Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

ГЛОССАРИЙ. 3 страница




Бірақ бұлар – мағыналық ьайланысты бетік сөздердің үйлесуі негізінде жасалған бүгін келді, енді айтады сияқты сөз тіркестер емес, арқауы бос тіркестер. Олай дейтін себебіміз – мезгіл үстеулері есімдермен тіркескенде, олардың тіркесу қабілеті айқын болғандықтан және мағыналық байланысы берік болғандықтан тіркеспейді, сөйлемнің жалпы мазмұны керек ететіндіктен ғана есімді сөйлемнің құрамына еніп, есім баяндауышқа мезгілдік мағына үстеу үшін тіркеседі.

Баяндауыш қызметіндегі есімдер мен үстеулердің мезгілдік қатынастағы сөз тіркесін құрауына мысалдар: Қасен қазір колхозшы.

Мезгіл үстеулер сөйлемде баяндауыш болған есімдерге ғана қатысты болғандықтан, олар есімдерден қашықтап тұрып, олармен жанаса байланысуы да мүмкін: Бүгін онда бір түрлі сергектік, сезімділік бар.

3.2. Матасу – изафеттік құрылыстағы сөз тіркесінің байланыс формасы: ағаштың бұтағы, біздің қаламыз. Бұл сөз тіркестерінің бірінші сыңарлары ілік жалғауда, екінші сыңарлары тәуелдік формада айтылған.

Сөйлемдегі сөздердің осылай байланысуы –түркі тілдерінің грамматикалық құрылысындағы ерекшелігінің бірі. Ондай сөз тіркесінің байланысын бірқатар авторлар (И.А.Батманов, Н.К.Дмитриев, А.Н.Кононов) қиысу (согласование) деп қарайды. Енді бірқатар авторлар (С.Аманжолов, А.Әбілқаев, И.Ұйықбаев) басқа тілдерде бар байланыс формасының, әйтеуір, біріне жатқызу үшін оны меңгеру (управление) деп таниды.

Шындығында, матасу мен қиысудың кейбір сыртқы ұқсастығы бар. Бірақ екеуі бір емес, екеуінің мазмұны да, сөз тіркесін құраудағы қызметі де екі басқа. Айырмашылығы: егер қиысуда өзара байланысқан сөздердің бірі екіншісіне бағынып тұлғаланса, матасуда бағыныңқы сөз бағынатын сөзге қарай айқас байланысады. Егер қиысуда бағыныңқы сөз басыңқы сөзге иек артып, соның жақтық, көптік мағынасына лайық, белгілі грамматикалық тұлғада айтылса, матасуда, керісінше, басыңқы сөз өзіне бағыныңқы сөздің жақтық мағынасымен үйлесіп, тиісті грамматикалық тұлғада (тәуелдік формада) жұмсалады. Сөйте тұрып, ол бағыныңқы сөздің тиісті жалғауда (ілік септікте) айтылуын керек етеді.

Матасу деген терминді қолдануда изафеттік құрылыстағы (Айнұрдың інісі тәрізді) тіркестің сол сияқты басқа сөз тіркестерімен де тізбектеліп, шиыршықтана беретінін ескеру қажет. Мысалы:

Айшаның інісі;

Айшаның інісінің пальтосы;

Айшаның інісінің пальтосының түймесі;

Айшаның інісінің пальтосының түймесінің бауы.

Бұл матаса байланысқан бір тізбекті тіркестің соңғы сөзі одан бұрын тұрған сөзбен матаса байланысып, ол басқа сөздермен тағы сондай синтаксистік байланысқа еніп, 3-4 сатылы шумақты топ жасаған. Ол топтың бірінші және соңғы сөзінен басқалары да анықталушы, әрі анықтауыш болып, бәрі жиналып, өзара матаса байланысқан бір синтаксистік шумақ болып тұрады.

Изафеттік құрылыстағы сөз тіркестерімен өзара матастырып тұратын грамматикалық тұлғалар-ілік, тәуелдік жалғаулары. Тек біз, сіз деген екі есімдік ілік жалғауда жұмсалғанда, онымен тіркесетін сөз жалғаусыз да айтылады: біздің ауыл, сіздің үй.

Матаса байланысатын сөздер –негізінде, зат есімдер. Сондықтан зат есім мағынасында не зат есім орнына жұмсалатын сөздердің бәрі сол тіркестің бірінші не екінші сыңары бола алады: адамның мінезі, үштің бірі, аңның ізі т.б.

Мұндай сөз тіркестері анықтауыштық қатынаста жұмсалады. Ілік жалғаулы сөздердің әр түрлі құрамда айтылуына қарай МБСТ әр түрлі анықтауыштық қатынаста жұмсалады:

а) Меншіктілік қатынасты білдіреді. Ол дара (менің киімім, студенттің дәптері) және қоғамдық (мемлекеттің мүлкі, елдің байлығы) меншіктілік болуы мүмкін.

ә)Туған-туысқандық, дос-жарлық қатынасты білдіреді: қарындасым, Омардың баласы, сенің нағашың, менің жиенім.

б) Зат пен заттың табиғи байланысын көрсетеді: ағаштың жапырағы, түйенің сүті, қойдың жүні, түлкінің терісі

в) Ілік жалғаулы сөз тәуелдеулі сан есім, есептік ұғымы бар зат есім және сын есімдермен тіркесіп, бөлшектеу, талғау мағыналарында да жұмсалады: егіздің сыңары, адамның ақылдысы, студенттердің бірі, аттың жүйрігі.

Изафеттік қатынастағы сөз тіркесінің бірінші сыңары жалғаусыз айтылған анықтауыш болғанда, олар өзара әрә қабыса, әрә тәуелдене байланысады. Ондайда ілік септеуі зат пен заттың жоғарыдағыдай меншіктілік, туыстық қатынасын білдірмейді, тек заттың заттық сапасы ретінде тәуелдік қатынаста жұмсалады: колхоздың малы, колхоз малы сияқты екі түрлі формада айтылатын анықтауыштардың мағынасы бірдей емес. Сондықтан мал шаруашылығы сияқты жалғаусыз айтылған анықтауыштарды малдың шаруашылығы деп жалғаулы айтуға болмайды. Себебі –ілік септікті сөз жалғаулы болса, меншіктік қатынасты білдіреді де, жалғаусыз болса, заттық сапа ретінде жұмсалады.

Изафеттік темір пеш, ағаш күрек т.б. сияқты құрылыста келетін тіркестер –синтаксистік байланыстағы сөз тіркестері. Екеуі де қабыса байланысқан зат есімдер тобын (қыл арқан, ағаш үй) жалғаулы есімдер (студенттердің білімі, кеңес өкіметі т.б.) тобымен салыстырғанда, алдыңғыдан соңғы топтағы сөз тіркестерінің синтаксистік байланысының беріктігін көреміз. Оның себебі –тіркескен сөздердің соңғысы алдыңғысына тәуелдік жалғауы арқылы да байланысып тұрады. Солай болғандықтан, Темір пештің оты лаулап жана бастады деген сөйлемдегі темір сөзін тастап айтуға болады, ал Қазақстанда кен байлығы үлкен орын алады деген сөйлемдегі кен байлығы деген сөз тіркесін олай ыдыратып, екі сыңарының бірін түсіріп айтуға болмайды.

Изафеттік құрылыстың ілік жалғаулы, ілік жалғаусыз болып келетін екі түрінің айырмашылығы жоғарыдағыдай. Ол айырмашылықты байқау үшін жоғарыдағы екі тіркесті бір изафеттік құрылысқа сыйыстырып сөйлем құрайық: Қазақстанның кен байлығы мол. Мұнда кен сөзінің тіркесті сыңары – байлығы, Қазақстанның деген сөздің тіркесті сыңары тек байлығы емес, кен байлығы.

Бірақ бұл құрылысты матаса байланысқан сөз тіркесінің ортасында басқа анықтауышы бар құраммен (Алатаудың биік шыңдары деген сияқты) бірдей деп қарауға болмайды: соңғыда үш сөзден құралған екі сөз тіркесі бар: Алатаудың шыңдары, биік шыңдары.

Түркологиялық әдебиетте (Н.Ф.Катанов,Н.К.Дмитриев,А.П.Поцелуевский) изафеттік құрылыстағы анықтауыштық топтың бірінші сыңары белгілі зат болса, жалғаулы, белгісіз болса, жалғаусыз болады деп түсіндіреді. Дұрысында, ілік септіктің жалғаулы, жалғаусыз болуы жалғанатын сөзінің айтушыға, тыңдаушыға белгілі, белгісіз болуымен байланысты емес, меншіктілік қатынасты ерекше білдіру, білдірмеуімен байланысты: егер тәуелдеулі заттың қай затқа, кімге меншікті екенін әдейілеп көрсету керек болса, ілік септігіндегі сөз жалғаулы болады. Ал мұндай құрамдағы сөздердің бірі екіншісіне тек заттық сапа ретінде жұмсалса, ілік септігіндегі сөз жалғаусыз айтылады.

Сөйлеуші бір затты біреуге меншіктеп айтқысы келсе, меншіктелген сөзге -ныкі, -нікі жұрнағын жалғап, мына кітап менікі сияқты сөйлемдер құрайды.

МБСТ екінші сыңары зат есім, заттанған сын есім, сан есім, есімше, есімдіктер болады: теңіздің толқыны, сенің өзің, менің айтқаным т.б. Жалпы алғанда, есім сөздердің бәрі де мұндай тіркестің екінші сыңары бола береді.

Грамматикаларда жіктеу есімдіктері мұндай тіркестің екінші сыңары болмайды делінгенмен, олардың да кейде тәуелденіп айтылуын кездестіреміз: оның мені.

Негізінде зат есімдер матаса байланысқан сөз тіркесінің екінші тәуелдеулі сыңары болып көбірек кездеседі.

Сын есім изафеттік тіркестің екінші сыңары болғанда, мынадай мағыналарда айтылады: а) субстантивтенген зат есім орнында тәндік мағынада жұмсалады: менің тентегім. ә) сын есімнің таңдаулы шырай мағынасында: аттың жүйрігі.

Сан есім екінші сыңар боп ілік жалғаулы зат есімнмен, сан есіммен матаса байланысқанда, бүтіннің бөлшегі ретінде жұмсалады: төрттің бірі, қонақтардың екеуі.

Есімшелер жоғарғыдай тіркесте тәндік қатынаста, әрі заттық, әрі қимылдық сапа мағынасында жұмсалады: менің айтқаным, сенің жазғаның.

Сонымен, МБСТ-нің мағыналық та, грамматикалық та орталығы –оның екінші сыңары. Оның синтаксистік қызметі бірінші сыңардан басым: ол сол тіркестегі сөздердің бірінші сыңары ерекше айтылмаған күнде, тіркескен сөздер тобының орнына да жұмсалады.

3.3. МеңгБСТ-нің ерекшелігін олардың құралу тұлғасынан қарап айыруға болады. Олар барыс, шығыс, табыс, жатыс, көмектес жалғауларының бірінде болады да, басыңқы сөз сол жалғаудағы сөзді керек ететін етістік не есім болады. Осыдан меңгеріле байланысқан сөз тіркесі жасалады.

МеңгБЕСТ-нің басыңқылары көбінесе баяндауыш қызметіндегі есімдер болады: мінезге бай, маған түсініксіз т.б.

Есімдердің есімдерді меңгеруі,етістікті тіркестердегідей, әрі мағыналық, әрі синтаксистік тығыз байланыс негізінде емес,әлсіз байланыс ыңғайында пайда болады. Мысалы:кетті, келді сияқты етістіктерді бөлек алғанда, олардың лексикалық мағыналары қаншалықты түсінікті болғанымен, мүшелік мазмұнында бір күңгірттік бар сияқты болады да тұрады. Оның мүшелік мазмұнын толық ашу үшін аталған етістіктердің алдына кім келгенін, кім кеткенін, оның қайдан келіп, қайда кеткенін көрсету керек. Мысалы: Алмас қалаға кетт, Әлия ауылдан келді. Осындағы сөздер бірін-бірі керек етіп, өзара жымдаса байланысқан. Соның негізінде қалаға кетті, ауылдан келді тәрізді меңгеріле байланысқан етістікті сөз тіркестері жасалған.

Меңгеріле байланысқан есімді сөз тіркестері онша көп кездеспейді және барлық есімдер бірдей ондай сөз тіркесінің меңгеруші сыңары бола алмайды. Есімдердің ішінде көбінесе бастауыштың күйін, халін білдіретін сөздер есімді сөз тіркесінің басыңқы сыңары болып жиі жұмсалады. Олар:

а) Сын есімдер. Сын есімдер баяндауыш қызметінде жұмсалғанда, есімді сөз тіркесінің басыңқы сыңары болып та айтылады. Бірақ олардың бәрі бірдей сөз тіркесін құрай алмайды: мысалы, заттың түсін білдіретін сын есімдер тек қардан ақ, сүттен ақ, қаннан қызыл сияқты тіркес құрамында келеді, ал заттың ішкі-сыртқы сапасын білдіретін сын есімдер ондай құрамда әлдеқайда көп кездеседі: өзіңе жақсы, ақшаға сараң т.б.

Барыс, шығыс, көмектес, кейде жатыс септіктерінде айтылып, сын есіммен тіркесетін сөздер толықтауыштық қатынаста жұмсалады: Жуас түйе жүндеуге жақсы.

ә) Зат есімдердің ішінде ағаш, тас, көмірсияқты атаулардан гөрі күш, бай, мейрам сияқты абстракт зат есімдер баяндауыш қызметінде сөз тіркесінің меңгеруші бөлшегі болып көп жұмсалады: Елім менің жерге бай.

б) Заттың күйін білдіретін есімдер (бар, жоқ, көп, аз, мәлім т.б) сөз тіркесінің құрамында басыңқы болып көбірек айтылады: Сақтықта қорлық жоқ.

Сан есімдер мен есімдіктер жоғарыдағыдай есімді сөз тіркесінің меңгерушісі болып өте аз кездеседі: Басқада құлақ екеу болса, секретарьдатөртеу (Ғ.Мүсірепов).

Сонымен, сөз тіркестері байланысу формасына қарай, қабыса байланысқан СТ, матаса байланысқан СТ, меңгеріле байланысқан СТ болып бөлінеді.

Өзін-өзі бақылау сұрақтары:

1. Сөз тіркестері қандай принциптер бойынша топтастырылады?

2. Сөздер тіркесу қабілетіне қарай қалай бөлінеді?

3. Қиысу дегеніміз не?

4. Матасу дегеніміз не?

5. Меңгеру дегеніміз не?

6.Қабысу дегеніміз не?

7.Жанасу мен қабысудың қандай айырмашылықтары бар?

8.Есімді тіркес дегеніміз қандай тіркес?

9. Етістікті тіркестерге қандай тіркестер жатады?

10.Сөз тіркестері қандай құрылымдық компоненттерден тұрады?

Ұсынылатын әдебиеттер: 10, 11, 12, 13, 14, 15, 16, 17, 39.

 

Дәріс №4.Жай сөйлем синтаксисі. Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері

Мақсаты: Тұрлаулы мүшелерге сипаттама бере отырып, олардың сөйлемдегі орнын, рөлін көрсету.

Тірек сөздер: сөйлем мүшесі, сөйлемнің тұрлаулы мүшесі, бас мүше –бастауыш, баяншы мүше –баяндауыш, үйірлі мүше, бастауыштың жасалуы, баяндауыштың жасалуы.

1.Ойымызды тіл арқылы жарыққа шығарғанда біз белгілі бір жүйеге түскен сөздер тіркесімен береміз, сөйтіп оларды сөйлем жүйесіне келтіреміз. Сөйлем белгілі бір мүшелерден тұрады. Мысалы: Тарих көшінің ұзақ жолдарында талай-талай оқиғалар болып өтті. Сөйлемде әр сөз керегіне қарай өз орнында, синтаксистік қызметте жұмсалған. Солардың басын құрастырып, айтылған ойға әр мүшені ортақ етіп тұрған бас мүшелер бар. Олар –бастауыш пен баяндауыш. Грамматикада оларды тұрлаулы мүшелер дейді. Сөйлем құрауға негіз болатын, өзара предикаттық қатынаста жұмсалатын сөйлем мүшелерін тұрлаулы мүшелер дейміз.

Дәстүрлі грамматикада сөйлем мүшелерін тұрлаулы, тұрлаусыз деп бөлу А.Байтұрсынов еңбегінен бастау алады. Ол «Тіл құралында» тұрлаулы мүшенің екенін көрсетіп, оларды 1)бас мүше, 2) баяншы мүше деп атағаны белгілі. Сонымен қатар жеңілдік үшін бас мүшені –бастауыш, баяншы мүшені –баяндауыш деп атады. Осылай атау дәстүрі қазақ тіл білімінде күні бүгінге дейін жалғасып келеді.

Тұрлаусыз мүшелер де сол кезде қалай аталса, қазір де солай аталып жүр –толықтауыш, анықтауыш, пысықтауыш.

2.Тұрлаулы мүшелердің синтаксистік қызметі бірдей емес. Әдетте бастауыш сөйлемдегі айтылған ойға негіз болады, ол баяндауыш арқылы айтылған қимылдың не басқа сапаның субъектісі(иесі) болады.

Баяндауыш бастауыштың ісін, қимылын, күйін және басқа заттық, сындық сапасын білдіріп, бастауышқа бағынады. Бұл жағынан тұрлаулы мүшелердің негізгісі –бастауыш, бірақ сөйлемдегі қызметі жағынан баяндауыштың синтаксистік қызметі анағұрлым басым болатыны белгілі. Оны мыналардан байқаймыз:

1) Баяндауыш сөйлем арқылы айтылған ойды тиянақтап, көптеген сөздерді ілестіріп барып, сөйлемді аяқтап тұрады. Демек, сөйлемнің негізгі ұйымдастырушы мүшесі.

2) Бастауыштың мағынасы баяндауыштың морфологиялық құрамындағы тұлғалар арқылы белгілі болып тұратын жағдайда бастауыш сөйлем ішінде арнайы айтылмайды. Ал баяндауышсыз толымсыз сөйлемдер сирек кездеседі.

3. Бастауыш –сөйлемнің тұрлаулы мүшесі, А.Байтұрсынов анықтамасы бойынша, «бас мүше, сөйлем ішіндегі сөздер байланатын қазық сөз, сөйлем иесі». Бастауыштың сұрақтары да әртүрлі. Бірақ грамматикалық жағынан тұлғаланған көрсеткіші –атау септігінде тұру. Алайда бастауыштардың кейде формаланбаған ілік септігінде де айтылатынын ескеру керек. Ондай сөйлемнің баяндауышында тәуелдік жалғаулы сөз күрделі баяндауыштың құрамында болып келеді: Сабақ айтайын десем, мыналар кедергі жасап тұрғаны.

Сұрақтары: кім? не? Бастауыш қызметінде жұмсалатын сөздердің көптік, тәуелдік формаларында келуіне қарай сұрақтары да сол формаларға өзгеріп отырады.

Бастауыштың жасалуы:

  • Сөйлемде бастауыштық негізгі қызмет атқаратын сөздер –зат есімдер мен олардың орнына жүретін есімдіктер: Бақта бұлбұл сайрады. Есімдіктердің ішінде бастауыш қызметінде көбірек жұмсалатындары жіктеу, сілтеу, өздік және кім? не? деген сұрау есімдіктері: Бұған өзім кінәлімін.
  • Сапалық есімдер –сын есім, сан есім, есімше. Субстантивтеніп бастауыш болатын сын есімдер, әсіресе аз сөзбен көп мағына беруді көздейтін мақал-мәтелдерде кездеседі: Сыпайы тоңбайды, қалтырайды. Оқыған озар, ойнаған тозар. Қорқақ бұрын жұдырықтар т.б.

Жалпы алғанда, бастауыш бола алмайтын сөз жоқ. Субстантивтеніп

қолданылғанда, тіпті өз алдына сөйлем мүшесі болмайды дейтін шылаулар да, жеке дыбыстар да бастауыштық қызметте жұмсалуы мүмкін.

. Бастауыштар құрамына қарай дара, күрделі және үйірлі болып бөлінеді. Бір ғана сөзден болған бастауыш дара болады: Бірде Жиренше серіктерімен алыс жолдан келе жатады. Көпті бу көтереді, жүйрікті ду көтереді.

Екі немесе одан да көп сөзден тұратын бастауыш күрделі болады. Тілімізде күрделі бастауыштардың жасалуы алуан түрлі:

  • Ілік септіктің жасырын түріндегі сөз бен тәуелдіктің үшінші жағындағы сөздер тіркесіп келген күрделі бастауыштар: Құс жолы күз айларында айқын көрінеді. Қазақстан Республикасы –тәуелсіз мемлекет.

а) Тәуелдеулі көмекші есімдермен (қасы, жаны, арты, маңы, іші, бойы т.б.):Үдің іші тып-тыныш.

ә) Тәуелдеулі өздік есімдігімен: менің өзім, сенің өзің, оның өзі т.б. Мұндай тіркестің ілік септіктегісыңары атау күйінде де айтылады: мен өзім, сен өзің т.б.

  • Бастауыш құрамында екеуміз, төртеуміз, дегеніміз, деген сөздері айтылып күрделі бастауыш жасалады: Айжан екеуміз барамыз.
  • Негізгі және көмекші етістіктер (субстантивтенген), есімдер тобы күрделі бастауыш болады: Сенің айтып отырғаның –басқа нәрсе. Күле беру ұят болады.
  • Субстантивтенген күрделі сын есім, сан есімдер тобы күрделі бастауыш болады: Екі жүз елу беске бөлінеді. Жүйрік торы ойнақшып тұр екен.
  • Көп сөзден болған күрделі жалқы есімдер: Біріккен Ұлттар ұйымы –дүние жүзі елдерінің бас қосып кеңес құратын жері.

Үйірлі бастауыштар да көп сөзден құрылады. Оның күрделіден айырмашылығы мынау: егер күрделінің құрамында түйдекті тіркестер болса, үйірлі бастауыштардың құрамында бастауыш-баяндауыш ыңғайындағы сөздер тобы болады: білегі жуан бірді жығады, білімі толық мыңды жығады.

Үйірлі мүшені құрайтын сөздер өз алдына предикатты бірлік болатын бастауыш-баяндауышқа бөлінетін жай сөйлем құрамдас болып келеді. Мұндай өз алдына предикатты бірлік болып саналатын консттрукция (құралым) екінші негізгі сөйлемнің кез келген мүшесі болып синтаксистік қызмет атқара алады. Бұл тектес құралымдар ең бірінші бастауыш қызметін атқарады: Алыпқа өмірі қала көрмеген, үсті-бастарын бит басқандар келді (С.Ерубаев).

.Қ.Шәукенұлы бастауыштарды мағынасына қарай бірнеше топқа бөледі:

  • Мекендік бастауыш: Көкшетаудан Телікөлге дейін екі мың шақырымдай дала. Төр жақ қана бос екен.
  • Меншік бастауыш. Жасалуы: 1)-ныкі, -нікі, -дыкі, -дікі қосымшаларыарқылы: Менікі жай қызулық. 2)Тәуелдіктің үшінші жағында тұру арқылы: Жауынбайдың Мараты келді.
  • Мезгіл бастауыштың жасалуына мезгіл үстеулері негіз болады: Оларға таңертеңі, түсі, таңы –бәрібір.
  • Сапалық бастауыш.Тентек күнде туады, кемеңгер мың жылда бір туады.
  • Сандық бастауыш: Үш құда төрге келіпотырды. Төртеуі отыр еді.
  • Амалдық бастауыш: Ыңырсып жатқан елуге таянған тұтқын еді.
  • Салыстырмалы бастауыш: Сенің інің түгілі, екеумізді тапқан шешеміз, аузынан ақ майды ағызып отырып-ақ, сол жіңішкерген науқастан қаза болған.
  • Белгісіздік: Біреулер домбыра тартып отыр.
  • Болымсыздық: Ешкім қарсы болған жоқ.
  • Жалпылау: Бәрі де желге ұшады, өмір түгесілген сағатта.

Грамматикалық бастауыш -өзіне баяндауышты жақ бойынша қиыстыратын тәуелсіз заттық мағынадағы позиция.

Логикалық бастауыш дегеніміз – пайымдаудағы субъект

Психологиялық бастауыш дегеніміз – сөйлемдегіойдың иесі, сөйлем кім,не туралы боса, психологиялық бастауыш –сол.

1)Логикалық бастауыш пен психологиялық бастауыштары сәйкес келетін, граммтикалық бастауышы сәйкес келмейтін сөйлем: Менің барғым келмеді.

2)Грамматикалық жағы логикалық жағына қайшы келетін, психологиясы грамматикаға сәйкес келетін түрі: Қазақстанның астанасы –Астана, Оны көркем қылып тұрған зәулім ғимараттар. Жылаған Кәмшат екен. Граммтикалық бастауыштары психологиялық бастауышқа сәйкес келеді, бірақ логикалық субъектілер –Астана, ғимарат,Кәмшат.

3)Грамматикалық бастауыш логикалық бастауышпен сәйкес келгенмен, психологиясы қайшы келетін: Қайран туған жер! Сені де көрер күн болар ма екен? Ортамызда өткел бермес дариядай жау бар. Мұндағы психологиялық бастауыш –туған жер, ортамыз.

Сонымен, бастауыш сөйлемде айтылатын ойға негіз болатын, қимыл-әрекеттің субъектісі болып табылатын бас мүшелердің бірі.

4.Баяндауыш. Сөйлемдегі айтылған ойдың белгілі бір тиянағы болып келетін мүше баяндауыш деп аталады. А.Байтұрсынов: «Нәрсенің срын-сипатын, жайын, амалын, болмысын айтып баяндайтын сөз баяншы мүше болады».

Баяндауыш болатын мүше бастауыштың әр түрлі жай-күйін білдіреді. Оның мұндай қызметі қай сөз табынан, қандай грамматикалық тұлғада, мағынада тұрғанына байланысты. Тіліміздегі сөйлем мүшелерінің қай-қайсысы да, оның ішінде баяндауыштың әр түрлі тұлғада қолданылуы оның қызметі кең көлемді екенін білдіреді.

Баяндауыштың жасалуы.

§ Сөздердің түбір күйінде баяндауыш болуы.Қай сөздің болса да баяндауыштық қызметі сол сөйлемдегі субъектілік, предикаттық қатынастан көрінеді. Сондықтан баяндауыштың қызметі басқа мүшелермен, әсіресе бастауышпен қатар айтқанда айқын болады.Дара тұрған күйінде көбірек баяндауыш болатын –етістіктер.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-07-02; Просмотров: 1389; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.025 сек.