Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Тарихи жыр 2 страница




Халық аңыздары мен жырларының көпшілігінде Өтегеннің қос мүйізі болғандығы атап өтіледі. Жамбыл оны «батырлықтың белгісі» ретінде түсіндіреді. Дегенмен, әлем халықтары адамға біткен қос мүйізді барлық қасиеттері жағынан теңдесі жоқтықтың нышаны деп есептегені екі дүниенің билеушісі саналған Ескендір Зұлқарнайынның да осындай белгісі болғанынан аңғарылады.. Жамбыл жырлаған нұсқада Өтегеннің адамдармен қақтығысы суреттелмейтінінің, оның қарсыластары айдаһар, абжылан, жезтырнақ секілді мифологиялық құбыжықтар екендігінің де сыры сонда жатқан тәрізді.

Жырда исламға дейін және одан кейін пайда болған қиял-ғажайып мотивтер аралас қолданылып жатады. Өтегеннің өзгелердің барлығынан артық боп туған жан иесі екенін рулық дәуірде туған тотемизм дінінің жемісі болып табылатын қос мүйізбен қатар батырды жапандағы елсіз ормандағы ақ үйде ақ сақалды, ақ шашты қария кейпінде қарсы алған Ғайып Ерен де байқатады. Ол Өтегенге сәт сапар тілеп, пайдалы кеңес береді.

Жиделі Байсын өлкесіне жеткен Өтеген өзінің арманына жеткендей болады. Бірақ ол жердің шөбі жылқыға жақпайтынын білген сәтте Өтеген: «Жылқыға шөбі жақпаса, жылқыға жайылым таппаса, шоғы сөнген отындай келмейді қалпына», – деген ойға келеді де, сол арада отыра қалып, жылайды. Жайлы қоныстан күдер үзіп, еліне қайтады.

Шындығында, Өтегеннің кері қайтуына Жиделі Байсынның ол дәуірде Орта Азия хандықтары иелігіне айналып үлгергені себеп болғаны анық. Де-генмен, жырдың бас қаһарманының өзге жан иелерінен тайсалып, солардың ықпалына көнуі – эпос поэтикасына жат құбылыс. Сондықтан жылқыға қолайсыз болушылық сарыны мотивировка қызметін атқарады.

Сүйінбай жырлаған нұсқада[939] Өтеген өз елі Қоқаннан зорлық көріп, ел қорғайтын батыр жоқтығының зарын тартқан кезде, халқын көп күттіріп, асыға тостырып барып, дүниеге келеді. Ақырында ақ сақалды сары тісті бір кәрі шал әлемдегі жан біткеннің, тіпті аң-құстың, дию, пері, жындардың –барлығының тілін білетін, солардың күллісіне әмірі жүретін, ешқандай жаудан жеңілмейтін, дәл он екі жасында жаудан кекті әперетін Өтеген атты батыр дүниеге келгенін болжап айтады. Бесіктен белі шығып үлгеретіндей жасқа жетпей-ақ Өтеген Қоқанның Көки ханына қарсы жалғыз өзі қарсы тұрып, жаудың қолын быт-шыт қылып, ханды қашырады.

Бұл нұсқа халық қиялының ел сүйген батырды кейде өмірде болуы мүмкін емес іске де араластыратынын аңғартады. Олай дейтініміз: Өтеген батыр Қоқан хандығының қазақ еліне қарсы бағытталған агрессиялық саясаты бастау алмастан бұрын өмірден озған. Бұл шындықтың 1815-1898 жылдар аралығында Жетісу өлкесінде, яғни, Өтегеннің өмір тарихына куә болған өлкеде, батыр туралы естеліктер өзгеріске түсе қоймаған уақытта өмір сүрген Сүйінбай ақынға жақсы мәлім болғанына күмәнданудың қисыны келмейді. Соған қарамастан, ақиық ақын өз кезінде жан төзгісіз ауыртпалыққа айналған Қоқанның езгісіне Өтегенді қарсы қою арқылы халқының жүрегінде оптимизм отын жағуды шеккі көрмегені сезіледі. Сондықтан ол жырлаған нұсқа басынан аяғына дейін тұтастай фольклорлық мотивтерден құралған. Ол мотивтердің көпшілігі көне дәуірден келе жатқанын ғайыптан пайда болу, қаһарманның жан-жануардың барлығының тілін білуі секілді мотивтердің алғашқы қауымдық құрылыс адамдары сана-сезімінің жемісі екенінен байқаймыз. Бұлардың соңғысы аңшылық дәуір адамының тотем-баба туралы түсінігі мен наным-сенімдерінің нәтижесі екені дәлелденген.

«Сырым батыр» жыры. Ұлт-азаттық көтеріліс басшыларының бірі – Сырым Датұлы туралы жыр бізге екі нұсқа күйінде жеткен. Оның біріншісі батырдың қазақ елі орыс отаршылдары және солармен ауыз жаласқан жергілікті хандар мен сұлтандар тарапынан екі жақты езгі көріп жатқан уақытта салтанатты, рақатқа толы өмір сүріп жатқан Кіші жүздің ханы Нұралыны іздеп барып, жолығып, халықтың мұң-шерін білдіргенін суреттеуден басталады. Бұған шамданған Нұралы батырды байлауға бұйрық бергенде ханның нөкерлері жалғыз келген Сырымға бата алмайды. Керісінше, ханның тірі қалуына Нұралының ханымы, Сырымның туған қарындасы – Ақлима сұлудың араша түсуі себепші болады.

Қайтар жолда батыр өз аулын тонап, ұлы мен зайыбын тұтқын қып алып келе жатқан орыс әскерінің бір тобымен соғысып, жеңіп, отрядты түгелімен байлап алады.

Жырдың келесі тарауында Сырым бастаған қырық жігіттің Стаханов салған қамалға шабуылы суреттеледі. Жайықтың арғы бетіндегі жау қамалына қарай аттарын жүздіріп келе жатқан қазақ жігіттеріне қамалдан зеңбірек оғы жаудырылып, қырық жігіттің тоғызы ғана судан аман өтеді. Ол тоғызы да оққа ұшқанда, жалғыз өзі жаумен алысып, таң атқаннан бастап, қызыл іңір болғанша шайқасқан Сырым зеңбіректен оқ тиіп, жараланғандықтан, қансырап, ақырында есі ауып, аттан жығылады. Батырдың сол ерлігінің куәсі болып, кейіннен әкесіне баяндаған Нұралы ұлы Есім сұлтан Сырымның сол кездегі қимылы Азауды шапқан Орақты елестеткенін, батырдың балтасынан қамалдың қақпасы бұзылғанын, қылышынан мың кісі қырылғанын, найзасынан жарты мың адам жараланғанын баяндап, әңгімесін: «Зеңбіректен оқ тиіп, құлатпаса Сырымды, көрер ме, сірә, көрмес пе ең Есім сұлтан ұлыңды», – деп тәмамдайды.

Қансырап жатқан Сырымды жау әскері шынжырмен бұғаулап, түрмеге қамайды, сырымға қарасты екі мың үйді шауып, тонайды. Ел адамдары Сырымды босату үшін елу жігіттен қол құрап, Сырымның өзі баулыған Есболат батырды соған басшы қылып, аттандырады. Есболат түрменің қарауылын өлтіріп, ішіне еніп, Сырымды босатып, елге қайтарады.

Жырдың енді бір тарауында Атырауды, Жемді, Сағызды, Ойыл мен Қиылды, Мұғаджар, Жайық арасын жайлаған қазақ баласының Сырымның шабыншылыққа ұшырған аулының қонысы – Бұлдыртыға жиылып, кеңес өткізгені, ақсақалдардың белсеніп, әулиеге сыйынғаны бейнеленген.

Ел жақсылары бір шешімге тоқтала алмай тұрғанда, Сырым айтқан шешендік толғаудың әсері жырда:: «Сырым сөзі – сырлы сөз. Қыздырды қызу ерлерді. Жүрегінде желі бар аламанға жел берді. Атам қазақ халқының аруағы тербелді. Бұрқырап тастай Бұлдырты, құр-құрлап ұстап жылқыдан, жұлқынған тұлпар ерленді», – деп бейнеленеді.

Жырды айтушының:

«Жалғасы бар, – деп айтады, – бұл Сырымның

Табайын оны, Тәке, енді қайдан?» – деп, жырды жазып алушы – Тайыр Ауатановқа қарата айтқаны бұл туындының аяқталмағанын, яғни, елеулі бөлігінің бізге дейін сақталып, жетпегенін аңдатады.

Жырдың композициялық құрылысы, образдар әлемі сан ғасырлар бойы қалыптасқан эпикалық дәстүр қалыптастырған әдіс-тәсілдерге сүйене отырып жасалған. Бұл ең алдымен жырдың кейіпкерлерінің санының аздығынан аңғарылады. Қазақ жырлары әдетте ел орынға отырған кезден басталып, ұйқыға кетер кезге дейін орындалуға бейімделіп шығарылатындықтан, көлемі шағын, кейіпкерлер әлемінің ауқымы тар болуы заңдылыққа айналғаны, қазақ эпосындағы кейіпкерлер құрамын дағдылы қалыпқа түсіргені, батырлар жырының ең басты типологиялық ерекшелігі – оның бас кейіпкері халық қорғанына айналған батыр, ал, оның қарсыласы жаулардың билеушісі, көбінесе ханы болып келетінінен, бұдан өзге кейіпкерлер қатарында бас қаһарман мен оның қарсыласының отбасы мүшелері (әке-шешесі, зайыптары, балалары, бауырлары) және ең жақын серіктері болатыны белгілі. Осындай үрдіс жоғарыда мазмұндалған жырда да қайталанатыны ондағы кейіпкерлердің бас қаһарман мен оның ең басты жауы – Нұралы хан мен Ералы, Есім сұлтандар және Сырымның қарындасы, Нұралының ханымы – Ақлима сұлу, Есболат батыр, атаман сияқты бірнеше адамның ғана болуынан көрінеді.

Сөз болып отырған көтерілісті басқарушы жалғыз Сырым ғана емес екенін, оның қатарында Табын руының билері – Барақ пен Тіленші де болғанын деректер айғақтайды. Бұл ақиқат «Барақ батыр» жырында да жақсы көрінеді. Дегенмен, жырда барлық бастама да, көрсетілген күш-қайрат та Сырымның жеке белсенділігінің нәтижесі ретінде бейнелеуінің сыры әлемдік эпоста тарихта орын алған әскери қақтығыстарда елдің тәуелсіздігін бас қаһарманның жалғыз өзі ғана қорғап қалған секілді бейнеленуінің яғни, бас кейіпкер болып табылатын батырдың бір өзі бүкіл халқының күш-қайратын танытуы дәстүрге айналғанында жатыр. Соған орай Сырымның ақыл-ойы да, елдің қамын жеуі де, ерлігі мен қажыр-қайраты да жырда көрініс беретін адамдардың бәрінен басым түсіп жатады. Оның образы халық эпосының қаһармандарына ұқсата сомдалғаны жырда оның бірнеше рет жалғыз өзі сан жағынан өзінен анағұрлым басым жауға шабуынан да аңғарылады.

Жырда жағымды кейіпкерлердің мінсіздендіріле, ал, олардың қарсыластарының жағымды мінез-құлықтан ада пенде кейпіне ендіріле суреттелуі де – фольклор поэтикасының ұстанымдары тудырған өзгешелік.

 

* * *

 

ХІХ ғасыр оқиғалары мен тұлғалары туралы жыр

 

Жалпы сипаты. Қазақ халқының ХІХ ғасырдағы ұлт-азаттық күресінің қаһармандары – Кенесары және Наурызбай Қасымұлдары, Ағыбай, Жанқожа Нұрмұхамедұлы, Бекет Серкебайұлы, Досан, Арқалық, Мырзаш, Қармыс, Төлеп, Балуанияз және тағы басқа батырлар да тарихи жырлардың бас қаһармандары болып табылады.

Бір тамашасы – бұл туындылардың бірқатары – өздерінің бас кейіпкерлеріне айналған халық қаһармандарының өмірден өткеніне жарты ғасырға жетер-жетпес уақыт болғанда жарық көріп үлгерді.

Ш.Елеукенов пен Ж.Шалғынбаеваның «Қазақ кітабының тарихы» атты еңбегінде: «Жүсіпбек Шайхисләмов 1903 жылы Қазан қаласында «Қисса-и Кене хан һәм Наурызбай» деген атпен бастыртады. Екінші басылымын баспагер Ахмадуллин шығарады»[940] – деген мағлұмат келтірілген. Бұл жырдың қаһармандары – Кенесары мен Наурызбай өздері басқарған ұлт-азаттық көтерілістің 1847 жылы жеңіліс тауып, қаза болғаны белгілі. Н.И.Веселовский Мұсабай жыраудан 1893 жылы «Жанғожа батырдың толғауы» атты жыр жазып алып, 1894 жылы Петербургте бастырып шығарды. Осы жырды И.В.Аничков та Мұсабай жыраудың өзінен жазып алып, оның орысшаға жолма-жол аудармасын 1894 жылы жарық көрген «Рассказ о батыре Джанходже Нурмухамедове» деген атаумен[941], осы туындының түпнұсқасын 1895 жылы араб әрпімен Петербургте жариялады.

Кіші жүз қазақтарының 1855-1858 жылдардағы Ресей патшалығының отаршылдық қысымына қарсы көтерілісі басшыларының бірі болған, 1858 жылы тұтқындалып, Сібірге жер аударылған Бекет батыр туралы жырлардың бір нұсқасын «Ученые записки Казанского университета» журналының 1896 жылғы ІV шығарылуында «Киргизская былина о героях Ерназара и Бекета» деген атаумен И.В.Аничков[942], екінші бір нұсқасын сол журналдың 1897 жылғы санында «Киргизская былина «О Бекет батыре» деген атаумен Ә.Диваев жариялады[943].

Көрсетіліп отырған жәйттен байқайтынымыз – оқиға неғұрлым бертінгі уақытқа жақын болса, ол туралы шығарма одан аса көп мезгіл өтпей-ақ тууы да мүмкін екендігі. Оның себебі – ХІХ ғасырда қазақ даласында Ресей мен қоқандықтардың үстемдігіне қарсы күрестің жиі болуы еді. Ұлт азаттығы үшін шайқаста адамдар барынша қаһармандық көрсетті, міне, солардың ерлігін дәріптеу қажеттігі пайда болды. Сөйтіп, әрбір көтерілістен кейін әртүрлі аңыз, әңгіме, өлеңдер туып отырды. Бұл ғасырдағы бүкіл тіршілік бұрынғысынан басқаша, жедел даму үстінде болды, ел шығармашылығы да баяғыдай баяу емес, болып жатқан оқиғалардың артынша дереу туып жатты. Ол дүниелер, әсіресе, поэзиялық үлгідегілері циклденіп, сюжеттік тұтастануға түсіп, болған оқиғадан жарты ғасыр өтпей жатып, эпикалық туындыға айналып үлгерген тәрізді. Көңіл бөлетін нәрсе – ХІХ ғасырда эпостың дәстүрі күшті болды, өйткені, бұл шақта эпос, негізінен, сейілдік қызмет атқарып, тәлімдік мақсатта айтылып жүрді. Ал, мұның өзі жаңадан туып жатқан тарихи жырдың көркемдік болмысына әсерін тигізгені сөзсіз.

Кенесары туралы тарихи шығармалар. Табаны күректей он жылға созылған Кенесары қозғалысы халық жадында ұмытылмастай із қалдырды. Кенесарының өзі, оның сарбаздары мен батырлары жөнінде фольклорлық та, әдеби де туындылар сол заманның өзінде-ақ пайда болған. Көтерілістің ішінде болған Нысанбай жырау мен хан ордасында жүрген Досқожа ақындардың өлеңдері мен толғаулары – тарихи оқиғалардың шежіресі іспетті. Көтерілістің тұсында, одан кейін де әр түрлі әңгімелер, аңыздар, дастандар туған. Олардың біразы – авторлық шығармалар болса, енді бір тобы – фольклорлық, авторсыз дүниелер. Бұл екі топтағы туындылардың ұқсастығымен қатар айырмашылықтары да бар. Авторлық шығармалар – әдебиетке жатады, оларда автордың даралық ерекшеліктері бой көрсетеді де, бейнеленіп отырған оқиға мен кейіпкердің іс-әрекеті автордың ой елегінен өтеді. Яғни автор объектісін өзінің мақсатына, талап-талғамына сәйкес суреттейді. Сол себепті көтеріліс туралы ертедегі, сондай-ақ кейінгі замандағы әдеби шығармаларда Кенесары мен оның серіктестері туралы, олардың атқарған қызметі жайында жеке автордың ой-өрісі, түсінік-пайымы көрініс табады.

Ал, фольклорда олай емес. Кез келген фольклорлық туынды ең әуелі халық түсінігін, халықтың көзқарасын, ойын білдіреді. Сол себепті ол оқиғаны да, бас кейіпкерді де халық ұғымына, халық пайымдауына сай бейнелейді. Фольклордың негізгі көркем әдісі – романтика, ал көркем мұраты – идеал болғандықтан болмыс та, адамдар да дәріптеле суреттеледі. Сондықтан қай оқиға болса да, қай тарихи тұлға болса да дәлме-дәл, сол күйінде көрсетілмейді, керісінше «солай болса екен» деген тұрғыда бейнеленеді. Екінші сөзбен айтқанда, фольклорда өмірдегі шындық емес, қиялдағы шындық суреттеледі. Міне, Кенесарының фольклордағы бейнесін осы тұрғыдан түсіну керек.

Кенесары туралы фольклорлық шығарма айтарлықтай көп емес. Шынын айтқанда, хатқа түскенінен гөрі ел аузында айтылып, әлі жиналмағаны көбірек секілді. Ал, қолда бар мәтіндер жанрлық жағынан да, мазмұн жағынан да әр алуан. Әзірше мәлім шығармалардың дені – шағын өлеңдер, аңыздар мен әңгімелер. Арасында эпикалық туындылар да бар. Мысалы, «Абылай, Кенесары» сияқты қомақты жыр. Ал, «Наурызбай-Ханшайым» атты шығарма тарихи жырдан гөрі халық балладасына жақын, онда Кенесары ешкіммен соғыспайды.

Жалпы, Кенесары туралы фольклорлық шығармаларда нақты бір тарихи оқиға баяндалмайды. Оларда ханның орыс қаласын шапқаны және қырғыздарға қарсы шабуылы туралы айтылады да, соғыс эпизодтары суреттелмейді. Мәселен, Ресейдің қазақ жеріне дендеп кіргеніне қарсы күресі жайында Емді, Адырлы деген екі қаланы шапқаны айтылады, бірақ қала тұрғындарымен болған шайқас бейнеленбейді, оқиға жалпылама түрде ғана әңгімеленеді:

Бес жүз әскер жігітпен

Емдінің шапты қаласын.

Бес жүз сиыр, мың сарық

Төлеңгітке айдатты.

Болат қақпа, тас кілт

Көрсетіпті ерлер қайратты.

Жолындағы Адырлы,

Оны да шауып сорлатты.

Көп ажалға қарамай,

Онан алды қырық атты.

Қалғанына өрт қойып,

Шүлдірлетіп шулатты[944], –

 

делінеді жырда. Осы шығармада және тағы «Кенесарының сөзі» деген өлеңде Кенесарының қазақ елі Ресейдің отары болуына қарсы екені ашық айтылады. Оны Кенесарының өз сөзінен анық көруге болады:

 

Бағынба, қазақ, орысқа,

Бағынсаң, қазақ, орысқа,

Осы бастан амандас

Сарыарқа дейтін қонысқа.

Береке кетер асыңнан,

Билігің кетер басыңнан...[945]

 

Бір ғажабы, Кенесары образы біздің түсініміздегі эпикалық планда көрінбейді. Ол ежелгі батырларша қалың жауға жалғыз өзі шаппайды, мыңдаған қолды жайратпайды, қамалды бұзып, ойран салмайды. Рас, кейбір шығармаларда фольклордың шежірелік тұтастану заңдылығы байқалады. Әдетте, ескі батырлар жырында қаһарманның ерекше болып туатындығы туралы пролог болады. Онда болашақ батырдың ата-анасы, бабасы жайында әңгімеленеді. Осы дәстүр Кенесарыға байланысты да аңғарылады. Мысалы, «Наурызбай-Ханшайым» атты эпикалық туындыда Кенесарының ерекше екенін айту үшін оның бабалары туралы баяндалады. Онда былай делінеді: Абылай бүкіл мұсылманға хан болған, қалмақ Қалданның қызын алған, одан Қасым туған. Ол «өзге ұлынан асып туған, көңілін дұшпанының басып туған. Қарнында анасының қан шеңгелдеп, қызартып екі көзін ашып туған», – деп Кенесарының әкесі Қасым ерекше адам болғанын айтады. Ал, одан туған Кенесары да – тегін емес деген ұғым жатыр мұнда. Қасымның төрт ұлының ішінде бөлек туған Кенесары, ол сол себепті хан болды, – дейді халық жыршысы.

Дәл осындай пролог «Абылай, Кенесары» атты жырда да бар. Мұнда да Абылайдың қалмақ ханы Қалданның қызын алуы, одан қан шеңгелдеп, екі көзін қызартып Қасымның тууы, оның 14 жаста хан болуы, Қасымнан төрт ұл туғаны айтылады да:

 

Кенесары – хан болды,

Үлкен ұлы Қасымның,

Шұғаның қиқымы,

Сынығындай асылдың.

Ғылымның білді жасынан

Неше түрлі пасылдың![946] –

 

деп сипатталады Кенесары аталмыш жырда.

Көңіл бөліп айтатын нәрсе: қолда бар фольклорлық мәтіндерде Кенесары бейнесі айтарлықтай эпикалық әсірелеуге ұшырамаған. Оның іс-әрекетінде ешбір гиперболалық белгі жоқ. Демек, Кенесары туралы аңыз-әңгімелер классикалық фольклордың поэтикасын бойына түгел дарытпаған. Мұның өзі Кенесары бейнесін фольклорлық кейіпкерге толық айналдырмаған. Ол халық түсінігіндегі шындыққа жақын бейнеленген, бірақ соған қарамастан Кенесары – идеалды кейіпкер, мінсіз адам, әділ хан ретінде суреттеледі. Ол бірнеше сипатта көрінеді. Егер жүйелеп айтар болсақ:

Кенесары – идеалды қаһарман, билік тізгінін мықтап ұстаған әмірші, күллі қазақты өзіне қаратқан хан. Оның қол астына атақты батырлар жиналған. Олар ханның ордасын – мемлекет орталығына айналдырған. Жыршыны тыңдайық:

 

Хан болды Кенесары Орта жүзге,

Жайылды әруағы өзге жүзге.

Хакім боп, жеті жұрттан иығы асты,

Жарамас шөп салуға басқан ізге[947].

 

Кенесары – жай ғана хан емес. Ол – ел қамын жеген хан. Қазақ елінің еркіндігін, елдігін сақтауға күш салған әмірші. Жұртқа өз ойын ашық айтып, бостандыққа шақыратын көшбасшы. Міне, Кенесарының халыққа айтқан сөзі:

«Біздің бұл Сарыарқадағы қазаққа: «Бізге бағын, қара», – деп, Ресей патшалығынан келді… Екінші жағынан Қытайдан да елші келіпті». Сонда Кенесары: «Қарама, өзіміз ел боп тұралық. Қазақ хандығын құралық»[948], – депті.

Сол замандағы қазақ батырлары жасақтарымен Кенесарының қасында болып, оның бұйрықтарын екі етпей орындап, жеңіске жетіп жүреді. Бір аңызда былай делінеді:

«Кене ханның қол астына қазақтың батырлары бастаған 14 мың қол жиналды, ат жақсысын мінді, сауыт жақсысын киді. Бұлар өздерінің ордасын Алтай-Қарпықтың ортасы – Құланөтпеске тікті. Кіші жүз, Ұлы жүзден де қайраты бойына сыймай келген атақты батырлар да Кененің қолына қосылып жатты»[949].

Тағы бір мәтінді оқып көрелік:

«Қайраты қара бастан қайтпаған алып ер Тамадан Жолдыаяқ батыр, Өмірзақ Тоғалақ батыр, Құшақ Бәйтелі батыр, Тарақты Құлжан батыр бастаған батырлар 10 мың әскермен Кененің Көкшетаудағы бекініс қамалына қосылды. Әскері көбейіп, күші артып, енді Николайға ойран салуға ойлады»[950].

Келтірілген мысалдардан Кенесары – ұлы күрестің ұйымдастырушысы, басшысы екенін көреміз. Кейбір әңгімелерде Кенесары жауынгерлерінің Ресей әскерімен ұрысы баяндалып, ханның ақылды да айлалы қолбасшы болғаны көрсетіледі. Осы ұрыстарда да, басқа да қиын жағдайларда Кенесары алды-артын терең ойлап, кең пішетін басшы ретінде көрінеді.

Кенесары – ақылшы, батагөй абыз, тапқыр шешен, бекзат болып бейнеленеді. Әрбір жауапты, қиын іс Кенесары бата бермей істелмейді. Жорыққа шығарда, шайқасқа енерде ол бата беріп, ақ жол айтып кіріседі. Оның батасы фольклор дәстүрінде болып келеді. Мысалы, Тілеуқабақ жұртына кетіп бара жатқан Наурызбайға берген батасы мынадай:

 

Он сегіз мың әлемге

Патша болған құдайым,

Көз жасымды қабыл ет,

Мінажат етіп жылайын[951], –

 

деп бастап, 124 мың пайғамбарға, 33 мың сахабаға, 4 шариярға т.б. әулиелерге жалынады, Абылай хан аруағынан көмек сұрайды. Бұл бата халық ұғымына сәйкес. Жыршы Кенесарының аузына әдеттегі батаны салып отыр. Оның ойынша Кенесары халықтан алшақ емес.

Кенесары әділ би, шешен ретінде әр түрлі ережелер мен шарттарды да заңдастырып, жүзеге асырып отырады. Сөзіміз дәлелді болуы үшін мына бір аңызға көңіл бөлейік.

Кенесары, Наурызбай, Балаби, Басығара жиналып отырғанда Ағыбай ханнан сұрайды:




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 1099; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.069 сек.