Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Жалпы сипаты 2 страница




Новеллалық ертегілердің ішінде жеке топ құрайтындары – отбасы туралылары, ерлі-зайыптылардың бір-біріне адалдығы, я болмаса бірін-бірі алдайтындығы жайында баяндайтын ертегілер. Осылардың ішінде әйелдің күйеуінің көзіне шөп салып, оны ақымақ қылатынын әңгімелейтін ертегілер де бар. Сонымен бірге басқа әйелге көңілі ауып, неше түрлі қолайсыз жағдайға түсіп, әлек болатын еркектер жайлы да ертектер бар. Ертегі адам бойындағы қызғаныш пен күдік сияқты сезімдерді әшкерелеп, болашақтан күдіктенушілік пен қорқушылықтың негізсіз екенін де көрсетеді. Мысалы, әйелдердің көзге шөп салушылығы туралы әңгімені естіген хан өзінің жаңа ғана үйленген жас жұбайын сынамақ мақсатында үйінен аттанып, өзі келгенше әйеліне ұл тауып қоюды бұйырады. Әйелі еркекше киініп, ханның соңынан барады да, біресе ханның жақын жолдасы, біресе оның қарындасы болып, екі жеп, биге шығады. Сөйтіп, ханның тапсырмасы орындалып, шынайы махаббат пен тазалық күдік пен сенімсіздікті жеңіп шығады («Уәзірдің қызы»).

Отбасы жайында баяндайтын новеллалық ертегілер сан жағынан бірталай. Олардың басты ерекшелігі – қиял-ғажайып ертегілермен байланысын үзбегендігі[908]. Осындай ертегінің бір үлгісін талдап көрейік. Оның фабуласы мынадай:

Ертеде Жүніс деген кісі қажыға кетеді, үйінде сұлулығы елден асқан Мархұма деген әйелі қалады. Бірақ күйеуі кеткен соң Мархұмаға қайнысы сөз салып, мазасын алады. Жеңгесі көнбеген соң қайнысы оған жала жауып, қазыға барып: «Жеңгем бұзылды. Ағам кеткелі үйінде күндіз-түні ойнақ!» – деп, өтірік айтады. Қазы шариғат бойынша Мархұманы таспен атқылап өлтіруге үкім қылады. Жендеттер таспен ұрып, әбден мыжғылап, Мархұманы ит пен құсқа жем болсын деп, далаға тастап кетеді.

Ыңырсып жатқан Мархұманың дауысын Ағраби деген жолаушы естіп, оны үйіне әкеліп емдейді. Мархұмаға Ағрабидің құлы ғашық болады, әйелді көндіре алмаған соң ол иесінің баласын Мархұманың бөлмесіне әкеп өлтіріп, қанын Мархұманың киіміне жағып кетеді. Ағраби баласының өлгенін Мархұмадан көрмейді, бірақ әйелім зияндық қылар деп, 400 дирхем беріп, Мархұманы шығарып салады.

Мархұма басқа шаһарға келеді. Келсе, алаңда бір жігітті патшаға қарыз 400 дирхемін төлемегені үшін дарға аспақ болып жатыр екен. Мархұма жаны ашып кетіп, әлгі жігіттің қарызын төлеп, босатып алады. Бірақ жігіт Мархұмаға ғашық болып, соңынан қалмайды. Мархұма қашып береді, анау қуып береді. Мархұма қашқан бойда бір дарияның жағасында тұрған кемеге келеді, жігіт артынан қуып жетіп, Мархұманы саудагерге сатып жібереді.

Енді оған керуенбасы ғашық болып, маған ти дейді. Осы кезде Мархұма дәрет алып, намаз оқып, Аллаға сиынып: «Мені қияметте қара жүзді қыла көрме! Я, Алла, бұл залымдардан құтылатын бір керемет көрсет!» - деп жалбарынады. Осы сәтте дауыл тұрып, бүкіл кеменің бәрі суға кетеді, тек Мархұма отырған кеме аман-есен жағаға келіп тоқтайды. Мархұма кеме толы алтын мен күмісті көріп, еркекше киініп, көрініп тұрған шаһарға барады.

Шаһардың патшасына өзінің басынан өткен істің бәрін айтып береді. Патша оған сарай салдырып береді, Мархұма дария жағасында тұрып, тәуіптік жасайды, дұғагөйлікпен елді емдейді.

Мархұма мұнда жүргенде, күйеуі Жүніс қажылықтан үйіне келеді. Әйелі туралы інісінің айтқанына сенеді. Арада біраз уақыт өткен соң, інісі айықпайтын ауруға шалдығады. Дария жағасында тұратын әулие әйел туралы естіп, інісін соған апаруға алып шығады.

Жол бойы баяғы Мархұманы аман алып қалған Ағрабидің үйіне соғады, оның (Мархұмаға қастандық істеген) құлы да ауруға шалдыққан екен. Соны да Ағрабимен ертіп жүреді. Жолаушылар баяғы Мархұма босатқан, бірақ оны сатып жіберген жігіттің үйіне қонады, ол да ауру екен, оны да ертіп жүреді.

Бәрі тәуіп әйелге келеді. Оларды таныған Мархұма өзінің шаһарының патшасына елді жинатып, қалың жұрттың алдында үш ауруға өзіне жасаған қылмыстарын айтқызады. Оларды кешіріп, күйеуіне қосылады[909].

Осындай жарына адал әйелдер туралы новеллалық ертегілердің өзі бір топ. Әйелдер жаланың кесірінен қаншалықты азап шегіп, адам айтқысыз қорлық көрсе де, адамгершілік, имандылық қасиеттерін жоғалтпайды, барлық ауыртпалыққа төзе біледі, ақыл мен сабырлық арқасында қиыншылықтың бәрін жеңіп, мұратына жетеді.

Ал, олардың қастары нағыз зұлым, екіжүзді болып көрсетіледі, алайда – жағымсыз кейіпкерлердің қылықтары ашық мінелмейді, ащы сынға да алынбайды. Оларды новеллалық ертегі өзінің бас кейіпкерінің байыптылық, кеңпейілділік сияқты қасиеттері, өнегелі өмірі арқылы әшкерелейді. Сондықтан да ертегіде жәбірленген кейіпкер ол жауыздардан кек алмайды, оларды аяп, мүсіркейді, кешірім қылады. Мұның бәрі новеллалық ертегіні жанрлық тұрғыдан сипаттайды.

Новеллалық ертегілердің қаһармандары батыр да, мерген де емес. Ол – хан мен қолөнерші, уәзір мен кедей, би мен ұста. Өздерінің әлеуметтік тегіне қарамастан қаһармандар қайырымдылық пен әділеттілік идеясын қорғайды. Кей жағдайларда қаһарман қателесіп те жүреді, бірақ ертегінің соңында ол өзінің аяғын шалыс басқанын түсініп, ақырында, адалдық пен әділеттілік жолына түседі. Бақыт, әдетте, ақылды да тапқыр, адал әрі өзінің кемшілігін мойындап, одан арыла алатын адамның басына ғана қонады. Мұратқа ұмтылу – қазақ новеллалық ертегілерінің көпшілігіне тән қасиет. Мұнда не туралы айтылса да – кездейсоқ, я ақыл күшімен табылған бақыт болсын, дана би туралы немесе әдеттен тыс қаһармандық болсын – жеңіп шығатын білгір де байыпты, әділ де ақылды адам болып келеді. Оның басты қасиеті – тапқырлық, ақылдылық және сабырлық. Сондықтан да бұл жанрдағы шығармаларда ылғи ақыл мен адамгершілік жеңеді, ал, арамзалық арқылы өзіне бақыт әкелгісі келгендер үнемі жеңіліске душар болған.

Бұл жанрдың функциялық нысанасы – ғибрат айту, тәрбие беру. Өмірде тек ақылмен, еңбекпен ғана бәріне жетуге болады деген идея – негізгі айтар ойы. Тіршіліктің көлеңкелі жағын ащы мысқылмен емес, өнегелі өмірмен көрсетеді. Ол өмір – бас кейіпкердің ғұмыры.

Қазақ новеллалық ертегілерінің енді бір тобы пайдалы кеңес, данышпан адам, ақылды қыз жайлы болып келеді. Ертегінің айтуынша, қиындықтарды жеңуге көмектесетін ақылды да, қайырымды кеңестерден бас тартуға болмайды. Пайдалы кеңес туралы бір топ ертегілерде («Үш өсиет», «Әке өсиеті», «Ақылды кеңес», т. б.) тапқырлық пен алғырлық сияқты қасиет айрықша дәріптеледі. Әділ патша базардан «бір нәрсені жасау үшін әуелі ойланып ал, ойланбай жасасаң, күйесің», – деген ақыл сатып алады. Жауыздыққа тартылған шаштараз қабырғада жазулы тұрған кеңесті оқып, патшаға уәзірінің сатқындық әрекеті туралы айтады. Сатқын олардың құрған торына түсіп, мерт болады («Әділ патша туралы ертегі»).

Қазақтардың аса қастерлейтін фольклорлық үлгілерінің бірі – даналық пен алғырлықты дәріптейтін новеллалық ертегілер болып келеді. Дүниедегі құстың, шөптің, адамның ең жаманын тауып әкеліңдер деп уәзірлеріне берілген хан жарлығына дұрыс жауап табатын адам – сіңірі шыққан кедей мен біреудің босағасында жүрген жалшы болып шығады. Даналығына дән риза болған хан тапқыр жарлыны өзінің басты уәзірі етіп тағайындап, оның ақылдылығын сынау үшін басқа уәзірлері жауап бере алмайтындай сұрақтар беріп отырады. Қастарының жасаған қысасына шыдамаған дана уәзірдің кей жағдайларда ханға қызмет етуден бас тартатын кездері де болады, бірақ кейіннен оның адалдығы анықталып, өз ханына қайтадан абыроймен қызмет ететін болады[910].

Новеллалық ертегілердің құрамында бүкіл Шығысқа тараған сюжеттер де кездеседі. Олар қазақ өмірінің шындығы мен ерекшеліктерін бейнелейді. Сан ғасыр қазақ фольклорының жанрларымен аралас өмір сүрген бұл сюжеттер қазақ ертегілерінің айрылмас бөліктерінің біріне айналып кеткен. Оның үстіне ондағы дәріптелінетін адамдық қасиеттер қазақ халқының мораліне өте жақын-тын. Қазақ топырағына түскен бұл сюжеттер, әрине, өзгеріске ұшыраған. Мысалы, ертегілердегі қала тұрмысының көптеген сырлары мен детальдары жойылып, шығармалар барынша шымыр әрі жинақы баяндалады. Шығыстағы көптеген новеллалық ертегілер белгілі бір қаламен байланысты болса, мұнда ол міндетті деп саналмайды, қаланың аты аталмауы да мүмкін. Ертекші оқиғаны көбіне қазақ елінде, қазақ қаласында өрбітеді, оны көрнекілей түседі. Мұның өзі қазақ ертегілеріне тән сипатты белгілердің бірі.

Жалпы алғанда, қазақ новеллалық ертегілерінде ауысып келген сюжеттер өзінің бояуын жоғалтып, қазақ халқының талғамы мен көзқарасына сай өзгертіліп баяндалады. Олар әдеби шығармаларға тән уақиғаны нақтылай түсу қасиетінен айрылып (көптеген шығыстық сюжеттердің Қазақстанға әдеби өңдеуден өтіп, жинақтар құрамында келгенін де ұмытпаған жөн), қайтадан фольклор шығармасына айналады.

Новеллалық ертегіде композициялық құрылым өте күрделі болып келеді, бір эпизодтың үстіне екінші эпизод тіркеледі, ол эпизодтың әр қайсысы кейіпкердің басынан кешкен бір оқиға болады. Оқиға көбінесе шаһарда, хан сарайында өтеді, оған сырттан ешбір керемет күш араласпайды. Ал, кейіпкер қайырымды, сөзі мен ісіне берік, сүйгеніне адал болып суреттеледі. Кейде кейіпкер бейнесінде ғашықтық дастанның қаһармандарына тән мінез-құлық кездеседі. Сол себепті кейбір жағдайларда кітаби стиль көрініс беріп қалады. Кейіпкерлер жұмсақ мінезді болып көрінеді. Олардың сөйлеу мәнері де өзгеше, ойын әрлеп, әсемдеп айтады. Міне, мұның бәрі новеллалық ертегінің жанрлық белгілеріне жатады.

Новеллалық ертегіде ғұмырнамалық (биографиялық) тұтастану болмайды, онда кейіпкердің туғанынан бастап, тірлігінің соңына дейін айтылмайды, кейіпкер өмірінің бір, яки бірнеше кезеңі ғана көрсетіледі. Сондықтан новеллалық ертегідегі оқиғалар кейіпкердің азамат ретінде қалыптасу тарихымен, я болмаса соның бір маңызды кезеңімен байланысты болмайды. Мұның бәрі бұл жанрдың табиғаты мен көркемдік нысанасынан туған деп ойлау керек, өйткені, егер бұрынғы батырлық және қиял-ғажайып ертегілерде басты мақсат – кейіпкерді мадақтау болса, новеллалық ертегіде кейіпкер арқылы өмірдегі кемшіліктерді сынау – негізгі шарт болып отыр. Егер бұрын халық идеалы дәріптеліп, ал, әлеуметтік мәселе көп қозғалмаса, енді ол бірінші орынға қойылады.

Осы айтылғанның бәрі новеллалық ертегінің айтылу мәнерін де, яғни стилін де өзгертеді. Енді бұрынғы эпикалык пафостың орнына жай баяндау, ғажайыпты түрде әсірелеудің орнына көркем түрде сынау пайда болады. Ертегінің шыншылдығымен бірге сыншылдығы да артады: ежелгі діни нанымдар мен түсінік-пайымдар жоғалады, я болмаса күлкіге айналады. Бұрынғы хайуанаттар жайындағы ертегілерде де осындай көне түсініктерді күлкі ету бар-ды, бірақ ондағы сын (сатира) көркем шарттылықпен шектеулі еді, сондықтан шындықты бейнелеу толық болмайтын. Ол ертегілер шыққаннан бергі уақытта өмірде сан алуан өзгерістер болды, соған сәйкес тіршілік, іс-әрекеттер, адамдар пайда болды. Оларды сынап көрсету қажет болған кезде бұрынғы стиль мен тәсіл жеткіліксіз болды. Сөйтіп, күнделікті болмыста өзінен әлсіздер мен кедей-кепшіктерге үстемдік жүргізіп, оларға зорлық жасаушылардың және өмірде кездесетін алдау, өтірік айту, ұрлау тәрізді жағымсыз қылықтарды сынап-мінеу үшін жаңа жанрда жаңа тәсілдер пайда болды, ертегінің стилі жаңа тақырыптар мен дүниетанымға сәйкестенді.

 

§ 2. Сатиралық ертегі

 

Егер новеллалық ертегілер адамның басынан кешкен шытырманды, әрі қызғылықты, тіпті, әдеттен тыс уақиғалармен байланысты болса, сатиралық ертегілер қанаушылар мен арамтамақ адамдарды әшкерелеп, кәдімгі ауыл
өмірін бейнелейді. Новеллалық ертегілер ғибрат боларлық белгілі бір тұрмыстық шындықты жақтауды, қайсыбір кеселді келісті үлгі күшімен аластауды, әлдеқандай бір мораль уағыздауды мақсат тұтса, сатиралық ертегілер қоғамдық дертті кекесінді де, кесіп түсетін күлкі арқылы әшкерелеуді көздейді. Новеллалық ертегілердегі уақиға хан сарайлары мен қалаларда өтеді. Ал, сатиралық ертегілердегі уақиға орны – әдеттегі ауыл, кейіпкерлері – ауылдағы малшы мен бай, молда...

Сатиралық ертегілер – әлеуметтік мазмұны жағынан ширыға түскен, кемелденген сананың жемісі. Бай мен кедей бірімен-бірі тату тұрған ба? Сондықтан халық ертекте қанаушы тапты қатал әшкерелеп, қарапайым кедейдің байдан моральдық артықшылығын баса көрсетеді. Халықтың мәңгілік арманы – қанаушыларын тізе бүктіру сатиралық ертегілерде көрініс табады. Әмбе бұл арман қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған өмір аясында немесе құрғақ қиялда емес, күнделікті шындық өмірді бейнелейтін ертегіде жүзеге асырылып отырады. Сөйтіп, ертегі кедейдің өз күшіне деген сенімін арттыра түседі. Бұдан біз сөз өнері түріне айналған сатиралық ертегілердің халық прозасының басқа жанрларынан кешірек, таптық қоғамның кеселді дерттері барынша айқындалған дәуірде кең дамығанын көреміз. Сатиралық ертегілердің бізге жеткен сипаты, негізінен, XV-XVIII ғасырларда, яғни Қазақ хандығы тұсында қалыптасқан болу керек.

Сатиралық ертегіде ақымақтар мен қу тазша, Алдар көсе, Қожанасыр бейнелерінің болуы – жалпы ертегі жанрының жаңа көркем сапаға көшкенінің белгісі, өйткені, бұл кейіпкерлер қоғамның дамуына сәйкес өзгерген халық дүниетанымымен байланысты пайда болған. Басқаша айтқанда, ел енді ежелгі нанымдар мен салттарға сын көзбен қарап, оларды ұстанған кісілерді мазақ қылатын болған. Сол себепті ертегі кейіпкерінің бұрынғы жақсы қасиеттері (тектілігі, адамгершілігі, адалдығы, т.с.) басқаша бағаланып, кейіпкер өзгеше, тіпті, бұрынғыға кереғар сипатталатын болған. Дүние өзгеріп кетті, ал, ертегі кейіпкері сол қалпында қалған, сондықтан оның ескі салт пен түсінік-пайымға адалдығы елдің күлкісін келтіреді.

Ертегі кейіпкерінің өмір жағдайына бейімделе алмауы оны елге ақымақ қылып көрсетеді. Ол маңайындағы адамдарға ұқсамайды. Басқа жұрт есеппен өмір сүріп, өзіне қажетті шаруа істесе, ол керісінше істейді: қақпанға түскен аңдарды босатып жібереді, іші араға толы қапты сатып алады, өлген кісіні тірілтемін деп, таяқпен сабайды[911].

Алайда, бұл ертегілердің кейіпкері қаншалықты ақымақ болғанымен, ол – жаны таза, қайырымды, ешкімді жәбірлемейді. Осы қасиеттері оны ертегідегі басқа кейіпкерлерден әлдеқайда артық етіп көрсетеді. Ертегі де, халық та сол жақта, оны бақытқа кенелтеді. Ол – халық өте жоғары бағалайтын қасиеттердің иесі, сондықтан басқа адамдардың қадір-қасиеті сол арқылы бағаланады. Соның қасиеттері арқылы ертекшілер қайырымдылық пен әділеттіктің идеясы осындай болса деген өз ойларын айтады.

Мұндай ертегілерде кейіпкердің іс-әрекеттері күлкілі етіп суреттеледі, олардың ақымақтығы ғажайыпты (фантастикалы) емес, тұрмыстық (бытовой) қиял арқылы әшкереленеді. Ертегілерде көрсетілген жағдайлар (күйеуін шешесіне тамаққа қанша тұз салу керек екенін біліп келуге жұмсау, күйеуінің өз есімін ұмытып қалуы, өзіне келген еркекті әйелдің сандыққа тығуы, т. т.) өмірде болуы мүмкін емес, ертегі сынға алып отырған нәрсе – осы «логикаға сыйымсыздық». Болмыстағы шын нәрсені әдейі логикаға сыйымсыз етіп көрсету – тұрмыстық қиялдың көркем тәсілі.

Ақымақтар туралы ертегілерде тұрмыстық қиялдың ең басты шарты болып саналатын алогизм нығая түседі; оның істері мен сөздерінде әдеттегіден тыс сипат (эксцентричность) басым болады, сөйтіп, кейіпкер аңқау (чудаковатый) болып көрінеді. Бұл, әсіресе, Қожанасыр туралы ертегілерге тән (қазақтардың өте аңқау кісіні Қожанасыр деп атауы тегін емес).

Бірақ көркем жанр ретінде атқаратын қызметіне байланысты сатиралық ертегі ақымақтықты да, аңқаулықты да өз мақсатында пайдаланып, оларға басқа мағына береді. Ақымақ болып көрінетін кейіпкер шын мәнінде өте ақылды да, оның дұшпандары – нағыз ақымақ болып шығады. Бұл – жалпы ертегі эстетикасының заңдылығы.

Ақымақ бала туралы ертегілер өте кең тараған. Сараң, ақымақ та тасжүрек ағайындылар еті тірі, еңбек сүйгіш біреуін (ол көбінесе кенже бала болып келеді) қызғанышпен күндеп, қуғынға ұшыратады. Олар кенже баланың үйін өртеп, шешесін өлтіреді, өзін де құртпақ болып, құдыққа лақтыруға әрекеттер жасайды. Бірақ осының бәрінде жағымды кейіпкер өзін қуғындаушыларды қатырып алдап, қазаға ұшыратады («Тоғыз тоңқылдақ, бір шіңкілдек», «Кейқуат»). Ол топас, қысқа ақылды жеті қарақшыдан да кегін қайтарады («Момынбай мен жеті қарақшы»). Әділетсіз, топас жан ақымақ баланың табылған алтынды қайда жібергенін де аңғара алмайды («Ақымақ бала»).

Ақымақ бала туралы ертегілердегі негізгі назар сараңдық пен әділетсіздікті әшкерелеуге аударылады. Адамның табиғатынан ақылды, я ақылсыз болып тууы заңды нәрсе, оған талас жоқ, ал, әділетсіздік пен тасбауырлық арқылы өз бақытын талап ету – әлеуметтік мәнді мәселе. Міне, осындай жолға түскен адамдармен күресте ақымақ бала да үнемі жеңіске жетіп жүреді.

Ақымақ бала мен тазша туралы ертегілер тобының жігі аса нақты ажыратылмайды. Мұнда әлеуметтік сатира онша күшті емес. Ертегі жалқаулық, сараңдық, дөрекілік сияқты тұрмыста кездесетін кемшіліктерді сынайды. Тазша сатиралық ертегілердің қаһарманы ретінде шығыс халықтарының көбіне мәлім. Тазша – кедейдің кедейі. Оның жалғыз байлығы – ақылы мен айласы, тапқырлығы мен табандылығы, қайраты мен қажырлылығы. Тазшаға кез келген қалың қалталыны алдау мен қалаған затын қағып алу сөз емес. Ол, тіпті, керек болған жағдайда ханды да ұрлап әкеткен, ал, екінші бір ханды өз еркімен тұзаққа асылдырған.

Жалпы, қазақ фольклорында тазша бейнесі екі түрлі болып келеді. Бірі – шын тазша да, екіншісі – жалған тазша. Алғашқысы – сатиралық ертегінің кейіпкері болса, соңғысы – қиял-ғажайып ертегі мен эпоста көрінеді. Мұнда бас кейіпкер әртүрлі жағдайға байланысты тазша кейпіне түсіп, болашақ әйелінің аулына немесе жау ішіне танылмай келеді. Бұл образ шығу тегі жағынан алғанда ежелгі замандағы бозбаланы ержету сынағынан өткізу салтымен байланысты. Ал, фольклорлық көркем шығармаларда тазша бейнесі жанрдың поэтикасына сәйкес бейнеленіп, әлсізді дәріптейтін халық эстетикасы тұрғысынан көрінеді.

Біраз ертегі халық арасына кең тараған кейіпкерлердің аттарымен байланысты айтылады. Орта Азияның басқа халықтары сияқты қазақтарда да Жиренше шешен, Алдар көсе, Қожанасыр есімдері мен образдары төңірегіне топтасқан сатиралық ертегілер тобы бар. Бұл қаһармандар (Кожанасыр, Алдар көсе, Жиренше) қырғыздарға да, түркімендерге де, өзбек, әзербайжан, түріктерге де жақсы таныс.

Қазақ халқының сүйікті кейіпкерлерінің бірі – Алдар көсе туралы ертегілер циклы әлеуметтік мазмұны жағынан әлдеқайда өткір. Мұндағы кейбір сюжеттер шығу тегі жағынан ерте заманда пайда болған біраз сюжеттерді бойына сіңірген[912]. Сондай сюжеттердің бірі Алдар көсенің шайтанды жеңуі туралы ертегілер ақылды, қу, алды-артын болжағыш адамдарды дәріптейді, ақымақтық пен сараңдықты ашық әшкерелейді. Алдар көсе шайтанды ұста дүкеніне айдап кіргізіп, тең бөлеміз деген астықтан өзіне артық алады, дүниедегі қорқатын нәрсем деп қазы-қарта жейді, ақырында, шайтанның мойнына мініп, серуен құрады, т.т. Алдар көсе мен шайтан туралы ертегілерде әлеуметтік арна жоқ, онда жалпы адамзатқа тән жағымсыз қызықтар келекеленеді. Демек, мұның өзі осы сюжеттің өте көне екенін көрсетеді.

Ал, Алдар көсе мен Шығайбай және мазмұны жағынан онымен үндес ертегілер тобы басқаша. Мұнда Алдар көсе байды табан астында алдап, аузындағы майлы етті қорқытып алады, оның сараңдығын келекелейді, ақыры, алдап соғып, әлпештеп отырған сұлу қызын алып кетеді. Бұл ертегілер тобындағы күлкі объектісі – жай ғана ақымақ, сараң адам емес, бір тамшы су сұрасаң бермейтін, дүниесінің үстінде дірілдеп-қалшылдап отырған дүниеқор бай. Алдар көсе мен бай туралы ертегілер әлеуметтік мәні жағынан өте өткір.

Ертегі қанаушылар мен олардың қолшоқпарларының бойындағы ең жағымсыз қасиеттерді ашып береді. Байға тән қасиеттің бірі – шектен шыққан сараңдық. Олар өзіне қызмет қылушыларды аштықпен азаптайды, еңбек ақысын төлемей, оларды әртүрлі айла-тәсілдермен алдауға тырысады («Бай мен жалшы» және Алдар көсе туралы көптеген ертегілер). Мұндай озбырлыққа келгенде молда да байдан қалыспайды: Сары молда Өтежанның ала жазғы еңбегіне қауынның дәнін ғана төлейді.

Сатиралық ертегілердің өзіндік бір түрі – анекдот. Оның басты ерекшелігі мынада: анекдот белгілі бір ұзақ сонар уақиға туралы әңгіме емес, қысқа ғана, аса елене бермейтін, қалт еткен бір құбылысты күлкі арқылы көркем өрнектеп, маңызды қорытынды жасайды. Анекдотқа кіргізілетін құбылыс қаһарманның өміріне ерекше өзгерістер енгізбейді, тек оның кейбір сапалық қасиеттерін аша түсу үшін иллюстрация ретінде қолданылады.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 2340; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.008 сек.