Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

ГЛОССАРИЙ. 5 страница




БМ-ді саралап, әрқайсысына ерекше мән бере, екпін түсіре айту үшін мынадай амалдар қолданылады:

1.БМ-ң әрқайсысынан кейін де жалғаулығы қойылады: Көпей жұртқа өзінің ажарымен де, естілігімен де, тазалығымен де ұнайтын еді(Ғ.Мұстафин).

2.БМ мен, бен, пен жалғаулығы арқылы екеу-екеуден қосақталады: Ақ пен қара, қызыл мен көк, күрең мен қына сары біріне-бірі еппен тоғысып, бәрі жымдасып тұр(Ғ.Мүсірепов).

3. БМ-ң алдына бір, я, әрі, не, кейін сөздерін қою арқылы да оларды тәптіштеп таңдап, талғап жұмсаймыз: Оның көзі бір ашылып, бір жұмылады(М.Әуезов).

4.БМ (көбіне бастауыштар) тізбектеліп айтылады да, олардың ең соңғысына көптік жалғауы жалғанады, кейде одан кейін да жалғаулығықойылады. Мұндайда көптік жалғаулы соңғы сөз БМ-ді жинақтаушы болады: Ұраңқайда Көкпай, Ерболдар да шайын ішіп болыпты (М. Әуезов).

5. Қатарынан айтылған бірнеше БМ-ді саралап көтеріңкі мағынада, әрі бәріне де ой екпінін түсіре айту үшін олардан кейін жинақтаушы –жалпылауыш сөз қойылады: Баланың да, жігіт-желеңнің де, егде-мосқал үлкеннің де – барлығының аузында бір жаңалық, бір хабар (М.Әуезов). Ғылыми, іс-қағаздар стилінде жалпылауыш сөз алдынан қойылады.

Бірыңғай мүшелерді байланыстыратын қандай жалғаулықтар? Олар салаластырушы жалғаулықтар деп аталады. Қазақ тілінде олардың саны біршама: да, де (та, те), және, мен, бен, бірақ, дегенмен, әйтсе де, сонда да, я, не, немесе, әлде, алайда, т.б. БМ-ді салаластырушы бұл жалғаулықтардың шығу тарихы әртүрлі; олардың бірқатары (да, де, және, тағы) көне жазба нұсқаларда да жиі ұшырайды, ал бірқатары бертінде қазақ сөздерінен пайда болған: не, немесе, әлде (әлі) (П.М.Мелиоранский «Памятник в честь Кюль-Тегина»,1899г.,Н.К.Дмитриев «Грамматика башкирского языка»), бірде (бір-де), яки парсы тілінен, мен (бен, пен) дегендер білән демеулігінен пайда болған.

Бұл жалғаулықтар өздеріне тән мағынаға сай байланыстыру қызметін атқарады. Сондай мағынаға сәйкес мынадай үш топқа бөлінеді:

1) Ыңғайластық: және, мен, тағы, да, әрі. Бұлар бір топқа біріктірілгенімен әрқайсысының дербес семантикалық өзгешелігі бар.Мысалы, және, мен жалғаулықтары БМ-ді жұптастыра байланыстырса, да, де жалғаулықтары байланыстыру мен бірге сөзге үстемелеу, күшейту мағынасын да жүктейді. Сондай-ақ және, мен жалғаулықтары санамалап айтылған интонация тәсілімен байланысқан БМ-дің ең соңғысының алдында ғана қолданылу ерекшелігі байқалады:

2) Қарсылықты: бірақ, деген, әйтсе де, сонда да, алайда. Бұл жалғаулықтар бірыңғай мүшелер бір-біріне қарсы қойыла айтылғанда қолданылады. Дала аласа, бірақ тығыз бетегемен жайнаған.

3) Талғаулықты жалғаулықтар: я, не, не болмаса, немесе, әлде. Жалғаулықтардың бұндай түрі бірыңғай мүшелердің екшеліп, талғанып қолданылатын жағдайларында жүзеге асырылады. Сонымен бірге кезектілікті білдіретін мағынасы бойынша да пайдаланылады. Көзге түртсе көрінбейтін қара түн,Күңірене ме, күле ме әлде әлдекім? Кезектілік мәнді көбінесе біресе, бірде, кейде жалғаулықтары білдіреді. Ағаларымыз да кейде сезіммен, кейде есеппен жәбірлепті, кейде әлдекімнің айтағына еріп кетіпті.(Тәжібаев)

4) Тұрлаулы мүшелер бірыңғай, сөйлемнің құрамы жайлы түседі, бірақ сөйлем күрделі болмайды.

Бастауыш бірыңғай болғанда, олар бір баяндауышты өздеріне ортақтасқан түрде бағындырады:

Бейсен, Шымырбек, Қали құлаған жеді аршып жатыр. (С. Ерубаев)

Бірыңғай бастауыштардың тұлғалары да, жоғарғымысалдардағыдай, негізінде, біркелкі болады. Сонымен қатар жалғаулықсыз байланысқан бірыңғай бастауыштар түрі лексикалық топқа жататын, тұлға жағынан әркелкі сөздер болуы да мүмкін. Мұнда бір жеңіл салқындық, кең тыныс бар (М. Әуезов).

Сөйлемде бірыңғай бастауыштарға ой екпінін түсіріп, бәрінің синтаксистік қызметі бірдей екенін аңғару үшін, оларда жинақтауыш тұлға мен жинақтауыш сөздер қолданылады:

1.Бірыңғай бастауыш кісі аттары болғанда, олардың ең соңғысына көптік жалғау жалғанады. Ондайда көптік жалғауы жинақтаушы қызмет атқарады. Мысалы:

Абай, Біржан, Әйгерімдер тысқа шығып, оларды аттандырып жатыр (М. Әуезов).

2.Біркелкі бірыңғай бастуыштарды (кей басқа да мүшелерді) жинаушы сөз жинақтау сан есімдері болады: Жұрт тарай бастағанда, Михаил, Айдынғали, Жақсылық үшеуі оңаша қалған еді (Ғ. Сланов)

3.Бірыңғай мүшелерді жинақтау қызметінде бәрі, барлығы да, осының бәрі үшеуі... дегендер сөздер жиі қолданылады: Анау төскейдің сай-саласы, бие бауы, ауыл қонысы, қой өрісі-барлығы да соншалық таныс, жақын (М. Әуезов).

Баяндауыштар бірыңғай болғанда, олардың бәрі бірдей болғанмен, көп жерде ең соңғы баяндауыштың сөйлем құрауда синтаксистік қызметі ерекше болып келеді. Оның үстіне етістіктен болған бірыңғай баяндауыштың есімді бірыңғай баяндауыштардан елеулі ерекшеліктері бар.

§ Етістік бірыңғай баяндауыштар қимылдың бірінен соң бірі болып жатқан үдетпелігін және мезгілдестігін білдіреді: Дала боран, Жел дүрілдейді, ысқырады (Б. Майлин).

Бірыңғай баяндауыштардың тұлғалары әр уақытта, жоғарғы мысалдардағыдай, біркелкі болып келе бермейді. Кейде олардың алдыңғылары көсемше тұлғалы етістік ең соңғысы тиісті жақ жалғауында тұрады; сол жалғау бәріне де ортақ болады: Құс қанатымен ұшып, құйрығымен қонады(Мәтел).

Кейде бірыңғай баяндауыштың алдыңғысы мүлде айтылмай қалып, сол арқылы ең соңғы бір баяндауыш екі рет айтылғандай болып ұғынылады: Қара жігіт саған бір, Айшаға бір қарады (С. Сейфулин). Бұл- бірыңғай баяндауыштарды ықшамдау мақсатымен айтылған сөйлемдер. Олардың түрі -...саған бір қарады, Айшаға бір қарады... Кейде бір баяндауыш бір сөйлемде бірнеше рет қайталанып айтылады. Ондай баяндауыштың мағынасы күшейтіліп, сөйлемге ерекше экспрессивті өң беріледі:Дауыста, Жамбыл, дауыста! Сөйлеп бір жібер, сөйлеп енді (Жамбыл)

§ Есімді бірыңғай баяндауыштар субъектінің бір беткей әр түрлі сындық, не заттық сапасын білдіреді; бірыңғай баяндауыш болатындар- көбінесе сын, зат есімдерден жасалған баяндауыштар... Аттың желісі бір түрлі қатты, мазасыз(М. Әуезов).

5. Екі не бірнеше тұлғаусыз мүшелер басқа тұрлаулы, тұрлаусыз мүшелердің біріне бағынып, бір сұраққа жауап болып тізбектеледі:

Бақшада жастықтан, ьақыттан, шаттықтан, сұлулықтан тасып шыққан ешбір қайғы-уайымсыз, күмістей таза күлкі естілді (С. Ерубаев).

Жоғары мысалдардағыдай бірыңғай тұлғаусыз мүшелер көбінесе тұлғалас келеді. Кейде тұлғасы бөлек, бірақ түр-тұрпаты жағынан әуендес, қызметі бірдей сөздер де (көбінесе анықтауыш, пысықтауыштар) бірыңғай бола береді. Тұлғасы бөлек екі сөз, мысалы анықтауыш қызметінде, бірыңғай болып айтылу үшін, олар бөлек-бөлек әуенмен саналып айтылуы керек.

... Қайғысыз, күмістей таза күлкі естіледі. Орта бойлы, ақ құба жігіт алдымыздан шықты.

Соңғы сөйлемдегі анықтауыштарды интонация арқылы екі жікке бөлмей, әрқайсысына ой екпінін түсірмей, бірімен-бірін ұластыра айтсақ, олар бірыңғай болмайды. Тұрлаусыз мүшелердің барлығының бірыңғай болу амалдары бірдей емес.

Толықтауыштар бірыңғай болғанда, олар жалғаулықты, жалғаулықсыз байланыста тұрып, екі түрлі тұлғаланады: бірде (көбінесе) әрбір бірыңғай толықтауыш тиісті септік жалғауда айтылса, кейде онда жалғау ең соңғы толықтауышқа ғана жалғанып, алдыңғылары сол жалғауға сырттай телініп, жалғаусыз айтылады: Әкем Балжандарға хат беріп, туыс жолдастарын сырттан таныстырып жүр (Ғ. Мұстафин)

Бірыңғай толықтауыштар мен (пен, бен) жалғаулығы арқылы байланысқанда, олардың әр уақытта тек соңғысы жалғаулы болады, ал жалғаулықсыз байланысса, кейде олай, кейде бұлай болып тұлғана береді:Тау мен тасты су бұзады (Мақал).

Анықтауыштар анықтайтын сөздерінің алдында екі түрлі ыңғайда топтанады: кейде бірнеше анықтауыш бірін-бірі анықтап барып, ең соңғы зат есімге бағынып тұрады. Мысалы: Әлеуметтік құрлыстың жаңа міндеттері дегенде «әлеуметтік» деген анықтауыш құрлыстың дегенді анықтайды, құрлыстың жаңа дегендер – міндеттері дегенді анықтайды, Мұндай бір сөзді түрлі жағынан сипттайтын анықтауыштар әркелкі анықтауыштар болады.

Кейде анықтайтын сөзіне қатысы бірдей бірнеше анықтауыш бір сөзді әр жағынан анықтайды. Олар мағыналық, грамматикалық белгілері жағынан ыңғайлас болады. Мысалы: Дала қызыл, сары, көкшіл түстермен құлпырып тұр ( М. Әуезов).

Мұндай мағыналас, көбінесе тұлғалас сөздерден жасалған барлығы бірдей дәрежеде бір сөзге қатысты болып тұратын анықтауыштар бірыңғай анықтауыштар – ойды, көрікті, көркем етудің де тәсіл бояулары.

Кейде тұлғасы, мағынасы жағынан түрлі сөз табына жататын сөздер де бірыңғай анықтауыштар болуы мүмкін. Ондайда олар да айырым интонациямен айтылады. Мысалы: Орысша киінген, ақ құба, қара сақалды, орта бойлы адам үйге кірді.

Пысықтауыштар да анықтауыш сияқты бірыңғай болып көп жұмсалады. Әсіресе туынды үстеулерден, көсемшелерден болған пысықтауыштардың бірыңғай болу қабілеті күшті. Олар көбінесе интонация арқылы, кейде жалғаулықтар арқылы да байланысады: Ол хатты асықпай, баппен, жақсылап тағы бір оқып шықты. (С. Көбеев).

Бірыңғай мүшелердің әрқайсысы дарасөзді (жалаң) және сөз тіркесінен (күрделі сөздерден де) құралған күрделі (жайылма) болуы мүмкін:

Шалқар көл, сайраған құс, мұнарлы бел.

Жап-жасыл, жайнаған шөп, самалды жел

(Н. Байғанин).

Қорыта айтқанда, бірыңғай мүшелер ойды, біржағынан шұбалаңқы етпей тұжырымдау үшін, екінші жағынан, тарамдап талдау үшін жұмсалады.

Сөздер сөйлемде қалай болса солай орналаспайды, тіліміздің синтаксистік ерекшеліктеріне лайық белгілі тәртіппен орналасады. Сондықтан әрбір сөйлем мүшесінің сөйлемде қалыпты орны болады.

Осыны ескере отырып, қазақ тілінде сөйлемдегі сөздердің орналасу тәртібі, негізінде, екі түрлі болады дейміз: сөйлемдегі бірқатар сөйлем мүшелерінің орын тәртібі тұрақты, бірқатарының орын тәртібі жылжымалы болады. Орын тәртібі тұрақты болатындар –жалғаусыз қабыса байланысатын сөйлем мүшелері, орын тәртібі жылжымалы болатындар –жалғаулар арқылы қиыса, меңгеріле, матаса байланысатын сөйлем мүшелері.

Сөйлемдегі сөздердің қалыпты орнын ауыстырып айтуды и н в е р с и я дейміз. Инверсия арқылы ондағы сөздің бірі болмаса біріне ой екпінін түсіріп айтуға болады.

Сөйлем мүшелерінің тұрған орнына қарай өзара қарым-қатынаста, байланыста тұратынын айырғанда, Н.К.Дмитриев айтқандай, Олардың қандай сөйлемдердегі мүшелер екендігіне де қараймыз. Жалаң сөйлемде бастауышты баяндауышқа, баяндауышты бастауышқа қарап, жайылма сөйлемде тұрлаусыз мүшелерді басқа сөздермен қарым-қатынасына қарап, олардың сөйлемдегі қалыпты орны қайсы екенін белгілеуге болады.

Жалпы ереже бойынша сөйлем мүшелерінің орын тәртібі былай болады: баяндауыш сөйлемнің ең соңында, бастауыш одан бұрын, анықтауыш анықталатын сөзден бұрын, толықтауыш пен пысықтауыштар өздері қатысты сөздерінен бұрын тұрады.

Бастауыш пен баяндауыштан құралған жалаң сөйлемде бастауыш бірінші орында, баяндауыш екінші орында тұрады: Сіз студентсіз

Олар жайылма сөйлемдерде де өз орындарын сақтап бастауыш бұрын келеді, баяндауыш одан соң тұрады: Кеше жаңбыр жауды.

Бұл сияқты жайылма сөйлемде бастауыштың баяндауышпен қатар тұруы, не одан қашықтап тұруы сөйлемдегі тұрлаусыз мүшенің қай тұрлаулы мүшенің ықпалында болуымен байланысты не болмаса ой екпінінің сөйлемдегі сөздің қайсысына түсетіндігімен байланысты.

а) Егер тұрлаусыз мүшелер бастауыштың жетегіндегі сөздер болса, бастауыш баяндауыштың дәл алдында келеді: Сенен сауға сұраған келіншек кетіп қалды.

ә) Егер тұрлаусыз мүшелер баяндауыштың жетегіндегі сөздер болса, бастауыш олардан бұрын тұрады: Біз Алматы қаласына бардық

б) Егер бастауыштың да, баяндауыштың да жетегінде тұрлаусыз мүше болса, бастауыш сөйлемнің ортасында, баяндауыш ең соңында тұрады: Шоқша сақалды кісі арбадан түсті.

Бастауыш, толықтауыштарға қарағанда, баяндауыштың сөйлемдегі орны аса тұрақты: баяндауыш көбінесе сөйлемнің соңында тұрады.

Өлеңді сөйлемдерде бұйрық рай, есімше тұлғалы етістіктерден, жіктік жалғаулы етістіктер мен есімдерден болған баяндауыштар сөйлемнің басында да, ортасында да тұра береді:

Көзіңді салшы далама,

Түкті кілем түгіндей (Жамбыл)

Жіктік жалғаулары жалғанбай айтылған есім баяндауыштар әр уақытта бастауыштан соң тұрады. Оларды басқа мүшелермен орын ауыстырып айтуға болмайды: Халқым бақытты.

Баяндауышқа ой екпінін түсіре, басқа сөздерден басым мағынада айту үшін, кейбір ұранды, лепті сөйлемдерде оны бірінші орынға қойып айтуға болады: Жасасын сүйікті Отанымыз!

Диалогты сөйлемнен соң айтылатын автор сөзінде баяндауыш бұрын, бастауыш одан соң келеді

Хабарлы сөйлемдердетолықтауыштардың қай-қайсысы болса да өздерін жетектеп тұратын етістіктерден және есімдерден бұрын тұрады.

Бастауышы, баяндауышы бар сөйлемнің толықтауышы да болса, соңғының қалыпты орны, негізінде, баяндауыштың қасы болады (Мен кітапты оқыдым).

Бір сөйлемде бірнеше жанама және тура толықтауыш болса, олардың сөйлемдегі орын тәртібі, өзара грамматикалық, мағыналық байланысына қарай әр қилы болады: Олар егіннен мол өнім алуды қамтамасыз етуге уәде берді.

Қазақ тіліндегі толықтауыштардың сөйлемдегі орны туралы мынадай негізгі ережелерді айтуға болады:

а. Тура толықтауыш барыс, шығыс жалғауларындағы жанама толықтауыштардан соң тұрады: Қолыма қалам алдым.

Тура толықтауыштың қалыпты орны барыс, шығыс жалғауларындағы толықтауыштардан бұрын болуы да мүмкін. Ондай жерде тура толықтауыш тек баяндауыштың ғана объектісі болмай, өзінен кейін тұрған толықтауыштарға да қатысты болады: Таз ашуын тырнадан алады

ә. Барыс жалғауындағы толықтауыш көбінесе шығыс жалғауындағы толықтауыштардан соң тұрады.

б. Көмектес жалғауындағы толықтауыштар барыс, шығыс және табыс жалғауындағы толықтауыштардан соң да, бұрын да тұра береді.

Толықтауыштар бұйрықты, лепті, сұраулы сөйлемдерде болмаса, хабарлы сөйлемде баяндауыштармен орын ауысып, баяндауыштың соңында келе бермейді.

5. Анықтауыштың сөйлемдегі орнын белгілейтін сөз –анықталушы мүше, жалпы ереже бойынша анықтауыш анықталатын сөздің алдында тұратындықтан, анықталатын сөздің қай мүше, қандай орында тұрғанына қарап, анықтауыш кейде сөйлемнің басында, кейде орта шенінде тұра береді.

Сөйлемде орналасу тәртібі онша қатал болмайтын анықтауыштар –изафеттік құрылыстағы ілік жалғауда жұмсалатын анықтауыштар. Олардың орын тәртібі,негізінде, былай болады:ілік жалғауындағы анықтауыш тәуелдеулі сөзден бұрын келеді: Мұғалімнің беделі артты.

Ілік жалғаудағы анықтауыш өзі қатысты сөзімен қатар тұруы да, олардың ортасына басқа сөздер қойлып, бірінен бірі қашықтап тұруы да мүмкін.Өлеңді сөйлемде және кейбір сұраулы сөйлемдерде ондай анықтауыштар тәуелдеулі сөзден кейін тұруы мүмкін: Аяғы жазылды ма өзінің?

Сапалық анықтауыштар мен анықталушы сөздер бірімен-бірі қабысып қатар тұрады. Сонда анықтауыш анықталатын сөзден бұрын тұрады.

Бірыңғай анықтауыштардың анықтауыштық қызметі бірдей болатындықтан, орындарын ауыстыра беруге болады: Күшепті жігіт.

Анықтауыштардың анықтайтын сөзінен қашықтап, инверсия жасалып айтылуы аз да болса кездеседі: Үлкен кісісің ғой,апа, көп көрген.

Пысықтауыш қатысты сөз көбіне етістік, кейде баяндауыш қызметіндегі есімдер болатындықтан, оның сөйлемдегі орнын соларға қарай белгілеуге болады.

Бірқатар пысықтауыштардың сөйлемдегі орны тұрақты –пысықтайтын сөздердің дәл алды болады: Баяндамашы жақсы айтты.

Пысықтауыштардың бірқатарының орын тәртібі «еркін»болатыны түркі тілдерінің грамматикаларында бұрыннан айтылып жүр. Н.К.Дмитриев оның себебін былай түсіндіреді: біріншіден, ондай пысықтауыштар етістіктермен тығыз байланысты болмайды, екіншіден, пысықтауыштар сөйлемнің басында тұрғанда, олар жеке сөзге ғана емес, түгел сөйлемге қатысты болады.

Кейде бір сөйлемде бір етістікке бағынған бірнеше түрлі пысықтауыштар болуы мүмкін. Олардың етістікпен тығыз байланыстағысы және негізгісі етістіктің қасында тұрады да, басқалары өзара байланысына және басқа мүшелердің қатысына қарай ілгері-кейін қойыла береді.

Сонымен, сөйлемдегі сөздердің, сөйлем мүшелерінің белгілі тәртіппен тізбектелуінің мәні зор. Ол синтаксистік байланыстың басты формуласының бірі болып та, сөзден сөз тудыру амалы, ой өзгешелігін білдірудің стильдік амалы ретінде де жұмсалады. Сондай-ақ көп жерде сөйлемдегі сөздердің синтаксистік қызметін белгілеуге себепкер себепкер болады.

Қазақ тіліндегі жайылма сөйлемдегі бағыныңқы сөздер басыңқылардың алдында тұрғанда олардың позициялық діңгегі әр уақытта тұрлаулы мүшелер болады.Ал тұрлаулы мүшелер керісінше құрылады: бағыныңқы мүше (баяндауыш) көбінесе басыңқы мүшеден (бастауыштан) соң тұрады, бастауыш (сол сияқты толықтауыш та) тұрлаусыз мүшелердің өзіне не баяндауышқа қатысты болуына қарай жайылма сөйлемнің басында да, ортасында да, аяқ шенінде де тұра береді. Соларды жинақтап кестелегенде мынадай үш үлгіні сөйлем мүшелерінің орналасуының негізгі түрлері деуге болады:

Өзін-өзі бақылау сұрақтары:

1.Бірыңғай мүшелер деп қандай мүшелерді айтамыз?

2.Оқшау сөз дегеніміз не?

3.Оның қандай түрлері бар?

4.Үйірлі мүше дегеніміз не?

5.Оқшау сөздердің тыныс белгілері қандай?

6.Сөйлем мүшелерінің қалыпты орны дегеніміз не?

7.Сөйлем мүшелерінің инверсиялық орны дегеніміз не?

Ұсынылатын әдебиеттер: 11, 15, 16, 18, 19, 28, 30, 33, 35, 36, 37, 42, 50,52, 54, 63,65.

 

Дәріс №7. Жай сөйлемнің түрлері. Жай сөйлемнің құрылымдық типтері.

Мақсаты: Жай сөйлемнің айтылу мақсатына қарай түрлерін және құрылымдық типтерін ажыратып көрсету.

Тірек сөздер: хабарлы сөйлем, көп құрамды хабарлы сөйлем, сұраулы сөйлем, ашық сұрақ, күмәнді сұрақ, қарсы сұрақ, таңырқаулы сұрақ, риторикалық сұрақ, бұйрықты сөйлем, жалаң және жайылма, толымды, толымсыз, атаулы сөйлемдер.

1.Бірдеңенің не бір істің жайын баяндау мақсатымен айтылған сөйлем хабарлы болады: Асау терек долданып, буырқанып, тауды бұзып, жол салған, тасты жарып (Абай). Күн қызыл арай шатырынан жаңа ғана шыққан (Ғ.Мүсірепов)

Хабарлы сөйлемдердің мазмұны әр түрлі болады. Олардың мазмұны сөйлемге қатысқан сөздердің, сөйлем мүшелерінің, әсіресе, баяндауыштардың мағыналық, тұлғалық ерекшеліктерімен байланысты. Баяндауыштардың тұлғалық ерекшеліктеріне қарай хабарлы сөйлемдер, мысалы, болымды (Жаңбыр жауды), болымсыз (Жаңбыр жаумайды), қалаулы (Енді қырманға барайықшы), болжалды (Жездең ертең келетін шығар) болады, ал баяндауыштарының қай сөз табынан болатынына қарай етістікті (Үйдің іші жылынды), есімді (Күн жылы.Аспан ашық) болып бөлінеді.

Хабарлы сөйлемдер, жалпы алғанда, бірсыдырғы баяу әуенмен айтылады: жалаң сөйлемдер тақ-тұқ қайырылса, жайылма сөйлемдерді айтқанда, дауыс сөйлемнің соңында бәсеңдей түсіп тынады.

Мысалы: Түн жым-жырт. Жел де жоқ. Бірақ сәл ғана білінген салқын бар.

Бір сөйлемнен екінші сөйлемнің межелі жігі пауза арқылы айрылып тұрады. Бірақ хабарлы сөйлемдегі жеке сөздердің айтылу әуені әр уақытта бірқалыпты бола бермейді.

Көп құрамды хабарлы сөйлемнің ішіндегі бастауыштың не толықтауыштың маңына топтанған сөздердің саны неғұрлым көп болса, сол топ солғұрлым оқшаулана түсіп, көтеріңкі дауыспен айтылады да, одан кейін дауыс бәсеңдей береді.

Таудан төмен қарай сырғанап келе жатқан шаңғышылар колхоз клубының алдына келіп тоқтады.

Бұл сөйлемдердегі дауыстың жоғарылап төмендеуін былайша көрсетуге де болады.

Шаңғышылар




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-07-02; Просмотров: 1365; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.087 сек.