Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Тарихи жыр 8 страница




Ең алдымен атап өтетін нәрсе – оқиға желісі өте шымыр, әрі тартымды. Негізгі кейіпкер Әбушаһма да күнәсіз жас. Оны адал жолдан тайдырған шараптың зардабы болып сипатталады. Табиғатының әлсіздігінен ол шараптың еліктірушілік залалына қарсы тұра алмай қалады. Ал оның әкесі – халифа, бүкіл мұсылман қауымының басшысы ғана емес, мемлекеттің басшысы. Былайша айтқанда, оның қолында баласын жазадан құтқара аларлық құдірет бар. Оны қасындағы адамдар жақсы біледі. Сондықтан халифаның өз баласын шариғат заңы бойынша жауапқа тартатынына сенімсіздік білдіреді. Бірақ Омар да өз шешімінің көптеген мұсылмандар сенімінің бекуі немесе әлсіреуіне әсер ететінін жақсы түсінеді.

Дастанда әділ төреші де, жазаны орындатушы да – халифаның өзі. Халифа бейнесі аса көркем және әр қырынан көрінеді. Ол Мұхаммед пайғамбардың төрт шариарының ішінде «ең әділеттісі» атанған адам. Араб тарихнамасында және араб халифатының құрылуы туралы еңбектерде оның аса көрнекті мемлекет қайраткері ретіндегі қасиеттері мен дарынды қолбасшылық қабілеті, қайтпайтын қайсарлығы, табандылығы туралы айтылады[1004].

Ал фольклорлық шығармаларда Омар болмысының кейінгі мұсылмандар үшін басты мәнге ие болған ұстамдылығы, бірбеткейлігі, бақ-дәулет, дүние-байлыққа қызықпайтындығы, ислам жолындағы өз парызын жоғары қойған қасиеттері мадақталады. Омардың ислам жолына адалдығы өз парызын терең сезінуімен, ерік-жігерінің қайсарлығымен, тіпті, ерекше фанатизмімен әсерлі суреттеледі.

Талқыланып отырған дастанда Омар халифаның өз ұлын жанындай жақсы көретін мейірімді әке ретіндегі қыры да танылады. Оның баласына деген әкелік сезімінің нәзік иірімдері дастанда өте шебер тәсілмен, бір ғана көрініс арқылы көрсетілген. Мәселен, ол нәресте Әбушаһма ауырған кезде он мәрте үзіліссіз ораза ұстауға ант етіп, оны соңына дейін орындайды.

Әсіресе, дастанда баласының өлімінен кейін жүрегі қайғы-қасіреттен қан жылап жатып қалатын Омар халифаның халін суреттейтін тұстар аса әсерлі де көркем картинаны құрайды: «Күні-түні күңіреніп жатып қалды, кеудесін көтеруге жоқ межелі». Бірақ ол шешімінің дұрыстығына күмәнданбайды, себебі өз сенімінде әке парызын адал атқарды. Өйткені, ол – исламның шын берілген ұлы, оның тазалығының қорғаны. Халифа шешімінің дұрыстығына Әбушаһманың өзі де, шешесі де шексіз сенетіндігін атап өту керек.

Омардың баласының таяқтың астында өлгендігі жайында Қожа Ахмет Иассауи өзінің «Диуани хикметінде» айтады:

 

Шариғатты бек тұтқан, тарихатты рас тұтқан,

Хақиқатты құп білген, әділетті Ғұмар-дүр.

Ұлын жырлап келтірген, дүре соғып өлтірген,

Әділдікпен жол салған, әділетті Ғұмар-дүр[1005].

 

Демек, Иассауи заманының өзінде-ақ халифа баласы Абдолланың бір рет шарап ішіп, сол үшін жазаланғаны тарихи айғақ ретінде ел арасында кең тарап, түрлі аңыздарға арқау болған. Әйтсе де, діни аңыздардың басқа, өзі іспеттес тарихи аңыздардан үлкен бір айырмашылығы – бұлардың негізгі мақсаты танымдық, мағлұматтық қызметімен қатар тәрбиелік маңызы да бар, яғни олар ислам құндылықтарын насихаттайды. Ал, қазақ шайырлары (нәзирашыл ақындар) осындай аңыз, әңгімелерді өзінше жырлап, соны сипатты, тың суреттерге толы, сырлы дастандар тудырған.

Дастан кейіпкерлерінің бейнелері реалистік мәнерде сомдалған. Олардың мінез-құлық ерекшеліктері, ішкі сезімдері жан-жақты, тәптіштеліп баяндалған, яғни жалпы дастан жанрына тән психологиялық белгілер мол көрініс тапқан. Әрине, ХХІ ғасырға қадам басқан өркениетті елдердің көзқарасы тұрғысынан алғанда, жас баланы дүре соғып өлтіру – сөзсіз қатал жаза, алайда, біз бұл жерде мынаны ұмытпауымыз керек: біріншіден, бұл дастан ерте заманда, VІІ ғасырдағы араб қоғамында орын тепкен оқиғаны баяндайды; екіншіден, әкесі баласын өлтіруді көздеген жоқ, яғни жоғарыда айтылғандай, исламда жазалау мақсат емес, жазалаудың мақсаты – мұсылмандарды күнәдан арылту; үшіншіден, бұл – көркем шығарма.

Діни дастандардың келесі, екінші тобын Мұхаммед пайғамбар, «құтқарушы» (мессия) және әділетті төрт халифа туралы дастандар құрайды. Солардың ішінде Мұхаммед пайғамбарға арналған шығармалар тақырыптары бойынша, негізінен, екі түрлі болып келеді: пайғамбарды қорғансыздардың қамқоры ретінде суреттейтін және оның өмірі мен қызметінің жекелеген кезеңдерін баяндайтын шығармалар.

Мұхаммед ибн Абдулла бин Абдулмуталиб (570-633) – Алланың елшісі (Расул Алла), ислам дінінің негізін қалаушы, тарихи тұлға. Мұхаммед пайғамбар адамзат тарихына исламның және бірінші араб халифатының негізін қалаушы ретінде енді. Ал, қарапайым бұқара халық болса, бірінші кезекте Мұхаммед пайғамбардың адамгершілік қасиеттерін бағалады, оны имандылық пен тақуалықтың нағыз өнегесі деп білді. Сондықтан, халық оның тамаша адамгершілік қасиеттерін, соның ішінде кеңпейілдігін, кешірімшілдігін, адамдарға деген қайырымдылығын, қамқорлығын, мейірімділігін, қарапайымдылығын дәріптейтін шығармалар тудырды.

Сондай шығармалардың бірі – пайғамбардың өз бостандығын кепілдікке беріп, лақтары жетім қалып, өзі қақпанға түскен киік-ананы құтқаруын баяндайтын «Киік» дастаны. Диалог формасында құрылған бұл дастанның көлемі шағын, бірақ көркемдігі жоғары, оқиғасы өте қызық. Оны В.В. Радлов ХІХ ғасырдың бірінші жартысында ел аузынан жазып алып, 1870 жылы жариялаған[1006].Шығарманың мазмұны былайша өрбиді: бір дінсіз қақпан құрады да, оған бір ұрғашы киік түсіп қалады. Аңшы оны өлтіруге келгенде Мұхаммед пайғамбар алдынан шығып, киіктің енесін іздеп маңыраған екі лағын аяп, жануарды босатуын сұрайды, киіктің орнына өз басын кепілдікке ұсынады. Сондай-ақ мұнда екі лағын ерткен киік-ананың кері оралғаны, балаларының да енелерінің ауыр тағдырын бөлісуге бас тіккені суреттеледі. Аңшы киіктің жас лақтарын көріп, қатты қуанып, ұстап алмаққа ұмтылады. Бірақ Мұхаммед (с.а.с.) мұндай қаталдыққа жол бермек емес. Оны мына жолдардан көруге болады:

 

Тас алтын тауға шықсам теремін бе,

Сенің айтқан сөзіңе еремін бе?

Үш киік келеді деп қуанасың,

Мен саған ол үшеуін беремін бе?!

 

Соңында киіктердің өміріне айырбас ретінде пайғамбар дінсізге исламды қабылдауға рұқсат етеді де, оған о дүниенің мәңгілік рахатын сыйлауға уәде береді.

Осы топқа жататын діни дастандардың Мұхаммед пайғамбардың ісін жалғастырушы «әділетті төрт халифа» жайындағы нұсқалары да сан алуан тақырыпты қозғайды.

Солардың ішінде В.В.Радловтың жоғарыда аталған кітабында жарияланған «Бозторғай» дастанының орны ерекше[1007]. Өйткені, мұнда «әділетті халифалардың бірі» – Әли ибн Әбу Тәлиб тұлғасы жан-жақты көрінеді. Жалпы, мұсылман қайраткерлерінің ішінде айрықша танымал болғаны да, көптеген дәріптеу шығармалардың қаһарманына айналғаны да – хазірет Әли болды. Мұсылман-сүнниттер оны Аллаға берілгендік пен қайырымдылықтың жарқын үлгісі ретінде санады, қазір де солай бағалайды. Шииттер арасында оның тұлғасы бұдан да биік дәрежеде. Ол – «Құдайдың құдіретін әкелуші», «таратушы», тіпті, «Құдай» дәрежесінде сипатталады.

Ал халық түсінігінде, Әли – өн бойына исламның танымал қайраткерлерінің, эпикалық батырлардың және исламға дейінгі құдайлардың қасиеттерін жинақтаған кейіпкерлердің бірі.

Дастанда бір теңге алса да, мың теңге жазып қоятын өсімқорлардың шырмауына түскен белгісіз бір кедей тағдыры баяндалады. Өмірден түңіліп, үмітін үзген кедей көмек сұрап, Мұхаммед пайғамбарға жалбарынады, бірақ ол да – кедей. Сонда Әли бейнесі жарыққа шығады. Ол пайғамбардың көмек сұрағандарға қол ұшын бере алмағанына, ал маңайындағылардың қолынан келсе де, бұған көмектеспегендігіне қатты қиналып, ренжиді де, кедейге көмектесуге рұқсат сұрайды. Үйіне келіп, барлық киімін ақтарып, ештеңе таппайды. Содан соң Әли өсімқорларға кедейді босату үшін кепілдікке өзінің ұлдары Асан мен Үсенді қалдырады.

Сонан соң Әли дінсіздер еліне барып, оларды ақыл-парасаты арқылы жеңіп, өз балаларын да, кедейді де құтқарады. Ол дінсіздердің еліне келген соң, оларды исламға қаратады. Бірақ ол мұны ерлігімен емес, «жұмбақ айтыс» арқылы іске асырады. Шарттың мәні өте қатал: дінсіздер оған жұмбақ сұрақ береді, оны кешіктірмей шешу керек – әйтпесе өзі өледі. Әли барлық сұрақтың жауабын дәл шеше отырып, өз кезегінде дінсіздерге үш түрлі жұмбақ айтады. Үш сұрақтың да төркіні – «Биссмиллаһи рахман ир-рахим» және «Лә иләһа илла Алла» дейтін бүкіл мұсылмандар қауымының басты шарты – қағида болып, Әли оларға иман-калимді мойындатып, жауын жеңеді. Мұнан кейін олар соғысудың орнына Әлиге қымбат бағалы заттар беріп, тарту жасайды. Әли оны алып, өсімқорларға береді де, өзінің балаларын босатады.

Көріп отырғанымыздай, мұнда Әли – бақытсыздыққа ұшыраған бейшаралардың қорғаны. Құранды жетік білетін, шариғаттың негізін, мұсылман аңыздары мен хикаяларын меңгерген қабілетімен танылады. Ол – дархан пейілді, қайырымды, жаны жайсаң жан. Көңілі шалқар көлдей кең. Әрине, кез келген адам өзінің туған ұлдарын белгісіз бір кедей үшін кепілдікке қалдыра алмайды. Әлидің бұл ерлігі өзінің сипаты жөнінен батырлық ерлікке барабар.

Бұл тақырыптағы бұдан басқа дастандардың айтар ойы, көркемдігі сан алуан.

Мұсылмандар, әсіресе, шииттер арасында құтқарушы (мессия)– Маһди туралы ілім, түсінік VІІ ғасырда пайда болған. Маһди – Алла Тағаланың нұсқауымен тура жүруші һәм тура жол көрсетуші, құтқарушы (мессия), ақырзаманды хабарлаушы. Яғни Маһди – адам аты емес, ол – титул. Ал дастанда Мәди деп өзгеріп, адам атына айналып кеткен[1008].

«Құтқарушы» пайғамбар әулетінен шығу керектігі мұсылман дініндегі әртүрлі ағымды ұстанушылардың арасында әртүрлі мәнге ие болған. Мысалы, шииттер пайғамбардың Әли мен Фатимадан туылған екі немересі Хасан мен Хұсайыннан басқа еркек кіндікті мирасқоры болмағандықтан, заңды билеуші Әли мен оның тікелей ұрпағы (барлығы – 12) болу керек деген идеяны ұстанды. Сондай-ақ олар Әли ұрпақтарының бірінің «жоғалған имам» ретінде, Алланың еркімен жасырынғандығына, уақыты жеткенде жер бетіне «құтқарушы» бейнесінде оралатындығына сенеді.

Осы идея мұсылмандар арасында көптеген аңыз, әңгіме, қисса, дастандар туғызды. Қазақ арасында да осы тақырыпқа арналған шығармалар аз емес, солардың бірі – «Дариға қыз» дастаны. Атап айтатын нәрсе, мұнда құтқарушы Маһдидің тікелей әкесі ретінде хазірет Әли көрсетілген.

Бұл дастан екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде – болашақ «құтқарушының» «әдеттегіден тыс» жағдайда ғажайып туысы суреттеледі. Ол үшін дастан оқиғасында ерлікпен үйлену мотивінің классикалық үлгісі мақсатты түрде пайдаланылады: хазірет Әлидің еш уақытта, ешкімнен жеңілмейтін батыр, алып қыз Дариға туралы хабар алуы, оның еліне келуі мен екеуінің жекпе-жегі, батырдың қызды жеңуі, үйленуі, мерзімді уақыт өткен соң ұл тууы қызықты әңгімеленеді. Яғни мұнда ерлікпен үйленудің ең көне түрі – кейіпкердің қалыңдығымен жекпе-жегі пайдаланылған.

Әлидің «құтқарушы» Маһдидің әкесі ретінде дастан кейіпкері болуына бірнеше себеп болған: а) Маһди пайғамбар әулетінен болу керек, ал Әли – пайғамбардың күйеу баласы, немере інісі; ә) Дариға секілді алып қызды тек Әли сияқты батырлардың батыры ғана жеңе алады; б) Әли – мұсылмандардың ең сүйікті қаһарманы.

Дастанның екінші бөліміндегі оқиғалар тікелей Маһди-Мәдиге байланысты өрбиді. Ол – шығарманың негізгі және басты кейіпкері. Дастан оқиғасы «жоғалған имам» туралы мұсылмандық аңызға құрылған, мұнда имамның жоғалуының себебін – «өз әкесімен білмей соғысып, соған қатты ұялғандықтан жер астына кіріп кеткен» деп түсіндіреді. Баланың әкемен соғысы көптеген халықтардың фольклорында кездесетін көне мотивтердің бірі[1009]. Демек дастанның оқиға өзегінде діни аңызды түсіндіру үшін көне фольклорлық сарындар (ерлікпен үйлену, күйеудің қалыңдығымен немесе баласының әкесімен жекпе-жегі) мақсатты түрде және орынды пайдаланылған.

Әли – күшті, даңқты ер. Ал Дариға сұлу одан да күшті. Бірақ оған қарамастан Әли оны жеңеді. Дариға өз күшінің басым екендігін біле тұра өзін Әлидің жеңетінін алдына ала сезеді және оған ескертеді. Ол болашақ ұлының әкесіне: «Әли, менен артық емес, тіпті, күшің, Аллаға жаққан екен қылған ісің», – дейді. Яғни мұнда да Әлидің басым түсуі оның мұсылман болғандығымен түсіндіріледі. Сондай-ақ Мәди бейнесі де барынша көтермеленіп, әсірелей сипатталады:

 

Айы толып, Дариға толғатқанда,

Ай мен күндей боп бір ұл туды.

Мәди деп балаға қойды атты,

Бұл бала барша жаннан салтанатты!

 

Ол медреседе оқитын өз құрдастарымен ойнаса да басым түсетін, болашақ батыр белгілері жастайынан білінетін, әкесін іздеп, ауыр жолға шығатын қайсар ұл. Жолда орасан зор бөгеттерден өтіп, айдаһарды жеңіп, батырлық эпос кейіпкері тәрізді сынақтардан өтеді. Яғни батырға тән дәстүрлі ерліктер жасайды.

Дәстүрлі эпос заңы бойынша, ол кәмелеттік сынақтан кейін негізгі ерлігін жасау керек немесе ерлікпен «үйленуі» қажет. Бірақ дастанның бұл бөлігі діни мифке құрылады да, классикалық эпостың образды жасау логикасы бұзылып, қорытындысында кейіпкер өзін дастандық кейіпкер ретінде көрсетеді. Оның келесі ерлігі батырлық емес, адамгершілік сипатымен ерекшеленеді: ол, жоғарыда айтылғандай, өз әкесімен білмей соғысып, соған қатты ұялғандықтан жер астына кіріп кетеді. Мұндағы бір ескеретін нәрсе, діни мифтің кейіпкері әдеттегі фольклорлық кейіпкерге айналады да, ешқандай діни фанатизм елесі аңғарылмайды.

Қорыта айтқанда, бұл дастанда көне фольклорлық мотивтер мен мұсылмандық-құрандық аңыздар өзара кірігіп, бір-бірін толықтырады, ал діни кейіпкерлер, ислам батырларының образдары фольклорлық үлгіде жырланып, эпикалық қалыптарға сай сомдалады.

Ислам батырларына арналған үшінші топтағы көрнекті шығармалардың бірі – «һаза кітап Мұхаммед-Ханафия» дастаны. Дастанның бас кейіпкерлерінің бірі – хазірет Әли. Дастанда оның Рұмды басып алуы, Рұм патшасын өлтіріп, оның керемет сұлу қызы Ханафияны тұтқындап, өзімен бірге алып келгені баяндалады. Мұхаммед (с.а.с.) қыздан исламды қабылдауды сұрайды. Сонда қыз үш тілегін айтады. Олар: 1. өзі ерлігіне тәнті болған Әли батырмен қосылу; 2. пайғамбардың қызы, Әлидің әйелі Фатимамен өзінің тең дәрежеде саналуын қамтамасыз ету; 3. өзінің атын пайғамбардың есімімен біріктіретін ұлды дүниеге келтіру.

Мұхаммед (с.а.с.) ұзақ ойланады. Осы уақытта жаратушыдан Жәбірейіл періште арқылы қыздың тілегі орындалатыны туралы хабар келеді. Осындай жолмен алдын ала келісілген жағдайда, Құдайдың құдіретімен, екі түрлі ат иемденген (Мұхаммед пайғамбар мен Рұм императоры қызының аты) – Мұхаммед-Ханафия туылады. Демек Мұхаммед-Ханафия әдеттегіден тыс жағдайда, яғни эпикалық қаһармандар секілді ғажайып жағдайда туылады. Бұл – шығарманың прологы. Мұнан кейін Мұхаммед-Ханафияның тәрбиесі, оның өсу жолдары, он жасында-ақ айналасындағылардан басым түскені, он екі жасында басқа дін өкілдерімен кездесуі, оларды өз дініне кіргізуге үгіттеуі, оған көнбегендермен соғыс жорықтары сипатталады.

Бұдан әрі ерлікпен үйленуі, ондағы түрлі әрекеттер, той күні қалыңдықтың дәу арқылы ұрлануы, дұшпанның арқанды қиып жіберуінің кесірінен Мұхаммед-Ханафияның жердің астына түсіп кетуі, қамығуы, түсінде Мұхаммед пайғамбардың аян беруі, жер бетіне шығып, әйелін іздеуге аттануы, ағалары Хасен мен Хұсайынды, әкесі хазірет Әлиді кездестіруі, дұшпанды жеңіп, мұратына жетуі баяндалады.

Сонымен дастан мазмұнын құрайтын сюжет пен мотив, эпизодтар мыналар: кейіпкердің ғажайып жаратылысы; батырға тән балалық шағы; алғашқы ерлігі – сансыз көп жау әскерін жою; қалыңдық үшін күрес және онымен қосылу; қалыңдықты дәудің алып кетуі; дәумен күресте бас кейіпкердің жеңісі; қалыңдықтың екінші рет жоғалуы; бас кейіпкердің әкесінің араласуымен дұшпандардың талқандалуы; бақытты қосылу.

Көріп отырғанымыздай, дастан фабуласының жалпы көрінісі, оны құрайтын мотивтер мен оқиғалардың орналасу тәртібі және қаңқасы дәстүрлі эпикалық сюжет құрайды. Шынтуайтқа келгенде, біз бұл жерде эпикалық қаһарманның типтік ғұмырнамасын танимыз. Оның басты мазмұнын батырлық ерліктер құрайды. Олар ислам дінін таратуға, орнықтыруға арналған.

Шығарманың басты оқиғалары дастан поэтикасына сай «ғажайып сарай бақтарында» өтеді. Мысалы, Мұхаммед-Ханафияның алғашқы қарсыластары онымен «керемет сарай» бағында кездеседі. Кейіпкердің «Құдай қосқан қосағы» да «айналасы аққан бұлақ, бау-шарбақтың ортасында жанған шырақ» деп сипатталатын жерді мекендеген.

Ал дастанның тарихи негізіне келсек, хазірет Әлидің Мұхаммед-Ханафия есімді ұлы болғаны рас[1010]. Әлидің бірнеше әйелдерінен көптеген балалары болған, бірақ Мұхаммед пайғамбардың қызы Фатимадан туған Хасен мен Хұсайын және Мұхаммед ибн әл-Ханафия ең әйгілісі болды. Мұхаммед ибн әл-Ханафия Иран мен Рұмда исламның таралуы үшін көп еңбек сіңірген батыр, ер жүрек адам болған.

Сонымен бірге дастан өзегінде бір елде, бір ғасырда болған оқиғаны екінші елге, басқа дәуірге көшіру, яғни тарихи тұтастану (анахронизм) және «ойдан қосу» әдістерінің орын алғаны да байқалады. Бұл жағдай Мұхаммедті Рұмды алуға қатыстыру, Фатиманың тірі кезінде Әлиге әйел алдыру және кейінгі әйелдерінің бірін византиялық деп көрсетуден байқалады.

Шығармада нақты өмірде болған тұлғаның өмірбаяндық деректері тарихи тұрғыда емес, дастан рухына сай пайдаланылады. Тарихи тұлғаны көтермелеп, мадақтау үшін Мұхаммед-Ханафияның өзі ғана емес, исламнан көп бұрын пайда болған көне сюжеттер қолданылады. Бұл – фольклорда кездесетін құбылыс. Яғни дастанда Мұхаммед-Ханафия фольклорлық канондарға сәйкес эпикалық қаһармандарға ұқсас сомдалған. Соның нәтижесінде оның ерліктері тарихилықтан гөрі ертегілік – эпикалық сипат алады.

Исламның орнығуы мен нығаюы үшін қиян-кескі соғыстар жүргізілгені тарихтан белгілі. Сондай жорықтарды сипаттайтын шығармалар діни дастандардың төртінші бір тобын құрайды. Арабтардың ұзаққа созылған жорықтары, ислам дінін тарату мен орнықтырудағы күресі көптеген батырлардың тұлғасын тудырды. Кейін олар ондаған қисса-дастандардың кейіпкерлеріне айналды. Сондай шығармалардың тобына «Зарқұм», «Сейітбаттал», «Қаһарман», тағы басқа дастандар жатады. Бұлар тарихи оқиғаларды бейнелей отырып, арабтардың мұсылман емес елдерді жаулап алуы мен өзіне қарату әрекеттерінің жинақталған көрінісін береді.

Сонымен жоғарыда сөз болған төрт топтағы дастандарды талдау арқылы мынадай қорытындыға келуге болады. Қазақтың діни дастандарының негізін мұсылман аңыздары мен мифтері, Құран қағидалары, пайғамбар суннасы мен хадистер, мұсылман қайраткерлері мен ислам батырлары туралы аңыздар құрайды. Діни дастандардың тақырыптық ауқымы өте кең: бұл – мұсылман батырлары туралы баяндаулар, қасиетті соғыс, пайғамбардың қызметі, т.б. Олардың барлығы да белгілі бір мақсат – ислам дінін дәріптеуге және насихаттауға арналған. Ол үшін дастандарға негіз болып отырған бастапқы материал халықтың дүниетанымдық көзқарастары, түсініктері және эстетикалық идеалдары тұрғысынан ой елегінен қайта өткізіліп, көркем қиялмен байытылады, рухтандырылады, көне сюжеттер мен мотивтер пайдаланылады және ислам кейіпкерлерінің тұлғалары фольклорлық тәсілмен жасалады.

Қазақтың діни дастандарында ислам қайраткерлерін «қарапайымдандыру», олардың қайырымдылық, жомарттық, кеңпейілділік, қамқорлық қасиеттерін сипаттай отырып, «адамиландыру» – мейлінше тұрақты үрдіс ретінде байқалатындығын атап өткіміз келеді. Мұндай қайырымды діни қайраткерлер туралы шығармалар халықтың әділетті билеуші жайлы, мейірімді патша туралы, әлсіздердің қорғаны бола алатын қабілетті тұлғалар жайындағы арман-тілегінен шығатын утопиялық аңыздарға ұқсас. Олар ақыр соңында ақиқаттың жеңетіндігі мен жарқын болашақ туралы, бақытты өмір жайлы адам сеніміне сүйенеді.

Дастанды тудырудың басты әдісі – жалпы фольклорлық дәстүрді пайдалану, атап айтқанда, суреттелетін оқиғаның кеңдігі, батырлық дәріптеу, нақтылы тарихи деректер мен өмір көріністерін ертегілік қиялмен және көркем оймен үйлестіру. Сондай-ақ дастан өлшемінің өзіндік ерекшеліктері: образ сомдаудағы және кейіптеудегі даралау мен айқындау, психологиялық тартыс, нақтылық пен бедерлілік белгілері арқылы көрінеді.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 1157; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.009 сек.