Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

II модуль 12 страница




Біртұтас педагогикалық үрдістегі оқыту

п.ғ.к., д.м.а. Л. Т. Сайдахметова

№ 1 слайд

Дәрістің мақсаты: оқытуды педагогикалық үрдісті ұйымдастыру тәсілі ретінде қарастыру, оқыту мен білім берудің тәрбиелік мүмкіндіктерін анықтау.

Дәрістің міндеттері:

  • дидактиканы педагогика ғылымында білім беру мен оқытудың теориясы ретінде қарастыру
  • оқыту мен білім берудің тәрбиелік мүмкіндіктерін анықтау.

Дәрістің жоспары:

1. Дидактика туралы түсінік.

2. Оқыту педагогикалық үрдісті ұйымдастыру тәсілі ретінде.

3. Оқыту мен білім берудің тәрбиелік мүмкіндіктері.

Негізгі ұғымдар: дидактика, оқыту үрдісі, оқытудың заңдылықтары мен ұстанымдары, танымдық іс-әрекет.

Көрнекіліктер: №1 №8 слайдтар.

Оқыту технологиясы: проблемалық оқыту, оқу-танымдық әрекетті белсендіру.

Дидактика туралы түсінік

Педагогикада оқыту теориясын дидактика деп атайды. Дидактика грек тілінен аударғанда (dіdaktikos) «оқытушы» деген мағынаны білдіреді.

Дидактика «нені оқыту», «қалай оқыту» керек деген сұрақтарға дәйекті жауап беруді іздейді. Оқытудың негізгі мазмұнын, бағыты мен негізін белгілейді және әдіс-тәсілдерін ұйымдастыру түрін анықтайды.

№ 2 слайд

Бүгінгі педагогикада «Дидактика» — білім беру мен оқытудың теориялық негіздерін зерттейтін педагогика ғылымының саласы. Дидактика білім беру мен оқытудың мазмұнын, оқыту ұстанымдарын, оқытуды ұйымдастыру әдістерін және түрлерін қарастырады, сонымен бірге дидактика жеке пәндерді оқыту ерекшеліктерін зерттейді.

«Дидактика» деген терминді тұнғыш неміс педагогі В.Радже (1571 — 1635) енгізген. Ал дидактиканың берік ғылым ретінде іргетасын Чех педагогы Ян Амос Коменский (1592 — 1670) қалаған. Ол өзінің 1632 жылы жазған «Ұлы дидактика» атты еңбегінде оқытудың мақсаты, әдістері мен ұстанымдары және сынып сабақ жүйесі туралы баяндаған.

Одан кейін де көптеген педагогтар ХVІІІ ғ. швейцариялық педагог Иогани Генрих Песталоцци (1746 1827), ХІХ ғ. неміс педагогы Фридрих Адольф Дистерверг (1790 1866), орыс педагогы К.Д.Ушинский, қазақтың ұлы педагогы Ы. Алтынсарин дидактиканың өсіп-өркендеуіне жол ашты, оны шығармашылықпен дамытты.

№ 3 слайд

Дидактиканың негізгі категориялары — білім беру, оқыту, оқу, оқыту принциптері, оқыту процесі.

Оқыту теориясы ретінде дидактика мынадай мәселелерді қарастырады: білім берудің алғышарттарын, заңдылығын зерттейді, оқыту барысында оқушылардың белсенділігін арттыруды қарастырады.

№ 4 слайд

Оқыту процесі дегеніміз — оқушылардың мұғалімнің басшы-лығымен бір мақсатқа бағытталған өзара әрекетінің нәтижесі арқылы оқушыға білім беру міндетін шешу. Оқу процесі — тұтас педагогикалық процестің бір бөлігі.

Оқыту процесінде оқушылардың ақыл-ойы дамиды, танымы, практикалық іскерлігі, дағдысы қалыптасады.

Оқыту екі жақты мақсатты іс-әрекет. Оның өзіне тән функциялары бар. Олар: білім беру, тәрбиелік, дамыту. Оқытудың білім беру функциясы оқушыны біліммен қамтамасыз етуге, өз бетімен ізденуге ғылыми көзқарасын қалыптастыруға бағытталған.

Дидактиканың негізгі міндеті мынадай: біріншіден, оқыту үрдісін (процесін) түсіндіру, сипаттау және оны меңгеру әрі жүзеге асыру жолдарын көрсету, екіншіден, оқыту үрдісін ұйымдастырудың тиімді жолдарын, амал-тәсілдерін, ең жаңа жетілген технологиялық жүйелерді білгізу.

Педагогика пәнін терең түсіну үшін оның дидактикалық категорияларын ұғыну керек. Ал дидактикалық категорияның бастау бұлағы — педагогикалық жүйе болып табылады. Сонда дидактикалық категорияның негізін айқындайтын құрылымы мынадай: білім беру, оқыту, мақсаты, мазмұны, міндеттері, дидактикалық үрдіс (процесс), әдістемелері, құралы, оқыту формасы, окытудың заңдылықтары, принциптері және оқытудың нәтижесі.

Оқыту педагогикалық үрдісті ұйымдастыру тәсілі

Оқытудың жүйесі және оның түрлері. Дидактикада оқытудың теориялық негіздеріне байланысты үрдісті зерттеуші ғалымдар әртүрлі мәнде түсіндіреді және оның құрылымдық жүйесі жөнінде де бірыңғай, біртекті ұғым қалыптаспаған. Ал оқытудың түрлерін белгілеу окытудағы іс-әрекет пен оның сипатына негізделеді. Мұндағы оқытудың мазмұны, әдістемесі, құралына байланысты басты түрлері мынадай: а) түсіндірмелі-иллюстрациялық оқыту; ә) проблемалық оқыту; б) бағдарлап оқыту т.б.

№ 5 слайд

Түсіндірмелі-иллюстрациялық. Мұның басты сипаты — оқушыға жаңа білімді таныстырып, жаңа ұғымдар мен теориялар, заңдар туралы түсінік беру. Оқушылар дайын білімді қабылдап, жаттанды түрде меңгереді де, олардың өздігінен ойлануына көңіл бөлінбейді, басқаша айтқанда тұлғаның дербестігі мен ішкі мүмкіншіліктері ашылмай, тек айтқанды орындау шеңберінде қалып қояды.

№ 6 слайд

Проблемалық оқытуда мұғалім оқушыға білім жүйесін ұқтырумен және іскерлік дағдысын қалыптастырумен қатар шәкірттің танымдық, шығармашылық бағдарда болуына жол нұсқайды. Тиісті тақырып бойынша проблемалық сұрақтарды шешудің варианттарын қарастырып, оны шешу шәкірттің үлесіне тиеді. Жаңа білімді игеру барысында оқушының өздігінен ізденіп, оны практикада қолдана алу бағдарында еңбектенеді. Проблемалық оқытуда оқушының ғылым негіздерін меңгерудегі дербестігін, қабілетін дамыту көзделеді. Оқушыны ойланту, іс-әрекеттегі ізденісі үшін репродуктивтік, продуктивтік және шығармашылық жолдар сәйкестіріле пайдаланылады. Репродуктивтік жолды ұстанғанда атқарылатын іс-әрекет үлгі, алгоритм бойынша орындалса, продуктивтік жолда оқушы ситуацияны өзінше шешуге әрекеттеніп, жаңаша ізденуге мән береді. Ал шығармашылықта эвристикалық іс-әрекетке көшіп, проблеманы шешуде кенеттен келген ойларын ұсынып, жұмысты өзінше орындайды.

№ 7 слайд

Бағдарлы оқытуды ұйымдастыру мақсатында 1962 жылы Париж қаласында өткен ғалымдардың халықаралық конференциясындағы пікірлесу нәтижесінде ЮНЕСКО мақұлдаған келісім бағдарлы оқыту жүйесін өрістетті. Мұндағы басты ерекшелік — оқыту үрдісін басқару жолы жетілдірілген, оқушы өзін-өзі тексереді және бағдарлы оқытуға арналған оқулық, оқу құралдары мен құжаттарда берілген мағлұматтарды шәкірттің қаншалықты меңгергендігін тексеруде машина қолданылады. Сонымен қатар материалы логикалық жағынан жеке бөлшектерге бөлінеді. Әрбір бөлімді меңгерген соң оқушы алған білімі бойынша сұрақтарға жауап беріп, тестілік сауалдаманы орындайды. Жауаптары дұрыс болса, келесі бөлімге өтеді, ал жауаптарында қате кетсе, қайталап оқып, толық меңгермейінше жаңа бөлімге өтуіне болмайды. Белгіленген тәртіпті сақтау міндет.

Оқыту мен білім берудің тәрбиелік мүмкіндіктері

Оқытудың тәрбиелік функциясы және оның негізгі мақсаты. Оқыту арқылы білім алуға тәрбиелейді, ақыл-ойдың қабілетін дамытып, тұлғаның танымдық қызметі мен оқуға деген қызығушылығын арттырады. Оқытудың дамыту функциясы оқыту, тәрбиелеу барысында тұлғаның ақыл-ойы, сана-сезімі, қабілеті дамиды.

Психологтар Л. С. Выготский, С. Л. Рубинштейн: «адамның дамуы тәрбие мен оқыту процесінде жетіледі, оқыту арқылы ойды дамыту керек» дейді.

Мұғалім педагогикалық процесті сауатты ұйымдастыру үшін оның теориялық негіздерін түсініп, оның мақсаттарын, міндеттерін, мазмұнын, формалары мен әдістерін, тәсілдерін ажырата алуы қажет. Формалар мен әдістер педагогикалық процеске қатысушылардың іс-әрекетінің қозғаушы күші болып табылады, соның арқасында жеке тұлғаның қалыптасуы жүзеге асады.

Тәрбие әдістері дегеніміз тәрбие мақсат-міндеттерін шешуге бағытталған тәрбиеші мен оқушының өзара байланысты іс-әрекеті. Педагогикалық процеске қатысушылардың тәрбие мақсаттарына бағытталған оқушылардың белсенді іс-әрекетін ынталандырудың тәсілдері мен нақты әрекеті.

Әдістер, формалар, тәсілдер сияқты ұғымдар шынайы педагогикалық процесте өзара тығыз байланыста болады. Біріншіден, олар бір-біріне тәуелді (формалар мен әдістер, тәсілдер арқылы жүзеге асады); екіншіден, күнделікті тәжірибеде олардың арасында белгілі бір айырмашылық жоқ. Тәрбие әдістері мен тәсілдері әрдайым бірін-бірі алмастырып отырады: кей жағдайларда әдіс тәсілге айналады.

Оқу әдістері оқыту процесінің негізі болып табылады (мұғалімнің баяндамасы, оқулықпен жұмыс, әртүрлі әңгіме-сұхбаттар, жаттығулар), бірақ олармен қоса мадақтау, көңіл күй жағдайларын тудыру, сендіру, талап қою сияқты ынталандыру әдістері де қолданылады.

Оқуды ұйымдастырудың басты формасы сабақ. Педагогика технологияларының дамуы оқыту формаларын айтарлықтай молайтуда: конференциялар, ғылыми айтыстар, оқуға байланысты кездесулер, пікірталастар кеңінен қолданылуда.

Сыныптан тыс іс-әрекетті ұйымдастыруда оқыту мен тәрбиенің барлық амалдары, формалары мен әдістері қолданылуда.

Адамның қасиеттерінің мәнін түсіне келе баланың жас ерекшеліктеріне қарай өзіндік көзқарастары, түсініктері, сенімдері, мұрат-мақсаттары қалыптасады. Бұл міндеттерді шешу үшін жеке бастың санасын қалыптастыру әдістері қолданылады.

Жеке тұлғаның санасын қалыптастыру әдістері оқушыларды алған білімдерін күнделікті тәжірибеде белсенді қолдануға, яғни мінез-құлық әдеттерін қалыптастыруға дайындайды. Белгілі бір әдеттерді қолданудың қажеттілігін түсіну тәрбие процесінде әртүрлі әдістерді пайдалану арқылы жүзеге асырылады. Қазір тәжірибесі мол тәрбиешілер өз жұмыстарында ұмыт болған адамгершілік-имандылыққа, Абайдың қара сөздеріне, халық педагогикасының амал-тәсілдеріне көптеп сүйенуде. Этикалық тақырыптағы әңгімелер, түсіндірмелер, түсініктемелер, лекциялар, этикалық әңгіме-сұхбаттар, ақыл-кеңестер, мысалдар кеңінен қолданыс табуда.

Тәрбиеде этикалық әңгіме-сұхбат әдісі жиі қолданылады және оған оқушылардың белсенді қатыса алуы үшін оның жоспары мен негізгі мәселелері оқушыларға алдын ала беріледі. Баяндамалар алдын ала дайындалады. Әңгіме-сұхбат кезінде оқушылар жағдайлар бойынша қойылымдар ойнайды. Алдын ала әдебиеттер тізімі беріледі, оқушылар өмірден немесе әдебиеттерден деректер мен мысалдар жинастырады. Сынып жетекшісі баяндама жасап, әңгіме-сұхбатқа қатысушылар алдына мәселелер қояды, олардың белсенділігін оятады, әртүрлі көзқарастарды тыңдап, оқушыларға баяндамаларға баға беруді ұсынады, айтылған ой-пікірлерді толықтырып, түзеп, қорытын-дылайды, әңгіме-сұхбаттың қорытындысын шығарады. Әңгіме-сұхбаттың сол әңгіме кезінде талқыланған мінез-құлық ережелерін жүзеге асыра алатын шынайы пайдалы іспен аяқталуы оң нәтиже береді.

Кең қолданылып жүрген әдіс үлгіге негізделген әдіс. Үлгі балалардың, жасөспірімдердің, жастардың қандай да бір үлгілерге еліктеуіне негізделген. Бұл санасыз еліктеуден саналы еліктеуге, бейнені көшіруден өзіндік бағытын қалыптастыруға, ойын ретінде еліктеуден өмірде шынайы еліктеуге, сырттай еліктеуден іштей еліктеуге ұмтылу.

Мадақтау мен жазалау ынталандырудың басты әдістері болып саналады. Оқушылардың жағымды әрекеттерін қолдау үшін пайдаланылады. Оқушының басқалар елеп мадақтаған жетістіктері қанағаттану, қуаныш сезімін оятып, оның іс-әрекетіне дем береді. Мадақтаудың көп түрі бар: мақұлдау, мақтау, алғыс, құрметке бөлеу, мақтау қағазымен, сыйлықтармен марапаттау. Мадақтау әдісін белгілі бір мөлшерде қолдану керек. Орынсыз және шамадан тыс мадақтаудың тәрбиеге тигізер пайдасына қарағанда зияны көп. Мадақтауға мынадай талаптар қойылады:

  • мадақтау оқушыны басқа оқушыларға қарсы қоймауы керек; белгілі бір жетістіктерге жеткен оқушылармен қоса, берілген тапсырмаларды орындауда еңбекқорлық пен жауапкершілік танытқан оқушыларды да мадақтау;

· оқушылардың жеке ерекшеліктері мен олардың ұжымдағы мәртебесін ескеру, мадақтау жиі болмауы қажет;

· ұжымның пікірін ескеру;

· мадақтау әділ болуы қажет.

Жазалаудың түрлері: ұялту, жиналысқа салу, белгілі бір жеңілдіктерінен айыру сияқты түрлері қолданылады, ал төтенше жағдайларда сабаққа қатыстырмау немесе тіпті мектептен шығару (педагогикалық және оқушылар кеңесі бойынша) сияқты түрлері де қолданылады.

№ 8 слайд

Жеке басты тәрбиелеудің түрлері мен әдістері өте көп, оларды тиімді қолдана алу да қажет. Ол үшін мынадай шарттарды ескеру қажет:

1) оқушылардың жас және жеке-дара ерекшеліктерін ескеру, жекелік бағыттылық;

2) қазіргі тәрбиенің мақсаты мен міндеттеріне сай болу;

3) оқушылар ұжымының қалыптасу деңгейі;

4) оқушылардың тәрбиелілік деңгейі.

 

СӨЖЖ тақырыбы

1. Дидактика білім беру мен оқыту мәселелерін зерттейтін педагогика саласы.

2. Оқыту процесі мақсатты, жоспарлау процесі.

3. Дидактикалық тұжырымдамаларға сипаттама.

4. Оқушыларды тәрбиелеудің формаларын таңдау жолдары.

5. Жасөспірімнің жас ерекшелігіне байланысты әдістерді таңдай білу.

Өзін-өзі бақылау сұрақтары

1. Дидактикадағы дәстүрлі жүйені сипаттаңыз.

2. Дидактика қандай мәселелерді қарастырады?

3. Оқыту процесі туралы түсіндіріңіз.

4. Оқыту заңдылықтары туралы айтыңыз.

5. Оқыту ұстанымы дегеніміз не?

6. Әдістерді, тәсілдерді неге қозғаушы күш дейді?

7. Жеке тұлғаны тәрбиелеу тәсілдері, түрлері мен әдістерінің тұтас педагогикалық процесте алар орны қандай?

Өз бетімен жұмыс істеуге арналған тапсырмалар

1. Дидактика зерттейтін негізгі мәселелер.

2. Оқыту процесінің білімдік, тәрбиелік, дамытушылық мақсаттары.

3. Оқытудың негізгі заңдылықтарын атаңыз.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2014-01-20; Просмотров: 3539; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.034 сек.