Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Мемлекеттік бюджет 2 страница




Мемлекеттік бағалы қағаздарға бос қаражаттарды орналастырудан алынатын кірістер;

Белгіленген мерзімде жарналар төленбеген жағдайдағы есептелген өсімпұл сомасы;

Қажетті жағдайларда – бюджет қаражаттары мен банк кредиттері (ағымдағы төлемақыларға шоғырландырылған қаражаттардың жеткіліксіздігі кезінде); мәселен Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорына жаңа зейнетақы заңнамасы іс - әрекет еткенге дейін зейнеткерлерге зейнетақы төлеу үшін бюджет қаражаттары беріліп тұрды.

Міндетті әлеуметтік сақтандырудың жарналары салық заңнамасына сәйкес жиынтық жылдық табыстан шегірлетін шығыстарға жатқызылды, ал бюджет және коммерциялық емес ұйымдары үшін оларды ұстауға жұмсалатын шығыстардың сметасында қарастырылды.

Әлеуметтік қорлардың бюджеттерін республика Үкіметі бекітетін.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорларының уақытша бос қаражаттарын мемлекеттік бағалы қағаздарға, Ұлттық банктің бағалы қағаздарына және мемлекеттік банктердің депозиттеріне инвестициялауға рұқсат етілді.

Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры:

1. болған зейнеткерлерге және зейнетақы алушыларға мемлекеттік зейнетақыларды;

2. егер зейнетақының мөлшері заңнамамен бекітілген ең төменгі деңгейден аз болса әлеуметтік жәрдемақыларды қаржыландырды.

Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу қоры жұмыссыздық жөніндегі жәрдемақыларды төлеуді, жұмыссыздарды қайта даярлау мен қайта оқытуды, мұқтаж азаматтарды қолдау үшін қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыруды қаржыландырды. Бір кездері қоныс аудару шаралары жөніндегі шығындарды қаржыландыру осы қор есебінен жүзеге асырылды.

Әлеуметтік сақтандыру қоры еңбекке уақытша жарамсыздық жөніндегі, жүктілігі және босануы жөніндегі жәрдемақыларды, бала туғанда және жерлеуге берілетін біржолғы жәрдемақыларды, сауықтыру сипатындағы қызметтер көрсетуді төлеуді қаржыландырды.

Міндетті медициналық сақтандыру қорының қаражаты есебінен келісімшарттарға сәйкес сақтандырушыларға медициналық қызмет көрсету жөніндегі медицина ұйымдарының немесе жекеше медициналық практикамен айналысатын жеке адамдардың шығыстары өтеліп отырды. Бұдан басқа қор онда медициналық қызметтер көрсету бойынша келісімшарттар жасаспаған міндетті медициналық сақтандырудың базалық бағдарламасы шеңберінде медициналық ұйымдарда немесе жекеше практикамен айналысатын жеке адамда медициналық қызметтер алған жағдайда сақтандырылушылардың шығыстарын өтеді.

Қор бюджеттерінің атқарылуы туралы есептерді Үкімет бекітетін.

Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорын, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорын, Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу қорын басқаруды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүргізді. Міндетті әлеуметтік медициналық қор Үкімет жанындағы құрылым болып табылады. Қордың құрылымы облыстық, қалалық бөлімдерді, аудандарда халықты әлеуметтік қорғаудың аудандық бөлімдерін, еңбек және жұмыспен қамту бөлімдерін кіріктірді. Қордың қаражаттарын мақсатты пайдалануға бақылауды жергілікті атқарушы органдар, қордың жоғарғы органдары, Қаржы министрлігінің Қаржылық бақылау комитетінің мамандандырылған бақылау органдары жүзеге асырды.

1999 жылдан бастап халықты әлеуметтік қорғауды қаржыландыру мемлекеттік бюджет арқылы әлеуметтік салықты алу және онда шоғырландыру есебінен жүзеге асырылып келеді. Бұдан басқа қаржының едәуір бөлігі, мемлекеттік емес жинақтаушы зейнетақы жүйесінде шоғырландырылып, мемлекеттік емес жинақтаушы зейнетақы қорлары арқылы еңбекақы қорының 10% мөлшеріндегі барлық сақтандырушылардың міндетті зейнетақы жарналары есебінен жұмсалады. Зейнетақымен қамтамасыз етілуі үшін Мемлекеттік жинақтаушы Зейнетақы қорын таңдап алған тұлғалар үшін де зейнетақы жарналарының осындай мөлшері белгіленген. Мемлекеттік әлеуметтік қамсыздандыру мен әлеуметтік көмекке жұмсалатын шығыстар (барлық шығыстардың 90 пайызындайы) көбінесе республикалық бюджеттің есебінен қаржыландырылады.

Халыққа көрсетілетін медициналық көмек кепілді медициналық көмектің нормалары шегінде негізінен жергілікті бюджет есебінен (денсаулық сақтауға жұмсалатын барлық шығыстардың 86%) қаржыланады; нормада тыстары ақылы негізде жүргізіледі.

Жұмыссыздарға материалдық көмек (табыстың белгіленген ең төменгі шегін ескере отырып) жұмыспен қамтуға жәрдемдесу қорының орнына бұл мақсатқа тиісті қаражаттарды қарастырған кезде жергілікті бюджеттерден қаржыландырылады.

Экономикалық арналымның бюджеттен тыс қорлары қоғамдық дамудың кезеңдерінің мақсаттары мен міндеттерін негіздей отырып жасалды. Мұны бұрын іс - әрекет еткен қорлардың практикасы растайды: мысалы, әр түрлі мезгілде әр түрлі қорлар іс - әрекет етті: Инвестициялық қор, Экономиканы тұрақтандыру қоры, Экономиканы жаңғырту қоры, Кәсіпкерлікті қолдау және бәсекені дамыту қоры. Экономикалық қорлар қаржыны орталықтандыру және дамудың белгілі бір бағыттарын немесе негізгі салаларды, сондай – ақ дамудың салааралық бағдарламаларын қаржыландыру үшін құрылды. Сөйтіп, бүкіл экономиканы теңгерімді, үйлесімді дамытуды қамтамасыз ету міндетін қойды. Мәселен, Инвестициялық қордың қаражаттары негізгі капиталды ұдайы жаңғыртудың қол жеткен ауқымын қолдау, әлеуметтік сфераны одан әрі дамыту үшін пайдаланылды. Күрделі жұмсалымдарды қаржыландыру республика Үкіметі бекіткен жоспарлар мен лимиттер бойынша рентабелді өнім шығаруға, оларды қайта құру үшін мүмкіндіктер жасауға, өнеркәсіп кәсіпорындарын қайта пішіндеу үшін жүргізілді. Экономиканы жаңырту қоры меншік түрлеріне қарамастан шаруашылық қызметпен айналысатын кәсіпорындар мен ұйымдар өнімінің (жұмысының, қызмет көрсетуінің) өзіндік құнының 5% мөлшерінде міндетті аударымдар есебінен құрылды және оның қаражаттары салалар мен объектілер бойынша пайдаланылды.

Бюджеттен тыс Кәсіпкерлікті қолдау және бәсекені дамыту қоры нарықтық қатынастарды дамыту және баламалы экономикалық құрылымдарды қалыптастыру, меншіктің түрлі нысандарының кәсіпорындары мен ұйымдарына қолдау көрсету, бюджеттік қаржыландыруды кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі шараларды несиелендірудің прогрессивті нысандарымен тиімді үйлестіру, бәсекені дамыту және монополиялық қызметті шектеу мақсатында құрылды. Қор қаражаттарын қалыптастырудың көздері мыналар болды:

- Республика аумағында орналасқан кәсіпорындар, бірлестіктер мен ұйымдар меншік нысанына қарамастан, пайдаға салынған салықты төлегеннен кейін өз қарамағында қалатын пайданың 1% мөлшерінде қорға аударатын міндетті аударымдар;

- Республикалық бюджеттен оның кіріс бөлігінің жалпы сомасының 1% мөлшерінде қаржы бөлу;

- Консультациялық, әдістемелік және баспа қызметінен, сондай – ақ бағалы қағаздардан түсетін табыстар;

- Ерікті жарналар мен қайырымдылық көрсетулер.

Жалпыға арналған автомобиль жолдарын, сондай – ақ олардағы ғимараттарды ұстау, жөндеу және салу, қайта құру арнаулы қордың – Жол қоры есебінен жүргізілді. Сөйтіп, Жол қоры қаржы жүйесінде өзгешелігі бар шаруашылық қызметпен байланысты тар мамандандырылған буыны болды.

Қорды қалыптастырудың көздері мыналар болды:

- Автомобиль жолдарын пайдаланушылардың (заңды ұйымдардың) аударымдары;

- Қазақстан аумағы бойынша кіру, шығу және транзиттік өту үшін төлем;

- Бөлшек саудада сатылатын бензин мен дизель отынын сатқаны үшін төлем;

- Ақылы автомобиль жолдары бойынша жүргені үшін төлемақы.

Жол қорының қаражаттары белгіленген үйлесімде Республикалық жол қоры мен облыстық жол қорлары арасында бөлініп отырды. Республикалық қордан автомобиль жолдары желісінің даму деңгейлерін теңдестіру үшін облыстық қорларға демеуқаржы бөлініп отырды. Басқарудың жергілікті органдары республикалық автомобиль жолдарын дамытуға қосымша қаражат бөліп отырды.

Жол қорын Көлік және коммуникациялар министрлігі, облыстық жол қорларын автомобиль жолдарының қазыналық кәсіпорындары басқарды. Қаражаттардың мақсатты және ұтымды пайдаланылуына бақылауды жергілікті өкілдікті және атқарушы органдар, Қаржы министрлігінің Қаржылық бақылау комитетінің органдары жүзеге асырып отырды.

3. Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры.

Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры мемлекеттің қорланымдарын қалыптастыру, сонымен бірге дүниежүзілік бағалардың жағдайына республикалық және жергілікті бюджеттердің тәуелділігін төмендету мақсатында құрылды. Яғни, Қазақстанның Ұлттық қорын қалыптастыру болашақ ұрпақ үшін қорланымды және елдің экономикасын келеңсіз сыртқы факторлардан қорғау үшін қаржы резервтерін шоғырландырады. Бүгінде қор активтерінің ауқымы 2 миллиард АҚШ долларына жуық болып отыр. Сөйтіп, қор екі функция орындайды: жинақтаушы және тұрақтандырушы функциялары.

2001 жылдың ішінде Қордың жұмыс істеу тетігі іс жүзінде толығымен орнықты және іске қосылды.

Жинақтаушы функциясымен қатар Қор қаражатының қалыптасуы мен пайдаланылуының қолданылып жүрген тетігі ағымдағы экономиканың жағдайына тұрақтандыру ықпалын көрсетеді.

Қордың тұрақтандырушы функциясын іске асыру мемлекеттік бюджетті орта мерзімді жоспарлауға көшуге мүмкіндік берді.

Қордың активтері Қазақстан Республикасы Үкіметінің Ұлттық банктегі шотына шоғырландырылады, ол Қордың сенімді басқару туралы келісімшартқа сәйкес инвестициялық операцияларды жүзеге асыру ережелері шеңберінде сенімді басқаруды жүзеге асырады.

Қаражаттардың көздері мен қорды қалыптастырудың тәртібі мынамен анықталады. Қазақстан Республикасының әлеуметтік – экономикалық дамуының бесжылдық индикативтік жоспарының құрамында қазақстан экспортының едәуір үлесін құрайтын шикі мұнайға, мысқа және басқа шикізат тауарларына есептік тұрақты дүниежүзілік бағалар белгіленеді, олардың негізінде республикалық және жергілікті бюджеттерді әзірлеп, бекіткен кезде Қазақстан тауар өндірушілері шикізат тауарларын өткізудің орташа бағаларын және оларға сәйкес шикізат секторынан түсетін мемлекеттік бюджеттің кірістерін есептеп шығарады. Шикізат тауарларының есептік тұрақты бағалары дүниежүзілік бағалардың серпінін сақтанпаздық болжауды негіздей отырып белгіленеді.

Қор республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы процесінде оған шикізат секторы ұйымдарынан (заңды тұлғалардан Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тізбе бойынша) бюджетке түсетін салық және өзге міндетті төлемдердің республикалық және жергілікті бюджеттердегі түсімдердің олардың мына түрлері бойынша: корпорациялық табыс салығының, қосылған құнға салынатын салықтың, үстеме пайдаға салынатын салықтың, бонустардың, роялтилердің бекітілген сомаларынан асып түсуін есепке жатқызу жолымен қалыптасады.

Қор мына түсімдердің есебінен қалыптасады:

1) республикалық және жергілікті бюджеттерден алынатын ресіми трансферттер, олар бюджетке жоғарыда көрсетілген салықтар мен өзге міндетті төлемдер бойынша түсімдердің республикалық және жергілікті бюджеттерде жоспарланатын сомаларының 10% мөлшерінде есептеледі;

2) қорды басқарудан түсетін инвестициялық кірістер;

3) Қазақстан Республикасының заңнамасымен тиым салынбаған өзге түсімдер мен кірістер.

Қаражаттарды есептеудің тәртібін Үкімет анықтайды.

Қордың қаражаттары мына бағыттар бойынша жұмсалады:

1) шикізат секторы ұйымдарынан түсетін салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің басқа да міндетті төлемдердің бекітілген және іс жүзіндегі сомасының арасындағы айырмасы ретінде анықталатын ысыраптарды өтеу үшін;

2) қордың мақсатты трансферттері түріндегі одан республикалық және жергілікті бюджеттерге Қазақстан Республикасының Президенті анықтайтын мақсаттарға берілетіні;

3) қорды басқарумен және жыл сайынғы сыртқы аудитті жүргізумен байланысты шығыстарды жабуға.

Қордың қаражаттары оларды сақтау және инвестициялық кіріс алу мақсатында сенімді және өтімді шетелдік қаржы активтеріне орналастырылады. Оларды жекеше немесе мемлекеттік ұйымдарды несиелендіруге және міндеттемелерді қамтамасыз ету ретінде пайдалануға болмайды.

Қорды басқару кезіндегі мемлекеттік биліктің өкілеттігі мынада. Қазақстан Республикасының Президенті:

1) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі Кеңестік құрамын құрады;

2) қор мәселелері жөнінде Кеңеске, Үкіметке және Ұлттық банкке орындау үшін міндетті нұсқаулар береді;

3) қорды басқару жөніндегі қызметті бақылауды жүзеге асырады;

4) ұсыныстар беру үшін Кеңеске қорды басқарумен байланысты, оған бекітуге берілген құжаттарды бағыттайды;

5) қордың қызметімен байланысты өзге өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасының Үкіметі қорды басқару кезінде мына өкілеттіктерді жүзеге асырады:

1) есептемені жасау ережелерін, ақшаны қорға есепке алу және оны пайдалану тәртібін әзірлеп, бекітеді;

2) Ұлттық банкпен бірлесіп ақпараттық материалдардың және қорды басқарумен байланысты қызмет бойынша қаржылық есептеменің графигін жасап, бекітеді;

3) Президентке қордың қалыптастырылуы және пайдаланылуы туралы есепті және Парламентке қорды қалыптастыру және пайдалану жөніндегі ақпаратты ұсынуды қамтамасыз етеді;

4) қордың жыл сайынғы сыртқы аудитін жүргізуді қамтамасыз етеді;

5) қорды қалыптастыру мен пайдаланудың бухгалтерлік есебін қамтамасыз етеді;

6) қордың қызметімен байланысты өзге өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Қорды сенімгерлік басқаруды Ұлттық банк пен Үкімет арасында жасалынған сенімгерлік басқару туралы шарт негізінде Ұлттық банк жүзеге асырады:

1) Қорды оның бір бөлігін сыртқы басқарушыны басқаруға беруді қоса дербес инвестициялау;

2) инвестициялық операцияларды жүзеге асырудың ережелерін әзірлеп, бекіту;

3) Үкіметке қорды сенімгерлік басқарудың нәтижелері туралы есепті ұсыну;

4) сенімгерлік басқару туралы ережелер мен шартта қарастырылған өзге өкілеттіктер.

Қорды тиімді сенімгерлік басқаруды қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық банктің шешімімен арнаулы лауазымды тұлғаны (Ұлттық банк төрағасының орынбасарынан төмен емес деңгейде) - өкілетті өкілді анықтайды, оның өкілеттігіне Ұлттық банктің атынан қорды сенімгерлік басқару жөнінде шешімдерді оперативті қабылдау кіреді.

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ұлттық банк қорды басқару мәселелері бойынша болжалды іс - әрекеттер мен қол жеткен нәтижелер туралы бір – біріне ақпарат беріп отыруға міндетті.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік – кеңес беру органының – Кеңестік негізгі міндеті қорды пайдалану мәселелері бойынша Президентке жәрдемдесу және ұсыныстар жасау болып табылады. Кеңестің, мәжілістері Президенттің немесе оның тапсыруы бойынша Кеңес мүшелерінің бірінің төрағалық етуімен жүргізіледі және хаттамамен ресімделеді. Кеңес шешімі Кеңес мүшелерінің жалпы санының жай көп даусымен қабылданады және заңнамамен бекітілген тәртіппен Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен іске асырылады. Кеңестің құрамына мыналар кіреді: Қазақстан Республикасының Президенті, Премьер – министрі, Сенаттың төрағасы, Парламент мәжілісінің төрағасы, Президент Әкімшілігінің басшысы, Ұлттық банктің төрағасы, Премьер – министрдің орынбасары, Қаржы министрі, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы.

Кеңестік жұмыс органы Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі болып табылады. Кеңес функциялары:

1) қорды пайдаланудағы тұжырымдамалық тәсілдемелерді (көзқарастарды) қарау;

2) қордың ауқымдары мен пайдалану бағыттары жөніндегі ұсыныстарды, сондай – ақ қорды қалыптастыру және пайдалану туралы жылдық есепті талқылау.

Қазақстан Республикасының Үкіметі Ұлттық банкпен бірлесе отырып келесі есепті жылдан кейінгі жылдың 1-ақпанына дейін қорды қалыптастыру және пайдалану туралы жылдық есепті жасайды.

Қазақстан Республикасының Үкіметі келесі есепті жылдан кейінгі жылдың 1-сәуіріне дейін қорды қалыптастыру және пайдалану туралы жылдық есепті сыртқы аудиттың нәтижелерімен бірге Президентке бекітуге ұсынады.

Қорды қалыптастыру және пайдалану туралы жылдық есеп мыналарды қамтуы тиіс:

1) қордың түсімдері және пайдаланылуы туралы есеп;

2) қорды сенімгерлік басқару бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің қызметі туралы есеп;

3) қорды басқару жөніндегі өзге мәліметтер.

Қорды басқарумен байланысты қызметтің транспаренттігін қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын сыртқы аудит жүргізіледі. Тәуелсіз аудиторды таңдау конкурстік негізде және Үкімет белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.

Жылдық есеп туралы, қорды қалыптастыру және пайдалану және сыртқы аудитті жүргізудің нәтижелері туралы ақпарат көпшілік ақпарат құралдарында жарияланады.

Қазіргі кезде Ұлттық қордың жинақ портфельдерін басқару тиімділігін арттыру, оның тұрақтандырушы функциясын нығайту, есеп саясатын және оған ақша қаражатын есептеу тетіктерін жетілдіру жөніндегі мәселелердің маңызы артып отыр.

Тұжырымдар

Мемлекеттік бюджеттен тыс қорлар - жалпымемлекеттік (аумақтық) көлемде республикалық және жергілікті бюджеттер қаржы ресурстарын ұйымдастырудың ең белгілі нысаны болып табылады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры мемлекеттің қорланымдарын қалыптастыру, сонымен бірге дүниежүзілік бағалардың жағдайына республикалық және жергілікті бюджеттердің тәуелділігін төмендету мақсатында құрылды.

Негізгі әдебиет:

1 Қ. Қ. Ильясов, С. Құлпыбаев Қаржы. Оқулық Алматы, 2005ж.-552 б.

2 С. Құлпыбаев Қаржы Оқу құралы. Алматы, «Мерей» 2000ж. -154 б.

3 Қаржы. Несие. Банк. Оқулық. Орманбаев А.Ж. Өмiрбаев С.М, Есенгельдин Б.С. Қарағанды 1998ж.

4 Қ. Қ. Ильясов, С. Құлпыбаев Қаржы. Оқулық Алматы, 2007ж.-580 б.

Қосымша әдебиет:

1. Финансы. Сембиева Л.З.Учеб.-практич. пособ. Астана 2001г.

2.Финансы / Под ред. Ковалевой А.М. – Изд. 2-е. – М., 2003.

3.Финансы. Учебник. Под ред. М.В.Романовского и др. М. 2004.

Тақырып бойынша теориялық білімді бақылау және өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:

1. Мемлекеттік бюджеттен тыс қорлардың қажеттілігі мен мәні неде?

2. Бюджеттен тыс қорлардың сыныптамасы қандай?

3.Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорының қажеттілігі неде?

4.ҚР Ұлттық қорының қызметі қандай?

№8 тақырып бойынша әдістемелік нұсқаулар:

Бұл тақырыпты оқуда студент мемлекеттік бюджеттен тыс қорлардың қажеттілігі мен мәнін түсінуге зейін қоюлары керек. Бюджеттен тыс қорлардың сыныптамасы сипаттау. Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорының қажеттілігін түсіну, зейнетақы реформасының ерекшелігін оқу. ҚР Ұлттық қорының қызметін ашу. Студент өздігінен Қазақстанның инновациялық қорының қызметтері мен міндеттерін кестеде көрсетеді. Халықты әлеуметтік қорғау шығындары, әлеуметтік қамсыздандыру мен қамтамасыз етуге сипаттама беру.


9-ТАҚЫРЫП.

МЕМЛЕКЕТТІК КРЕДИТ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ҚАРЫЗ

Мақсаты: Мемлекеттік несиенің мәнін, мемлекеттік несиенің нысандары мен әдістерін, халықаралық мемлекеттік несиенің маңызын, мемлекеттік борыштың лимиттерін анықтау.

Проблемалық дәрістің жоспары:

1. Мемлекеттік несие мен мемлекеттік борыштың мәні мен мазмұны.

2. Мемлекеттің несиенің нысандары мен әдістері.

3. Мемлекеттік борыш және оны басқару.

Тақырып бойынша негізгі түсініктер: «мемлекеттік несие» ұғымы, мемлекеттік несиенің функциялары, мемлекеттік борыш түсінігі.

 

1. Мемлекеттік несие мен мемлекеттік борыштың мәні мен мазмұны.

Мемлекет пен муниципалдық құрылымдардың (жергілікті атқарушы органдардың) қарамағына заңды және жеке тұлғалардың бос ақша қаражаттары несие капиталы ретінде уақытша пайдалануға шоғырландыру үшін және бюджет тапшылығы проблемаларын шешу үшін тартылуы мүмкін. Оны алудың басты әдісі мемлекеттік кредит болып табылады.

Мемлекеттік кредит – жалпы мемлекеттік қаржының басты буындарының бірі және кредит қатынастарының жиынтығы, бұл қатынастарда тараптардың бірі мемлекет, заңды және жеке тұлғалар несиегерлер (кредиторлар) немесе қарызгер болып табылады. Халықаралық экономикалық қатынастар саласында мемлекет қарызгердің де, қарыз алушының да, несиегердің де рөлінде көрінеді.

Мемлекеттік кредиттің ерекшелігі қарызға берілген қаражаттардың қайтарымдылығында, мезгілінде және ақылығында. Алайда бұл қатынастарды банк несиесімен шатастыруға болмайды. Несие қоры ұлғаймалы ұдайы өндіріс процесінің үздіксіздігін қамтамасыз ету мақсатында кәсіпорындар мен ұйымдарды несиелендіру және оның тиімділігін арттыру үшін пайдаланылады; несиелерді жеке адамдар да ала алады. Шаруашылық жүргізуші субъектілерді банктік несиелендіру несие қорын өнімді пайдалану болып табылады.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-05-26; Просмотров: 520; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.007 сек.