланыста болған себепті қоғам өмірінің әр дәуірінде туып, жаңарып, жаңғырып отырады. Ал, мақалдың эстетикалық қызметі фольклордың сөз өнеріне айналу процесімен байланысты. Бұл жағынан алғанда, мақал – көркем фольклордың бір түрі. Ол әрқашан адам ойына әдемі көрік пен көркемдік беріп, сөздің, яки мәтіннің сәнін келтіріп отырады. Сонысымен ол – қымбат, сол себепті ол – өміршең.

Жаңылтпаш – барлық халықтың фольклорында кең таралған жанр. Қазақ жаңылтпаштарына да зерттеушiлер ертеден назар аударып келедi. Оның тұңғыш хатқа түскен үлгiлерiн Ә.Диваев, М.Ф.Гаврилов жазбаларынан кезiктiремiз. Кейiнгi кезеңде жаңылтпаштар балаларға арналған мерзiмдi басылымдарда жиi жарияланып, жеке кiтап болып та басылып шықты.

«Жаңылтпаш» деген ат жаңылтудан шыққан. Қатарынан қайта-қайта шапшаң айтқанда, иә тiл келмейтiн, иә тiл басқа сөз қылып бұзып кететiн сөздердiң басын құрап, келiстiрген шығарма жаңылтпаш деп аталады»[899],- деп дәйектейдi алғаш рет оның ғылыми анықтамасын А.Байтұрсынов.

Жаңылтпаштардың ғылыми маңызына назар аударған алғашқы адамның бiрi – С.Сейфуллин едi. «Жастардың, бала-шағаның жиналып ойын-күлкi «дүкенiн» құрған орында айтылатын айтыстың бiрi – жаңылтпаш. Бұл да – ертек, өлең, жұмбақ айтысу тәрiздi жастардың, балалардың тiл ұстартуларына, ойнақы, қырлы сөздердi қақпақылша атқылап, билеп еркiн сөйлеуге төселулерiне өз әлiнше әдемi сабақ, тәжiрибе болатын ойын»[900], - деп жазады ол. Кiтапта зерттеушi жаңылтпаштың тәрбиелiк мәнi мен атқаратын қызметiн айқын аша отырып оның ойындық сипатына да назар аударады. Яғни, жаңылтпаш жеке баланың ермегi емес, ол – көбiнесе жұрт жиналған жерлерде балалардың тез де, жаңылыссыз, дыбыстарды анық сөйлеуiне дағдылануына үйрететiн өлең-ойын. Оның ойындық сипаты балалардың бiр-бiрiмен жарыса кезекпе-кезек айтысуында жатыр. Ол тiл жаттықтыру мақсатын ғана көздемейдi, жаңылтпаштағы сөздер дұрыс айтылмаса, құлаққа мүлде басқаша естiлiп, күлкi де туғызады.

Мәселен:

Ақ тай ақ па?

Қара тай ақ па?

 

деген сияқты жаңылтпашты интонацияны дұрыс сақтамай, жылдамдата айтса,

Ақ таяқ па?

Қара таяқ па?

 

болып мағыналық жағынан мүлде өзгерiп кетедi.

Ертеректе, жаңылтпаш балалар ғана емес, ересектердiң де ермегi болған. Бiрақ ол үлкендер арасында басқашалау қызмет атқарған.

«Ерте кезде ойын-сауықтарда жаңылтпаш айтқызу қазақтың салты болған. Жаңылтпаш жиналған жұртты күлдiру, тiл ұстартуды көздеумен қатар, ол өлең, ән бiлмейтiн жастарға берiлетiн жаза есебiнде қолданылған»[901]- деп жазады белгiлi фольклорист ғалым М.Ғабдуллин, жаңылтпаштың үлкендер арасындағы қолданысы жөнiнде. Дегенмен, жаңылтпаштар негiзiнен балаларға тән мұра. Ол жөнiнде қазақ балалар әдебиетiнiң бiлгiрi Ш.Ахметов: «Бұл жанр тікелей балалар әдебиетiне арналған, көбiне мектеп жасына дейiнгi балалар мен бастауыш мектеп оқушыларына лайықты. Олай дейтiнiмiз жеке дыбыстар мен айтылуы қиын кейбiр сөздердi дұрыс сөйлеуге үйрету – көбiне балаға ғана тән нәрсе. Мұнда мiндеттi түрде оқыту арқылы ғана емес, баланы талғамы күштi қызық та көркем сөздерге әуестендiру, соған елiктiру арқылы жаттығу жұмысын жүргiзу үшiн қолданылған шеберлiк бар»[902] - дейдi.

Бұл пiкiр жаңылтпаштың балалар фольклоры құрамындағы функциясын толық ашады. Бiрақ жаңылтпаштың шығу тегi мен оның алғашқы функциясы ғылымда жете тексерiле қойған жоқ. Егер жаңылтпаштың күрделi өлең құрылысына назар аударсақ, оны шығарушылардың ересектер екенiне күмән тумайды. Яғни, ерте заманда пайда болып, үлкендер репертуарында өмiр сүрген жаңылтпаш келе-келе балалар ортасына көшкен. Бұлай ауысудың өзi де жайдан-жай емес. Ертедегi халықтар баланың тiлiнiң тезiрек шығуы үшiн әртүрлi магиялық әдет-ғұрыптарды пайдаланған. Ол туралы Д.Д.Фрэзер көптеген мағлұматтар келтiре отырып: «Орталық Азия түрiктерi көпке дейiн тiлi шықпаған баланы, әртүрлi сайрағыш құстардың тiлiмен тамақтандырады»[903], - деп жазады.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 857; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.036 сек.