КАТЕГОРИИ: Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748) |
Тарихи жыр 5 страница
Қай заман, мынау заман, қысқан заман, Дәулет құсы басыңнан ұшқан заман. Аспаннан топырақ пен шаң борайды, Қаңтардағы күн суық, қыстан жаман[973], –
деген жолдар С. Сейфуллиннің кітабында[974]:
Мына заман, қай заман, қысқан заман, Басымыздан бақ-дәулет ұшқан заман. Шұбырғанда ізіңнен шаң борайды, Қаңтардағы қар жауған қыстан жаман, – болып тұр. Сондай-ақ Т.А. Сейдалин мен С.А. Жантөринде:
Қай заман, мынау заман, бағы заман, Баяғыдай бола ма тағы заман. Атадан ұл, енеден қыз айрылды, Көздің жасын көл дария ағызамын[975], –
деген шумақ 1948 жылғы «Қазақ әдебиетінің тарихында»:
Мына заман, қай заман, бағы заман, Баяғыдай болар ма тағы заман. Қарындас пен қара орман қалғаннан соң, Көздің жасын көл қылып ағыз, заман[976], – делінген. Міне, бұл нұсқалардың негізгі айтар ой-мазмұны бір болғанмен, мәтіндерінде елеулі өзгерістердің бар екендігі көрініп тұр. Ақтабан шұбырынды оқиғасына байланысты туған тарихи шағын өлеңдердің қатарына ашығып жылаған баласын жұбатып, анасы айтты дейтін мына бір өлеңді де қосуға болады. С. Сейфуллин мұны қалмақ шапқыншылығынан қалған нұсқа дейді. Өлең формасы баланың ақыл-ойына, жас мөлшеріне лайықтап жасалған:
Бұрынғыдай жайың бар ма? Мінетұғын тайың бар ма? Жылағанда дайын тұрған Қарындағы майың бар ма? Бұрынғыдай елің бар ма? Үй артында желің бар ма? Шұрқырасып, маңыраған, Шулап жатқан төлің бар ма? Өрелеген етің бар ма? Көнектеген сүтің бар ма? Ертелі-кеш сауып ішер, Аруанадай құтың бар ма?
Аяулы баласына ақтарыла айтылған ана сезімі соншалықты шебер суреттелген. Өлеңнің өрнек-нақышы да, құйылып, төгіліп тұрған ананың жан сөздері де үлкен бір үрейлі шақтың шындығын аңғартқандай. Қазақ халқының басына әңгір таяқ ойнатып, талай жыл бойы мал-мүлкін талап, ауылдарын өртеп, балаларын найзаның ұшымен түйреп, жауыздық жасаған елдердің бірі – Қоқан, Хиуа хандықтары. Бұлар бұрынғы Ақмешіт, Түркістан, Әулиеата, Шымкент, Созақ төңірегіндегі елдерді қанша рет қанға бөктіріп, ұлын Үрімге, қызын Қырымға айдап, бүліншілік салған. Тыныш жатқан қазақ ауылдарының мал-мүлкін талауға түсіріп, қарсыласқанын өлтіріп кетіп отырған. Қазақтың Тәти, Есенгелді, Сарған секілді белгілі адамдарын өлтірген де сол – Қоқан төрелері.
Бұлай барсаң, Қоқан бар, Қоқаңдаған әкең бар. Бұлай барсаң, қалмақ бар, Күшіңді ептеп алмақ бар, –
деген сөздер осындай қорлық пен қиянатты көре-көре, әбден зығырданы қайнап, шерменде болған жандардың жүрек шерінен шыққан. Тарих деректеріне сүйенсек, Қоқан мен Хиуа хандықтарының қазақ халқына көрсетпеген қорлығы жоқ[977]. Мұны ауызша тарап, ел жадында сақталған тарихи өлеңдерден де көруге болады. Мысалы: Т. Сейдалин мен С. Жантөрин жинап, құрастырған жинақта найманның Жанкісі атты ақыны айтты деген бір өлең бар. Өлең Сыр бойындағы қазақтарды қан қақсатып, қырып-жойып жүрген Қоқан ханы Битемірге қарсы айтылған. Ақын бет-жүзің бар демейді:
Ассалаумағалайкүм... Алдияр тақсыр, ханымыз! Алдыңа келді қарашың, Арызды қабыл алыңыз[978], –
деп бастайды да, ақын Битемір ханның, оның зекетші жендеттерінің қарақшылығын айтып, бетіне басады. Жазықсыз елді ұрып-соғып, қорлығын асырып, қоқаңдап жүрген жүгенсіз хан зекетшілерінің сиқы психологиялық жағынан соншалықты шебер жасалған:
Біздің елде Жүзбай бар, Жүзбайдың жүрген жерінде Жылау менен ойбай бар. Қаратамыр Дадан бар, Еріп жүрген соңында, Қырық-отыздай адам бар[979].
Ақын шаш ал десе, бас алатын ұр да жық дөкірлердің доңыздығын тауып айтқан. Бұлар бірде келі түбім деп, қию сенім деп, отыра зекет деп, қошақ зекет деп алады. Жоққа жүйрік жетпейді. Бермесең, өзіңді қорлап, жер қылып, мазақтап кетеді дейді.
Айтайын десең, ұрады, Ұрмақ түгіл қырады... Алдына салып айдайды, Ашулансаң, байлайды. Хакімі жоқ қазаққа, Теңдік жоқ деп ойлайды. Алса, малға тоймайды, Біз жыласақ, ойнайды... Жақсыларды сөгеді, Ат үстінен тебеді[980], –
деп, сол қоқандықтар билеген дәуірдің ащы шындығын ашына, күйіне баяндайды. Ол ол ма, тіпті, Қоқан, Хиуа хандықтарының Бабажан секілді әкімдері қазақтың көрікті, сұлу әйелдерін қорлап, ел жүрегін жаралаған.
Ел ішінде ажарлы Қыз-қатынды қоймайды.
Немесе: Қазақтың тәуір әйелі Бетіне күйе жағыпты, –
деген секілді ер-азаматтардың ар-намысына тиетін істер жасаған. Найманнан шыққан Жанкісі бидің Қоқан ханы Битемірге айтқан осы өлеңінің лиро-эпикалық сипатына тоқталған М.В. Готовицкий бұл өлеңді Абылай хан мен Әбілқайыр туралы айтылып жүрген тарихи шығармалардың қатарына жатқызады. Ол: «Тіленті Шалнеир Жанкісінің атынан Қоқан ханы Битемірге айтылған айыптау формасындағы өлең – эпикалық өлең мен Рас, қазақтың Әлім, Төртқара, Шөмекей сияқты рулары Қоқан мен хиуалықтарға қарсы бас көтеріп, ара-тұра қақтығысып отырған. Солардың ішінде қазақтың атақты Жанқожа, Досан тәрізді батырлары талай рет ата жауымен айқасып, табанына салып, тізе бүктірген. Бірақ сол дәуірдегі тарихи-әлеуметтік жағдайларға байланысты оларды біржола жеңіп, азаттық алуға мүмкіндік болмады. Қазақ халқы бұл арманына тек 1830 жылдардан былай қарайғы кезеңдерде, яғни қазақ жасақтары мен орыс әскерлерінің біріге отырып, Хиуа, Қоқан хандықтарын қирата жеңіп, қуып салғаннан кейінгі дәуірлерде қолы жетті. Қоқандықтармен шайқас кездерінде болған осы оқиғалардың бәрі демесек те, соның біразы турасында тарихи өлеңдер бар. Әсіресе, Ақмешіт үшін болған соғысты, оған деген халықтың көзқарасын әңгімелейтін өлеңдер мол сақталған. Соның бірі – проф. И. Березиннің «Турецкая хрестоматия» жинағында басылған «Песня на взятие Акмечета» деген өлең. Бұл өлең шамамен 1853 жылғы оқиғаға ілесе шыққан секілді. Өлең небары он бес шумақтан тұрады, сол кездегі тарихи шындықты суреттеп, Қоқан хандығының зұлымдығын әшкерелейді. Ақмешітте болған айқастың негізгі себептерін айырып, түсіндіреді.
Айтайын қоқандықтан бір шикаят, Сөйлесем бәрін айтып көп хикаят. Қазақты қоқан билеп тұрған шақта, Көп шапты қазақ халқын аямай-ақ[982].
Сол секілді:
Қоқанның хакімдері залым болды, Һәр жұртқа залымдығы мәлім болды... Қоқанның қазақ көрді жамандығын, Көп уақыт қазаққа қылды шығын[983], –
деуі сондай ақиқатты істің айнасы. Өлеңде Ақмешіт соғысының саяси үлкен мәні бар екені айтылады. Қоқандықтар жеңіліп қашса, қазақ халқы көп жылғы құлдықтан құтылар еді, азаттық алар еді дейді. Мұны сол кездегі патша әкімдерінің жазған: «Ордалықтар орыс әскерлерінің Ақмешітте болатынын біліп, қатты қуануда, басымызға мәңгі тыныштық орнап, қоқандықтардың тонауы тоқталады десіп жүр»[984], – деген хабарларынан да көруге болады. Осындағы тарихи дәл шындықты: Дау болды біздің жақта кішкенерек, Әмме кіші болса да, бізге керек. Орыстың күш-қуатты әскерлері, Ұрысып, қоқандықты қылды әлек[985], –
деген өлең жолдарымен салыстырып қараңыз. Екеуінде де қыр қазақтарының қуанышы айтылады. Қоқан билігінің жойылуы сөз болады. Бірі – поэзия, бірі тарих тілімен сөйлейді. Сөйтіп, өлең ішінде қазақ сарбаздары мен орыс әскерлерінің ерлігі мен әділдігі, батырлығы мен бауырмалдығы суреттеледі.
Қоқандық Сыр бойына таласады, Әскерге ұрыс-майдан жарасады. Губернатор хұзіреті барған шақта, Қазақтар көріп тұрды тамашаны. Ақмешіт сарттарын харап етіп, Порт Перовский есімлі қала салды[986], –
деп Ақмешіт (қазіргі Қызылорда) қаласынан басқыншы жаулардың қуылғанын және Ресей отарлаушыларының қала атауын бетімен өзгерткенін хабарлайды. Қоқан хандығының тепкісінен құтылған халық орыс әскерлеріне деген өз ризашылығын білдіреді.
Есітіп бұл хабарды ел қуанды, Көңілінде қайраты бар ер қуанды... Қазақты аманлықта сақтамаққа, Ішіне Ақмешіттің орыс толды[987].
Өлеңнің композициялық құрылысы алдыңғылардай емес, еркінірек, болған оқиғаның характеріне қарай жасалған. Мұнда Қоқан хандығының қарақшылығына деген халықтың ашу-ыза, кегі, жан қиналысы секілді сезім толқынысынан гөрі болған оқиғаны сол күйінде баяндап берушілік бар. Соған қарағанда бұл өлеңнің өзіндік оқиға желісінен, соғыстың қалай өтіп, қалай аяқталғанын, жау жағына тағы да он екі мың қоқандық келіп қосылғанын нақтылы деректерге сүйене отырып әңгімелейтін сюжеттілік сипат байқалады. Мысалы:
Қоқандық екі келіп ұрыс қылған, Атысып үш күн ғана тұрыс қылған. Немесе: Жер қазып, дәрі төгіп, от берген соң, Аспанға топырағы кетті шығып, –
деген сияқты жолдардан тарихи өлеңдердің табиғатына тән тарихи дәлдікті аңғарамыз. Тарихи өлеңдерден байқалатын ендігі бір үлкен сарын – таптық қайшылықтың шиеленісуінен туған әлеуметтік тартыс сарыны. Бұл сарын көбіне хан, төрелердің әлсіз кедей руларға жасаған озбырлық әрекеттерінен көрінеді. Мысалы, XVIII ғасырдағы Абылай ханның қатыгездігін әшкерелейтін «Ботақан» атты өлеңде базаршылап жүрген жалғыз-жарым жазықсыз жандарды өлтіргені баяндалады. Абылай бірде Қаракесек Тортуылдың Ботақан деген жігітін жерге тірідей көмдіріп, қыршынынан қиса, тағы бірде Көкжан деген біреуді шыңырау құдыққа тастатып, өлтіреді. Міне, осындай хан әділетсіздігіне шыдай алмай, ашуға мінген Арғын, Найман рулары атқа қонып, Абылайдың ауылын шауып, малын айдап, жаза тартқызыпты. Абылай, Ботақанды сен өлтірдің, Есіл ер жазығы жоқ, неге өлтірдің? Хан басың қарашыңмен даулы болып, Үстіне ақ орданың қол келтірдің[988], –
дегенде ханның қатал, әділетсіз қылықтарын әшкерелейді. Дәл бүгін Ботақанның құнын қайтарып, Жанайды босатпасаң, ертең қатын-балаң жесір қалады деп қорқытады. Бірақ, Ш. Уәлихановтың айтуынша, Абылай басқарған төлеңгіт бұл толқынысты басып тастайды. Қалай болғанда да, Ботақан турасындағы осы өлеңде хан озбырлығына деген халықтың ыза-кегі, әлеуметтік қарсылық сарыны ашық, батыл баяндалған. Міне, сондай хан-төре, аға-сұлтан, би-болыстардың кедей қауымына жасаған зорлығын бетіне басып, әшкерелейтін тарихи өлеңдердің тағы да бірі – Жиренқопа оқиғасына байланысты туған өлең. Мұнда да тыныш жатқан жазықсыз елге Мәмбет деген төренің тартқызған тауқыметі суреттеледі. Мәмбет айтқанына көніп, айдауына жүрмеген кедей ауылдарды қырып-жойып, мазалай берген соң, қалың ел қайда қашып құтыларын білмей, Жиренқопа деп аталатын қалың қопа-қамыс ішіне келіп, паналайды. Төре тұқымы бұған да қоймай, қопаға өрт қойғызып, қатын-бала, кемпір-шалдың бәрін қырып салады. Міне, осындай үлкен апат, қырғыншылықты өз көзімен көрген Табын Шыныбек қарт: Саматай, адыра қалғыр, жері дала, Мәмбетті көрсетті, Алла, жүзіқара. Қасарып Қасармадан асқан күні, Жылайды қойдай шулап қатын-бала[989], –
деп, ұзақ өлең айтқан екен. Бірде тұрып, бірде жығылып, шаршап-шалдығып келе жатқан қалың нөпір ел Жем өзеніне жете алмай, бір торсық суға зар болады. Тарихи өлеңдердің ішінде Ресей мемлекетінің отаршылдығына, соның зардабына қарсы шығармалар да бар. Мәселен, патша уезднойын өлтіріп, Бесқала Қоңыратқа көшкен қазақ ауылдарының жайын баяндайтын бір өлеңде патша өкіметі мен оның жергілікті жалдаптары – шенқұмар уездной, байларға деген ел кегі суреттеледі. Жер-су қонысынан айырылып, ауыр қайыршылық халге жеткен қазақ жігіттері:
Көзімнен аққан жасқа жүзеді үйрек, Тайсойған, Қызылқоға, қалды Бүйрек. Патшаға бір қылмысты болып көштім, Көзіне уезднойдың найза түйреп[990], –
дейді. Өлеңде уезднойды өлтірудің себебі ашық айтылады. Атақонысынан айырылып, ашынған халық патша жарлығына көнбей, жергілікті әкімдерге қарсы тұрады. Бірақ жазалаушылардың басымдығын білген кедей-жатақтар жағы Жемнің бойын бойлап, Бесқалаға қашады. Әйтсе де, алыспай беріспейтінін де айта отырады.
Аяғы Бұлдыртының тұзды көл-ді, Қоныстан күдерімді үздім енді. Патшаның жарлығына көнбеген соң, Тентек деп патша қуды біздің елді.
Біз көштік Жемнің бойын жоғары өрлеп, Күреңге тақтым тұмар, алтын зерлеп. Көп солдат Алкелдіден шыға ма деп Асықтым мінгенімше атымды ерлеп[991], –
деп, патша өкіметі мен жергілікті әкімдердің қиянатына ел қатты күйініп, кек алуға бел байлайды. Елді басқарған хан-төрелердің отаршылармен біріккеніне көзі жеткен халық оны да жасырмайды.
Көшеміз Қазанбайлы Қақпақтыдан, Қойыпты Омар Тұрсын ақымақты хан[992], –
деп, мал-мүлкіне мастанып жүрген төрелердің ақымақтығын айтып, бетіне басады. Өлеңнің мазмұнына қарағанда бұл оқиға 1850 жылдары Арыстан төренің жазықсыз елге жасаған сойқандығы кезінде, яғни Есет, Бекет бастаған көтеріліс тұсында болған тәрізді. Қазақ халқының өмірінде жоңғарлықтар мен қоқан бектерінің шапқыншылығы мен Ресей отаршыларының халыққа көрсеткен зорлық- зомбылығы қаншалықты ауыр болса, төрт түлік малды тіршілік тірегі еткен көшпелі елге – жеті ағайынды жұттың қырғыншылығы да дәл сондай болған. Жұт – қылышын сүйреткен қыстан да, көктемнің кеш шығып, төрт түліктің ашығуынан да, әртүрлі індет ауруынан да болады. Жұт алты-жеті жылда, кейде он-он бір жылда бір айналып келіп отырады. Сондай бір ұлы күйзеліс қазақтардың ақтабан шұбырындыға ұшырар алдында болғанын жоғарыда айттық. Бұдан кейінгі бір үлкен апат – 1795-1796 жылдың қысында болған. Мұны Г. Феткуллин деген хат тіркеушінің Орынбор әскери губернаторы С.К.Вязмитинге жазған анықтамасынан-ақ көруге болады. Ол «биылғы қатты қыстың соңы қазақтарды жан шошырлық қырғынға ұшыратты. Сырдария, Ембі, Сағыз бойлары мен Каспий теңізіндегі аралдарды, Шам құдығы мен жазықтағы өзге өзендерді жағалай қыстаған қазақтардың төрт түлік малы түгелдей қырылып, кейбіреулерінде не жылқы, не қой, не түйе түлігі қалмады. Ал, кедейлер жағының соңғы қарасына дейін жұтады. Жас балалардың көбі аштан өлді. Қырғыз-қайсақ Ордасына ұлы қырғын жұт келді»[993], – деп хабарлаған. Міне, қалың бұқара халықтың басына түскен осындай қайғылы күйі мен мал-жанынан айрылған жекелеген адамдардың зарын тарихи шағын өлеңдерден көруге болады. Соның бірі – «Қазақтың қайғысы» деп аталатын өлең. Бұл өлеңді бірінші болып қағаз бетіне түсірген Ы. Алтынсарин[994]. Ол «Қазақ қайғысын» сөзбе-сөз орысшаға тәржімалап, 1883 жылдың қазан айының 31-күнгі «Оренбургский листок» газетіне жібереді. Кейін бұл өлең П.Распоповтың қолына түседі. П. Распопов оның әдеби аудармасын жасап, енді-енді басылғалы жатқан «Образцы киргизской поэзии в песнях эпического и лирического содержания» (Орынбор, 1885) деген кітабына кіргізбек болады. Бірақ бұған патша цензурасы рұқсат бермейді. Шынында да, патша цензурасы қорықса қорыққандай, өлең ішінде жергілікті шенқұмар әкімдердің тепкісіне шыдай алмай, шамырқанған бұқара халықтың наразылығы суреттеледі.
Жалғыз-ақ барар жерің уәзнәй, Алдынан қуалайды «пошел-кет» деп. «Сен болмасаң, анаған барамын» – деп, Күн қайда кететұғын сөзін кектеп[995], –
деуі аштықтан азап шегіп, титықтап отырған елдің ашу-ызасынан туған көріністер еді. Алайда, патша әкімдері мен переселен – орыс шаруаларының өздері де бірдей емес екенін, бұлардың арасында да әлеуметтік теңсіздіктің орын алып отырғанын сезген қарапайым халық тарыққанда талшық болар көмек-жәрдемді орыс тамырластарынан іздейді. Балаларының аузынан жырып, қара нанды қақ бөліскен орыс шаруаларының қайырымдылығына сүйсініп:
Олардан да рақымды орыс халық, Барсаң, қайыр береді оңашалап, – дейді. «Қазақ қайғысы» – 1879-1880 жылдың қысында болған жұт суретін, адам өліп, мал қырылған тарихи шындықтың жайын бейнелейді. Аспанды қара бұлт басып, сегіз айдай тынбастан қатты боран соқты. Мал түгілі ер-азаматтың өздері де үйлерінен он қадам жер аттап, шыға алмады. Аштық пен суықтан бала-шаға, кемпір-шалдар зар шекті дейді.
Мал жерден бір шөп үзіп жей алмады, Тау-тау қар қорадан мал шығармады. Мал түгіл даладағы, үйдегі адам, Үйінен он қадам жер шыға алмады. Отынсыз ас іше алмай бала-шаға, Бере алмай нәрсе тауып ата-ана, Кәрі шал, кемпір сорлап, зар жылады[996].
Халық жаз шыққан соң да жарылқана қалмаған, шөп жұлып, жуа теріп, күн көрген. Рас, өлеңде жұт жылғы аштықтың, панасыз кедей-кепшік, кемпір-шалдардың көрген қорлығы, қол ұшын беріп көмектеспек түгілі «кет – пошел» деп қатыгездік жасаған жергілікті патша әкімдерінің айуандық қылықтары шынайы шындығын тапқанымен, сол күйзелістің негізі – Құдай ісі деген теріс тұжырым жасалады. Әлеуметтік теңсіздіктен туған қоғамдық құрылыстың әділетсіздігі ауызға да алынбайды. Дегенмен «Қазақтың қайғысы» атты өлең феодалдық-патриархалдық өмірдің жағдайын, соның қатал заңы салдарынан құрбан болған көшпелі елдің трагедиялы тағдырын суреттейді. Өлеңнің халықтық қасиеті де осында. XIX ғасырдың соңын ала шыққан тарихи өлеңдердің тағы да бірі – Басықараның Сазанбайы айтты деген «Аштыққа халық қамалды» өлеңі. Бұл шамамен алғанда, 1891-1892 жылғы жұт тұсында туған тәрізді. Мұнда да қыс қысымынан титықтап, арып-талып шыққан еңбекші елдің көктемгі күйі суреттеледі. Бірақ жұт – жеті ағайынды. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы – көктем уақытында да халық аштықтан арылып кете алмайды:
Аштыққа халық қамалды, Таба алмады амалды. Үш ұйықтаса, ойда жоқ, Көрдік сондай заманды. Аштық есті тандырған, Мойынға дорба салдырған. Қабандай жерді қаздырған, Шөп пен жедік балдырған[997], –
деп, қара жолдың бойын кезіп, әрлі-берлі теңселген жаяулы-жалпылы аш адамдардың аянышты халі суреттеледі. Бұл өлеңнің бір ерекшелігі, мұнда мыңды айдаған бай малының да бір қыста қырылып қалып, өздерінің аштықтан өлгені айтылады. Дүние қандай баянсыз болса, бай қолындағы байлық та сондай баянсыз. Баймын деп мастанып, батырмын деп қастанып жүретін үстем тап өкілдерін «Бай – бір жұттық, батыр – бір оқтық» деп өлтіре сынаған халық сол идеяны осы өлеңде:
Дүниенің жоқ баяны, Байға да тықыр таяды. Тағдыр жетіп, о да өлді, Жесе де, жал мен жаяны[998], –
деп түйеді. Қысқасы, халқымыздың өткен өмірінде болған саяси-әлеуметтік мәні бар үлкенді-кішілі тарихи оқиғалар көп. Соны тереңірек, дәлірек түсінуге мұрағаттық деректермен бірге халық өлеңдерінің де маңызы зор. Проф. Б.Кенжебаевтың сөзімен айтқанда, тарих пен тарихи қырларды салыстыра зерттеу аса қажет. Өйткені, «тарих пен халық ауыз әдебиеті бір-біріне жәрдемші, бірін-бірі толықтырушы. Халықтың ауыз әдебиетін дұрыс, терең ұғу үшін оның тарихы қандай қажет болса, тарихын дұрыс, жете, толық білу үшін халық ауыз әдебиеті де сондай қажет»[999].
Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 1199; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы! Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет |