Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Тарихи жыр 6 страница




Тарихи өлеңдерден байқалатын негізгі ерекшелік – мұнда тарихи болған оқиғаның уақыты, себебі, ел жайы, халықтың соған деген көзқарасы тарихи шындық тұрғысынан көрсетіледі. Жер-су, кісі аттары сол тарихи фактілерге сүйеніп алынады. Тарихи үлкен жырлардың бас кейіпкері – батырлар, солардың ерлік істері болса, шағын өлеңдердің бас кейіпкері – халық, сол халықтың көңіл-күйі, сезімі, сыры. Тарихи шағын өлеңдерде қалың жауға қарсы шабатын хас батырдың қақтығысы жоқ, оның орнына ашынған елдің ашу-ыза, кегі бар, ел бірлігі, ерлік турасындағы толғаныстары бар.

 

Қарақұрттай қаптаған жанар қалмақ,

Дабыл ұрып келеді елді ойрандап, –

 

деген сияқты бірлі-жарым баяндаулар болмаса, үлкен сюжетті оқиғалар бұл жанрға тән қасиет емес. Сондай-ақ тарихи өлеңдердің композициясы ертегі мен эпос тәрізді белгілі бір заңдылықты сақтай бермейді, мұны тарихи болған оқиғаның сипаты шешеді. Тарихи шағын өлеңдердің бүкіл композициялық, образдық, әрі психологиялық құрылысы тұтастай осы тарихи тақырыптан туады.

Тарихи өлеңдердің композициясына үңілгенде онда эпикалық кеңдік барын байқаймыз. Бірақ ондағы бастан өткен қым-қиғаш оқиғалар, ел мен жердің тағдыр-талайының бәрі - өлеңді айтушы ақын атынан баяндалады. Бұл тұрғыдан алғанда тарихи өлеңдердің ең көне түрлері бізге ел мен жерге қатысты қоштасу, жоқтау түрінде айтылған. Эпикаға тән ерекшелік бар, алайда, бұл – батырлықты дәріптеуге тән эпика емес. Эпоста кейіпкерді даралау, қаһармандар тұлғасын жасауға қатысты оқиға қалыңдай түседі. Тарихи өлеңдерге, сол көлемді сюжетті қалыптастырудағы сарындар көзге түседі. Тарихи өлеңдердің айтары оқиға қалай, қашан болды, оның себебі мен салдары, халықтың қандай күйге түскендігін жеткізу дәстүрге айналған. Тарихи жырда теңеу, эпитеттер, т.б. көбірек жыр желісін қалыңдата түссе, тарихи өлеңде айшықтауларға орын берілген. Жалпы оқиғаның себебі мен салдарын жеткізудегі тарихи өлеңнің өзіне тән формасы осылай тұрақтанған. Елі мен жерінен айырылған халықтың азалы әні, атамекеннен алыстаған жұрттың жайы тарихи өлеңдерде көбіне зарлай арнаудың үлгісін танытады.

Мысалы:

Зор күн туды, зор күндер,

Кетті күлкі мол күндер.

 

Жылау менен қоштасу,

Келер ме қайтып ол күндер!

 

Зарлай арнауға жауап беретін тарихи өлеңдер қатарына 1879-1880 жылдардағы адам өліп, мал қырылған «Қазақ қайғысы» және «Аштықтан халық қамалды» деп аталатын 1891-1892 жылы болған жұтқа қатысты тарихи өлеңдерді атауға болады.

Айшықтаудың жарлай, сұрай арнау үлгілерінде тарихи өлеңді айтушы ақын, ең алдымен, болып жатқан қайғылы оқиғаны айтып, ендігі күннің не боларын жалпы жұртқа қарата сөйлеп, жұртпен кеңесуді жөн санайды. Жеке өзімен емес, ақын жалпы жұртқа үлкен ой тастайды. Сөйтіп, күрмеуі қиын шешімнің жауабын тағы да ел аузынан өзі айтады.

Тарихи өлеңдердегі ерекше көзге түсетін арнаудың тағы бір үлгісі – сұрай арнау. Көңіл-күйге байланысты оқиғалар болғандықтан, тарихи өлеңді шығарушы ақын қаралы жайдың әділетке сыймайтындығын айтып, өзінше жалпы жұртқа сауал қойып, өзінше жауап күтеді.

Ішкі қайшылықтарға қатысты өлеңдерде де сұрай арнаудың үлгілері үздіксіз ұшырасады. Айталық, Абылайдан Ботақан өліміне құн сұрау, Мәмбет төренің ісіне байланысты «Жиренқопа» оқиғасына қатысты өлеңдер бұған дәлел бола алады.

Айшықтаудың бір түрі – қайталау. Сөздің әсерін күшейте отырып, тыңдаушы назарын аудару мақсатында зат не құбылысты бірнеше рет қайталап, ой мен сырды ұғымға мұқият сіңірудің тәсілі. Тарихи өлеңдерде жай қайталаулар көзге бірден ұшырайды.

Тарихи өлеңдерде көбірек ұшырасатыны негізінен жай, кезекті және еспе қайталаулар деуге болады. Еспе қайталаулар көбіне сағыныш, мұң-зар өлеңдерінде ерекшелене түседі. Алдыңғы айтылған ұғымның келесі кезекте қайталана немесе соңында ұшырасуы ойға ой, сырға сыр қосудың еселенуі екендігі түсінікті.

Елдің өткені және оқиға болып жатқандағы бастан кешкені тарихи өлеңдерде көбіне шендестіру арқылы беріледі. Оның дәлелін төмендегі өлең үзінділері көрсетеді. Мәселен:

 

Сағындық біз Баянды көзді сүзе,

Жігіттер, жауыздықтан бойды теже.

Иттерше шылапшыннан сорпа жалап,

Ішеміз он шақтымыз тары көже, –

 

деген өлең жолдарының басындағы екі тармақта өткен күнгі ел мен жердің жай-күйі сөз болса, кейінгі екі тармақ соңғы күннен хабар береді. Қысқасы, кеше мен бүгін өлеңде барынша қарама-қарсылықта алынып, бір-бірімен шендестіріледі. Тарихи өлеңдегі табиғат пен адамды егіз алып суреттеуге алып келген бұл құбылыс, қайғылы оқиғаға қатысты табиғат пен адам психологиясын сипаттауға ауысқан.

 

Басынан Қаратаудың көш келеді,

Бір тайлақ көшкен сайын бос келеді.

Айырылған қарындастан жаман екен,

Мөлдіреп қара көзден жас келеді.

 

Адамның көңіл-күйін табиғатпен егіздей көрсетіп, жұптастыру тарихи өлеңдердегі дәстүр белгісін танытады.

Табиғатты адам көңілімен астастыра көрсетудің ең бір ұтымды сәттері елінен жырақтап, окоп қазуға алынған жастардың сәлем жолдауларынан көп ұшырасады:

Аралға қонды суы жоқ,

Мезгілсіз ұшқан бір топ қаз.

Бауырын төсеп жатуға,

Жапырағы жоқ, жері саз.

Ұшайын десе, мерген көп,

Аңдымайтын адам аз.

«Обал болар» десер ме,

Өтпейді оған ешбір наз.

 

Адам психологиясын параллелизм арқылы бұлай сипаттау тым әсерлі, ерекше тебіренген сезім сыры өлеңде өрнек таппақ. Айшықтаулардан басқа, ажарлау, құбылтулардың тарихи өлеңдер арқылы пайда болып, эпикалық көлемді дүниеге айналған тарихи жырлардан кездесетіні анық. Себебі ондағы атыс-шабыс, жекпе-жек, адам образын сомдауда ажарлаудың, құбылтудың сандаған түрлері ұшырасады. Тарихи өлеңдердің көлемі шағын, оқиғаның болып жатқан сәтінде жедел туғандықтан, онда күрделі эпитет, теңеу, балаулардың үлгілері кездесе қоймайды.

Тарихи өлеңдерде дыбыстық қайталаулардың көбірек ұшырасатындығын да байқаймыз. Халық ауыз әдебиеті дәстүріне сай жасалып, табиғи заңдылыққа сай айтылған өлең шумақтарын тарихи өлеңнің кез келген тармақтарынан табуға болады. Мысалы:

 

Айтайын десең ұрады,

Ұрмақ түгіл қырады... –

 

деген өлең шумағында үнемі а дыбыстары еселене қайталану арқылы өлеңге ажар-көрік дарытқан. Әр сөзі орынды, бірыңғай дауысты дыбыстармен басталып тұр, яғни бұның ассонанс екені мәлім. Енді бірыңғай дауыссыз дыбыстарды қайталау арқылы ерекшеленетін аллитерацияға:

 

Қатын-бала, бауырың жауда кетті,

Қаратауды қатал жау бермей өтті, –

 

деген өлең шумағы мысал бола алады.

Дыбыстық қайталауды қазақ халық поэзиясындағы дәстүр белгісін танытатын ерекшелік десек, тарихи өлең табиғаты сол дәстүрден жаңылмағанын барынша айғақтай түседі.

Тарихи өлеңдердегі бейнелі сөздер, негізінен, ел басына түскен ауыртпалықты, туған жерге деген шынайы махаббатты, халықтың әділетсіздікке деген күйініші, ашу-ызасы, мұңы мен назы, қайнаған кегін жан-жақты көрсету үшін қызмет етеді. Бұл орайда тарихи өлеңдердегі айқындаудың қызметі айрықша екендігі талассыз.

Өлеңнің қай кезең оқиғаларына қатысты туғандығын көбіне ондағы сөз өрнегінен, оның атқарып тұратын қызметінен танимыз. Тарихи өлеңдегі кісі есімі, жер-су аттарынан басқа да, жаңа сөздердің де жасалып жатқанын түсінеміз. Жалпы, қазақ өлеңдеріндегі «қазақ» деген ұлттың есімін ерекшелеп, айдар таққан аталмыш тарихи өлеңдер екендігі талассыз. Тіпті, «Алпамыс», «Қобыланды», «Қорқыт жырлары», «Қырымның қырық батыры» жырларының өзінде «қазақ» сөзі бірен-саран ғана ұшырасады. Оның өзі бертінде туған нұсқаларда ғана. Тарихи өлеңдегі ұлт атауына «қазақ сүйегі», «қазақтың айбалтасы», «қазақ ұлы», «қазақ елі», «қазақ халқы», «руы қазақ еді, ұраны – алаш», «хандардың қазынасындай болған қазақ», «өскенбіз қазақ ұлы бір ұядан», т.б. ұлт туралы ұғымды дамытып, көлемді эпикалық жырларға арқау еткен тарихи өлеңдер болып табылады. Ал, тарихи өлеңдердегі окоп, аэроплон, казарма, губернатор, солдат, т.б. бірнеше жаңа атауларды кездестірсек, онда тарихи өлеңдер қызметі аясының кеңдігіне көз жеткіземіз. Бұл жерде әңгіме өлеңнің қоғам дамуының әр кезінде түлеп, елдің естелігіне айналуында болып отыр. Тарихи өлеңнен антоним, синонимдерді де ұшыратамыз. Тарихи өлеңдер көбіне қара өлең дәстүрін еске түсіреді. Біздіңше, бұл жалпы халық күйзелісі, қаралы оқиғаларға қатысты болып келеді. Ал, жеке адамның тағдыры, елімен, жерімен қоштасу немесе жоқтау, сәлем өлеңдерінде 7-8 буынды өлең өлшемі бірден көзге түседі. Оның басты себебі қоштасу, жоқтау, сәлем өлеңдерінің айтылу дәстүрінде жатыр. Соның бәрі силлабикалық өлең екендігімен қоса, қазақ өлеңінің қадір-қасиетін арттыратын буыннан танылады. Дәстүрдің беріктігі де сонда. Өлеңнің әр сөзі толқу, тебірену, күңірену – бәрі қалыпты ырғаққа бағынады. Тарихи өлеңде көбіне төрт, жеті-сегіз, кейде одан да көп тармақтар болса, жоқтау, азалы жайларға қатысты бірнеше тармақтар болып келе беретіні де кездеседі. Бірақ ауызша айтылып, белгілі әуенмен, мақаммен орындалғандықтан өлеңде ырғақ қалыпты сақталған. Өлеңдегі буын-бунақ та ырғақтың күштілігінен өзіндік жүйе тауып жатады.

Тарихи өлеңде қара өлең ұйқасы шұбыртпалы ұйқас, ерікті ұйқас, егіз және аралас ұйқас болып келеді.

Қазақтың тарихи өлеңдерінің көне үлгілері бізбен туыстас көптеген халықтардың өлеңдерімен тақырыбы ұқсас, идеясы бір.

Қорыта айтқанда, жалпы жұрт болып, дербес ел болғандағы бірлік пен ынтымақ, ел мен жерге деген махаббаттың бүкіл халық атынан айтылуы, өлеңді шығарушының дүйім қауым, бұқара халық атынан сөйлеуі тарихи өлеңдерде жүзеге асқан. Тарихи өлеңдердің эпикалық шығарма жасау ерекшелігі бар. Алайда, онда типтік жеке батыр бейнесі жасалмайды. Тарихи өлеңде халық, ел мен жер тағдыры туралы ұғымдар ұлттық көңіл-күйге тән беріледі.

Тарихи өлеңдердің типологиялық және поэтикалық болмыс-бітімін бірнеше аспектіде қарауға болады. Бірінші, тарихи өлең, шын мәнінде, нақты болған оқиғалардың шынайы естелігі. Белгілі бір дәуірлердегі болған сұрапыл соғыс, ірілі-ұсақты қақтығыстардың бәрі де бір ғана тарихи өлеңмен өлшенбейді. Қайта бірнеше өлең арқылы оқиғаның мән-жайы өсіп-өрбіп, тарихтың ақиқат кезеңдері толыса түседі. Егер шын мәнінде осылай болатын болса, онда тарихи өлеңдер әр дәуірге қатысты топтасып, циклденуі тиіс. Өйткені, тарихи өлең деп танылған туындының тақырыбы, жанры, стилі жағынан ұқсастығы қалайда байқалары анық. Бұл өлшеммен қарасақ, шын мәнінде, тарихи өлеңдердің циклденуін тым ертеде туғандарынан емес, берідегі ізі суымаған оқиғалардан танимыз. Айталық, көне түркі дәуірі, Алтын Орда дәуірі, ноғайлы дәуірі кезеңдеріне қатысты тарихи өлеңдер ұмытылып, олардың кей үлгілері ғана бізге жеткен. Мәселен, XVIII ғасырдағы ақтабан шұбырынды оқиғасына қатысты туған тарихи өлеңдер; XIX ғасырдағы отарлау саясатына байланысты тарихи өлеңдер мен 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс өлеңдері тақырыптық жағынан топтасып, үлгерген.

Бұлардың бірнеше тақырыпта кездесуі, көп нұсқалы болуы, бір-бірімен сабақтасуы, өзіне тән ұқсастықтары мен тарихи кезең шындығын бере алуы және белгілі дәуірге қатысты топтасуы фольклорға тән белгілерді барынша айғақтай түседі.

Халық поэзиясындағы жоқтау, қоштасу, лирикалық өлеңдер мен тарихи өлеңдердің өзара қарым-қатынасы бар. Бірақ тарихи өлеңдерді отбасы әдет-ғұрып поэзиясына жататын азалау фольклорымен шатастыруға болмайды. Онда жеке адамның өмірден өтуі, тіршіліктегі тағдыр-талайы айтылса, тарихи өлеңде жалпы халықтың елі мен жеріне деген шынайы махаббаты, қимастық сезім, сырлары сипатталады. Лирикалық өлеңдермен сабақтастығы да осы тұста көрініп, тарихи өлеңдердің әнге айналуынан байланыс-бірлігі танылады.

Тарихи өлең мен тарихи жырлардың жанрлық айырмашылығы бар. Тарихи жыр өзінің поэтикалық жағынан толық эпостың белгілерін танытса, тарихи өлеңде эпикалық ерекшелік жалпы оқиғаның мән-жайын, себеп-салдарын баяндауға құрылады. Жеке адамның образын жасау тарихи өлеңге тән емес.

Қоғам дамуындағы белгілі бір ұлттың халық, ел болып қалыптасқан кезінде басына қиын-қыстау күн туғандағы тарихи-әлеуметтік жағдайына қатысты жедел туып, сол ұлттың оқиғаға деген көзқарасын, көңіл-күйін, арман-тілегін дәлме-дәл жалпыхалықтық психологиямен өрелестіретін мұраларымызды тарихи өлеңдер дейміз.

 

 

§ 6. Дастан

 

Жалпы сипаты. Қазақ халқының эпикалық поэзиясы батырлық, ғашықтық және тарихи жырлармен шектелмейді. Осылармен қатар халық поэзиясында көлемі жағынан айтарлықтай мол, тақырыбы сан алуан, оқиғалары шытырман келетін, сюжеттерінің басым көпшілігі күллі шығыс халықтарына ортақ, көркемдік деңгейлері алуан түрлі, енді ғана жиналып, жариялана бастаған халық туындылары жетерлік. Бұл туындылар тұтастай алғанда, халқымыздың жалпы эпикалық дәстүр шеңберінде пайда болып, ұлттық фольклор жанрлары жүйесінде қызмет ететін, сонымен бірге белгілі дәрежеде жазба әдебиет пен жеке ақындық шығармашылықтың ықпалын да бойына сіңірген, яғни тақырып, сюжет, идея, кейіпкерлер жүйесі және көркемдік бейнелеу құралы жағынан дәстүрлі батырлық, ғашықтық, тарихи жырлардан өзгешеленеді. Олар – дастандар.

Дастандардың ең бір көп туындаған және жарияланған кезеңі ХІХ ғасырдың еншісіне тиеді. Ол кезде Қазан, Омбы, Ташкент, Мәскеу және басқа қалалардың баспаханалары білімнің әртүрлі салаларына, қоғамдық өмір мен көркем шығармашылыққа қатысты көптеген материалдарды араб әрпімен қазақ тілінде жариялап тұрған. Оның ішінде дастандар, әсіресе, ғашықтық (романдық) және діни мазмұндағы шығармалар өте көп болғаны белгілі.

Ал, кеңес дәуірінде бұл шығармалар ресми идеология мен кеңес өкіметінің саясатына байланысты жарияланбады да, зерттелмеді. Мысалы, 1917-1990 жылдар аралығында дастандардың небәрі төрт-ақ томы жарық көрді, ал, монографиялық деңгейде дастан түрлерінің ішінде тек қана романдық дастандар зерттелді.

Ұлттық фольклор мен ақындық поэзия құрамында дастан жанрының пайда болып қалыптасуы, оның жанрлық түр ретінде түбегейлі орнығуы дастандық эпостың қазақ қоғамының рухани сұранысынан туындағанын көрсетеді, сонымен бірге ол процеске шығыс фольклоры мен әдебиетінің де әсері мол болды.

Қазақ қоғамы байырғы заманнан-ақ өзінің географиялық жағдайы мен тарихи дамуына қарай Орта Азия халықтарының көпшілігімен генетикалық әрі тарихи байланыста бола отырып, қазіргі айтып жүрген «шығыс әсерін» еш уақытта жатсынған емес, қайта арналы бастаудың бір сағасы ретінде сезініп, сол бағалы қазынадан сусындап, өз ерекшелігіне сай қабылдай білді. Мұны жалпы түркілік мифологиялық жүйеге негізделген қазақтың ескі аңыз-мифтерінен, көне мифологиялық және фольклорлық түсініктері мен образдарынан көруге болады.

Орта ғасырларда қазақ даласы басқа елдер сияқты VІІ-ХІІ ғасырларда жоғары өркендеу дәрежесіне жетіп, дүниежүзілік тарихи маңызға ие болған біртұтас араб-мұсылман мәдениетінің ықпалында болды. Ал, араб-мұсылман мәдениеті араб халифатының құрамына енген көптеген халықтар мәдениетінің ең озық және аса танымал дүниелерін қабылдап, өз бойына сіңіру арқылы биік құндылық дәрежесіне көтерілгені белгілі. Сондықтан да қазақ даласына діни нанымдар және мұсылмандық қағидалармен қатар Иран, Үндістан, араб халықтарының фольклор, әдебиет, мәдениет үлгілері де кең тарады.

Шығыс сюжеттері қазақ халық ауыз әдебиеті арнасында жырланып, басқа да фольклорлық шығармалармен қатар ауызша айтылып отырды. Демек ұлттық эпикалық дәстүрдің ықпалы өте күшті болды. Сол себептен қазақ эпосы дәстүрімен ұлттық рухта жырланған бұл шығармалардың басым көпшілігі халқымыздың төл шығармасына айналған. Кейде шетелдік сюжетке құрылған шығарманың қазақ өмірін, оның ерекшелігін дәл беретіндігі соншалық, кезінде өз топырағында туған ол төл шығарма ретінде қабылданды. Мұндай жағдайлар сол сюжеттерді шығарушы қоғам мен қабылдаушы қоғамның әлеуметтік құрылысының ұқсастығынан туады.

Шетелдік сюжеттермен қатар көптеген дастандық туындыларға жергілікті аңыз, әңгімелер, қазақ болмысынан көрініс беретін тарихта нақты болған оқиғалар, құбылыстар, фактілер арқау болды. Яғни бұрын дәстүрлі эпоста жырланбаған өзгеше сюжет, мотив, идея, образдар эпикалық шығармашылық аумағында белсенді ізделіп, қарастырылды. Сонымен бірге біраз дәстүрлі тақырыптар мен сюжеттер жаңаша түсіндіріліп, өзгеше жырланды. Бұл шығармаларда кей кезде шығыс дастандарының элементтері мен жекелеген мотивтері пайдаланылып отырды. Осындай ізденістердің нәтижесінде көптеген шығармалар дүниеге келді.

Қорыта айтқанда, ХVІІІ-ХІХ ғасырларда жергілікті және шығыс сюжеттеріне құрылған шығармалар қазақтың дастандық эпосын құрап, ұлттық фольклорымыздың бай және маңызды саласына айналды.

Қазақ дастандық эпосының мынадай негізгі түрлерін ажыратуға болады: 1. Хикаялық (новеллалық) дастандар; 2. Діни дастандар; 3. Романдық (ғашықтық) дастандар; 4. Қаһармандық дастандар; 5. Ертегілік дастандар; 6. Әлеуметтік-сүйіспеншілік дастандар.

Қазақ дастандарының өзіне ғана тән жанрлық болмыс-бітімін белгілейтін ерекшеліктер мынандай: жаңа сипатты кейіпкердің пайда болуы, жаңа тақырып пен сюжеттерді тудырудағы белсенді ізденістері, дәстүрлі сюжеттерді дамытудағы жаңалықтары; бұрын фольклорда бір қалыпта суреттелетін тартыстардың (мысалы: жағымды, жағымсыз әйел) негізгі тақырыптарға айналуы, фольклорлық тәсілдердің діни тақырыптар мен сюжеттерді жырлауда көркемдік әдіс ретінде қолданылуы, т.б. Жанрдың өзіне тән тағы бір ерекшелігі – кейіпкер психологиясын көрсетуге деген талпыныс, дастан кейіпкерлерінің мінез қырларын жан-жақты ашуға ұмтылыс, қоғам мүшесінің өмірлік ситуациядағы іс-әрекеттерін әр қырынан көрсету арқылы дәстүрлі стереотиптен ауытқып, суреттеу аясының кеңеюі.

Сонымен, Иран елінен ауысып, күллі түркі тілдес әдебиеттерде өзіндік орны мен мәнге ие болған дастан қазақ топырағында да кең қанат жайып, фольклорымыздың құрамында дербес, толыққанды, бірнеше түрлерімен танылған жанрлық түр ретінде түбегейлі орналасып, жаңа идея, талпыныс, мақсат, көзқарас және жаңа дәуір жаңалықтарын жырлаудың дайын әрі тиімді формасы болды.

Фольклортанушы-ғалымдардың зерттеулерінің нәтижесінде әртүрлі мәдени-тілдік аймақтарда дастанның өзекті жанрлық белгілерінің сақталатыны және барлық дерлік халықтар дастандарының типологиялық тұрғыдан ұқсастығы анықталып отыр. Мұндай құбылыстан қазақ дастандары да шет қалмаған. Яғни қазақ дастандарының болмысы бұрынғы батырлық, лиро-эпостық, тарихи жырлардан біршама бөлек болып қалыптасты, әрі олар өз бойына басқа халықтардың осы тектес шығармаларына тән жалпы типологиялық төлтума қасиеттерді жинақтады және тек қана қазақ дастандарына тән өзгешеліктерімен ерекшеленеді. Осы айтылғандардың бәрі біздегі дастан жанры қазақ қоғамының рухани қажеттілігінен туындаған, халқымыздың эпикалық дәстүрімен сабақтас, ұлттық қайнарымен үндес, өзіндік сипаты бар мұра екенін көрсетеді.

1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін шығыстық, сондай-ақ жергілікті төл сюжеттерге құрылған шығармалардың бәрі қисса деген атпен басылып, ел арасында да сол атаумен белгілі болған. Сонымен бірге ХІХ ғасырдың екінші жартысында, ХХ ғасырдың басында жарық көрген қазақ фольклорының басқа да көптеген үлгілері – соның ішінде қаһармандық, ғашықтық, тарихи эпос мәтіндері де, айтыстар да – қисса деген атпен жарық көрді. Кейбіреулері хикая, хикаят деп аталып жүрді. Алайда өлең, жыр түрінде айтылған шығармалардың бәрі Қазан төңкерісіне дейін кітап болып басылып, қисса деп аталғанмен, қиссасөзі жеке жанр туралы түсінік, ұғым бермейді. Ал зерттеушілік әдебиетте (шығыстану және түркі тілдес фольклортану ғылымдарында) біз сөз етіп отырған шығармалар «дастан» терминімен аталады. Қазақ зерттеушілері де оны қабылдаған. Себебі, талқыланып отырған шығармалардың негізгі жанрлық қасиеттері, белгілері оларды шығыс және түркі халықтарының әдебиеті мен фольклорында қалыптасқан дастан жанрына жататындығын дәлелдейді.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 1542; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.206 сек.