Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Рефераттар




  1. Дидактиканың даму тарихы.
  2. Жалпы дидактика және жеке пәндік әдістеме.

3. Дидактиканы компьютерлік жүйеге кіргізу.

4. Қазіргі дидактикадағы оқыту мәселелері.

5. Оқыту ұстанымдары.

6. Оқыту процесінің танымдық іс-әрекеті.

Әдебиеттер

1. Педагогика. Курс лекций. Алматы, “Нұрлы Әлем”, 2003.

2. Вульфов Б. З., Иванов Б. Д. Основа педагогики (в лекциях,

в ситуациях, в первоисточниках). Уч. Пособие. – М., 1997 г.

3. Ильина Т. А. Педагогика.- М., 1984.

4. Лихачев Б. Т. Педагогика. Курс лекций. Уч. пособие.-М., 1999.

5. Лихачев Б. Т. Философия воспитания. Спец. курс. Уч. пособие- М., 1995.

6. Педагогика. Уч. Пособие. (Под. ред. Т.Н. Пидкасистого. 1998).

7. Подласый И.П. Педагогика. Учебник. - Минск, 1998.

Оқыту үрдісіндегі мұғалім мен оқушының іс-әрекеттері.

п.ғ.к., доцент А. М. Кенжан

Дәрістің мақсаты: оқыту үрдісінде мұғалімнің іс-әрекетіндегі білім беру тәсілін меңгере отырып, сабақ үстінде оқушылардың оқу-танымдық білімдерін меңгеруді ұйымдастыру.

Дәрістің міндеттері:

  1. Оқыту үрдісіндегі мұғалім мен оқушылардың іс-әрекетіндегі қарым-қатынас жүйесін анықтау.
  2. Оқушылардың танымдық белсенділігін ұйымдастыру.
  3. Оқыту үрдісіндегі танымдық іс-әрекеттің психологиялық-педагогикалық негіздерін ашу.

Жоспар:

  1. Мұғалім мен оқушылар арасындағы бірлескен іс-әрекет қарым-қатынас құралы ретінде.
  2. Оқушылардың танымдық белсенділігі.
  3. Оқушы тұлғасын қалыптастырудағы педагогикалық іс-әрекеттер.

Негізгі ұғымдар: педагогикалық такт, әдеп, кәсіби іс-әрекет, шығармашылық, педагогтік шеберлік, қарым-қатынас жүйесі, типі, стилі, танымдық іс-әрекет, белсенділік.

Көрнекіліктер: № 1 № 3 слайдтар.

Оқыту технологиясы: бағдарламалап оқыту.

 

Мұғалім мен оқушылар арасындағы бірлескен іс-әрекет қарым-қатынас құралы ретінде

Мұғалім іс-әрекетінің объектісі педагогикалық үрдіс болып табылады. Тұтас педагогикалық процесс теориясы мұғалімнің шеберлігін ұтымды қалыптастыруға мүмкіндік беретін негіз. Мұғалім еңбегі өзінің мақсаты, мазмұны және қоғамдағы алатын орны жағынан ең құрметті болып танылған. Себебі, ол қабілеті мен белсенділігі, қызығушылығы, мінез-құлқы мен әдеп-ғұрпы, түсінігі мен көзқарасы әр деңгейдегі жасөспірімдерді тәрбиелейді. Олардың әрқайсысының өзіндік жекелеген ерекшеліктерін дамытады, ынтымақты тату, жарасымды ұжымға топтастырады.

Мұғалімнің негізгі міндеттерінің бірі оқушыларға оқу пәнінің мазмұнынан әлеуметтік тәжірибені алуға үйрету, адамзаттың жинақтаған барлық мәдениет байлығын меңгерту болып табылады. Белгілі бір уақытта дейін оқушы әлеуметтік тәжірибені өз бетімен меңгере алмайды, сондықтан ол «мұғалім оқушы» жүйесінің элементі болады. Оқушы өзін-өзі бағалай алмайды және өзімен жұмыс істей алмайды, ол басқа адамдармен қарым-қатынаста болуы керек, сондықтан бұдан басқа жүйе пайда болады.

Мұғалім «мұғалім оқушы» жүйесін қалай басқару керек екендігін білу үшін, оның іс-әрекеті объектісін теориялық біліммен қамтамасыз ету қажет.

«Мұғалім оқушылар» жүйесінің біртұтастығы мақсат пен нәтиженің бірлігімен, педагогикалық процестің әртүрлі деңгейдегі жүйелерінің бірлігімен, педагогикалық процестің әртүрлі деңгейдегі жүйелерінің өзара әрекеттері арқылы анықталады.

Демек, педагогикалық процестің негізгі интегративтік сапасы деп өзара қиылысқан қосалқы жүйелердің оқушылардың қалыптасуына әсер ететін ықпалын айтамыз. Ол процеске қатысушы барлық субъектілердің бірлескен іс-әрекеттерін анықтайды. Тұтас педагогикалық процесте мұғалім мен оқушылардың өзара байланыстылығы олардың іс-әрекеттерімен сипатталады. Мұғалім оқушының жеке басының дамуын, қалыптасуын, білім беру және оқыту процесін басқарады. Сондықтан мұғалімнен жан-жақты терең ғылыми білім, жоғары педагогикалық шеберлік, идеялы шыныққандық, табанды ерік-жігер, парасатты мінез-құлық талап етіледі.

Мұғалім мамандығына қойылатын талаптардың бірі оның өз тарапынан оқушымен, ата-аналармен, әріптестерімен демократия-лық, гуманитарлық, жариялылық принциптер негізінде қарым-қатынас жасау арқылы педагогикалық ынтымақтастықты жүзеге асыра білуі. Мұғалімнің осындай ынтымақтастығы педагогикалық процестің тиімді болуының дүниесіне үңілетін гуманистік идея. Оның стратегиялық негізі педагогтың оқушылардың білімге құштарлығы мен өмірге, өмірлік мүдделерін ынталандыру және оларға бағыт беру идеясы. Педагогикалық процесті қарым-қатынас арқылы қамтамасыз ете аламыз.

№ 1 слайд. Қарым-қатынас жеке адамдар арасындағы өзара әрекеттің ерекше формасы.

Қарым-қатынас жеке адамдар арасындағы өзара әрекеттің ерекше формасы, ол барлық болмысты қамтиды. Қарым-қатынас жалпы қоғамның да, әрбір адамның да мәнін сипаттайды. Себебі қоғамның бөлігі — қарым-қатынастағы адам.

Демек, қарым-қатынаскоммуникативтік қызметті жүзеге асырады, яғни әрбір жеке индивидтің дамуы онымен қарым-қатынаста болатын басқа да индивидтердің дамуына тәуелді болады.

Оқушылардың ең жақсы қасиеттерін қалыптастыру мен айқындау үшін тұрақты микро қарым-қатынас жасау мұғалімнің қолынан келетін шығармашылық міндет болады. Мұғалім жай қарым-қатынас емес, кәсіптік іскерлікпен қарым-қатынас жасауы керек. Баламен өте оңтайлы қарым-қатынас жасай білу көп жағдайда оқу-тәрбие процесінің тиімділігін қамтамасыз етеді. Қарым-қатынас жасауда педагогикалық әдеп негіздерін білу керек.

Оқушылардың танымдық белсенділігі

Жеке тұлға жалпы қоғамдық қатынастардың жиынтығы; ол өзіне-өзі және қоршаған ортаға, адамға қатынасын түсіну нәтижесінде, өзінің «Менін» түсінеді. Оқушыны тұлға ретінде қалыптастыру үшін мынандай іс-әрекеттердің маңызы бар екендігін қарастырайық:

1) оқушылардың бірлестігі ұжымдық еңбек әрекеті бары-сында қарым-қатынасты қолданудың шарты болады. Еңбек әрекетінің құралы қарым-қатынас;

2) адамды қалыптастыру процесі біздің қоғамымыздың осы міндетті шешу үшін жасаған барлық жағдайлардың бірлігімен анықталады, экономикалық және рухани өміріміздегі мәселе-лерді шешудегі барлық жағдайлардың бірлігімен анықталады;

3) баланың қалыптасуын қамтамасыз ететін іс-әрекеттердің маңыздысы педагогикалық ықпал ету әрекеттерінің түрлері деп есептеуге болады, ал әдістер сол іс-әрекеттерді жүзеге асырудың құралы болады.

Мектеп пен әлеуметтік ортаның ықпалдарымен оқушылардың мақсаттары, алға талпынушылығы қалыптасады. Бірақ оқушы тек әлеуметтік орта арқылы ғана тәрбиеленбейді, ол ортадан өзінің дамуына қажетті талабына, нышанына сай құрылыс материалдарын алады. Оқушы ата-анасымен, мұғалімдермен, отбасы мүшелерімен, жолдастарымен т.б. әр салалы қатынас орнатады. Міне, осы қатынастар оның қалыптасуында шешуші рөл атқарады.

Егер балалар ұжымын қалыптастыру үшін мұғалім әртүрлі ықпал ету құралдарын қолдана алса, онда балалардың өз арасындағы қарым-қатынасын сауатты түрде ұйымдастыру керек.

Педагогикалық ықпал жасау дегеніміз алдын ала қойылған мақсатқа байланысты қалыптасу үстіндегі жеке тұлғаның ортамен (әлеуметтік, табиғи, рухани) өзара әрекеттерін реттеу деп түсінеміз.

Іс-әрекеттерді жүзеге асырудың құралы әдістер. Педагогика-лық ықпал ету құралдарын кешенді түрде қолдану, оларға сай әдіс-тәсілдерді, формалар жиынтығын таңдап алуды қажет етеді. Педагогикалық тиімді ұйымдастырылған іс-әрекеттер, педагогикалық ықпал ету іс-әрекеттері оқушылардың белсенділік жағдайына негіз бола алады.

Оқыту процесіндегі танымдық іс-әрекеттің психологиялық-педагогикалық негіздері. Оқушының танымдық іс-әрекеті мұғалімнің басшылығымен жүзеге асады. Таным қабілетін дамыту туралы кеңестік педагог-ғалымдардың (Н. Дайри, М. И. Махмутов, Л. В. Занков, М. Н. Скаткин, И. А. Лернер, А. И. Пискунов т.б.) тұжырым-дары мен пікірлері бар. Олардың идеяларының мәні мынадай:

1) танымдық қабілеттің дамуы бұл мұғалімдердің барлық пәндер бойынша оқыту процесіндегі мақсаттылық іс-әрекеттері;

2) оқушыларға білім беру және объективтік шындықты тану мәселелері жайындағы оқулықтың рөлі;

3) оқытудың әдістері мен формаларын жетілдіру;

4) мұғалімнің теориялық дайындығы, педагогикалық шеберлігі, білімдарлығы оқушылардың таным іс-әрекетін дамытудың шешуші құралдары болып табылады.

№ 2 слайд. Ұжымдық танымдық іс-әрекет

Ұжымдық танымдық іс-әрекет — ортақ мақсатты көздейтін жұмыс. Мұғалімнің барынша күшті, барлығын жұмысқа тарта және қызықтыра білетін педагогикалық құралы — оқушылар ұжымы. Оқытудың ұжымдық формасы динамикалық немесе ауыспалы жұп түрінде өтеді.

Оқушы тұлғасын қалыптастырудағы педагогикалық іс-әрекеттер

Оқушылардың білімі мен дағдысын тексеру, оны талдау және бағалау өз алдына дербес практикалық буын болып табылады және оқытудың әрбір кезеңінің құрамынан да орын алады. Оқытудың білім алудағы жетістіктерін, табыстарын және мүмкіндіктерін талдап айтып берудің және оны бағалаудың маңызы ерекше. Мұғалім мен оқушы үшін мұндай жұмыс кері кезеңінде: жаңа білімді қабылдау, оны ұғыну, бекіту, практикада қолдану кездерінде іске асады. Оқушылардың танымдық белсенділігі оқуға қажетті білім мен дағдыны меңгеруге және оларды өмірде, практикада пайдалана білуге оқушының істейтін саналы әрекеті. Оқыту процесінде оқушының белсенділігі, негізінен, екі түрлі сипатта болады: сыртқы және ішкі белсенділік. Сыртқы белсенділік оқушы әрекетінің сыртқы көріністері, бірақ осы кезде ол басқа нәрсені ойлап отыруы мүмкін. Оқушының ішкі белсенділігіне оның белсенді түрде ойлау әрекеті жатады. Белсенділік жеке басқа тән, маңызды бір қасиет болып саналады. Мұндай қасиеттері жоқ адамның қандай да бір жұмысы нәтижелі болуы мүмкін емес.

Оқушының жас ерекшеліктеріне және психикалық даму дәрежесіне қарай белсенділіктің бірнеше түрі қалыптасып дамиды: қимыл және сөйлеу, ойын және оқу (таным), өзін-өзі тәрбиелеу т.б. белсенділіктер.

Оқушылардың дербестігін, белсенділігін арттыруда мұндай өзіндік әрекеттерге үйрету маңызды мәселе болмақ.

Педагогикалық қарым-қатынас стилі мұғалім мен оқушы-лардың әлеуметтік-психологиялық өзара әрекетіндегі дербес психологиялық ерекшеліктері деп түсінеміз.

Қарым-қатынас стилінде мынандай көріністер байқалады: мұғалімнің коммуникативті мүмкіндіктерінің ерекшеліктері; тәрбиеші мен тәрбиеленушінің өзара қарым-қатынасындағы жеткен деңгейі; ұстаздың шығармашылық дербестігі; оқушылар ұжымының ерекшеліктері.

Мұғалім мен оқушының қарым-қатынас стилі бұл маңызды әлеуметтік және өнегелі категория. Қарым-қатынас стилі:

1) бірлескен шығармашылық қызметке әуестену негізіндегі қарым-қатынас;

2) достық ықылас негізінде құрылған қарым-қатынас стилі; татулық қарым-қатынастың маңызды реттеушісі;

3) дистанциялық қарым-қатынас стилі;

4) қорқыту арқылы қарым-қатынас;

5) әзіл-қалжың арқылы қарым-қатынас.

№ 3 слайд. Оқушы тұлғасын қалыптастыру

Басқару ісін дұрыс атқару үшін басқарушы өзін-өзі басқара алуы қажет. Бұл туралы Қытай данышпаны Лао Цзы: «Басқаны басқара білген адам — мықты, адамның белгілі мақсатқа бағытталған өзіндік сапасын жетілдіру арқылы әрекетінің жеке-даралық қызметін ұйымдастыру жүйесі».

Оқу үрдісінде жүзеге асыруда мотивтің мәні зор. Мотив дегеніміз әрбір тұлғаның объективтік мұқтаждығы мен ынтасынан туындайтын талпыныс. Олай болса, оқушының білуге, ұғынуға, оқуға деген ынталы мұқтаждығын демеп, талпынысын белгілі бір деңгейде атқаруын қадағалау керек.

Оқыта отырып тәрбиелеу оқушының ғылыми-танымдық көзқарасы мен білімін және оны дұрыс ұғына білуін қалыптастырумен қатар шәкірттің тәлім-тәрбиелік, танымдық санасын жетілдіріп, адамгершілік түсініктің беки түсуіне игілікті әсер ететін, мүмкіндігі уақыт талабына орай үнемі өрістеп отыратын құбылыс.

Сонымен мүмкіншіліктерін ескере келіп, оқыту мен білім берудің тиісті мақсаттылық бағдары болуы талап етіледі. Тәрбиелей отырып оқыту тұлғаны жан-жақты дамытып, ақыл-есін, адамгершілік танымын, әлеуметтік түсінігін жетілдіреді, тұлғаның дүниетанымын, моральдық сенімін бекітеді және рухани көркеюіне ықпал етеді. Тұжырымдай айтсақ, оқыту оқушыны біліми түсінікпен қаруландырып, тәлімдік өнегені ұғынып, оны өмірге үйлесімді жүзеге асыруға бағдарлайды.

 

СОӨЖ тақырыбы: Оқыту үрдісіндегі мұғалім мен оқушының іс-әрекеттегі қарым-қатынасы

Жоспар:

  1. Оқу-тәрбие жұмысындағы мұғалімнің қызметі.
  2. Мұғалім мен оқушы арасындағы бірлескен іс-әрекет қарым-қатынас құралы.
  3. Педагогикалық қарым-қатынас жүйесі.
  4. Оқыту процесіндегі танымдық іс-әрекеттің психологиялық-педагогикалық негіздері.
  5. Оқу-танымдық іс-әрекетті ұйымдастыру және басқару технологиясы.

Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар

  1. Мектептегі педагогикалық іс-әрекеттер қандай?
  2. Педагогикалық қарым-қатынас дегеніміз не?
  3. Педагогикалық қарым-қатынас жүйесінің компоненттерін атаңыз.
  4. Оқу-тәрбие процесіндегі іс-әрекеттерді мысалға келтіріңіз.
  5. Оқу-танымдық іс-әрекеттерді ұйымдастыру жолдары қандай?
  6. Оқушылардың танымдық белсенділігінің мәні неде?

Өзіндік жұмысқа арналған тапсырмалар

  1. Педагогикалық қарым-қатынас дегеніміз не?
  2. Педагогикалық қарым-қатынастың типтерін атаңыз.
  3. Мұғалімге қойылатын талаптар қандай?
  4. Оқу-тәрбие процесіндегі іс-әрекеттерді мысалға келтіріңіз.

Реферат тақырыптары

  1. Оқыту процесіндегі танымдық іс-әрекеттің психологиялық-педагогикалық негіздері.
  2. Оқушылардың танымдық іс-әрекеттеріндегі белсенділіктің мәні.
  3. Оқушылардың танымдық белсенділігін ұйымдастыру.
  4. Мектептің оқу-тәрбие процесіндегі негізгі іс-әрекеттер.
  5. Кәсіби-педагогикалық қарым-қатынастың мәні, түрлері.
  6. Мұғалім мен оқушылар арасындағы бірлескен іс-әрекет.

Әдебиеттер тізімі

  1. «Воспитателю о личностном общении». Психология общения. – М.,1992.
  2. Ж. Әбиев. С. Бабаев, А. Құдиярова. Педагогика. Оқу құралы. Алматы, Дарын, 2004 ж.

3. Т. Сабыров. Жастарды тәрбиелеудегі коллективтің ықпалы. А., 1989 ж.

  1. Сухомлинский В. А. Мудрая власть коллектива. М., 1981.
  2. Шварцман К. А. Философия и воспитание. М., 1989.
  3. Г. К. Ахметова, З. А. Исаева, Н. С. Әлқожаева. Педагогика. А., 2006 ж.
  4. В.А. Сластенина. Педагогика. М., 2000 ж.
  5. Р. М. Қоянбаев. Педагогика. А., Рауан 1992.
  6. М. Жұмабаев. Педагогика. А., Рауан 1993.

 

Оқыту процесінің заңдылықтары және

принциптері

п.ғ.к., д.м.а. Л. Т. Сайдахметова

№1 слайд

Дәрістің мақсаты: оқыту процесінің заңдылықтары мен принциптерін анықтау.

Дәрістің міндеттері:

  • «оқыту заңдылықтары», «оқыту принциптері» ұғымдарына анықтама беру;
  • оқытудың заңдылықтары мен принциптері дидактиканың категориялары ретінде;
  • оқыту заңдылықтары мен принциптерінің сабақтастығын көрсету.

№2 слайд

Жоспар:

1. Оқыту процесінің заңдылықтары мен принциптеріне түсінік.

  1. Оқыту заңдылықтарының арнайы жүйесі.
  2. Оқыту принциптері.

Негізгі ұғымдар: оқыту процесі, тұтас педагогикалық процесс, оқыту заңдылықтары, оқыту принциптері.

Пән аралық байланыс: философия, психология, саясаттану, әлеуметтану.

Көрнекіліктер: № 1 № 5слайдтар.

Оқыту технологиясы: проблемалық оқыту.

Оқыту процесінің заңдылықтары мен принциптеріне түсінік

Білім беру саласында оқыту процесінің мәні өте зор. Өйткені осы кездегі қоғамдық өндірістік қатынастың дамуы оқытудың ғылыми практикалық деңгейіне байланысты.

Оқыту процесінің мәнін қандай заңдылықтар анықтайды?

Педагогикалық процестің заңдылықтары Ю. К. Бабанский,

И. Я. Лернер, И. Ф. Харламов, Р. Г. Лемберг еңбектерінде кең көлемде баяндалған. Профессор Р. М. Қоянбаевтың анықтауы бойынша, заңдылық құбылыстардың жүйелі түрде өзгеруіне себепші болатын, оның ішкі, мәнді және тұрақты байланысы. Педагогикалық процесте заңдылық дегеніміз педагогикалық құбылыстар мен процестердің объективті түрде байланыстылығы. Бұл байланыстар педагогикалық жүйенің қалай іске асуын және педагогикалық процестің нәтижесін көруге көмектеседі.

№ 3 слайд. Оқыту процесінің негізгі заңдары

· Оқыту процесі — қоғамдық құбылыс.

· Оқыту процесі білім беру, тәрбие және даму процестерімен байланысты.

· Оқыту процесінің міндеттерінің, әдістерінің және формаларының өзара байланыстылығы.

Оқыту процесінің заңдылықтарына сипаттама.

1. Оқыту процесі қоғамдық құбылыс. Қоғамның экономикалық мүмкіншілігі ғылыми техникалық өсуге сәйкес дамып отырса, мектептің оқу материалдық жағдайы соғұрлым жақсарады, педагогикалық процесс тиімді ұйымдастырылып, жеке адамның дамуына игі әсер етеді.

2. Оқыту процесі білім беру, тәрбие және даму процестерімен байланысты. Сондықтан оқыту жеке адамның жан-жақты дамуына көмектесе отырып, білім беру, тәрбие және даму функцияларының бірлікте іске асуына мүмкіндік туғызады. Оқыту процесінде оқушының таным белсенділігі кеңиді, тереңдейді, ақыл-ой қабілеті, білімді өз бетімен меңгеру белсенділігі дамиды, заттың мәнін, ғылыми ұғымдарды терең түсінеді, іздену нәтижесінде пайда болған сұрақтардың жауаптарын табады.

3. Оқыту процесінің міндеттерінің, әдістерінің және формала-рының өзара байланыстылығы. Бұл заңдылықта: а) оқыту мазмұны қоғамның мақсаттары және қажеттілігін бейнелейтін міндеттерге байланысты; ә) оқыту формалары, оларды ұйымдастырып өткізудің міндеттеріне, мазмұнына және әдістеріне байланысты; б) оқыту әдістері, олардың мақсаттарымен анықталады.

Оқыту процесінің заңдылықтары оның принциптерінде бейнеленеді.

Оқытудың принциптерін қалай анықтауға болады?

«Принцип» «негізгі», «бастапқы» деген мағынаны білдіреді.

Оқыту принципі дегеніміз дидактикалық процесті жүзеге асыруда басшылыққа алынатын жетекші идея мен оны қалыптастырудағы қағидалық ұстаным. Бұл оқыту әдістерін реттеп, ережелерін белгілеп, деңгейін айқындауда ортақ жалпы нұсқау арқылы сипатталады.

Оқыту принципі қабылданған дидактикалық тұжырымдама-ларға байланысты. Қазіргі егемендік алған қазақ еліндегі дидактика-ның принциптік жүйесі бұрыннан белгілі классикалық негізге құрылған және оның ғылыми-теориялық, практикалық дамуы әлемдік педагогикалық таным-түсінік зандылықтарымен сабақтас. Оның негізгі таралым-тармақтары мынадай:

№4 слайд.

Оқыту принциптері

· ғылымилық, жүйелілік және бірізділік;

· түсініктілік;

· көрнекілік;

· саналылық пен белсенділік;

· оқытудағы беріктілік принципі;

· теорияның тәжірибемен байланыстылығы;

· жас және дара ерекшеліктерін ескеру.

Оқытудағы ғылымилық, жүйелілік және бірізділік принципі оқушыға берілетін білім мазмұнының ғылымның қазіргі даму дәрежесіне сәйкес деректерді, теорияларды, заңдарды қамтитындай болуын талап етеді. Бұл принцип оқу бағдарламасында, оқулықтарда және оқылатын басқа материалдарда да көрініс табатын болса, оқыту барысында оларға ғылыми әдістеме мен ғылыми зерттеудің қарапайым жолдарын да білгізу керек.

Оқытудағы түсініктілік принципінде оқушының дербес ерекшелігіне байланысты шама мүмкіндігі есепке алынады да, жұмысын ұйымдастыруда сол ерекшелікке орай оқу материалы талдап, талқыланады. Бұл оқушыны орынсыз қинамаудың және моральдық жағынан күйзелтпеудің тиімді жолы. Мұндағы негізгі ұстаным:

  • белгіліден белгісізге, түсініктіден күрделілікке көшу;
  • жеңілден ауырға, таныстан бейтанысқа ауысу.

Педагогика тарихында Я. А. Коменскийден бастау алған бұл принципті көрнекті кеңес зерттеушісі Л. В. Занков жаңа идеямен толықтырып, оқушыға белгілі деңгейде қиындық туғызу олардың ізденуіне, ойлануына деген мүмкіндікті кеңейтетіндігін айқындап берді.

Көрнекілік принципі дидактика саласындағы байырғы принциптердің бірі. Көрнекілік адамның тиісті түсінікті қабылдауына, терең сезінуіне әсер етуімен бірге сол мәселені пайымдай білудің арнасын кеңейтеді. Педагогикада дидактиканың «алтын ережесі» деп аталған бұл принцип оқыту үрдісінде оқушының көрнекілікті бақылап, байқап, көріп, қолымен ұстап, танып-білуі олардың ойлануына деген мүмкіндікті арттырады. Сабақ барысында қолданылатын сурет, сызба, модель, құрал-жабдықтар шәкірттің ақиқат шындықты нақты танудан абстрактілі ойлауға және логикалық дамуына жол ашатын тиімді амал болып табылады. Сондықтан білімдендіру саласында көрнекілік еш уақытта өзінің мән-мағынасын төмендетпейтін өміршең принцип.

Оқытудағы саналылық пен белсенділік принципі қазіргі дидактика саласындағы басты мәселенің негізгілерінің бірі саналады. Өйткені оқушының ынталанып әрекеттенуі, белсенділігі білімдегі саналылықты жетілдіріп, жақсы нәтиже беретін тиімді жол. Білімді оқушы неғұрлым саналы меңгерсе, оның нәтижесі де соғұрлым табысты болатындығы оның әрбір іс-әрекетінен байқалып тұрады. Алдымен оқудың мақсатын айқын түсініп, соған лайықты өзінің атқаратын іс-әрекетін жоспарлап, оны орындауды тиімді ұйымдастырады. Білімді меңгеру барысында туған проблемаларды шешіп атқарған жұмысын тексеріп, өзіне-өзі баға беріп, білімді игерудегі саналылық дағдысын дамытады. Оқушының өміріне жалғаса кететін белсенділікке дәстүрлі дидактикада онша зейін аударыла бермейді. Ал педоцентристік педагогикада белсенділікті тым асыра бағалайды. Қазіргі педагогикада белсенділік мұғалімнің оқыта білудегі табысқа жетіп, оқушының саналылығын арттырудың тиімді жолының бірі саналады. Мұғалімнің оқушы белсенділігін көтеріп, саналылығын жетілдірудегі ұстанымы:

  • оқушының білуге деген ынтасына мән бере отырып, оның ілімге деген танымын қалыптастырып, кәсіби бейімділігін, қызығушылығын жебеу арқылы белсенділігін дамыту;
  • оқушыны проблемалық ситуацияны шешуге, проблемалық оқуға қатыстырып, олардың іздену барысындағы еңбегін ғылыми және практикалық мәселелерді шешуге бағыттау;
  • оқытудағы белсенділікті арттыратын тиімді әдіс дидактикалық ойындарға, пікірсайысқа, оқылатын пәннің тиісті тақырыбына үйлесімді жобалар жасауға т.б. оқушыларды кеңінен қатыстыру;
  • сабаққа байланысты оқушылардың атқарған істері, меңгерген білімі жөнінде сыныптық ұжымды жаппай қатыстырып, өзара ой бөлісу — шәкірт белсенділігін арттыруға ықпал етеді, алған білімнің саналы болуына әсері мол.

Бұл принциптің жүзеге асуы оқушының білімдік дамуын қамтамасыз етумен қатар тәрбиелік мәні де зор екендігін және болашақ еңбеккердің сапалық қасиеттерінің негізі осыдан бастау алатындығы ескерілуі тиіс.

Оқытудағы беріктілік принципі — алған білімді оқушы есіне сақтап, өзінің іс-әрекетіне, мінез-кұлқына терең сіңіріп, санасына берік бекітуді талап етеді. Психологиялық тұрғыдан қарасақ, тиісті мағлұматты еске сақтап, білумен ғана шектелу емес, оның мән-мағынасын берік те тиянақты түсіну оқушының танымдық талпы-нысына қозғау салып, ілгері іздентеді. Алған білімнің беріктігі оны кеңейтіп, жаңадан үйлестіре дамытуда танымдық көзқарасты өрістетудің жолын аша түседі. Бұл принципке байланысты қағидалық ұстаным:

  • егер оқушы танымдық белсенділік, дербестік көрсете алса, оның меңгерілген білімінің беріктігі, тиянақтылығы арта түседі;
  • білімнің беріктілігі оны дұрыс ұйымдастыра алуға да тәуелді, егер оқушының дербес ерекшелігіне үйлесімді қайталау, жаттығу дер кезінде өткізілсе, білімдегі беріктіліктің сапасы жетіле түседі;
  • білімді меңгерудегі логикалық жүйе ретті сақталып, негізгі ой қазығы болған басты мәселе ерекше көрсетілсе, алған білімдегі беріктілік нығая түседі;
  • алған білімнің нәтижесі жүйелі түрде бақыланып, тексеріліп, бағаланып отырса, білімнің беріктігін қамтамасыз етудегі тиімділік арта түседі.

Оқытуда теорияның тәжірибемен байланыстылық принципі оқушының оқу үрдісінде меңгерген білімін тәжірибедегі міндеттерді шешуге ынталандыруы тиіс. Сонымен қатар өзін қоршаған шындыққа талдау жасап, оған жаңалықтар кіргізіп өзгертуге және алған білімін өмірде қолдануға бейімдеп, өзіндік көзқарас қалыптастыру керек. Ол үшін оқушыны қоғамдық орындармен, өндірістермен таныстырып, нақты өмірден көрген мысалдары мен ситуацияларға талдау жасау басшылыққа алынады.

Жас және дара ерекшеліктерін ескеру және шамаға лайық-тылық, түсініктілік принциптері а) оқу жоспарларын, оқу бағдар-ламаларын, оқулықтарды, оқу құралдарын т.б. жасағанда; ә) организм-нің дене және психикалық дамуына байланысты. Жеке адамның дербес ерекшеліктері: а) темперамент, оның типтері; ә) қабілет, оның түрлері: жалпы және арнайы қабілеттер.

Оқыту заңдылықтары мен оқыту принциптері арасындағы байланысты қалай көруге болады?

№6 слайд. Оқыту процесінің заңдылықтары мен принциптерінің

сабақтастығы

       
 
   
 

 

 


Оқыту процесінің міндеттерінің, мазмұнының, формаларының және әдістерінің өзара байланыс заңдылықтары оқыту процесінің барлық элементтерінің мақсаттары мен міндеттерін, мұғалімнің және тәрбиеленушілердің жұмыстарының мазмұнын, формаларын және әдістерін анықтайды. Оқыту процесінің заңдылықтары мен принциптері арқылы оның мәні мен мазмұны сипатталады.

Педагогикалық процестің басты идеясы оқыту және тәрбие жұмысында мақсаттың, міндеттердің, принциптердің, заңдылық-тардың мазмұнының, әдістер мен формалардың бірлігі, тұтастығы және өзара байланыстылығы. Бұл идеяны іске асыру үшін ең алдымен ғылымның соңғы жетістіктеріне сәйкес әртүрлі жабдықтармен, оқыту машиналарымен, техникалық құралдармен жабдықтау, оқыту және тәрбие процесінің сапасын және тиімділігін арттырады.

Оқыту мен тәрбие процесінде моральдық-психологиялық жағдайдың мәні өте зор. Сабақ барысында, тәрбиелік шараларды өткізу процесінде тәрбиешілер мен оқушылар арасындағы бір-біріне тілектестік, жанашырлық, қамқорлық және қиын жағдайларда өзара көмек іс-әрекетінің сапасына тиімді ықпал жасайды.

Әрбір мұғалім оқыту процесіне байланысты білім беру, тәрбиелеу және дамыту қызметінде үнемі оқыту принциптері мен заңдылықтарын басшылыққа алуы шарт.

СӨЖЖ тақырыбы

  1. Оқыту принциптеріне сипаттама.
  2. Оқыту принциптерінің оқушының оқу белсенділігіне әсері.
  3. Дидактиканың «алтын ережесіне» сипаттама.

Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар

  1. Оқыту принциптері дегеніміз не?
  2. Оқыту принциптерінің оқу процесінде алатын орны.
  3. Оқытудағы ғылымилық, жүйелілік, бірізділік принциптері дегеніміз не?
  4. Теория мен практиканың байланыстылық принципіне мысал келтіріңіз.

Өз бетімен жұмыс істеуге арналған тапсырмалар

  1. Оқушының оқуға деген белсенділігін көтеруге оқыту принциптерінің әсері.
  2. Оқыту принциптерін мысалмен түсіндіріңіз.

Реферат тақырыбы

  1. Оқыта отырып тәрбиелеу принципінің негізі.
  2. Теория мен практиканың байланыстылық принципі.
  3. Педагогикалық процестегі бағыт-бағдар сәйкестігі.

Әдебиеттер

1. Педагогика. Курс лекций. Алматы, “Нұрлы Әлем”, 2003.

2. Вульфов Б. З., Иванов Б. Д. Основа педагогики (в лекциях,

в ситуациях, в первоисточниках). Уч. Пособие. – М., 1997 г.

3. Ильина Т. А. Педагогика.- М., 1984.

Қазіргі дидактикалық тұжырымдамалар

оқытушы Ш.О. Омарбекова

№1 слайд

Дәрістің мақсаты: қазіргі дидактикалық тұжырымдамалар туралы түсінік беру. Дамыта оқыту мәселелерін білу, ұғыну, жүзеге асыру.

Дәрістің міндеттері:

  • дидактикалық тұжырымдамалар туралы түсінік;
  • оқыту процесіндегі қозғаушы күштер;
  • тұжырымдамалардың дидактикалық принциптері;
  • дамыта оқыту жүйесі.

Дәрістің жоспары:

  1. Қазіргі дидактикалық жүйеге жалпы сипаттама.
  2. Дидактикалық негізгі тұжырымдамалар.
  3. Дамыта оқыту теориясы туралы.

Негізгі ұғымдар: дидактикалық тұжырымдамалар, дамыта оқыту, прогресивті жүйе.

Көрнекілігі: №1 №3 слайдтар, 1, 2-кесте.

Оқыту технологиясы: бағдарламалап оқыту.

 

Оқыту теориясы. Дидактика.

Оқыту теориясының мәні мен ерекшеліктері.

1-Кесте

 

Дидактика. Оқыту теориясы

 

Оқыту процесінің мәні мен ерекшеліктері Оқушылардың дүниетанымын қалыптастыру
Педагогикалық технология Оқыту әдістері
Оқыту принциптері Оқытуды ұйымдастыру формалары
Білім берудің мазмұны Оқушылардың білімін, іскерлігін, дағдыларын бақылау және бағалау

 

Дидактикалық негізгі тұжырымдамалар

Оқыту үрдісі (процесі) педагогикалық-психологиялық тұжырымдамаларға негізделеді де содан бастау алады, сондықтан қазіргі кезеңде дидактикалық жүйе немесе оқыту моделі деп аталады. Басты ерекшелігі оқытудың принциптерін, мақсатын, мазмұнын, оқыту құралдарын сипаттау.

№2 слайд

Дидактика саласында алуан түрлі жүйелер болған, оны саралай келгенде үш топқа: дәстүрлі жүйе, педоцентристік жүйе және қазіргі дидактикалық жүйе деп топтастырған орынды. Бұл жүйелердің әрқайсысының ұстаған бағыт-бағдары бар көзқарасына, көрсеткен жол-жобасына байланысты.

Сонымен қатар оқыту үдісі дидактикалық тұжырымдамадан туындайтын, содан бастау алатын және жүзеге асатын құбылыс. Топтастырылған жүйенің әрқайсысына тән басты сипаттары мыналар:

1. Дәстүрлі жүйеде оқыту, білім беруде мұғалімнің іс-әректі шешуші рөл атқарады. Дидактиканың бұл тұжырымдамасы педагогика тарихында Я. Коменский, Песталотции және И. Гербарт арқылы өріс алады.

2. Педоцентристік жүйеде оқып, білім беруде мұғалімнің жетек-шілік назары шәкірттің іс-әрекетіне бағдарланады. Бұл жүйе, негізінен, Д. Дьюиден басталып, еңбек мектептері саласында Г. Кершенштейнер арқылы, ал ХХ ғасырдың алғашқы кезеңінде мектеп реформасына байланысты В. Лаяның педагогикалық теориясы бойынша өркендеді.

3. Қазіргі дидактикалық жүйеде оқыту мен білімді меңгеру бірлікте қарастырылады. Демек, оқыту үрдісіндегі екі жақты іс-әрекеттің бір арнадан тоғысуы дидактикалық пәндік негізінен саналады. Ал қазіргі дидактикалық тұжырымдамаларда бірнеше бағдар бар. Олар мыналар: бағдарламалық оқыту, проблемалық оқыту, дамыта оқыту бұл жүйенің бастаушылары П. Гальперин, Л. Занков, В. Давыдов, т.б. когнитивтік психология (Дж. Брунер); Кеңестік жүйеде 1980 жылдары ынтымақтастық педагогикасы мен педагогикалық технология кең тарады.

4. Дидактикадағы дәстүрлі жүйе. Еуропа елдерінде бұл жүйе неміс ғалымы И. Ф. Гербарттың идеяларынан бастау алды да күні бүгінге дейін өзінің жалғасын табуда. Гербарттың ұстанған жолы оқытудағы басты мақсат тұлғаны қалыптастыратындай теориялық білім, білік беріп, ұғым түсінігін дамыту. Сондай-ақ ол оқыта отырып тәрбиелеу принципін кіргізді. Демек, оқытуды ұйымдастырудағы басты бағдар тұлғаны қалыптастыру болса, әрбір оқушы адамгершілік жағынан жетіліп шығады деген ойды қуаттады.

Оқыту үрдісі (процесі) Гербарттың айтуы бойынша, өзі ұсынған басқыштық жүйеде болуға тиіс деген формалдық талапты шарт етіп қойды. Мұнда ұсынылатын басқыштық жүйесі мынау: тиісті материалды оқушыға түсіндіру, ұғындыру, тұжырымдау, іс-әрекетке келтіру. Ұсынылып отырған бұл жүйе міндетті түрде сақталуы тиіс. Орындау міндет болғандықтан оқытылатын пәннің деңгейіне қарамастан бұл шартты жүзеге асыру заңдылық деп саналды. Әрине, бұл теория білім беруді ұйымдастыруда мұғалімнің дәлді іс-әрекетті негізінде, бірыңғай түсінік қалыптастырып, ұғымды нақтылауда мәні болумен қатар оқушының тиісті материалды түсініп, қойылған міндетті меңгеруіне және жүзеге асыруына мүмкіндік беретіндігі шындық. Күні бүгінге дейін жаңа сабақты түсіндіру, бекіту, пысықтау, қайталау, жаттығу жүйесі сақталып келеді. Сабақтың логикалық жүйесін құруда және оның жүзеге асыруын орындауда өзіндік мән-мағынасын жоғалтқан жоқ.

5. Дидактикалық педоцентристік жүйе. Батыс Еуропа елдеріндегі, әсіресе АҚШ-тағы мектептерге америкалық педогог Д.Дьюи ерекше ықпал еткен. Оның іскерлікке бағытталған оқыту теориясы бойынша оқыту үрдісі (процесі) оқушының қабілетіне, қызығушылығына, ынтасына, қажеттілігіне үйлестіріле құрылу керек деген идеяға бағытталды да, бұл ұстаным білім берудің басты талабына айналды. Оқытудың басты мақсаты балаға әртүрлі білік-дағдыларын қалыптастырып, ақыл-ой қабілетін әр жақты дамыту деп қарады. Осы орайдан білім беруде шәкіртке тек дайын білімді меңгертіп, оны қайталаумен шектелмей, оқушының өзіндік ізденісіне, өзіндік әрекеттенуіне бағдар беріп, оны іштей сезіндіріп, көңіліне қондыруды қалыптастыру көзделеді. Бұл жүйедегі оқыту үдісінің құрылымдық жолы мынадай: іс-әрекеттегі қиындық пен күрделілік неде екенін түсіну, шешуге тиісті проблема және осы орайда кездесіп отырған бөгет пен тосқауылдардың мәнін айқындай алу. Сонымен қатар шешуге тиісті проблеманың өзектілігін саралап, алған білімнің деңгейіне үйлесімді іс-әрекет жасауға кірісіп, оны тиісті бағдарда атқаруы тиіс.
6. Қазіргі дидактикалық жүйеге жалпы сипаттама. Педагогика ғылымында бірыңғай, біртекті дидактикалық жүйе жоқ болғанымен де жалпыға ортақ бірнеше теориялар бар. Олардың көпшілігі оқытудағы мақсат білім беру жүйесін қалыптастырумен қатар, оқушының жалпы дамуын, жеке басының дербес қалыптасуын, көркемдік таным- түсінігін жетілдіріп, еңбеккерлік дағды сіңіруді көздейді. Ал білімдік мазмұны, негізінен, жеке пәндік жүйеде құрылғанымен де, бастауыш сыныптар мен жоғарғы сыныптарда бірлестіріле кіріктірілген интегративтік оқыту жолдары да бар. Оқыту үрдісі берілетін білімнің мақсаты мен мазмұнына үйлесімді және соған сай болуымен қатар басқару барысы екі жақты қарым-қатынасқа құрылған. Нақтырақ айтқанда, мұғалім оқушының білім жолындағы таным-түсінікті меңгеруін, іс-әрекетін басқарып, оны тиімді ұйымдастыруға жетекшілік ете отырып, оларды өздігінен әрекеттенуге ынталандырып, қазіргі замандағы білім берудің жаңа технология жетістіктерін пайдалана білуге дағдыландырады. Сонымен қатар дәстүрлі дидактиканың және зерттеуге бағытталған ізденушілікке ынталандыратын әдіс-тәсілдердің тиімді жолдарын тұтынып, оны қолдана білуге және білім алу құрғақ жаттау емес, ой-толғаныссыз қайталау емес, саналылыққа негізделген терең түсінікті меңгеру екендігі ескеріледі. Басқаша айтқанда, тек репродуктивтік әдіспен шектеліп қана қоймай, әрбір тұлғаның өздігінен іздене білуге, шығармашылыққа машықтана білуге және оның тиімді жолдарын табуға баулитын бағдар беру басты шартқа айналады. Уақыт талабына үйлесімді компьютерлік жүйеге қосылып, ізденістің жаңа оқу жолдарын өрістету де кеңінен етек алуда.

2-кесте. Дамыта оқыту

 

Дамыта оқыту
1. Даму аймақтары
2. Д. Б. Эльконин және В. В. Давыдов жүйесі
3. Л. Занков жүйесі

 

Психологтар оқу процесіне оқушының іс-әрекетін енгізу керектігін, оның маңызын дәлелдеді. Дамыта оқыту арқылы оқушыға берілетін білім бұрынғыдай репродуктивтік жолмен емес, керісінше арнайы ұйымдастырылатын баланың жан-жақты «теориялық» іс-әрекеті арқылы берілетін болады. Дамыта оқыту принциптері орта және жоғарғы сыныптарға әлі кең түрде енгізілмей отыр.

«Жақын даму аймағы». Көрнекті кеңес психологы Л.Выготский (1896 1934) «оқыту мен дамудың байланысын (О-Д) зерттеп, егер оқыту баланың өзекті даму аймағында жүрсе, онда ол баланы дамытпайды», деді.

«Жақын даму аймағында» жұмыс істейтін В. Ф. Шаталов әлі өтпеген ережелермен оқушыларға есеп шығартады. Е. Ильин оқушыларға мұғалімнің өзі біржақты жауап бере алатын сұрақтар қояды.

«Өзекті даму аймағы» баланың өз бетімен істей алатын жұмыстары. Ал ересектермен ынтымақтастықта істей алатыны жақын даму аймағы.

«Өзекті даму аймағында» жұмыс істейтін Ш. Амонашвили және оның мұғалімдері әріптер мен сөздерді белгіледі, Д. Б. Эльконин жасаған шартты белгілерді қолданады.

 

 

Дамыта оқыту технологиясы.

(Л. С. Выготский, В. В. Давыдов, Л. В. Занков)

Ғалымдардың пікірінше, оқушыларды дамыта оқыту, яғни оқушының оқыту әрекетіне қалыптастыру, олардың оқуға ынтасын ояту, қызығушылығын арттыру керек. Дәстүрлі әдістің негізін сынақтық-сабақ жүйесі ретінде Я. А. Коменский салса, педагогикалық жаңа әдістерді 1950 1960 жылдарда бұрынғы Отандық педагогикада пайда болып, осы заманға Л. С. Выготский, М. Н. Статкин, Д.Б.Эльконин, В. В. Давыдов, Л. В. Занков тағы басқалардың идеяларына жалғасты. М. Н. Скаткин бастауыш сынып оқушыларын өз беттерімен танымдық міндеттерді шешуді, сабақ мазмұнында берілетін материалдарды проблемалық мәселе ретінде ұсынуды дұрыс деп есептейді. Ғалым-дидактик В. В. Давыдов, М. Н. Скаткиннің бас-тауыш сыныпта жаңа әдістерін енгізуді мақұлдап, бала психикасын дамыта оқытудың тиімді шешімін табуды алға қояды. Осы тұжырымдарды оқытушылардың озат тәжірбиесімен ұштастыра отырып, қазіргі жоғарғы оқу орнында білім мен әдістерін жетілдіру мәселелері шешімін күтуде.

В. В. Давыдовтың пікірі бойынша, мектепте танымдық міндет-терді шешудің жолын іздестіру арқылы шығармашылық тәжірбиені меңгертуге болады. Соның нәтижесінде білім, білік және дүниеге көзқарас, қатынас қалыптасады. Осы жағдайда студенттің жеке бас қасиеттерін дамытады.

В. В. Давыдов дамыта оқыту қағидасын бүтін жүйе ретінде қалыптастыруды ұсынды. Оның құрылымы мынадай, оқу қызметі, оқу мақсаты мен міндеттерінен, оқыту әдістерінен тұрады. Оқыту әрекетіне оқу операциялары, ұғымдарды түсіну, оқыту, игеру, бақылау, оқытылатын материалды меңгеру дәрежесі, ал қабылдау әрекетіне дағдылар мен біліктер жатады.

№3 слайд. Л. В. Занков жүйесі.

Оның тұжырымдамаларының дидактикалық принциптері:

  • оқытуды түсінуге қиын етіп жүргізу;
  • теориялық білімнің жетекші рөлі. Теориялық тұрғыда құрғақ жаттамай, ондағы мәнді байланыстарды, заңдылықтарды ашу;
  • оқушының ізденуі. Мұғалімнің өзінің түсіндіруі — дамудың қауіпті жауы;
  • барлық оқушылардың дамуы үшін жүйелі түрде жұмыс істеу. Қабілетке қарай бөлуге жол бермейді. Басқа балалармен ынтымақта дамиды.

Л. В. Занковтың дамыта оқыту жүйесі 1950-ші жылдарда дүниеге келді. Ғалымның пікірі бойынша мектеп баланы психикалық тұрғыдан дамыта алмай келеді. Ол бірнеше жылға созылған іргелі зерттеулерінде білім берудің жайы мен оны одан әрі дамытудың жолдарына талдау жасауда. Оның лабораториясында алғаш рет

«даму —мектеп жұмысының басты өлшемі» деген идея туып, дамыта оқытудың өзіндік жүйесін жасады.

Л. В. Занков жасаған дамыта оқыту жүйесін жеке тұлғаны жеделдете, қарқынды, жан-жақты дамыту жүйесі деп тануға болады.

Технология ерекшелігі. Оқу әрекетінің негізгі себебі танымдық қызығушылық болып табылады. Үйлесімділік идеясы әдістемесінің ұтымды және сенімдік, ұжымдық және жеке, ақпараттық және проблемалық, түсіндірме және ізденгіштік сияқты әдістерін үйлестіруді талап етеді.

Дамыта оқыту оқушыларды әртүрлі қызмет түріне таратуды құптайды, сабақ беруде пікірталастарды, ойлауын, қиялдауын, есте сақтауын, тіл байлығын дамытуға арналған оқыту әдістерін қолдануды ұсынады.

Дамыта оқыту жүйесіндегі сабақ. Сабақ білім беру процесінің негізгі элементі болып табылады. Бірақ Л. В. Занков жүйесінде оның атқаратын қызметі, ұйымдастыру формасы елеулі өзгерістерге енді. Оның инвариантты (тұрақты) сапалары мынадай:

  • сабақтың мақсаты тек жаңа материалды хабардар ету мен білік, білім, дағдыны тексеруде ғана емес, жеке тұлғаның басқа да қасиеттеріне бағындырылады;
  • сыныптағы оқушылардың өз бетімен ойлауына негізделген әрекеттер жүзеге асады;
  • мұғалім мен оқушы арасындағы ынтымақтастығы;
  • оқушының субъектілік тәжірибесін ашатын оқу қызметін ұйымдастырудың сан алуан формасы мен әдістерін қолданады;
  • сабақ жоспарын оқушылармен бірге отырып жасап, талқылайды;
  • оқушыны ынталандырып отырады, тапсырманы орындауда қателесуден, дұрыс емес жауаптан қорықпау үшін түрлі әдістерді пайдалануға үйретеді;
  • сабақ барысында оқушының оқу мазмұнының неғұрлым маңызды түрі мен формасын таңдауға көмектесетін дидактикалық материалдар пайдаланылады;
  • тек соңғы нәтижені ғана емес, оқушының қызмет әрекетін де бағалап отырады.

Сабақтың ерекшеліктері

  • тапсырманың оқушыны ойлауға, пайымдауға, жоспарлай білуге жетелейтін сипатына көңіл бөлу;
  • оқушының тапсырманы орындау кезінде кездескен қиыншылықтардан өз бетінше шығудың жолын іздеуі, шығармашылықпен ізденушілік;
  • мұғалімнің оқушыларды өз бетінше ойлануын, ізденуін қажет ететін тапсырмаларды алдын ала даярлап, үйде орындауға ұсынуы;
  • сабақта педагогикалық жағдаяттар (ситуатция) туғызып, студент белсенділігін арттырып, табиғи талантын ашуға көмектесу;
  • дамыта оқыту технологиясы да сабақтың жалпы мақсаты мен ұйымдастыру құралдары оның тақырыбына, мазмұнына көздеген мақсатына байланысты нақтыланады. Оқушыны потенциалдық мүмкіндіктеріне бағыштай отырып, оқытушы бұдан бұрынғы оқыту кезінде қандай әдіс тиімді болғанын, бұл процестің психологиялық ерекшеліктерінің қандай екенін және оқушының өз іс-әрекетінің, қызметінің мәнін түсіну дәрежесін білуі керек. Л. В. Занков баланың жалпы дамуының барысын анықтаудың мынадай көрсеткіштерін ұсынады:
  • байқағыштық көптеген маңызды психикалық функциялардың дамуының басты негізі;
  • ойлаудың дерексіздігін таңдау, жинақтау, абстрактілеу, жалпылау;
  • практикалық әрекет — материалдық объект жасай білу;
  • жобалау технологиясы да басқа технологиялар сияқты жүйелілік құрлымдық.


Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Педагогика. Учебно-методический компонент /Под ред.

З. А. Исаева. Алматы, 2003.

  1. Әбиев Ж., Бабаев С., Құлдиярова А. Педагогика: Оқу құралы. Алматы, 2004.
  2. Ильина Т. А. Педагогика. Алматы, 1976.
  3. Көшекбаев Н. Оқыту теориясы. Алматы, 1976.
  4. Қоянбаев Ж. Б., Қоянбаева Р. М. Педагогика: Оқу құралы. Алматы, 2002.
  5. Педагогика. Дәріс курсы. Алматы, Нұрлы әлем, 2003.
  6. Педагогика нарадов мира. М. Педобщество, 2001
  7. Сағындықов Е. Педагогика. Дәрістер курсы. Алматы,1999.

Қазіргі мектептегі білім берудің мазмұны

оқытушы Б. З. Мырзаева

Мақсаты: қазіргі мектептегі білім берудің мазмұнына сипаттама.

Міндеттері:

· орта оқу орындарындағы оқытудың мақсаты;

· білімнің мазмұны;

· білім берудегі мемлекеттік стандарт.

Жоспар:

1. Орта оқу орындарындағы оқытудың мақсаты.

2. Білім беру мазмұны.

3. Білім берудегі мемлекеттік стандарт.

4. Оқу жоспары, оқу бағдарламасы, оқулық. Оларға сипаттама.

Негізгі ұғымдар: білім беру мазмұны, мемлекеттік стандарт, оқу жоспары, оқу бағдарламасы, о&




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2014-01-20; Просмотров: 8466; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.011 сек.